Сәбилерді терезеден лақтырған кім, лақтыртқан кім?

30 шілдеде Павлодарда 34 жастағы ана көпқабатты үйдің бесінші қабатының терезесінен екі баласын лақтырып, артынан өзі секірген.
Бір жарым жастағы сәби жарақаттан 1 тамызда көз жұмды, ал бес жастағы бала мен ана ауруханада ауыр халде жатыр. Бұл еліміздегі аналардың балаларын терезеден лақтырып, артынан өзіне қол жұмсаған алғашқы оқиға емес. Қазір бұл жағдайға қатысты қоғам пікірі екіге жарылып, сарапшылар да қайғылы оқиғаның тамырын әріден іздеп жатыр.
Бүгінгі қазақ отбасылары түрлі әлеуметтік және экономикалық ауыртпалықтармен бетпе-бет келеді. Кейінгі жылдардағы экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық пен қаржы тапшылығы көптеген шаңырақтың берекесін қашырғаны белгілі. Әсіресе 2020–2021 жылдардағы пандемия салдары отбасылардың кірісін кемітіп, күйзеліске ұшыратты. Материалдық жағдайдың нашарлауы – отбасы ішінде жанжал туындауының жиі себептерінің бірі. Мысалы, әлеуметтанушылардың дерегінше, 2023 жылдың алғашқы алты айында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға 50 мың арыз түскен, оның өзінде көбіне жанжалдың түп-төркіні қаржы жетіспеушілігі мен жұмыссыздықтан басталады екен.
Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық кең тараған әлеуметтік дерт деңгейінде қалып отыр. Ресми деректерге қарағанда, елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шегіп, кемінде 80 әйел қаза болады екен. Полицияға күн сайын орта есеппен 300 шақты отбасылық зорлық оқиғасы туралы хабарлама түседі. Кейінгі 5 жылда әйелдердің денсаулығына қасақана ауыр зақым келтіру деректері 2 есеге, ал орташа зақым келтіру 6 есеге артқаны тіркелген. Бұл статистиканы келтіріп отырған себебіміз, ананың балаларын өлімге қиып, өзіне қол жұмсауына осы жайттар да әсер етуі мүмкін. Бұл тек сарапшылар тарапынан айтылып жатқан болжамдар ғана. Әйтпесе, ананың мұндай қайғылы әрекетке баруының түп-төркінін тап басып айту мүмкін де емес.

Психологиялық күйзеліс
Отбасы мүшелерінің, әсіресе аналардың психикалық денсаулығы – ішкі дағдарыстың тағы бір маңызды қыры. Жас аналар босанғаннан кейін депрессияға ұшырап жатады, алайда оны көп жағдайда айналасындағылар түсінбейді немесе дер кезінде көмек көрсетілмейді. Зерттеулер Қазақстанда аналардың 60 пайызға жуығы босанған соң депрессия белгілерін бастан өткеретінін анықтаған. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Мамандардың айтуынша, босанудан кейінгі гормоналдық өзгерістер, ұйқының қанбауы, әлеуметтік оқшаулану сияқты факторлар ананың психикасына қатты әсер етеді. Егер бұл кезеңде жұбайының, туыстарының қолдауы әлсіз болып, психологиялық көмекке жүгіну мүмкіндігі болмаса, жас ана торығуға түсіп, тіпті агрессияға немесе өзіне қол жұмсауға бейім болуы мүмкін.Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 296 мыңнан астам адам психикалық және мінез-құлық бұзылыстарымен диспансерлік бақылауда тұр, ал шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдар бұдан да көп болуы ықтимал.
