Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Сәбилерді күлге көмген жылдар

Өрт
Фото: Жас Алаш коллаж

Адам өмірі бәрінен қымбат деген қағидаға Қазақстан тұрғындарын сендіру қиын. Жемқорлық жайлаған жүйе азаматтардың бас амандығына кепілдік бере алмайды.

 Елде сан мәрте үй өртеніп, сәбилер жалын құшты, қайта-қайта кеніш құлап, қаншама кенші жерастында қалды! Әскерге аттанып, қайтпай қалған жастар мен алыс сапарға шығып, тасжолда апатқа ұшыраған жолаушылар тағдыры да көп жайдан хабар береді. Осының бәрі қазақ қоғамының қауіпсіздігі қай деңгейде деген сұрақ туғызады.

Осы апта қазақ қоғамын тағы бір қайғылы оқиға есеңгіретіп кетті. 18 қарашаның таңында Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шығып, 12 адам көз жұмды, оның тоғызы бала. Тағы 3 адам ауыр жағдайда емханада жатыр. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, ағайынды екі азамат бала-шағасымен бір үйде қонған. Өрттен үй иесінің өзі мен жұбайы және 5 баласы, сондай-ақ қонаққа келген жеңгесі мен 4 баласы қаза тапқан. Ал үй иесінің анасы, ағасы және тағы бір бала жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы өте ауыр.

Халық осынша ауыр қазаға өкініш білдіріп, аһ ұрып жатқанда билік әдеттегідей істің салдарымен күресуге кірісіп кетті. Алдымен өрт себебін тергеп-тексеретін үкіметтік комиссия құрылды, оған премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етеді. Комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылары енді.

Шенділер қабылдап жатқан шаралар да үйреншікті. Комиссия құрылды, қаза тапқандардың отбасына материалдық және медициналық көмек көрсетеміз дейді. Жергілікті әкімдік марқұмдарды жерлеуге қолғабыс етпек. ТЖМ мен ІІМ өрт себебін анықтап жатыр. Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалған.

19 қараша күні таң ертең өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Бозымбаевтың баяндамасын тыңдап, мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу шарасын күшейтуді тапсырды. Бектенов пен Бозымбаев енді жаппай тексеріс жүргізбек. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктері және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тұрғын үй секторын, жатақханалар мен хостелдерді, әлеуметтік осал топ өкілдерінің үйін аралап, рейд жүргізеді. Рейд барысында үйдегі пеш жүйесінің жағдайы тексеріліп, ақау анықталса, жөндейді. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі мен әкімдіктер масс-медиа мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, түсіндіру жұмыстарын жандандыруға міндетті болады.

Біздің билік бір жерден лап етіп өрт шықса ғана іске кіріседі. Ал оған дейін қол қусырып қарап отырады. Мысалы, 2023 жылы Алматыда заңсыз жұмыс істеген хостел өртеніп, 13 адам қаза тапқан соң ғана қаладағы хостелдерді тексеру басталды; Қарағандыдағы атақты «Қарметкомбинатты» үндістандық миллиардер Лакшми Митталдан алу үшін 46 кенші қайтыс болғанша (2023 жыл) күтті; Алматы қаласы әуежайының маңында заңсыз құрылыс жүріп жатқанын ұшақ құлап, 15 жолаушы көз жұмғанда (2019 жыл) ғана көрді. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмек те кінәсіз 5 бүлдіршіннің өлімінен (2019 жыл) кейін ғана беріле бастаған. Үнемі кешігіп жүретін Үкімет тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін тексеру керек екенін де екі отбасының шаңырағы жанып кеткенде ғана аңғарып отыр.

Мұны көне сүрлеу деп бекер айтып отырған жоқпыз. Біздің елде шенділер болары болып, бояуы сіңгенде ғана қозғалып, оқиғаның салдарымен күресіп жүреді. Бірақ ешкім апат себебі неде, оған кім жауапты деген сұраққа бас қатырмайды. Зардап шеккендерге азын-аулақ өтемақы төлеп, шуды тыныштандыруға, ауыр қайғыны ұмыттыруға тырысады. Апат себебі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылмаған соң проблема түбегейлі шешілмейді. Содан барып, мұндай қайғылы оқиғалар бірінен кейін бірі бола береді.

