Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 02 Тамыз 2024

Сәденовтің автомектептерге «ашып берген» бизнесі дүркіреп тұр

1
Фото: ambox.ru

Өткен сәуірде жүргізуші куәлігін алу үшін автомектеп сертификаты қажет деген тәртіп қайта қабылданды. Артынша, жаз келіп, бәрі «автоцонға» ағылатын кезең басталып та кетті. Енді, міне, сертификат саудасы қызып, автомектеп иелерінің қалтасы толысып жатыр.

 Солай болатыны айтпаса да белгілі еді. Жаңалық шыға салысымен желі қолданушылары «Сертификаттарыңды 8-ақ мыңға алдым ғой!», «33 мыңға алдым», «Бизнес жүріп жатыр деңдер», «Автошколалар қарық болып жатыр», «Осындай жағдайда бәрі таза болады, ешқандай қитұрқылыққа жол жоқ дегенге сенесіңдер ме?», «Көзбояушылық», «Жем азайып қалды ма?», «Левый тірлікке ыңғайлы заңды әдейі қабылдай ма?» деген пікірлер жазған.

Шын мәнінде «автоцондардың» сертификатсыз да былығы шаш-етектен. Антикор мен қаржы мониторинг орталығының «белсенді объектісіне» айналған мамандандырылған ХҚКО-лар бірде ұсталып, бірде сотты болып, бірде үстінен іс қозғалып, әрең жүр. Әйтеуір, жақсы нәрсе айтылғанын естімейсің. Ал ондағы мамандар келер жылдың қаңтарынан бастап ресми түрде жемқорлық субъектілеріне жатқызылмақ. Себебі кім қалай «права сатам» десе де мүмкіндік бар. Құқықтық актілерде ескерілмеген жайлардан, ақпараттық жүйелердің әлсіздігі мен өзара байланысының нашар болуынан «спеццон» сенбілік базарға айналған. Соңғы үш жылда 23 қылмыстық іс қозғалып, 60 мыңнан астам жүргізуші куәлігі саудаланыпты. Осының бәріне жауапты ішкі істер министрлігі де жүргізуші куәлігін беру барысында көптеген заңбұзушылықтар болатынын мойындайды. Бірақ бармақ басты, көз қыстының қатары азайып, қарасы жоғала ма деген сайын «жаңа схемалар» қолдан жасалып отырғандай әсер қалдырады. Мәселен, сертификатты алып тастап, қайта енгізуде қандай логика бар? Әрине, бұл талаптың түпкі мақсаты жүйелі шығар, десек те министрлік пен министр Сәденов асығыс шешімімен өз құзыреті жүрмейтін автомектептерге «қолайлы бизнес орта» жасап беріп отыр.

2024 жылдың сәуірінде тиісті ережелерден А және В, А1 және В1 категориясы бойынша өздігінен оқып емтихан тапсыру, жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі сызылды. Негізі, 2016 жылдан бері көлік жүргізуге өз бетінше дайындалуға рұқсат етілетін. Осы мәселені көтерген бір топ депутат 2022 жылы ұсыныс білдіріп, автомектеп сертификатын міндетті ету қажет деді. Әуелі депутат Гүлдара Нұрымова премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдап: «Елімізде жыл сайын 13 мыңға тарта жол апаты болып, онда 2 мыңнан астам адам қаза табады, 18 мыңға жуық тұрғын жараланады. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы оқыс оқиға саны 9 пайызға, жол апатынан болған кісі өлімі 21 пайызға артқан. Биыл полиция қызметкерлері 4,5 миллион жол ережесін бұзу дерегін анықтаған. Бұл жүргізушілердің біліктілігі төмен екенін көрсетеді» деген. Басқа депутаттар да осы пікірге қосылып, оқыс пен жазымның көбі жүргізушілердің жол ережесін дұрыс білмеуіне байланысты екенін алға тартқан. Өз кезегінде бұған жүргізуші куәлігін беру ережелерінің де қатысы бар. Жоғарыда айтқанымыздай, 2016 жылы куәлік алуға үміткердің теориялық және практикалық емтиханға өз бетінше дайындалуына рұқсат берілсе, 2018 жылы автомектептерден ешкім ешқандай лицензия талап етпейтін болды. Сертификат қажет болмаса, автомектепті қайтеміз?! Осыдан соң көлік тізгінін алғысы келгендердің оқу сапасы күрт төмендеп, емтихан тапсыру процесі біршама өзгеріске ұшыраған. Өйткені оны өткізу ІІМ-нің емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жауапкершілігіне ауысты. Дәл осы нүкте сыбайлас жемқорлықтың еселенуіне себеп болды деп есептейтін депутаттар автомектептердің жауапкершілігін, жүргізушілерді оқытудың мемлекеттік стандарты мен ережесін қайта қарауды ұсынды.

