Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 28 Наурыз 2025

Сәденов OLX-те не істеп жүр?

Ержан Сәденов
Ержан Сәденов. Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның ішкі істер министрлігі жұмысқа полиция қызметкерлерін арнайы платформалар арқылы іздеп жатыр.

Жақында «Kaspi Жұмыс» және OLX платформаларында полиция қызметкерлеріне арналған хабарландырулар пайда болды. Бұл жағдай қоғам арасында әртүрлі пікір тудырды. Көпшілік ІІМ-нің мұндай әдіспен маман тартуы жүйенің дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді деп есептейді. Себебі OLX сынды қосымшалар жұрт арасында қолданылған (ауызекі тілде «буушный» «бэушный», «буу», «б/у – орыстың «бывший в употреблении» сөзінен шығады) заттарды сатып алуға арналған арзан платформа ретінде танылған.

Қазақстандағы полиция қызметіне қоғам тарапынан сын аз айтылмайды. Халық құқық қорғау органдарына сенімсіздік қалыптасқан. Соның салдарынан полиция қызметкерлері көбіне кәсібилік пен әділдікке емес, өз пайдасын ойлауға бағытталған жүйенің бір бөлшегіне айналғандай көрінеді. Бұл жағдай жаңа қызметкерлердің келуіне де кері әсер ететін болса керек, министрлік OLX-ке жүгініпті. Негізі полицияға жұмысқа тұру үшін арнайы іріктеу кезеңдерінен өту қажет болса, қазір бұл процесс Kaspi мен OLX арқылы қарапайым жұмыс іздеушілер үшін қолжетімді болып отыр.

1

БАҚ-та жазылған хабарландыруда «Kaspi жұмыс» платформасында ішкі істер министрлігі Алматы қаласы бойынша екі хабарландыру жасаған. Біріншісі, Түрксіб ауданындағы Баймағамбетов көшесіндегі полиция бөлімшесіне шақырту. Ұсынылатын жалақы айына 300 мың теңгеден 900 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ жұмысқа алынатын қызметкер тұрғын үймен де қамтамасыз етіледі. Басты талаптың бірі өтінім берушінің жасы 19 бен 33 аралығында болуы шарт. Екінші хабарландыру да Алматы қаласының полиция қызметкерлеріне арналған. Бұл жерде жалақы сәл төмен, 300 мың теңгеден 800 мың теңге аралығында деп жазылған. Үміткерлердің жасы 20 мен 30 аралығында және әскери билеті болуы керек. Шарттар туралы толық жазылмаған, бірақ тұрақты табыстың болуы уәде етілген. Ал Астанадағы бос жұмыс орны OLX сайтында елорданың Байқоңыр ауданына арналған хабарландыруда жарияланған. Аталған хабарландыру бойынша ішкі істер министрлігі айына 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін жалақыға жұмыс істейтін полиция қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды. Жасы 35-ке дейін, білімі жоғары болуы қажеті жазылған. Әскери билет талап етілмейді. Бұдан бөлек, жаңадан жұмысқа қабылданушыға пәтер үшін 92 мың теңге берілетіні, 45-47 жаста зейнеткерлікке шығу, тегін емделу уәде етілген. Хабарландыруда болашақта осы келісімшарт бойынша мамандандырылған күзет қызметіне жұмысқа тұруға болатыны да айтылған. Бұдан бөлек, министрлікке жұмысқа қабылданушыларға денсаулығында ақау болмауы мен физикалық дайындығы болуы, болашақ офицерлердің жоғары білімі болуы керегі де жазылған. Жаңадан қабылданғандар медициналық тексеруден, ішкі істер министрлігінің орталықтарында тағылымдамадан өтетіні ескертілген.

Бұл кадр тапшылығы ма?

Елімізде полицияға деген қоғамның көзқарасы әртүрлі. Кейбір азаматтар олардың қызметін жоғары бағаласа, көпшілік құқық қорғау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігіне күмәнмен қарайды. Қазақстанда ішкі істер министрлігін реформалау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Кейінгі өзгерістердің бірі – полицейлердің жаңа формасы. Алайда сарапшылар мен қоғам белсенділері мұндай беткі өзгерістер түбегейлі реформалар жүргізілмейінше, құқық қорғау органдарының қызмет сапасына айтарлықтай әсер етпейтінін айтып жатыр. Сарапшылар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың азаматтарға деген көзқарасын өзгерту және жемқорлықпен күрес мәселелерін бірінші кезекке қою қажеттігін айтады.

