Садыр Жапаров Еуропа мен АҚШ-ты "Талибанды" мойындап, активтерін қайтаруға шақырды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Еуропа елдері мен АҚШ-ты Ауғанстанның қазіргі үкіметін мойындап, мұздатылған активтерін қайтаруға шақырды.
"2021 жылы Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының жетекшілері билікке келді. Олар бүгінге дейін елді басқарып келеді. Біз қаласақ та, қаламасақ та, елді тәліптер билеп жатқаны шындық. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірқатар елдер, соның ішінде біз де "Талибан" қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастадық", - деді Жапаров.
Жапаров Қырғызстан мен Ауғанстанның ортақ шекарасы жоқ, көрші елмен шекаралас екенін атап өтті. Сондықтан ондағы жағдайдың нашарлауы Қырғызстанды белгілі бір дәрежеде алаңдатып отыр.
Президенттің айтуынша, "Талибан" билікке келгеннен кейін біраз уақыттан кейін Бішкек ауған халқына көмектесу мақсатында олармен байланыс орнатып, Ауғанстанға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген.
" Ауғанстандағы жағдайдың одан әрі шиеленісуі біздің аймаққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан біз Ауғанстанның қазіргі үкіметімен ынтымақтасатынымызды жасырмаймыз. Қолымыздан келгенше көмектесеміз. Әрине, бұл жеткіліксіз, егер тәліптер әлсіз болса, ауған халқы оларды әлдеқашан құлатар еді. Содан бері үш жылдан астам уақыт өтті. Жақсы болсын, жаман болсын, олар жұмыс істейді. Халық оларды қолдап жатыр", - деді Жапаров.
Президент Ауғанстанды бүкіл әлемнен оқшаулау мәселені шешпейтінін, керісінше, "қазіргі жағдай неғұрлым ұзақ болса, ауған халқы соғұрлым қиын кезеңдерді бастан кешіретінін" атап көрсетті.
Жапаровтың айтуынша, 2021 жылдың жазында билікке тәліптер келген кезде Ауғанстан Орталық банкінің шетелдегі 9,4 миллиард долларлық активтерін батыс елдері "мұздатқан".
"АҚШ-та шамамен 7 миллиард доллар "мұздатылған". Ауғанстандағы жағдай мен ауған халқының әл-ауқатын жақсарту үшін бұл қаражатты тезірек қайтару керек деп есептеймін. Сондықтан мен Еуропа елдерінің басшыларын және АҚШ басшылығын Ауғанстанның қазіргі үкіметін мойындауға және ауған халқының болашағы үшін "мқздатқан" қаражатты қайтаруға шақырамын. Бастапқы кезеңде Ауғанстан басшылығы бір-екі еуропалық елге сапармен келуі мүмкін. Осындай дамыған елдерге барып, әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын өз көздерімен көрсе, олардың мемлекеттік басқару тәжірибесіне оң әсерін тигізуі мүмкін. Оларды оқшаулай берсек, 50 жылдан кейін де оң нәтиже бермейді", - деді Жапаров.
Айта кетейік, тәліптер 2021 жылдың тамыз айында Ауғанстандағы билік басына келді.
Нұрсана Қанағатқызы, ҚазҰУ, журналистика факультетінің 3- курс студенті