Нәтижесінде, биыл 23 сәуірден бастап теориялық және практикалық сабақтарды толық аяқтаған автомектеп курсанты ғана мамандандырылған ХҚКО-ға құжат тапсыра алады. ІІМ-нің №862 бұйрығына сәйкес, ендігіде жеке куәлік, тиісті медициналық анықтама, автомектеп сертификаты, мемлекеттік баж алымы талап етіледі. Еске сала кетейік, жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баждың құны 1,25 АЕК құрайды. Бұл – 4615 теңге. Осы құжаттарды тапсырған соң ғана теориялық және практикалық емтиханға booking.gov4c.kz сайты арқылы алдын ала орын аласыз. Қажетті күні мемлекеттік корпорация ғимараттарында және автоматтандырылған автодромда сынақтан өтесіз. Бір қарағанда бәрі жақсы, шешім орынды секілді. Алайда мәселе сертификатты міндетті етумен шешілмейді. Депутаттар алға тартқан аргументтерге қарасақ, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 11 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Ал 2024 жылдың басынан бері 500-ден астам адам көз жұмған. Демек, заң өзгерді, ал жолдағы жағдай болса баяғыша. Оның бірден-бір себебі – көпшілік сертификатты жай ғана сатып алып жатыр. Ал лицензиясы бар автомектептер ЖК мөрі қойылған қағаздарын саудаға салып, ашықтан-ашық алаяқтыққа барып жүр. Бұл сөзімізге біз хабарласқан автомектептердің жауабы дәлел. Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Атырау сынды еліміздің әртүрлі қалаларындағы әртүрлі автомектептерге жазып, олардан сертификат сұрадық. Бағасына, қанша күн ішінде дайын болатынына қызықтық. Әрине, «біз сертификат сатпаймыз, қаласаңыз, онлайн курс оқып көріңіз» деген мектептер болды. Бірақ саусақпен санарлығы ғана. Одан бөлек, «қазір тексеріс болып жатыр» деп, кейін хабарласуымызды сұрағандар да кездесті. Ал басым бөлігі бағасын айтып, «бір-ақ күнде дайын болады», «үш-ақ күнде қолыңызға апарамыз» десті. Тіпті лицензияларын, әртүрлі банкпен бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынды. Соның бірінің жауабы төмендегідей:

«Түсінуімше, сізге «В» категориясы бойынша дайын құжат керек қой. Біз оны бір күнде дайындап береміз. Қолыңызға алған құжат екі жылға жарамды. Онымен апта сайын болса да емтиханға кіруге болады. Себебі бізде гослицензия. ІІМ-нің базасына бірден тіркеп қоямыз, сертификатқа қоса анықтама аласыз. Тағы өзіміздің ресми тіркеуде екенімізді растайтын құжатты да береміз. Осы үш құжатпен елдегі кез келген «автоцонға» тапсыруға мүмкіндік бар. Бағасы – 60 мың теңге. Бүгін төлем жасасаңыз, ертең алып кетесіз».

Ең қызығы, бұл қымбаттау тариф екен. Нарықта 35 мың, тіпті 20-25 мың теңгеге сертификат сататындар толып жатыр. Түсінгеніміз, автомектептердің басым бөлігі оқимын деп келгенді оқытып, сертификатын береді. Оқымаған, оқығысы келмейтін, бірақ құнын төлеуге дайындарға да оқыды, емтихан тапсырды, бағалары орташа, жақсы деген құжатты тапсырады. Ал енді жол-көлік оқиғасы мен жол апатынан келген өлімді азайтуда осы қадам сәтті болады деп айта аламыз ба? Алдағы уақытта жол ережесін білмейтіндер азаяды деп күтуге негіз бар ма? Жоқ... «Баяғы жартас, сол жартас». Өзгешелігі тек біреу – автомектептер ауадан ақша жасап жатыр.

Бұл туралы жеке кәсіпкер, қыз-келіншектерге арналған автомектеп иесі Аян Сауранбай былай дейді:

«Бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері Автомектептер лигасы мен ассоциациясы айтып, жазып, министрлікке ұсынумен келді. Ақыры қабылданды. Ол дұрыс та. Бұрындары автомектеп сертификаты міндетті еді. Кейіннен олардың қажеті де болмай қалды. Ұсынысымызда алдымен кәсіпкерлер ретіндегі мүдде де болған шығар. Алайда конструктивті түрде қарасақ, жүргізушілердің оқуы мен емтиханды тапсырып шығуы үшін автомектепке бірталай талап қойылады. Жеке кәсіпкерлер бәсекеден сапа жасайды. Бұл қауіпсіздік пен жолдағы сауатты жүргізушілердің алғышарты бола алады. Тек бес саусақ бірдей емес екен. Сертификатты көзсіз сатып жатқандар да көп. Бұл орайда ІІМ тарапынан бақылау жоқ. Жасап жатырмыз, қарап жатырмыз дегенімен, көзге көрінер ештеңе байқалар емес. Мектептерге бақылау мен талап жоғары болғаны жөн. Сонда әр курсант талпынып оқып, меңгере алғанда ғана жүргізуші куәлігін алады.

Кезінде тіркелмей жұмыс істеген автомектептер де болған. Ал қазір барлық кәсіпкерлер мен олардың мектебі, қызметкерлері тіркелген. Осы арқылы-ақ біраз мәлімет жинауға болады».

Қарап отырсақ, ІІМ автомектептерге мұндай құзырет бермес бұрын бақылау мен басқа да тетіктердің деңгейі қандай деп ойланбаған секілді. Жүйенің дайын екеніне, жемқорлық тәуекелдерінің төмен екеніне көз жеткізіп алудың орнына асығыстық қылғандай. Бұл орайда тиімсіз жұмыс істеп жатқандарын өздері де мойындаған. Осы айда орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев елде 747 автомектеп бар екенін айтып, олар өзін-өзі реттей алмай отырғанын жеткізген.

«Автомектептерді өзін-өзі реттеуге көшіру үшін заңнаманы кезең-кезеңімен әлсірету қажет деп жүріп, саланы бақылау жағын әлсіретіп алғанымызды мойындаймыз. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдан бастап автомектеп ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар қажет емес. 2020 жылы олардың қызметін мемлекеттік бақылау тоқтатылды, сапасыз дайындық жұмыстары үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталды. Бұл өз кезегінде оқу процесінің қағаз жүзінде ғана жүзеге асуына әкеп соқтырды. Біз күткен өзін-өзі реттеу бола қоймады. Енді, міне, жүргізуші куәлігін алғысы келгендердің дайындығы мен сапасы төмен екені байқалуда. Қазіргі таңда осы салада тәртіп орнатуға ұмтылыстар басталып кетті. Шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы тоқтатылды», – деді.

Сертификатпен қоса «вождениені сатып алу» деген де бар екен. Яғни құжат тапсырып, теориялық емтиханды сәтті аяқтаған үміткер автодромға барғанда ақша алатындар, өткізіп жіберетіндер көп. Иә, шын мәнінде мұндайды көпшілік біліп те, естіп те жүр. Осы туралы аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған кейіпкеріміз айтады:

«Жақында ғана көлік алу туралы ойлай бастадым. Арзан дүние емес, оған қаржы жинаймын деп шештім. Қажетті капитал жиналғанша жүргізуші куәлігін алмақшы болып, автомектепке тіркелдім. Оқыдым. Енді құжат жинап, тест тапсырғалы жүрмін. Арғысы – автодромда көлік жүргізу. Бірақ көпшілік сол сынақтан сүріне береді. Менімен бір топта дайындалғандардың сөзіне қарасам, автодромға 4-5 рет барып өте алмай жүргендер көп екен. Соны ойласам, қорқыныш сезімі оянатыны рас. Алайда артынша «ставкалары пәлен теңге екен» дегенді құлағым шала бастады. Сөздерінше, нені, қалай бассаң да, қалай ереже бұзсаң да, әйтеуір айдап әкелсең болғаны. Алдын ала келісіп қойсаң «праваңды» аласың дейді. Шыны керек, мен өзі тапсырған талай адамды көрдім. Ал қолынан келмей жатқандар солай-ақ өтіп кете береді екен... Бұрындары «300 мың бер де, куәлігіңді жібер» дейтінді естуші едік. Десек те, барып, емтихан тапсырып тұрып, парамен өту дегенге сенуім қиын болды. Елдің дені солай алады-мыс...

Негізі, автодромдағы талаптардың қатаң болғаны да жақсы. Бірақ талап бәріне бірдей қатал болуы қажет. Ақша бергендерге көз жұматын болса, жолдағы қауіпсіздік деген мақсаттары сол ма?».

Иә, бізде таныс-тамырға, параға сеніп, көп нәрсеге уайымдамай-ақ қоюға болады. Ал Қытай, АҚШ, Швейцария, Жаңа Зеландия, Сингапур, Жапония, Германия сынды елдерде автомектеп оқу қымбат, тесттен өту қиын, көлікті жүргізуіңе баса мән береді. Осы тақырып турасында АҚШ-та жүріп жүргізуші куәлігін алған Жолдас Өрісбай айтып берді:

«АҚШ-тың Мичиган штатында жүріп, 2019 жылы жүргізуші куәлігін алдым. Онда сертификат сұрамайды, паспорт пен визаны, оқуға барған соң университетте оқитыным, тұрғылықты мекенжайым туралы анықтама апардым. Теориялық тестте 40 сұрақ, 32 балл жинасаң өтесің. Ал практикаға бір ай дайындық уақытын береді. Бірақ менің өз елімде алған жүргізуші куәлігім болған соң ұзақ күттірмей, бірден жолдама берді. Араға 3-4 күн салып, емтиханға барып, өтпей қалдым. Келесі келгенде өтіп кеттім. Автодромның схемасы Қазақстандағыға жақын, ұқсайды. Одан соң, қаланың ішінде жүргізіп те көреді. Бізбен салыстырғанда қиын немесе оңай деп айтпас едім. Алайда көп дайындықты қажет етеді»

Халық санына, тағы да басқа факторларға байланысты шетелдердегі және біздегі жол апаттары мен ереже бұзу фактілерін салыстыруға келмес. Тек бір нәрсе анық, сауатты жүргізушілер – қауіпсіз жолға тең.

Баян Мұратбекқызы