Салдармен күресу

Биліктің бұл жолы да қайғылы оқиғадан қорытынды шығарып, мұндай апаттардың алдын алуға білек сыбана кірісетініне сенім аз. Алда жұмыс қалай жүретіні шамамен түсінікті де. Біраз уақыттан кейін ТЖМ мен ІІМ пәлен үйге тексеріс жүргіздік, түген үйден кемшілік таптық, оны түзедік, бәрін қатырдық деген есеп жариялайды. Сонымен болды. Бәрі ұмытылады. Тағы бір оқыс оқиға болғанша (Құдай сақтасын) Бектенов те, Бозымбаев та тыныш жатады. Айтпақшы, Үкімет тұтас елдегі тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексере ме, әлде өрт шыққан ауылда ғана рейд жүргізе ме, белгісіз. Біздің билік бүкіл елде мұндай ауқымды жұмыс жүргізетініне сену қиын. Мүмкін қағаз жүзінде 100 пайыз тексеріп шығатын шығар.

Үкіметте айтылған тапсырманың толық орындалмайтынын премьер-министр өзі де білетін сияқты. Үкімет отырысында «Жылу беру маусымы басталғаннан бері тұрғын үй секторында өрт оқиғасының саны өсіп барады. Бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қараған едік. Бірақ жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз», – дегенін естідік. Жыл сайын жүргізілуге тиіс деп армандамай-ақ қояйық, қазан айындағы талқылаудан кейін тексеру, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүрсе, Алғабастағы қайғылы оқиға болмас па еді деген ой туады.

«Осы салаға жауапты мекемелер мен мамандардың жауапкершілігі жоғары болса, оқыс оқиғалардың алдын алар едік. Әр салаға, әрбір қауіпсіздік шарасына көңіл бөлінсе, бәрі дұрыс болар еді. Ал біз үнемі проблеманың салдарымен күресеміз. Өтемақы береміз, бір-екі адамды жұмыстан шығарамыз. Сонымен барлық шаруа біткендей болады. Әрі бұл қоғамда әдетке айналып барады. Бұл үрдіс жетілген, кемелденген қоғамның келбеті емес. Кемелденген қоғам алдын алудың жолын іздейді. Ал бізде бәрі керісінше. Қай салаға көңіл бөлінбей жатыр, қай сала ақсап тұр деген мониторингтер жасалмайды. Қоғам біртұтас механизм. Бірге жұмыс істеп тұрған, басы бар, аяғы бар жүйе болу керек.

Егер әркім әр жақта, байланыссыз жүре берсе мұндайды әлеуметтануда фрагменталды қоғам дейді. Бір фрагмент анда, біреуі мында. Бізде де қазір дәл осылай біртұтастық жетіспей жатыр. Мұндай оқиғаға тұтас қоғам жауапты. Жауапкершілік болмаған соң әркім ойына келгенін істейді. Осының бәрін ескермесек, қайғылы жағдайлар қайталана береді. Біздің қоғамда жүйелілік жетіспей тұр. Әркім әр жаққа тартып, үзік-создық өмір сүріп жатыр. Ал оны біріктіру үшін халық Үкіметке сену керек. Ал Үкімет ашық қызмет жасау керек. Ақпарат ашық болуға тиіс. Жұрт бәрін білуі керек. Бірақ бізде көп нәрсе айтылмайды. Мысалы, Арыста, Таразда жарылыс болды, ешкім ешнәрсені мойындаған жоқ. Бұлай үн-түнсіз отыра берсек не болады? Ол өркениетті елдерге тән нәрсе емес. Өркениетті елдердің қасиеттерін сіңіру керек. Сонда ғана қоғамды ретке келтіруге болады», – дейді философия ғылымының докторы Серік Нұрмұратов.

Өрт табиғи апат емес

Біреулер жеке үйдегі апатқа биліктің қанша қатысы бар деуі мүмкін. Шенділер де осындай ойда жүргені анық. Әдетте мұндай апатқа тұрғындардың қауіпсіздік шарасын сақтамауы және газ, электр құрылғыларының дұрыс орнатылмауы себеп болады. Көп жағдайда стандарт сақталмайды. Мәселе осы жерден шығып отыр. Қауіпсіздік талабы мен стандарт сақталуын тексеретін қызметкерлерге ақша берсеңіз, қисықты түзу, сынықты бүтін деп жазып беруге дайын. Мысалы, заң бойынша үй салғанда, үйге газ, электр жарығы және су кіргізгенде жауапты мекемелер тексеріп, бәрінің қауіпсіз екеніне көз жеткізуі қажет. Бірақ бұл талап ешқашан сақталған емес.

