Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 15 Мамыр 2024

Сағынышына сүйенген...

Жәркен Бөдеш
Фото: Yernar Almabek

Биыл қазақтың көрнекті ақыны Жәркен Бөдешұлы 80 жасқа толар еді...

Жәйірден басқа анам жоқ,
Жәйірден басқа панам жоқ.
Дертінен кет­тім жауыр боп,
Жәйірден басқа жауым жоқ.
Жәркен Бөдешұлы

Жол жиегіндегі аялдамаға жеткенде қайырылып артыма қарадым. Балконда қаздиып қарап тұр екен, кеудесі тік, маған қол бұлғағандай болды. Сосын ащы шылымды құшырлана тартты деп ойладым. Темекінің ақшыл түтіні сәл көлбеп тұрды да көктемгі көкшіл тұнық ауаға сіңіп жоқ болды, ақын ауыр күрсінді. Мұны ойша топшыладым. Бұл менің ақын Жәркен Бөдешұлынан сұхбат алып қайт­қан сәтім еді. 

Кейіннен ол кісі туралы ойласам, дәл осы балконда қаздиып тұрған бейнесі көз алдыма тұра қалады. Селдір шашы, әжім айғыздаған жүзі, сол қабағының үстіндегі жуан қаралтқым меңі (осы меңді биік жарқабақтың үстіндегі түп шеңгелге ұқсатамын, бала кезінде қозы бағып жүріп селге кетерде қармап ұстаған жанына араша болған, ке­йін өзі емірене жырлаған жалғыз түп шеңгел іспетті) қою қасы, мейірлі жанары – бәрі-бәрі бедерлі, жанды сурет. Бәлкім, ішкі үндестік, жыр мен ақынның бітеқайнасқан тағдыры шығар, оның осы балконда қаздиып тұрғаны «Жалғыз» дейтін поэмасында өзі жырлаған арқарға ұқсайды.

Күздің қара суығында кермек жусанға тойынып, суық жауынға кеудесін керіп, секі тастың үстінде керіліп тұрған арқар. Кенет әккі, епті аңшы бір бүйірден келіп арқардың дәл жүрек тұсын көздеп оқ атты, мүлт кеткен жоқ, қорғасын оқ жүрегін жарып өтті, бірақ арқар бірден құлап түскен жоқ, бітік жартастай міз бақпай суық жауынға бетін жуып, секиіп әлі тұр.  Бойдағы бар қуаты сарқылғанша жүрегін жарған жалғыз оққа қасарысып тұра бермек....

Ақын осы бір ғажайып дала тағысы
«оққа сүйенген жалғыз арқарды»
«...мұңлы қоңыр жанары бір жанады, бір өшіп,
Ажалына сүйеніп,
қатып қалған сіресіп.
Қос өкпесі деміксе
жусан иісі бұрқырап,
Таңғажайып тағдырға тау тағысы тұр шыдап», деп жырлағанда нені меңзеді екен.

Бәлкім, өзінің «таңғажайып тағдырын» айт­қан болар. Қалай десек те ақынның балконнан қол бұлғап тұрған кеудесі тік, еңсесі биік тұрқы ажалымен алысып, деміге тыныс алған, ыстық демінен жусан иісі бұрқыраған жалғыз арқарды елестетті... Көңілдің ырқына көніп біраз шалқып, шарықтап кеттік. Енді әңгімені әріден бастайық.