Отбасы ішіндегі мәселелер көбіне дер кезінде психологиялық көмек болса, қайғылы жағдайға әкелмей аяқталуы мүмкін еді. Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі телефондары бар. Республикалық психикалық денсаулық орталығының сайты арқылы тегін онлайн-психолог кеңесіне жазылуға болады. Алайда мұндай қызметтердің барын екінің бірі біле бермейді, білсе де, көбі ішкі қарсылығын жеңіп, көмек сұрауға дайын емес. Қазақстандықтардың біраз бөлігі әлі күнге психологиялық проблеманы маманмен талқылауды құп көрмейді. Бұған қоғамдағы «психологқа қаралу әлсіздік» деген теріс түсінік әсер етіп отыр. Оның үстіне, ұзақ жылдар бойы санамызда психикасы сыр берген адамды «есалаң» санап, психиатриялық есепке алынса, өміріне таңба болады деген қорқыныш қалыптасты. Бұдан бөлек, ауылды жерлерде немесе консервативті ортада «жын соққан», «дуаланған» деген түсінікке сеніп, психолог пен психиатрға жүгінуге намыстанатындар әлі де көп. Мысалы, мамандардың айтуынша, кей отбасыларда өз жақынын психикалық дертпен ауырғанынан гөрі, сол диагноз қойылғаны үшін «ұятқа қалудан» қаттырақ қорқады. Мұндай көзқарас қауіпті, себебі дер кезінде емделмеген депрессияның соңы орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Павлодардағы оқиға соның бір көрінісі.
«Ұят болады» синдромы
«Ұят болады», «шыдау керек» деген сөздер қазақы тәрбиеде жиі айтылатыны белгілі. Әйелдерге әсіресе «жұрттан ұят болмасын, бала-шағаның қамы үшін шыда»деп кеңес берушілер көп. Бірақ дәл осы мәдени стереотиптер талай жанның өмірін тозаққа айналдырып, психологиялық саулығын құртып жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көбі арызын қайтып алып, күйеуіне кешірім беріп жатады. Мұның басты бір себебі – айналасының «ұят болады, отбасыңнан безбе» деп үгіттеуі екені анықталды.
Мәдени нормативтер тек зорлық мәселесінде ғана емес, жалпы психология тақырыбына да кері әсерін тигізеді. Көптеген қазақ отбасында «жынданып кетіпті» деген сөзден қорқып, депрессияға түскенін жасырады. Үйде біреу мазасызданып, көңіл күйі түссе, үлкендер жағы «не жетпейді саған, шүкір қыл» деп тоқтау айтады. Яғни эмоционалдық проблеманы ашып айту «ұят, ерсі» қылық деп бағаланады. Мысалы, перинаталдық депрессияға шалдыққан ана жайлы білсек, «Балалы бола алмай жүргендер көп, қуанып жүрмей ме, мұнысы тәубесіздік» деп шығамыз. Нәтижесінде, ішкі күйзелісін бөлісе алмаған адам жалғыздыққа ұрынады. Қамығу, торығу сияқты қалыпты сезімдерді ұят санап ішке бүгу – қауіпті. Мамандар мұның соңы психикадағы ауыр бұзылыстарға, тіпті өзін-өзі өлтіруге апаратынын ескертеді. Тіпті қоғамда орын алған кейбір суицидтер мен қатыгез қылмыстардың түп-төркінінде осындай ұзақ жылғы ішкі жан айқайдың сыртқа шықпай, бір сәтте шеңберді бұзып жарып кетуі де себеп болуы мүмкін.

Гүлзат Қанат, психоанализ бағытындағы практик-психолог: Бізге осылай ойлайтын әйелдер көп келеді
Қазақ қоғамында баланы дүниеге әкелу, әйелдің босануы туралы дұрыс ақпарат жоқ. Оны көпшілігі білмейді. Көбі Кеңес кезіндегі «аналарымыз 10 бала туды, оның жартысы өліп, жартысы тірі қалса да, анамыз ертесіне егістікке шығып жұмыс істеді» деген дөрекі түрде қалыптасқан мәліметтер. Ал әйелдер көбіне босанғасын жалғыз қалады, қысым көбейеді. Әйел бала босанғанда денсаулығынан айырылады, психикасы шытынайды. Өйткені бұл бір ауыр процесс. Босану кезінде әйел ауырсынуды табиғи түрде басу үшін ағзасында окситоцин бөлінеді. Окситоцин бөлінбесе әйел ауруға төзбес еді. Сондықтан әйелге қайта өзін қолға алуына күйеуі, отбасы, айналасындағылары көмектесуі керек.