Тіпті дамыған елдерде қауіпсіздік сезгектерін, өртке қарсы дабыл жүйесін орнатуға міндеттейтін заң бар. Бізде ондай заң жоқ. Заң болған күннің өзінде оның орындалуын бақылайтын органдардың жұмысына сенім аз. Жемқорлық жойылмаса, қағаз жүзінде жоқты бар, барды жоқ деп көрсете салу қиын емес. Бұл жерде азаматтардың да жауапкершілігі бар. Кей тұрғын жұмысты заң талаптарына сай жасауға құлықсыз болып, тексеруші қызметкерге пара ұсынуы мүмкін.

Қазақстанда жыл сайын 10 мыңнан аса өрт апаты болып, 300-ден аса адам көз жұмады. Мұндай оқыс оқиға көбінде тұрғын үй секторында болады екен. Бұл деректі 2023 жылы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары Марғұлан Аманбаев айтқан. Сондай-ақ елімізде жылына 12 мың өрт оқиғасы тіркеліп, 300-500 адам қаза табады деген ақпарат бар. Екі дерек те көңіл жабырқатады.

Қазақстанның көп бөлігінде жылу қосатын мерзім аса көп емес. Кей өңірде тіпті 2-3 ай ғана жылу қосады. Ал Скандинавия елдері 9 ай бойы қар жамылып, мұз құрсанып жатады. Бірақ бұл өңірде өрт апаты да, өмірін өрт жалмаған адамдар да біздегідей көп емес. Мысалы, Норвегияда жылына 50-ге жуық, Швецияда – 70-80 адам өрт апатынан қайтыс болады екен. Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бұл елдерде тұрғын үйлер отқа төзімді материалдардан салынады. Біздегідей арзан, ағаш материалдардан үй соғу көп кездеспейді. Әр үйде міндетті түрде өрт сөндіргіш, өртке қарсы дабыл жүйелері, эвакуациялық есіктер болады. Үйдегі техникалық жабдықтарды үнемі тексерістен өткізіп отырады. Сондай-ақ бұл елдерде өрт қауіпсіздігі инспекциясы тиімді жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері ескертусіз келіп, кез келген үйді тексеруге құқылы, олар стандарттың сақталуын қатаң бақылайды. Бұдан бөлек азаматтардың қауіпсіздік мәдениеті де жоғары. Барлық тұрғын қауіпсіздік талабын сақтауға үйренген, оқыс оқиға кезінде қалай әрекет етуді жақсы біледі. Мұндай алдын алу жұмыстары мемлекеттік деңгейде жүргізіледі.

Ал біздің елде жағдай қандай екенін жоғарыда айттық. Соның зардабын тартып та отырмыз. Жыл сайын 300-ден аса азаматымыз қызыл жалынның құшағында ажал құшып отыр. Олардың арасында балалар да көп. Өкінішке қарай, кейінгі бірнеше жылда өртеніп кеткен сәбилер жайлы көп еститін болдық. Биыл 4 маусымда БҚО Сырым ауданы Жымпиты ауылында жеке үйде өрт шығып, 5 сәби көз жұмды. Сәбилердің көзі тірісінде көмектеспеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қайғылы жағдайдан кейін ғана көмек көрсетем деп белсенген. Бірақ ол қатты кешікті.

Сондай-ақ 2019 жылғы Астанада ата-анасы түнде жұмысқа кеткенде үй өртеніп, бес сәби отқа оранды. 2021 жылы Жамбылда көпқабатты үйде пәтер өртеніп, бір үйдегі бес бүлдіршін көз жұмды. 2023 жылы қазанда Абай облысы Аягөз ауданында төрт бала өртенген үйде ыс тиіп қаза тапты. 2024 жылы қазанда Қостанай облысының Жітіқара қаласында жеке үйден өрт шығып, тағы 5 бала қаза тапты. Осы оқиғалардың бәрінде билік өзіне шаң жуытпай, баланы қараусыз қалдырған ата-ананы кінәлаған. Ешбір шенді мемлекеттік жүйе көпбалалы отбасыларға қажетті жағдай жасай алса, ешкім бесіктен белі шықпаған сәбиді үйде қараусыз қалдырып, жұмыс істемес еді дегенді ойлаған жоқ.

2019 жылы 24 маусым күні Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, 3 адам қаза тапқан. Сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бұл жағдайды табиғи апат деп бағалап, халықтан кешірім сұраудан бас тартқан. Мұны айтып отырғанымыз, билік селқостықтан, жауапкершіліктің жоқтығынан болған оқыс оқиғаларды табиғи апатқа теліп, бұл бәрібір болатын жағдай еді дегенге халықты сендіргісі келеді. Өрт жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғи апат емес. Жауапты шенділер жауапкершіліктен қашпаса, өрт қаупінің алдын алуға әбден болады.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: