Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:52

Сағыныш туралы баллада

Тұрсынжан Шапай
Фото: скриншот

Жалқы дүние кейде жүрек түкпіріндегі әлдебір сағынышты түртпектейтіні бар. Cосын әлгі сағыныш тамыр-тамырыңда бүлкіл қағып, ілезде тұла бойыңды шарпып ала жөнеледі. Содан да болар, cағынышсыз дүние тұлдыр, жансыз болатындай көрінеді де тұрады. Ол сағыныш сенің тұла бойыңда, жан-жүйкеңде бағзыдан бар сияқты, бірақ сен оны жыға танымағансың.

 Әйтеуір туғаннан бері жасасып, болмысыңмен бірге біте қайнасып келе жатқанын сезесің. Тануға түрткі керек, түрткі – сағынышыңды саулатып ала жөнелетін жақсы шығарма, жақсы фильм болуы мүмкін.

Өткен аптаның сәрсенбісінде көрнекті жазушы, әдебиеттанушы ғалым, сазгер Тұрсынжан Шапай туралы фильмнің тұсауы кесілді. QONYR MEDIA GROUP компаниясы түсірген «Таудан түскен сәуле» атты деректі фильмі зиялы қауымға көрсетілді. Біз де фильмді көріп қайттық. Кеудемізді әлдилеген әлдебір сағынышымызбен қайта табысқандай болдық. Фильм ең әуелі көрерменді табиғаттың көркем көріністерімен баурап алары анық. Дегенмен бұл туындының шынайы әсері тек табиғат сұлулығын көрсетумен шектелмесе керек. Фильм біртіндеп адам мен туған жердің арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ рух пен жанның аса терең байланысына еріксіз жетелеп ала жөнеледі. Араға отыз жылдан астам уақыт салып кіндік қаны тамған, туған, өскен өлкесімен табысып, жүрегі толқыған, аңсап жетіп, мауқын басқан қаламгер бейнесі көрерменді ерекше күйге бөлері рас. Сағыныш деген сезімнің құдіреті күшті ғой, шіркін! Кеудеңе там-тұмдап жиналып, ендігі шарасынан төгілердей мелмеңдеп тұрған сол бір сағыныш адамды әлдилейді екен, әсте өзіңді жүріп емес, желіп жүргендей жеңіл сезіндіреді. Қанат бітеді. Сүйіндіреді. Сені өкінішке де, өкпеге де, кінәлау мен азапқа да байламайды.

Тұрсынжан Шапай мен Сержан Молдасанұлы

Кейде адам туған жерін сағынады. Ал кейде туған жердің өзі де адамын сағынатын шығар. «Таудан түскен сәуле» фильмінде таудың тұлғаға, тұлғаның тауға сағынышын, сонша жылдан соң аңсап табысқанын терең түйсінесің. Бұл фильмді Тұрсынжан Шапай не оның шығармашылығы туралы фильм деп шектеп, шегелеп қоюға болмас. Шынында бұл сағыныш туралы фильм. Туған жер, тау мен тұлға туралы көркем баллада болар...

