Сәденовтің өтірігін Талғар әшкереледі
«Қазақстанда қылмыс азайды, жол қауіпсіздігі жақсарды, интернет алаяқтықпен күрес күшейді». Бұл ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзі. Министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріп жатқанда Талғарда тағы да бір 14 жастағы жасөспірім кісі қолынан қаза тапты. Оны өзінен жоғары оқитындар қараңғыға апарып, ұрып-соққан. Министр есебінде «жол қауіпсіздігі жақсарды» дегенді де айтты.
Бірақ биыл адам өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өскен.
Сәденов Тоқаевқа қандай есеп берді?
19 қарашада ішкі істер министрі Ержан Сәденов президент Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал туралы есеп беріп, қылмыс деңгейінің төмендегенін, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны азайғанын және интернет алаяқтықпен күресте елеулі нәтижелер барын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы 10 айында елде тіркелген қылмыс саны өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 5,3 мыңға кеміген. Сонымен бірге барлық негізгі қылмыс түрлері бойынша көрсеткіштердің төмендегені және қылмыстардың ашылу деңгейінің жақсарғаны хабарланды. Мысалы, отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 8 пайызға, оның ішінде адам өліміне соқтырған оқиғалар 26 пайызға азайыпты. Сәденов ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі жетістіктерге айрықша тоқталыпты. Биылғы 10 айда 185 қылмыстық топ құрықталып, ауыр және аса ауыр қылмыстардың жолы кесілген.

Қылмыс шынымен азайды ма?
Сәденовтің бұл деректері расымен қуантарлық көрінеді. Есеп берген министрдің статистикасында «бәрі керемет, қылмыскердің жолын кесіп, жол ережесін бұзғандарды қоғадай жапырып ұстап жатырмыз» дегендей мағынаны аңғарасың. Иә, ресми статистика қылмыстың азайғанын көрсетеді және министр келтірген 5,3 мыңға төмендеу дерегі негізсіз емес. Алайда бұл сандардың артында қандай факторлар тұр? Мұнда екі мәселеге назар аудару қажет: қылмыстың тіркелу деңгейі және қоғамның полицияға жүгіну белсенділігі. Сарапшылардың айтуынша, кейбір қылмыс түрлері бойынша азаматтар полицияға шағымданбайтын жағдайлар бар, әсіресе ұсақ ұрлық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында. Тағы бір айтатын жайт, қылмыс азаюы үшін полиция қызметкерлерінің өзі алдымен тәртіп бұзбауы тиіс. Алайда елімізде заң бұзған тәртіп сақшылары БАҚ беттерінде жиі жазылады. Тіпті кейбірі қоғам назарына ілініп, талқыланып жатады. Мысалы, қазанда Қарағандыдағы учаскелік полиция пункттерінің бірінен әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полиция қызметкері табылды. Қазір бұл оқиға тергеліп жатыр. Тамыз айында Жамбыл облысының полиция департаментінің орынбасары ұсталды, ал қыркүйекте полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қарамағындағылардың заң бұзуына байланысты отставкаға кетті.
Министр Ержан Сәденовтің баяндауынша, жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім 2025 жылы 9,4 пайызға азайған.
«Мемлекет басшысына жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер таныстырылды. Мәселен, дрондар көмегімен 6 мыңнан астам, орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 190 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғасы кезіндегі өлім-жітім саны 9,4 пайыз, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізушілер кінәсінен болатын қайғылы жағдайлар 24 пайыз азайды» делінген хабарламада.
Алайда ресми статистикада жалпы қылмыс саны азайғанымен, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы жағдай керісінше ушығып тұр деуге болады. Қазақстан жолдары Орта Азиядағы ең қауіптілердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам қаза тапты, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы ең жоғары сан болып тіркелді. Ал биылдың өзінде (қаңтардан қарашаға дейін) 1 916 адам жол апатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанын көрсетеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің бұл бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Тағы да статистикаға жүгінейік, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының аналитиктері Мемлекеттік несие бюросы, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті және сақтандыру төлемдерінің статистикасы негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апаты – ауыр. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың жарақат алуымен аяқталады. 2025 жылдың қорытындысында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжам жасалған.
Қоғам полицияға сене ме?
Қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік әлі де сезіледі. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін полиция мен күштік құрылымдардың әрекеті көптің көңіліне қаяу түсіргені мәлім. Кейінгі уақытта болған оқиғалар да бұл сенімнің орнына толық келмегенін аңғартады. Соның бірі – көпшіліктің наразылығын туғызған Шерзат Болаттың өлімі. 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Сол кезде де қоғам Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар екенін айтты. Оның басшыларының бірі ретінде Хасан Қасымбаевты да атады. Дегенмен ІІМ елде ешқандай ОПГ жоқ деп мәлімдеді. Шерзаттың өлімі кезінде оның үйі өртенді, ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев та жұмбақ жағдайда қаза тапты. Екі жағдайда да кінәлілер анықталмады. Ғайыпбаевтың өлімі суицид деп жарияланды. Алайда полицияның бұл мәлімдемесіне Н.Ғайыпбаевтың туыстары сенбеді. Наразылық танытқан Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды. Осы оқиғалардың барлығы құқық қорғау жүйесінің беделіне қаншама нұқсан келтіріп жатты.
Шерзаттың қазасы елдегі полицияға деген сенімнің қаншалықты төмен екенін көрсетті. Бұл істің қоғамдық резонансына байланысты жоғары билік біраз лауазымды тұлғаларды қызметінен босатты. Талғар ауданында полиция бастығы ауысып, ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев та қызметінен кетті. Рысбаев бұл қызметте небәрі 11 ай отырған еді. Алайда бұл отставкалардың нәтижесі күткендей болмады – арада екі ай өтпей жатып, 2024 жылғы желтоқсанда Айдос Рысбаев қайта жоғары лауазымға тағайындалды. Ол ІІМ министрінің бұйрығымен Көліктегі полиция департаментінің бастығы болды. Яғни, жанжал кезінде қызметінен кеткен шенеунік көп ұзамай өзге маңызды орынға жайғасты. Бұл жайт реформаның формалды сипатын көрсеткендей және ішкі істер жүйесіндегі «өз адамдарын қолдау» дәстүрі сақталып қалғанын аңғартты. Қоғам белсенділері бұған наразылық білдіріп, шынайы жауапкершілікке тарту жоқ екенін айтып, сынады да, бірақ нәтижесі өзгеріссіз қалды.

Асылбек Қараев, заңгер: КСРО кезінен бері бізде статистиканы бұрмалап береді
– Бұған дейін де бірнеше рет айттым, ІІМ орынбасары Бауыржан Әленов тергеу бітпей жатып, өздерінің статистикасына қарады да, «ОПГ жоқ» деп айта салды. Ол қызметкердің біліксіздігі деп білемін. Мен органда жұмыс істеген адам ретінде айтайын, КСРО кезінен бері бізде статистиканы бұрмалап беріп жібереді. Шынайы себебіне, басқасына мән бермейді. Өйткені прокурор да, басқасы да сол КСРО кезінен қалып кеткен.