Жәркен Бөдеш
Жәркен Бөдеш

***

Біздің ауылға, сонау Еренқабырға тауының баурайындағы қойлы ауылға алдымен Жәркен Бөдешұлының аты, аңызы жетті. Сосын сағынышқа, сазға толы ән сөздері. Ақынның сөзіне жазылған белгілі композитор Ғизат Сейітқазиннің «Туған жер – Атамекен» және Думан Ғизатұлының «Ауыл сағынышы» дейтін әндері арагідік телеарнадан, радиодан берілетін. Сосын той-томалақта жиі айтылатын. Ол кезде ауылдағы тойдың тұрпаты да басқаша еді. Ежелгі сахарадағы салтанаттың сарқыншақ, жұқанасы әлі бар болатын. Әсіресе жазда жайлау үстінде, күзде тойдың соңы кешке қарай айтысқа, әнге ұласатын. Сондайда әлдебіреу осы «Ауыл сағынышын» бастайды.
Ұқсайсың меніменен бір туғанға,
Ұқсайды мінез құлқың
түр-тұлғаң да.
Анамның саусағының
табы түскен,
Ағатай жанқалтаңда
құртың бар ма?! –
деп, құрақ басын ырғаған қоңыр желдей баяу басталатын сазды әуен бұдан әрі әуелеп ала жөнелетін. Әннің қайырмасына жеткенде үйдің бұрыш-бұрышынан қатқыл, барқыл, жіңішке түрлі дауыстар қосылады. Жұрт тебіреніп, еміреніп, аса бір елбіреген көңіл күймен әнді аяқтайтын. Ақынның алғашқы жырлары, міне, осылай санамызға сазды әуен болып сіңді. Бірақ ол кезде біз ойын баласымыз, ән мәтінінің тереңіне тым бойлай қоймағанымыз анық. Ке­йіннен бозбала шағымызда Атажұртты аңсап, Алматыны бір көруді армандап жүрген кезімізде «Туған жер-Атамекен» дейтін әннің «Бір қиырдың әйтеуір дәмі тартып, туған жерден әкет­ті ажыратып...» деген жолдары жанымызды дуалап, бойымызды қорғасынша балқытқан еді. Сонда өзімше: «Ақынның «бір қиыр» деп тұспалдап отырғаны – Қазақстан, тіпті Алматы болуы мүмкін. Ал Атажұрт­тың дәмі тартқан ақында не арман бар? Туған жерден ажырағаны ештеңе етпес...» деп ой түйетінбіз.

Бар аңсар мұратымыз Қазақстанға, Алматыға жету, күндіз-түні «Атажұрттың дәмі қашан тартар екен» деп қиялдаймыз. Содан да болар, бәлкім, кіндігіміз кесілген туған топырақты табанымызбен басып тұрғаннан шығар, Жәркен ақынның «...Туған жерден әкет­ті ажыратып» деген жолдарының мәніне, оның астарында жатқан жан тебірентерлік сағынышқа көп бой алдыра қоймадық. 

Сөйтіп жүргенімізде Жәркен ақынның туған топырағына там-тұмдап өлеңдері жетті. Әсіресе «Туған жер» дейтін өлеңін әдебиетке әуес қыз жігіттер бірінен-бірі қойын дәптерлеріне көшіріп, жаттап алды. Алтыншы сынып оқитын кезім болса керек. Бірде бізден екі сынып жоғары оқитын қазір белгілі IT маманы, жазушы Мейіржан Әуелханұлы мұқабасы қоңыр түсті «Сүмбіле» дейтін альманах әкеліп берді. Кітаптың ішкі бетіне «Қазақстан ақындарының таңдамалы өлеңдері» деп жазылыпты (баспаға дайындаған ақын Ғалым Қалибекұлы). Сусап жүрген жас көңіл суат тапқандай болды. Апта бойы бас алмай оқыдым. Жұмбақ, сырлы аралға кіріп кеткендеймін. Ақындардың көбі бейтаныс Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, С.Жиенбаев, Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімов деп жалғаса береді. Өлеңнің бәрі бойға дәру, жанға сусар. Жартастан жылып аққан жыланкөз бұлақтай, ішкен сайын сарайың ашылады, бірақ қанбайсың, қомағайланып жұта бергің келеді. Бір кезде Жәркен Бөдешұлына да жет­тім. Иә, кәдімгі бірлі-жарым өлеңдерін жатқа білетін Жәркен ақын! Фотосын алғаш көруім (мен ол кезде кітаптағы карикатураны кәдімгі фото деп ойладым, сөйтсем, альманахтағы ақындардың бейнесін Ғ.Қалибекұлы өзі салыпты. Кейіннен бұл ақындардың көбісінің көзін көрдік, «Сүмбіледегі» сурет­тен айнымайды, бәрін ұқсатып-ақ салыпты) жазық маңдай, биік қабақ, қыр мұрын, қою мұрт. Бала көңілмен қызыға қарадым. Әрі қарай өлеңдерге ойыстым. «Туған жер», «Туған таудың бөлшегі» бірінен-бірі өтеді. Бірақ маған «Алматыны алғаш көргенде» деген өлеңі қатты әсер етті. Онсыз да көшетін елдей елеңдеп, дегбіріміз қашып, делебеміз қозып жүрген кез. Мына өлең көңілдегі қоздаған от­ты одан әрі маздата түсті. Арудай сұлу Алматыны ақынмен бірге аралап, шиесінен дәм татып, ақ қайыңына сыр айтып, бір марқайып қалдым. Сөйтіп жүріп Алматыға да жеттік, Жәркен ақынды да көрдік.
2008 жылдың қараша айы. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық факультетінде оқимыз. Көңілдің аптығы әлі басыла қоймаған кез. Ақын-жазушылармен кездесу болады десе алып-ұшып жетіп барамыз. Бұрындары өлеңдерін оқыған, газет-журналдардан фотоларын көрген ақындарымызға сәлем беріп, қолтаңба алғанымызға марқайып қаламыз. Бірде Қазақстан Жазушылар одағында ақын Сабырхан Асановты еске алуға арналған әдеби кеш өтетіні туралы хабарды құлағымыз шалды. Сөйтіп айтылған уақыттан сәл ілгері Жазушылар одағына келдік. Сары, ауыр есікті имене ашып, ішке кірдік. Маңдай алдыдағы кең баспалдақпен баяу басып, Жәркен аға түсіп келеді. Біз алты-жеті жігіт едік, аңтарылып тұрып қалдық. Жәркен аға маңғаз басып, сыртқа беттеп барады. Біз «сен амандас, жоқ сен амандассаңшы» деп, бір-бірімізді түрткілеп, бұрышқа қарай ығысып, үрпиіп тұрмыз. Жәркен аға есікке жақындады, шығып кетуге таяу. Ақыры біреуміз «ассалаумағалейкум» деп дауыстап қалдық. Бізге жалт бұрылды, жүзінде сәл таңданыс бар. Біз Жәркен аға кетіп қалатындай жан-жақтан жамырап амандаса жөнелдік, лезде қаумалап қоршап ала қойдық. «Сүмбіледен» көрген фотодан көп өзгешелік байқалмайды, тек шашы сиреп, әжімі көбейгендей сезілді.