Сержан Молдасанұлы
Сержан Молдасанұлы

Сержан Молдасанұлы: Фильмтелегей теңіз таланттың тамшыдай ғана бөлшегі

Мен Тұрсынжан ағаның жанында көп жүрдім, көп нәрсені үйрендім, аларым әлі де көп екенін білемін. Өзі де, шығармашылығы да өзгеге ұқсамайтын қазақ. Болмысы бөлек, мінезі мен ойы көркем, сондай таза жан. Байқасаңыз, өзі сұхбатқа жоқ адам, көңілі тартқан жерге де жарқырап бара бермейді. Үш жыл бойы ол кісіні фильм түсіруге үгіттеп, көндіріп келдім. Ауыл жаққа баруға дәрігерлер тыйым салған еді. Таудың қысымы бұл кісінің денсаулығына қауіпті болуы мүмкін, сондықтан іске кірісіп кетуге біраз уақыт тартынып, қысылып жүрдік. «Бердібек ауылына саяхат» фильмін түсірер кезде бір күнге барып ағаның жағдайын бақылап, байқап алдық та, тәуекелге бел байладық. Ағаның өзі де туған мекенін сонша сағынып жүргендіктен, былтыр ауыл жаққа тартып кеттік. Аз-кем қиналыстар болғанымен, фильм өз ойымыздағыдай шықты. Бұл фильмді түсіруге бізді ешкім міндеттемеді, тапсырыс не нұсқау берген жоқ. Мұндай деректі фильмді түсіру Тұрсынжан ағамыздың еш қаперінде болмаған, тіпті түскісі келмеген де еді. Арада 34 жылдан соң, ағаны балалығы өткен жайлауына апардық. О кісінің өз сағынышы, аңсары бар. Сол сағыныш, туған жерге тағзым деректі дүние болып қатталсын, тіпті болмағанда ағамыздың ауылға жасаған бір сапары болып естелік есебінде тасқа басылсын деген ойдан туған дүние еді.

Фильмге материал жинар кезде өз қалауыңнан тыс кей нәрселерді орындауға тура келеді. Көкжиекке көз салып тұруға тура келеді, тауға қарап тұруың керек, сондай нәрселерді Тұрсынжан ағаға жасату шынын айтқанда қиындау. Бірақ ауылға жеткен соң, тауды, туған жерді көріп, ағамыз қатты толқыды. Фильмнің мейлінше шынайы, әсерлі боп шыққаны да сол себепті болса керек. Әу баста «Қарасаз көшелерін» түсіріп алып келген соң, ағамыз фильмнің үзік-үзік кадрларын жіберуімді сұрады. Қиып алып, кадрларды ағамызға жібергенде: «Шіркін‑ай, анау даланың, шауып жатқан шөптердің иісі мұрныма келді ғой», – деп жазып жіберіпті. Тұрсынжан ағаның туған өлкесін қаншалықты сағынғанын сонда түсіндік... Әйтеуір сәтін салып, ағамызды ауылға апарып, фильмімізді де абыроймен түсіріп шықтық. Тұрсынжан ағаның бір әдеті бар. Нақты іске асырмақ болған шаруаң қағазға түспесе, көзін жеткізбесе, айтқаныңа келісе қоймайды. Бірақ кейде қағазға түскен шаруаң тіпті басқаша жүзеге асатыны бар ғой. Себебі мұндай жобалардың өз заңдылықтары болады. Тосыннан тың ойлар, идеялар ойыңа оралып, қағазға түсірген жоспарыңнан ауытқып кетесің. Ағамызға: «Бұл жай ғана демалыс қой, аса бір түсірілім дейтіндей ештеңе жоқ», – деп қоямын. Тауға барған соң, аз ғана түсірдік. Аға: «Мен қашан демаламын?», – дейді. «Асықпаңыз, аға, демаласыз», – деп сендіреміз. Үш-төрт күн түсірілім жасап, жиған-терген материалымызды арқалап Алматыға қайттық. Тұрсынжан ағаның өзі көп көсіліп сөйлемейтін адам ғой. Жоспар бойынша мен кадр сыртында жүруім тиіс еді. Фильмде мүлде бой көрсетпеуім керек болатын. Ойымызша Тұрсынжан аға кадрда әңгімені жалғыз өрбітуі керек еді. Бірақ сөзге сараңдау адам болғандықтан, мұндай форманың іске аспайтынын ұғып, түсірілімнің үшінші күні ағамызбен отырып әңгіме жазуға тура келді. Сөйтіп, басы-көзімізді шайып жіберіп, үстімізге бар дүниені іліп, кадрға мен де қосылдым. Шыны керек, мен эфирге түсемін деп тіпті де дайындалып барған жоқпын. Байқасаңыздар, алдыңғы екі фильмде ешқандай кадрда жоқпын. Бұл жолы да солай түсірмекші едік. Үстіме Тоқтардың киімін іліп, ағаны сөйлету үшін аяқасты сұхбат жаздық. Түсірілімді аяқтаған соң, енді бір толғаныстар болуы тиіс екенін түсініп, ағаға жазып беруін өтініп, қолқа салдық. Не туралы екенін нақты білмеймін, әйтеуір бір ішкі толғаныстарын, сағынышын, сезімін жазып беруді сұрадық. Кейін ағамыздың денсаулығы жар бермей, ауырыңқырап үйде жатты. Өз-өзіне келіп, жағдайы жақсарған соң, ақыры жаздыртып алдық. Түнде жазып, маған жіберіп қойыпты. Фильм монтаждалып, осы мәтінге қарап отыр едік. Түн ортасында мәтінді ашып оқимын да, ерекше толқимын. Енді бұл мәтінді ағамыздың өзіне оқытпақшы боламыз. Ағамыз мұны әуелі түсінбей, қарсы болды. Ақыры монологын да оқып берді. Әйтеуір еркелеп жүріп ағамызға айтқанымызды орындаттық. Тұрсынжан аға біздің көңілімізді еш қалдырған жоқ. Айтқанымызды мүмкіндігінше орындап беруге тырысты. Бұл фильм – ағамыздың телегей-теңіз шығармашылығының тамшыдай ғана бөлшегі ғой. Бір фильммен шектеліп қалуға болмас, әлі де жалғасын табады деген үміттеміз.

Бізде қазір мағынасыз той-дабыра өте көп. Тұлғалардың мерейтойлары, туған күндері дүркіреп өтіп жатады, алайда көп жағдайда сол бұрыннан келе жатқан жаттанды қалыпта өтеді. Сондықтан осының форматын өзгертейік, жаңа туындылар жасайық деген ой туады. Біз бұрынғыны қалағанмен, жас буынның қалауы мен талғамы мүлде басқа. Мұндай фильмдерді түсіру идеясы қайдан келгеніне тоқталайын. Осыдан біраз уақыт бұрын Қарасазда Еркін Ібітанов ағамызға арналған үлкен шара өтті. Жан-жақтан келген қонақтар тұтас ауыл Мұқағалидың өлеңін жатқа оқитынына сене қоймады. «Мақтана бересіздер, түгел бір ауыл ақын өлеңін қалай жатқа оқиды» деп, сырттан келген қонақтар қалжыңдап тұр еді. Әріректе кетіп бара жатқан бес-алты баланы жанымызға шақырып алып, сол мәдениет үйінің алдында тұрған жерімізде Мұқағалидың өлеңін оқуды сұрадық. Балалар кезек-кезек Мұқағалидың жырларын жатқа оқи жөнелгенде басқа өңірден келген қонақтарымыз таңғалысып қалды. Содан ауылдағы үлкендеу кісінің жанына барып, ақын жырын оқып беруді сұрап едік. Ол кісі де Мұқағали өлеңдерін мүдірмей жатқа оқып берді. Күллі әлемде туған ауылының топырағынан шыққан ақынның жырларын жатқа оқитын дәл осындай ауыл бар ма екен, оны кім білсін? Әйтеуір жарты дүниеде тым сирек ұшырасатын құбылыс екенін жақсы білемін. Осы дәстүрді неге үлкен жобаға айналдырып, тың форматта ұсынбасқа деген ой туды. Осылай ең алғашқы «Қарасаз көшелері» фильмін түсіріп, жарыққа шығардық. Бұл біздің түсірген алғашқы фильміміз еді. Жұлдыз ағамыз да Мұқағалидың 95 жылдығы қарсаңындағы бір эфирде ақынның тоқсан жылдығында түсірілген осы фильмді ерекше ықыласпен атап өтті. Талантты қаламгерлеріміз атына он жыл сайын той жасап, ат шаптырып, бірнеше жылдығын дүркіретіп өткіземіз ғой. Алайда айтулы даталардың артында бірнәрсе қалып отыруы тиіс сияқты. Әсілінде, он-жиырма жылқы сойып, қазы-қарта жеп, дарақылық пен думанға мәз-мейрам болып қайтып кетеміз. Кейін ойлап отырсам, осындай дүркіреген думанның артында қалған өміршең, мазмұнды дүниелер аз, тіпті жоқтың қасы. Біздің мекен – тарихқа әуелден бай, тарихы мен табиғаты үйлескен өңір. Көптеген айтулы ақын-жазушының кіндік қаны тамып, түлеп-өскен мекен. Солардың ішінде өзім әлемдік классиктерге теңестіретін үш қаламгер бар. Біреу келісер, әлде келіспес, бірақ Мұқағали, Бердібек, сосын Тұрсынжан Шапай. Архивке қарап отырсақ, классик жазушымыз Бердібек туралы да іліп аларлық ештеңе жоқ екен. Оралхан Бөкей десе, есімізге бірден қасиетті Алтай түседі. Оралханды жанына жақын тұтқан әр адам Алтайдың топырағын басып, тауына шыққысы келеді. Ал Мұқағали мен Қарасаз егіз. Ақиық ақынның өлеңдерін жатқа білетін ауылға өлеңсүйер қауымның атбасын бұрмағаны кемде-кем шығар. Сол сияқты қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың Қостө­бесі қандай? Орнында тұр ма екен? Бердібекті сүйіп оқыған әр адамның көкейіне осы сұрақ келері анық. Отыз үйден не көбеймейтін не азаймайтын кішкентай ғана ауыл қазаққа ғажап классик жазушыны сыйлады. Қанша заман алмасып, жылдар өткенімен жазушының шығармашылығына оқырманның аңсары әлі ауып тұрады. Осылай Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық тойы аясында «Бердібек ауылына саяхат» деп аталатын деректі фильмі жарыққа шықты.

Негізі мұндай жобаларды өзім іске асыра алмас едім, бірақ көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымыздың қолдауымен жүзеге асты. Yntymaq Corporation жетекшісі Тоқтар Мұхамеди бауырымыз қолдап, о баста қолынан келгенше көмектесетінін айтты. Сол азаматтың қолдауының арқасында осы үш фильм жарыққа шықты. Бұл туындылардың бүгінде жанрын нақтылағым келіп жүр. Телефильм әлде көркем фильм деуге келмейді. Сондықтан деректі фильм деп атап жүрміз. Осы туындылар жалғасын тапсын деген ізгі тілегіміз бар.

бекен ыбырайым
Бекен Ыбырайым

Бекен Ыбырайым: Көріп тұрып көрмейтін халдың уысына душар болғандайсыз

«Біткен іске сыншы көп» дегендей, «Таудан түскен сәуле» деректі фильмі туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Оған себеп пен қисын табыла береді ғой. Киноның маманы емеспін, көрермен ретінде ғана қарапайым пікірімді білдірумен шектелгенім дұрыс шығар. Сержан Молдасанұлының жанашырлығы мен іскерлігін, біліктілігін атап айтқым келеді.

Бірден айтайын, фильм өте ұнады. Көз алдымызда аспанмен таласқан асқар таулар, көкті көтеріп тұрғандай сезілетін атанжон жоталар, түйеөркеш биіктер, кеңқолтық, алаңсыз шатқалдар, шымырлап, шабыттанып еркін көсілген өзендер, самалмен сырласқандай, сыр ашқандай еркелеген сантүрлі гүлдер, кілемдей төселген жасыл жайлау, сырмақтай сүйкімді саржайлау кеңістігі, тау тыныштығын күзеткендей қияларда тік тұрған өркеуде қарағайлар... Көптен бері көрмей сағындырған әлемге бойлап кетесіз. Әне, қараудан көз талмайды, көңіл ынтығады.

Сиқырлы күннің тылсымынан таралғанын жасыра алмай, шексіз аспан кеңістігіне құйылып, шаттана шашыраған сансыз сәулелердің әрі шілтерлі, әрі сан бұрамалы, ағыл-тегіл қалқыған алтын бояулы шашақтары, алтын буға малынған ақша бұлттар әлемі – міне, тап қазір көз алдымызда. Көріп тұрып көрмейтін халдың уысына душар болғандайсыз. Осындай сәтте қол жетпес қиырларға маңып кеткен қиялдарға пейіштен тербеліп жеткендей сырлы, сиқырлы леп – әлемге бет алған әсем әндер экранда «көрінбей» «көрінеді».