Нұрғабыл Шажабаев
Фото: Жас Алаш

«Қаңтарда көрдік қой...»

Иә, құқық қорғау қызметкерлерінің азаматтарға психологиялық, тіпті физикалық қысым көрсететіні БАҚ беттерінде жиі жазылады. Мысалы, былтыр редакциямызға Алматы полициясының ісіне наразы болған Нұрғабыл Шажабаев атты азамат шағым айтып келді. Алматы облысы тұрғынының айтуынша, түнде ол телефонын ұрлатып алған. Ал құзырлы орган қызметкерлері көмек сұрап келген оның өзін кінәлі етіп ұрып, екі қабырғасын сындырып жіберген. Мұнымен тоқтамай, сотқа берген. Сот Шажабаевты кінәлі деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту және 18 мың теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарған. Кейіннен Шажабаев қала полициясымен ұзақ соттасты. «Жас Алаш» Шажабаевқа қайта хабарласып, істің немен аяқталғанын сұрағанда ол сот алдында өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмай қор болғанын айтып берді.

 «Соттан жеңілдім. Айыппұлын төлеп, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеп бердім. Менің кінәм боқтағаным екен. Ал сынған қабырғам мен олардың соққысынан көгерген денем ескерілмей қалды. Мені «қаңтарда көрдік қой сендердің қалай көмек сұрағандарыңды» деп тұрып соқты. Бірақ қаңтарда оларды мен ұрған жоқпын ғой. Бұл оқиғаға дейін оларды сыйлайтын едім. Қазір сенімім нөл! ДВД-ға бірнеше рет бардым, бастығына кіргім келген. Бірақ жақындатпай қойды. Олар халықтан бөлек адамдар!» – дейді Нұрғабыл Шажабаев.

Халық полицияға сене ме?

Жыл сайын халықтың полиция қызметкерлеріне сенімі қандай екенін білу үшін сауалнама жүргізіледі. Ұлттық статистика агенттігінің жариялаған мәліметіне сенсек, биылғы жүргізілген сауалнамада полицияға сенетіндердің үлесі – 64,3 пайызды, ішінара сенетіндердікі – 26,9 пайызды, онша сене қоймайтындардың үлесі – 3,9 пайызды, мүлдем сенбейтіндер – 3,4 пайызды құраған. Жылдағы статистика осының айналасында болып келеді. Шын мәнінде халықтың 64 пайыздан астамы полицияға сене ме? Біздің қоғамда полиция келе жатса өзінен-өзі ыңғайсызданып, кей адамдар қорқып тұратыны жасырын емес. Полиция қызметкерін көрсек құтылуға асығып тұрамыз. Біздің санамызға полиция қорғаушы емес, зорлық көрсетуші кейпінде қалып қойған. Бұл психология қаншама ұрпақ ауысса да әлі келе жатыр. Соңғы кезде полициядағы орындардың бос тұрғаны да жазылып жатыр. Бәлкім, содан кейін де ішкі істер министрлігі бос орындарды толтыруға жанталасып жатқан сияқты. Бұлай дейтініміз, ішкі істер министрлігі хабарландыру беріп жатқан уақытта белгілі қорғаушы Бауыржан Азанов құқық органдарында жұмыс істеген танысы полицияда вакансиялардың 30-40 пайызы бос тұрғаны туралы жазды. Мұның мән-жайын сұрап адвокатқа хабарласқанымызда, ол қорғаушылық қызметінде полиция қызметкерінің дөрекілігін бірнеше рет көргенін айтты.

Бауыржан Азанов
Фото: ашық дереккөз

«Азамат ретінде айтайын, олардың жұмысына көңілім толмайды. Құқық қорғау органдарында тәртіп сақтайтындары, мәдениетті жұмысын атқаратындары бар. Бірақ дөрекі сөйлейтіндері көп. Біздің елде полиция болсын, басқа құзырлы орган болсын, қоғамдық бақылау жоқ. Реформа керек деп айтылып қалып жатыр ғой. Полицияны ешқандай реформа жөндей алмайды. Қоғам өзгермей, ешқандай жүйе өзгермейді. Себебі полицияға алынатын қызметкер Марстан ұшып келмейді. Осы қоғамның арасынан шыққан азаматтар. Қандай қоғам – сондай полиция!» – дейді қорғаушы.