Енді ОПГ-ға келейік. Әрине, «Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма?» дегенде бұл жақтан кеңсесі бар, қолында мөрі бар «заңды» ОПГ-ны таба алмайсыз. Әйтпесе, ешкім ұйымдасқан топқа ұқсастарды, аяқ астынан болып жатқан қылмыстарды зерттеп жатқан жоқ. Бұлардың бәрін анықтап, зерттеу үшін түпкілікті осы салаға реформа жасау қажет. Реформаның бастысы – ашықтық деген болу керек. Ашықтық болмаса, іс уақытында тергелмесе, ештеңе өзгермейді. Өкінішке қарай, жақында Талғарда тағы бір жасөспірім кісі қолынан қаза тапты. Мұндай жағдайда іс жүрмейді, көз жұмған адамның туыстары наразылық танытады. Сосын барып іс жүреді. 1-2 полиция қызметкерін жұмыстан шығарады. Жұмыстан шығарғанда да қумайды, өз қалауымен қызметтен кетеді. Шерзат ісінде де солай болды. Қызметкерлерден ешкім жазаланбады. Осының барлығы құқық қорғау қызметкерлерінің жауапкершілікке тартылмайтындығынан. Олар солай болатынын білгеннен кейін «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, бәрі іс жүзінде іске асырылады. Ешкім жауапкершілікке тартылмағасын осындай жағдай қайталана береді.

Талғарда тағы да қаза
Шерзат Болаттың қазасынан бері жыл өтпей жатып, Талғар ауданында тағы бір жасөспірім көз жұмды. 2025 жылы қыркүйекте 14 жастағы Әлиханды қатарластары ұрған. Түн уағында төрт жоғары сынып оқушысы оны көшеде тоқтатып, қараңғы, камерасыз жерге әкеткен де, соққыға жыққан деген дерек бар. Басынан қатты жарақат алған ол 17 күн комада жатып, есін жимастан жан тапсырды. Бұл хабар талғарлықтарды тағы дүрліктірді. Ел ішінде «тағы бір Шерзат оқиғасы қайталанды» деген сөз тарады.
Әлиханның туыстары тергеу органдарына сенбей отыр. Әкесі Данияр Нұрғалиевтің айтуынша, баласын әлдекімдер әдейі оқшау жерге апарып соққыға жыққан, ал алғашқы тергеу қорытындысында «бала өзі байқаусызда құлап, жарақаттануы мүмкін» деген тұрғыда күмәнді болжам айтылған. Жеке сот-медициналық сараптама баланың жарақаттары өздігінен құлаудан пайда болды деп шешім шығаруға тырысқанға ұқсайды. Алайда ата-ана бұл қорытындымен келіспей, қайта тексеру талап еткен. Әлиханның жақындары тергеудің әділ өтетініне күмәнданып отыр.
Оқиғаға қатысы бар деген оқушылар бастапқыда бостандықта жүрген. Әлиханның әкесінің айтуынша, күдіктінің туыстары екі мәрте үйіне келіп, кешірім сұраудың орнына «қылмыстық авториттердіатап, Баха дегенді білесің бе?» деп қоқан-лоқы көрсетпек болған. Тек қоғамда резонанс артқан соң, полиция істі бақылауға алды. Басты күдікті деп танылған оқушы қазір қамауға алынды, уақытша ұстау изоляторында отыр.
Бір жыл бұрын ғана жасөспірім өлімі болған ауданда дәл сондай қасіреттің қайталануы құқық қорғау органдарының профилактика, тәртіп орнату жағынан қауқарсыздығын көрсетеді. Шерзаттың өлімінен соң аудан әкімі мен күштік құрылым басшылары қызметінен кеткенімен, жағдай түбегейлі өзгермеген. Арада жыл өтпей жатып тағы бір жасөспірім құрбан болды. Демек, тек лауазымды адамдарды ауыстыру арқылы мәселе шешілмеген сыңайлы. Қоғамда әлі де заң үстемдігіне сенім қалыптаспай отырғанын осы қайғылы оқиғалар айғақтап отырғандай.
P.S. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтері мен нақты өмірдегі оқиғалар бір-біріне сәйкеспей, діңкеңді құртады. Мысалы, қыркүйек айында жол апатынан 25 адам қаза тапты, тағы сол қыркүйек айында Таразда екі бірдей оқушы әлімжеттік салдарынан көз жұмды. Қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімі Сәденовтің есебімен өлшенбейді. Тәртіп сақшыларының рапорттарында көрсетілген төмендетілген статистика халық көңіліндегі күдікті автоматты түрде сейілте алмайды.
Тұрсынбек БАШАР