Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:41

Садыр Жапаров: Түрме – курорт емес

Садыр Жапаров
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тергеу изоляторларындағы (СИЗО) жағдайға қатысты сынға жауап беріп, бұл мекемелердің жайлылығы туралы талаптарды орынсыз деп атады. Бұл мәселе Халықтық құрылтайда көтерілді.

Құрылтай барысында Ош қаласынан келген делегат Айсалқын Карабаева СИЗО-ларда ұсталған азаматтарға электр плиталарын қолдануға тыйым салынатынын, соның салдарынан наразылық туындайтынын айтқан.

Осыған жауап берген мемлекет басшысы мұндай талаптармен келіспейтінін жеткізді. Ол өзі де бірнеше рет бас бостандығынан айыру орындарында болғанын және жағдайды жақсы білетінін атап өтті.

«Мен өзім отырғанмын: алғашында – тоғыз ай, екінші рет – үш жарым жыл. Бірақ ешқашан жағдайға шағымданған емеспін. СИЗО – курорт емес», – деген Жапаров.

Садыр Жапаровтың айтуынша, камераларда электр плиталарын пайдалануға үнемдеу мақсатында рұқсат берілмейді. Өйткені электр энергиясы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді және оның шығыны негізді болуы тиіс.

«Плиталарды, әсіресе тәулік бойы қосуды құптамаймыз. Мекемелерде өздерінің жылу жүйесі бар, ол жеткілікті», - дейді Қырғызстан басшысы.

Жапаровтың бұл мәлімдемесі елде СИЗО-лардағы тұрмыстық жағдай, бюджет шығыны және қамаудағылардың құқықтары туралы талқылауды қайта жандандыра түсті.

Айта кетейік, Садыр Жапаров 2017 жылы 2013 жылғы Қаракөл қаласында өткен наразылықтар кезінде кепілге адам алу ісі бойынша қамауға алынған болатын. Сот оны 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, кейін бұл мерзім 10 жылға қысқартылды.

Алайда 2020 жылдың күзіне қарай, елде жаппай наразылықтар кезінде Жапаров бостандыққа шықты. Кейін сот үкімі күшін жойып, іс қайта қарауға жіберілді, ал одан соң толық тоқтатылды. Осыдан кейін Жапаров премьер-министр болып тағайындалып, көп ұзамай мемлекет басшысы атанды.