«Біз полициялық елге айналып кеттік»

Ал белгілі саясаткер Сайын Борбасов, керісінше, құқық қорғау органына реформа қажет деп санайды. Саясаткердің айтуынша, қарапайым халықтың полицияға деген сенімі қазір өте төмен. Құқық қорғау органдарына адамдар қылмыскерді ұстаймын, жұртқа көмегімді берейін деп емес, карьера жасап, пайда табу үшін барады.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

«Жазықсыз адамға біреу шабуылдаса, әділет, заң бойынша шабуылдаған адам жазалануы керек. Ал бізде жәбірленген адам да жазаланып жатады. Пара беріп, шабуылдаған адамның жазадан құтылып кететін кездері де жоқ емес. Мұндай парадокстар полицияда өте көп. Сондықтан қоғам «ойбай, полицияға байланысқаннан гөрі бірдеңе беріп, басымызды аман алып қалайық» деп санайды. Бейсауат тиісіп, талай зәбір көрген адамдарды білемін. Біз қазір полициялық елге айналып кеттік. Демократиялық құндылықтар айтылғанымен, шын мәнінде ештеңе жасалмайды. Бұл қорқынышты тенденция! Негізінде полиция, сот, прокуратура халыққа қызмет етуі керек. Ал бізде олар билікке ғана жұмыс істейді. Орны ауысып кеткен. Билік құқық қорғау органдарын халықтың ақшасы арқылы меншіктеп алған. Сана мүлде өзгеруі керек. Қоғамымызда кемшілік шаш-етектен. Біз қызмет жасап, дұрыс барып-келіп жүрміз ғой. Ал сәл қит ете қалсаң, ашық ойыңды айта бастасаң полиция басып тастайды. Адам ойын ашық айтуы үшін наразылыққа шыққаны қате емес. Түркияда миллионға жуық адам шықты ғой. Біздің билік мұндайдан зәресі ұшып қорқады. Билік халықпен жұмыс істейтін жаңа әдіс-тәсілдерді жасап шығаруы керек. Әлемде авторитарлық режимге құштарлық күшейіп келеді. Демократия қазір дағдарыста. Сол тенденция бізге де әсер етеді. Сондықтан полицияға реформа қажет», – дейді саясаткер.

Ербол Молдажан
Фото: Ербол Молдажан

Ербол Молдажан, Нью-Йоркте тұратын қазақ: Полицияға деген қорқыныштан АҚШ-қа келіп арылдым

– АҚШ-тағы 3,5 жылдық өмірімде байқағаным, полиция америкалықтардың қорғаушысы, қолдаушысы һәм досы. Халық оларға сенім артады, әрқашан көмек қолын созатынын біледі. Оны күнделікті әртүрлі жағдайдан байқауға болады. Бұл жақта кішкентай балаларға балабақшадан бастап «911-ге хабарлас» деп үйретеді. Бұл да қоғамның құқық қорғау органына деген сенімі болса керек. Бір қызығы, АҚШ-қа алғаш келгенде менде полицияға деген қорқыныш болды. Бірақ бірте-бірте оны жеңдім. Алғашында полиция тоқтатса қорқыныш, ыңғайсыз сезімдер болатын. Уақыт өте келе ол басылды. Өзінің заңдарын, талаптарын орындасаң, көп жағдайда өте жылы сөйлеседі. 3 жылдан асты, жолда жүремін. Жүк көлікпен де, жеңіл көлікпен де көп жүрдім. Осы уақыт аралығында олар тарапынан бір әділетсіздік көрмедім. Болмаған нәрсені болды дейтін, артық айыппұл салып немесе пара сұрау деген мүлде жоқ. Оған тіпті алаңдамайсың. Тәртіп бұзсаң соған сай айыппұлын жазып береді. Оны да бас-көз демей жаза бермейді. Менде бірнеше рет тәртіп бұзған жағдайлар болды. Бірақ соның өзінде олар бірден айыппұл жазбай ескертіп, түсіндіріп қарайласады.

Бұл жақта қоғам да дұрыс қарайды. Бірде жүк көлігімен ұйқысырап кетіп бара жатқанымды көріп, полицияға хабарлаған. Олар келіп, жағдайымды сұрап, жақын маңдағы демалатын орынға тоқтап демалуымды өтінді. Тіпті баратын жеріңізге жақын қалса, өзіміз бірге жүріп, апарып тастайық деген де ұсыныс тастады. Сондай кезде ішің жылып қалады. Нью-Йоркте де адамдар олармен суретке түсіп, арқа-жарқа болып жатады. Қаланың полиция қызметкерлері өте қарапайым. Ұлым олармен суретке түскенді, сөйлескенді жақсы көреді.

