Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:11, 05 Қаңтар 2026

Садыр Жапаров Қырғызыстанның 12 жылдық білім беру жүйесіне көшетіні қажеттілік екенін мәлімдеді

Жапаров
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстанда 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – кейінге қалдыруға болмайтын қажеттілік. Бұл туралы Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Президент бұл пікірін Халықтық құрылтайда жиі көтерілген мектеп тапшылығы мен сыныптардағы оқушылар санының шамадан тыс көптігі мәселесіне байланысты айтқан. Құрылтай делегаттарының сөзінше, кейбір сыныптарда 40-50 оқушыдан білім алуда.

Алайда мемлекет басшысы бұл жағдайды 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуімен байланыстыру дұрыс емес екенін атап өтті.

Мәселе 12 жылдық жүйеден бұрын басталған

Садыр Жапаровтың айтуынша, мектептердегі орын тапшылығы 12 жылдық білім беру енгізілмей тұрып-ақ болған.

«Бұрынғы жылдары 1-2-сыныптарға жыл сайын 140-150 мың бала қабылданатын. Ал “Э-Күндөлүк” жүйесінің дерегіне сәйкес, 2025-2026 оқу жылында 1-сыныпта – 106 015, 2-сыныпта – 124 593 оқушы тіркелген», – деді ол.

Президент демографиялық деректерге де тоқталды. Оның айтуынша, 2015 жылы Қырғызстанда 1 млн 43 мың 356 оқушы болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 536 мың 633-ке жеткен. Яғни, он жыл ішінде оқушылар саны шамамен 500 мыңға артқан.

Бұл өсім елдегі демографиялық қарқынмен, сондай-ақ ішкі көші-қонның күшеюімен, әсіресе ірі қалаларға адамдардың көптеп келуімен байланысты. Соның салдарынан қалалық жерлерде жаңа мектептер мен балабақшалар салуға шұғыл қажеттілік туындаған.

«12 жылдық білім – жаһандық стандарт»

Президенттің айтуынша, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – әлемдік үрдіс пен жаһандық еңбек нарығының талабы.

«Бұл – біріншіден, әлемдік стандарт. Екіншіден, жаһандық білім беру және еңбек нарығына қойылатын талап. Біз әлемдік білім кеңістігінен артта қалмауымыз керек. Көршілес елдер бұл кезеңнен өтіп жатыр немесе өтіп үлгерді», – деді Жапаров.

Оның мәлімдеуінше, 2029 жылы Қырғызстанда 12 жылдық жүйенің алғашқы түлектері аттестат алады. Егер бұл реформа жүзеге аспаса, қырғызстандық түлектер шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін қосымша бір жыл дайындықтан өтуге мәжбүр болады.

Адам капиталы және еңбек нарығы

Президент білім беру реформасының түпкі мақсаты – жаһандық экономикада бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру екенін атап өтті.

«10-11 жылдық білім беру жүйесі өз тарихи миссиясын орындады. Ол жоспарлы-әміршіл экономикаға бейімделген еді. Ал бүгін бізге нарықтық экономикаға лайық, ерте кәсіби бағдарланған, бәсекеге қабілетті мамандар қажет», – деді Садыр Жапаров.

Оның айтуынша, 12 жылдық білім беру – ерте кәсібилендіруге негізделген, заман талабына сай кадрлар даярлауға бағытталған жүйе.