Кең панорамалы табиғат әлеміне Тұрсынжанның әндері келіп, бұрын-сонды айқындалмаған тосын сырларға бойлауға шақырады. Оның алғашқы әндерін тыңдағаннан бері қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Бастапқыда қызық көріп, сосын ұмытып та кеткем. Қырық жасқа толған туған күнінде «Арман-ай» әнін өз аузынан естіп сүйсіндім. «Парасатты, сазды ән екен» дедім. Разы көңілмен қуанды. Шығарғанына біраз уақыт өтіпті, Бекболат Тілеухановтың айтуына рұқсат бермей жүр екен. «Бұл әнді жас әнші Рамазан Стамғазиевтің айтқаны дұрыс» деген ұсыныс айттым. Солай ұйғардық. Бір күні Қонаев пен Төле би көшелерінің қиылысындағы бір студияда Рамазанның айтқанын екеуміз тыңдадық. Әнші болмасақ та, пікірлерімізді ортаға салдық. Жарқырап шыққан жалынды жас Рамазанның айтуы арқылы «Арман-ай» әні байтақ елімізге тарады. Талассыз анығы – Тұрсынжан Шапайдың әндері қазақ әнінің интеллектуалдық деңгейін биіктетті.

Тұрсынжан ең алдымен жас сыншы ретінде танылды. Содан бері үнемі ізденіп, толысып келеді. Әдебиет туындысының көркемдік сипаттарын нәзік сезінетін, мүлтіксіз саралайтын сарапшы, талғамы биік, тебіренісі терең ғалым, шағын көлемге шалқар мазмұн сыйғызатын жазушы Тұрсынжан Шапай – әдебиетіміздегі біртуар тұлға деп айтуға лайықты дер едім.

Осындай деректі фильмдер әдебиет қайраткерлерінің шығармашылығымен таныстыру арқылы белгілі бір кезеңдегі рухани даму ерекшеліктерді білу мен талдауға мүмкіндік беруімен маңызды.

Қанат Тілеухан

Қанат Тілеухан: Қаламгерлердің тұлғасын туған ауылымен қатар түсіру арқылы өзгеше форма тапқан

Тұрсынжан ағаның өзі дабырадан саяқ жүретін, машақаты көп у да шу дүниеден бойын аулақ ұстайтын адам ғой. Ағамен әңгіме барысында, кездесіп қалғанда сұхбат жазып алсақ деген тілек айтушы едік. Бірақ үнемі кейінге шегеріп қоятын. Маған деректі фильмде Тұрсынжан ағаны сөйлете алғаны, соны таспалап, жазып алғаны үлкен олжа сияқты көрінеді. Күнде жылтың-жылтың етіп ағамыз әр жерге бір шығып сөйлей бермейді. Классик сыншымыздың әрі ғажайып композиторымыздың экрандағы бейнесі болашаққа керек таптырмас олжа, үлкен қазына.