Бізде құқық қорғау ғана емес, жүйеде де кемшілік бар сияқты. Мысалы, мына жақта көлік жүргізіп, тұтас сызықты кесіп кететін кездер кездеседі. Стоп линияны да басып кететін жағдай боп тұрады. Шын мәнінде бұл жерде екі сызықты кесіп өткеніңе жүргізуші куәлігіңді алып қоймайды немесе айыппұл жазбайды. Бастысы, жол апатын тудырмасаң болды. Қауіпсіз жерден бұрылсаң жетеді. Ондай майда-шүйде нәрселерге бас ауыртпайды. АҚШ-та арнайы белгіленген жерлер бар айыппұл жазатын. Мысалы, мектеп жанынан жылдамдықты асырсаң айыппұл беріледі. Бірақ Қазақстандағыдай қадам сайын камераға түсіре бермейді. Егер мен Америкадағыдай көлік жүргізгеніммен, Қазақстанда көлік жүргізсем айыппұлдың астында қалар едім. Бұл айыппұлдар жол ережесінің бұзылуының азаюына алып келсе, халыққа пайдасы тиіп жатса бір жөн ғой. Керісінше, көбейіп барады. Ал мына жақта жағдайыңды айтсаң айыппұл жазбайды. Бір рет мен полицияның жолын қиып кеттім. Менікі дұрыс болған жоқ. Бірақ полицияға не үшін бұлай жасағанымды түсіндіріп айттым. Ол түсінді, ескерту ғана айтты. Осындай жағдайлардан кейін өзің де тәртіп бұзғың келмей қалады.

Айтқым келгені, бұл жақтағы тәртіпке шақыру полиция тарапынан сені кінәлау, жазалау мақсатында емес, «өзіңе және айналаңа қауіп төндірме, мына жерден абайлап жүр» деген әрекет сезіледі. Қысқаша айтқанда, олардан қамқорлықты сезесің. Ал бізде проблеманы шешуге емес, айыппұл салуға бағытталып кеткен сияқты. АҚШ-та байқағаным, полиция мамандығын халыққа нақты қызмет ету деп қарайды және қызмет те етеді.

Жауапты орган не дейді?

«Жас Алаш» аталған хабарландыру бойынша Алматы қаласының полиция департаментіне хабарласты. Департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарламаға Алматы ПД-сының еш қатысы жоғын айтты.

«Бұл мекенжай бойынша біздің еш бөлімше басқармамыз орналаспаған. Бұл жекеменшік тұрғын-үйлердің аумағы. Бізге мұның қатысы жоқ. Бұлай хабарлама беріп, қызметкерлер іздемейміз. Арнайы тәртіп бар. Заңда көзделген тәртіппен қажетті мәлімет беріледі. Полиция департаментінің ресми сайты да бар. Қызметкер қажет болса хабарландыру сол жақта жарияланады», – дейді Алматы ПД қызметкері.

Ал Астана қаласы полиция департаментіне хабарласып, еш жауап ала алмадық. Олар жазып жіберген хатымызға да жауап қатпады. Ішкі істер министрлігі де ешқандай мәлімдеме жасамады. Егер, бұл жалған хабарландыру болса ІІМ-ге өздеріне қатысты жалған ақпарат таратып отырғандарды табу қиын бола қоймас. Біз министр Ержан Сәденовке де ресми хат жолдадық. Әзірге жауап жоқ. OLX-те отырып, қолы тимей қалмаса, бір жауап келіп қалар...

P.S. Мақала жазылып біткенше кейбір хабарландырулар өшірілді. Біз жоғарыда айтқандар ғана емес, өзге де хабарландырулар екі платформада да толып жүр. Біреуіне арнайы хабарласып көрдік. Өзін Бақтияр деп таныстырған кадр бөлімінің басшысы (жұмыс орнын нақтыламауды жөн көрдік) жұмыс талаптарына сай келсе, қабылдайтынын, шарттарын түсіндіріп берді. Және хабарландыру арқылы жұмысқа қабылдаудың ешқандай әбестігі жоқ екенін, күштік, тәртіптік құрылымдардың бәрі солай жұмыс істейтінін айтты. Соған қарағанда, ІІМ-де бұл қалыптасқан дәстүр. Ал Салтанат Әзірбектің не үшін тулап отырғаны түсініксіз. 

Тұрсынбек БАШАР