Жәркен Бөдеш
Фото: Yernar Almabek

Әрі қарай ақжарма әңгіменің тиегі ағытылды. Алдымен «сонда мені бәрің танып тұрсыңдар ма?» деді таңдана. Біз «иә, аға» деп жамырай жауап бердік. Бұдан соң осылар рас айтып тұр ма дегендей, әрқайсымызға бажайлап қарады. Тіпті сәл қысылғандай, ыңғайсызданғандай күй танытты. Сөз арасында «ақынсыңдар ма, өлең жазасыңдар ма?» деп сұрады. Көбіміз не дерімізді білмей іркіліп қалдық, бір-екеуміз «иә» дедік, бұған Жәркен аға қабағат қуанып: «Жазыңдар, тоқтамай жазыңдар» деді. Жүзі алабұртып, бәрімізді ортаға алып фотоға түсті. Біз қоштасып кетуге ыңғайлана бастап едік, о кісі: «Әй, сендерге бір өтінішім болып тұр» деді. Алғаш жолыққан үлкен ақынның бізге нендей өтініші болады дегендей бәріміз аңтарылып қарай қалдық. Жәркен аға салалы, етсіз саусақтарын ысқылап алды да: «Бәрің де жүздерің жылы бала екенсіңдер, мен біліп тұрмын, түгел өлең жазасыңдар, ақынсыңдар, жаңағы түскен фотоны кейінірек маған шығарып әкеліп беріңдерші, сендерді көріп жүрейін» деді. Біз бұған тіпті таңғалдық. Әйтсе де мәнісін ке­йін түсіндік. Мұның бәрі ағаның ақжарма, алқаусыз көңілі екен ғой. Бәлкім, өзін риясыз жақсы көріп, алды-артын орап тұрған жас өскіндерге іштей сүйсінген де шығар. Осы бір мейірге, қуанышқа толы сәттің жарқын бейнесін сақтап қойғысы келген болар. Бұл Жәркен ағаны іштей түсініп, болмысын, жаратылысын тани бастаған кездегі кейінгі ойлар. Ал дәл қаумалап фотоға түскен кезде ақының бұл «өтінішінің» сырын жете біле алмадық...
Алғашқы жылы кездесуден соң, арада екі аптадай уақыт өткенде Жәркен ағаны Жазушылар одағына арнайылап іздеп бардым. Үлкен баспалдақпен жоғары көтерілгенде үшінші қабаттың сол жағындағы шағын кабинетте отыр екен. Сәлемімді жылы қабылдады, бірақ кім екенімді есіне түсіре алмағандай көрінді. Дегенмен онысын сездіргісі келмейтін сияқты сөз арасында «ауыл жақ аман ба, әке-шешең қалай, өлең жазып жүрсің бе?» дейді. Мен аң-таңмын, жыға танып тұрмағаны айдан анық, бірақ жақын адамдай сұрақ қояды. Бәлкім, біреумен шатастырып отыр ма деп те ойладым. Содан соң мына дүдәмал жағдайдан арылу үшін не де болса өткенде жолыққанымызды айтайын деп бір оқталдым, сөйт­тім де бұл ойымнан тез айныдым, себебі «фото қайда?» деп сұрай ма деп қылп ете қалдым. Әрі-сәрі болып сәл отырдым да: «Аға, мен ақынмын, Қытайдан келгенмін, мынау өлеңдерім» деп, арнайы қағазға жазып алған екі-үш өлеңімді алдына қойдым. Жәркен ағаның көзі жарқ ете қалды. Әжімді маңдайы жазылып: «Ой, бала сен ақынмын деп манадан бері айтпайсың ба?» деді. Тағы іркіліп қалдым. Жаңа ғана өзі «өлең жазып жүрсің бе?» деп сұрап еді, енді «неге бірден ақынмын деп айтпайсың?» дейді. Ағаның мінезіне жіп таға алмай аңырдым. Сөйткенше болған жоқ, «өлең оқы» деді. Бір өлең оқыдым. Өлең аяқталғанда «әкел маңдайды» деді, тағы іркілдім, Жәркен аға мұнымды сезер емес, жайраңдап күліп, маңдайымнан сүйіп алды. Бұрын мұндайды көрмегенмін, шынын айтқанда, әжептәуір қысылып қалдым. Ары қарай өлеңімнің қолжазбасын өзіме қайтарып берді. «Жарайсың, бұрқыратып жаза бер» деді. Мен «өлеңдерімді басылымдарға жариялауға септесіңізші» деп айта алмадым, екі-үш рет оқталып барып өзімді тежедім. О кісі өзі де «өлеңдеріңді қалдырып кет, жариялап бере­йін» демеді. Осыдан соң Жәркен аға дәліздің басына барып темекі тартты. Қасында қалқиып тұрмын, менің бар-жоғыма мән бермейтін сияқты. Бір темекіні қарпып, үш-төрт рет сорып тауысты. Екіншісін тұтатты. Жартылай ашық терезеден ұбақ-шұбақ шыққан темекі түтінінен көз алмайды. Сәлден соң «сен әлі тұрсың ба?» дегендей, маған жөнсал қарады. Сөйтті де: «Жарайды бала, сен қайта бер, хабарласып тұр» деді. Осылайша, ағаның алдынан екіұдай күй кешіп қайт­тым.