Сержан Молдасанұлының да осыған дейін түсірген Мұқағали мен Бердібек туралы фильмдері көптің ықыласына бөленіп еді. Қаламгерлердің тұлғасын туған ауылымен қатар алып түсіру арқылы өзгеше бір форма тапқандай болды. Тұрсынжан ағаның белгілі бір себептермен туған ауылына бара алмай, аңсары ауып, сағынып жеткендегі әсерін, сағынышын таспалап алған. Ағаның монологы, сол монологты өзі жазып, өзі оқуы ерекше әсер қалдырады. Бүгінде дауысы жақсы дикторлар мен әртістер көп қой, бірақ ағаның өзі оқуы ерекше ұтымды болған. Абай сыншы шығармашылығының басты тақырыбы болғанмен, жеке сөйлескенде Ілияс шығармашылығына деген сүйіспеншілігін аңғарасың. Ілиястың «Жетісу суреттерін», ақынның қай жерде өлең жазғанын айтып отыратын, фильмде де сол сүйіспеншілік пен іңкәрлік ғажап үйлесім тапқан. Осының бәрі әдеби-жағрафиялық әлде әдеби саяхат іспеттес публицистикалық жанр десек бола ма, білмеймін. Әйтеуір өлке мен тұлға, тау мен тұлға ерекше үйлесім тауып, бірін-бірі толықтырып тұр. Деректі туындыны көріп отырып Тұрсынжан Шапаймен бірге Шұбартал жайлауының әсем көрінісін, сол бір әсем көріністі жүрегінде әлдилеген қаламгердің жан дүниесіне үңілгендей боласың. Фильмдегі қарапайым адамдардың, малшылардың өмірі және сазгердің әндерін қарапайым жандардың орындауы көңіліңді бір тылсым күйге бөлейді. Таудың етегінде аспаптармен орындалған әуендерден гөрі қарапайым адамдардың ағаның әндерін сонша көркем орындағаны ол кісінің әндері бүгінде халықтық сипатқа ие болғанын аңғартатын сияқты. Бұл әндерді неше түрлі әртістердің, Рамазан Стамғазиев сынды әншілердің аузынан естіп жүрген бір төбе, ал ел ішіндегі адамдардың орындауы сондай шынайы шыққан. Фильмдегі табиғат суреттерінде мін жоқ, қалай түсірсең де, көркем, асқақ, сұлу қалпынан таймайды. Бірақ фильмнің өзегі Тұрсынжан аға, сол кісінің әңгімесі болғандықтан, бұл фильмнің ғұмыры тіпті өміршең бола түскен сияқты.

Әркімнің өз Абайы болады десек, бұл фильм арқылы Тұрсынжан ағаның өз Абайын қалай тапқанын білдік. Абайды сонша сүйетінін, терең білетіні сонша, әнде де «Абайды сағыну» циклі бар. Зерттеу өзегі ретінде Абайды алғаны тегін емес. Және осыған жол ашқан әкесі Мұқан екенін айтуы жақсы естелік. Жеке әңгімелерінде де ағамыз: «Мен әкемді сынап көргім келіп, неге Мұқағалиды емес, Абайды көп айтасың? Әдейі Мұқағали мықты ма? Абай ма?», – деп жорта сұрайтынымды біліп күлетін» деп әкесін еске алып отырады. Жұмабай аға: «Абайдың тапқан адамдардың бәрі мықты болады», – деуші еді. Бәріміздің көкірегімізде Абайға деген іңкәрлік бар ғой. Абай туралы Қайым Мұхамедхановтан, Мұхтар Әуезовтен оқисың. Ақынның ұлы екенін дүниеге келгеннен естіп, біліп өсеміз. Дегенмен Абайдың мықты екенін өзің түйсіну, ұғу өте қиын құбылыс. Математик Асқар Жұмаділдаевтың өзгеге ұқсамайтын бөлек бір Абайы бар және оның Абайы – математикалық дәлдікпен, есеппен сөйлейтін, артық сөзі жоқ адам. Режиссер Болат Атабаевтың да, Жәнібек Кәрменовтің немесе журналист Қасым Аманжолдың да өз Абайы бар. Әркім өзіне шақ Абайын тапқан. Ал Абайға кімнің қалай келуі, міне, бұл – үлкен сұрақ. Тұрсынжан аға бұл деректі фильмінде осы сұрақтың жауабын ашты деп ойлаймын. Былтыр Абайдың 180 жылдығында Тұрсынжан ағаға «Абай ауданының құрметті азаматы» атағы берілген еді. Соған ағамыз балаша қуанып қалды. Әсілінде, атақ пен даңқтан мейлінше алыс, саяқ жүретін адамның дәл осы атаққа сонша қуануы сол Абайға деген шын іңкәрлігі, құрметі еді.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