Сосын аналарымызға қатысты жоғарыда айтып кеткендей, «олар 15 туды, оларға ештеңе болған жоқ. Баланы да бақты, күйеуі ұрса да көнді, ата-енесінің де көңілін тапты, жұмысын да істеді» деп әйелдің өзін ұмытып, қызметші кейпін романтизациялайды. Негізі олай емес. Қазіргі әйелдер әлсіз, себебі олардың шешелері мен әжелері қолдау көрмеген, сенер ешкімі болмағасын қатал, мықты болуға тура келген аналардың қыздары. Күйбең тіршілік, баланың көптігі, күйеуге, ата-енеге қызметтен босамағанынан ол кездің шешелері өте қатты да болды, балаларына аналық мейірімін бере алмады. Содан кемі үш ұрпақтың жүгін көтерген казіргі аналар әлсіз. Мұндай жағдайлар бұрын да болды, казір көбейе түсті.
Бізге осылай ойлайтын әйелдер көп келеді. Оларда «мен өлсем баламды ешкім қарай алмайды» деген түсінік бар. Өйткені айналасы «баланы табатын да – әйел, бағатын да – әйел» дейді. Күйеуіне де, ешкімге де сенбейді. Сондықтан әйелді 40 күн қалжасын беріп күту аз. Бірінші меже – 3 ай болуы қажет. Екінші меже – 6 ай. Одан кейінгі меже –10 ай мен 1 жастың аралығы. Содан кейін 3 жас, одан кейін 5 жас. Анаға күтім болса, бала өскен сайын оның күйі жақсара түседі. Регресс деген түсінік бар. Ол бойынша ересек адам бала кейпіне қайта оралады. Бала болу ересектерде кездесіп тұрады. Бір мезгіл су шашып ойнаймыз, балалар алаңына барамыз дегендей. «Балаша қуандым» деп айтып жатамыз. Бұл жақсы мағынада. Босанған әйелде де регресс міндетті түрде болады. Себебі ана баланың жылап жатқанынан не керек екенін біліп алады. Яғни ана регресс арқылы баланың психикалық деңгейіне түседі. Бұл да табиғи процесс. Сондықтан босанған әйелге айналасынан көп күтім керек. Тіпті бір баланы бағуға бір ауылдың күші қажет деген де сөз бар.
Павлодардағы оқиға – мұндай трагедияның алғашқысы емес
2022 жылы Алматы қаласында тура осыған ұқсас оқиға болды. 28 жастағы келіншек үш баласын тоғызыншы қабаттағы терезеден лақтырып, өзі де секіріп мерт болды. Үш бүлдіршін мен ана сол сәтте жан тапсырған. Марқұм әйел артында өлер алдында жазылған хат қалдырғаны хабарланды. Тергеу барысында бұл қылмыстық іс «қылмыс құрамы болмауына байланысты» тоқтатылды, яғни ана өзін де, балаларын да өлтіруге сырттан ешкім әсер етпеген деген тұжырым жасалды. Аталған қайғылы оқиға сол кезде қоғамда үлкен резонанс тудырып, әйелдерді мұндай шарасыз қадамға итермелейтін себептер талқыға шыққан еді. Себебі әйел хатында өліміне кім кінәлі екенін өздері білетінін жазып кеткен.
Араға аз уақыт салып, 2024 жылғы ақпанда Алматының Мамыр ықшамауданында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. 34 жастағы ана 7 және 2 жастағы екі баласын өлтіріп, артынан өзіне қол жұмсады. Бұл дерек бойынша да полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеп, кейіннен оның филицид және суицид түрінде болғанын растады. Бұдан бөлек, ел ішінде жас аналардың шарасыздықтан жаңа туған нәрестесін өлтіру оқиғалары да кездеседі. Мысалы, 2025 жылы жас ана пойыз вагонында босанып, нәрестесін терезеден лақтырып жіберген жағдай тіркелді. Кейіннен бұған қатысты да тергеу болып, сот ананы кінәсіз деп таныды.
Мұндай қайғылы оқиғаларды сараптай келе, бірнеше жағдайды анықтауға болады. Біріншіден, көп жағдайда бұл әрекетке барған аналардың психологиялық ахуалы нашар екені байқалады. Психиатрлар мұны «кеңейтілген суицид» деп атайды. Яғни ана өз өмірімен қоштасу туралы шешім қабылдайды, бірақ баласын жетім қалдырмау үшін өзімен бірге о дүниеге сүйрейді. Мұны кейде «жанашыр өлім» дейді. Ана сырттай қатыгез көрінгенімен, ішкі түйсігінде «балаға менсіз бұл қатыгез дүниеде қиын болады, одан да о дүниеде періште болып бірге болғаны дұрыс» деген бұрмаланған мейірім сезімі жүреді. Павлодар мен Алматыдағы жағдайлар осындай сценарийге келеді. Алдын ала дерек бойынша, Павлодардағы келіншек бұрын арнайы мамандандырылған медициналық мекемеде есепте тұрған. Куәгерлердің айтуынша, ол бұдан бір жыл бұрын да терезеден секірмекке әрекеттенген. Демек, дәрігерлер бақылауында болғанына қарамастан, оның дерті асқынып, ақырғы шешімге итермеледі деп жорамалдауға болады. Сол сияқты, Алматы оқиғасында да әйел жалғыз өзі бірнеше баласын бағып отырған, күйеуімен ажырасқаны айтылды, демек, жалғыздық, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы да рөл атқарған болуы мүмкін.
Екіншіден, сарапшылар мұндай филицид қылмыстарының себептері бала жасына қарай әртүрлі болатынын айтады. Егер ана жаңа туған нәрестесін өлтірсе, көп жағдайда босанудан кейінгі психоз немесе ауыр депрессияға шалдыққан болып шығады. Ал сәбилік шақтан өткен, ес біле бастаған баласын өлтіру оқиғаларының түп-төркінінде көбіне созылмалы психикалық ауытқу немесе реактивті психоз жатады.

«Медея синдромы»
Қоғам арасында «Медея синдромы» деп аталатын феномен бар. Бұл термин ежелгі грек мифологиясындағы Медея есімді кейіпкерден шыққан. Аңыз бойынша Медея күйеуі Ясонның сатқындығына күйініп, одан өш алу мақсатында екі баласын өлтіреді. Осы оқиғаға байланысты психологияда «Медея синдромы» ұғымы ана тарапынан баласына жасалған ауыр агрессия мен өлімге әкелген әрекетті сипаттайды.
Грек аңызындағы Медея сияқты, кей әйелдер күйеуінен опасыздық көрсе немесе оларды тастап кетсе, оның жанын жаралау үшін ортақ балаларын өлтіруге дейін барады. Бірақ мамандар «Медея комплексі» деген медициналық диагноз жоқ екенін, бұл күрделі психологиялық себептердің жиынтығын сипаттайтын шартты атау екенін айтады. Шын мәнінде, мұндай қадамға не уақытша, не созылмалы психикалық сырқат итермелейді. Әйелдің санасы тұманданған сәтте ғана анаға тән махаббат сезімі өшіп, агрессия үстемдік алады.
Қазақ қоғамы мұндай оқиғалар кезінде елдегі әлеуметтік жағдайды айтып жатады. Жоғарыда тоқталған мәселелер реттелмей, мұндай жаға ұстатарлық оқиғалар азаймайды деп санайды. Және ең қорқыныштысы, соңғы жылдары мұндай оқиғаларға қоғамның еті өліп бара жатқандай әсер қалдырады. Мәселен, соңғы Павлодардағы қайғылы оқиға қоғам арасында көп талқыланбастан, көлеңкеге сырғып барады...
Тұрсынбек БАШАР