Бұдан кейін де Жәркен ағамен жиі болмаса да жүздесіп тұрдық. Әлгі екінші рет жолыққанда ойды шырмаған сұрақтардың жауабы да табыла бастады. О кісі жалпы өзіне үйір адамдардан «өлең қалай, жазып жүрсің бе?» деп сұрайтын әдеті екен. Тіпті ол адамды танымаса да. Бәлкім, мені өлеңге жаны жақын адамдар немесе ақындар іздейді деген ішкі түйсік шығар. Сондай-ақ бір-екі рет көрген, бірлі-жарым өлеңін оқыған кісісіне жолыға қалса: «Жастардың бәрін оқып тұрамын, жарайсың, бұрқыратып жазып жүрсің» деп, қолын қат­ты қысатын. Шын мәнісінде, жастардың бәрін оқып үлгермеуі де мүмкін, бірақ Жәркен аға ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін, әсіресе өлеңге жаны құштар жастарды жыға танымаса да таныдым, оқымаса да оқыдым, «бұрқыратып жазып жүрсің» дейтін. Бұл да ақ, адал жүректің кіршіксіз лепесі болса керек.

Бірде, 2017 жылдың көктемінде Жәркен ағаға жұмыс бабымен хабарластым. «Жұлдыздар отбасы» жастар журналына сұхбат алмақшымын. Телефонның арғы жағында дауысы сәл қарлығып естілді. «Бір-екі күннен соң тағы бір хабарласып көрші, сәл сырқат­танып жатыр едім» деді. Арада бір аптадай уақыт өт­ті, қайта хабарластым. Бұл жолы да көңіл жықпастықпен сұхбатқа келісті. «Келерден бұрын айтып қойыңдар» деді. Сөйтіп, келісілген уақыт­та Құлагер ықшамауданындағы Жәркен ағаның пәтеріне бардым. Түс әлеті еді. Есікті ағаның өзі ашты. Әдетінше маңдайымнан сүйіп қарсы алды. Дауысы сәл құмығып естілді. Үйде жалғыз екен. Амандықтан соң тар дәлізден өтіп сол жақтағы қонақ бөлмеге ойыстық. Күндіз болса да залдың іші күңгірт, терезеге қалың перде ұсталыпты. Жәркен аға қалбалақтап жүгіріп жүр. Бір кезде залдың шырағын жақты, үй ішінен өлеусіреген сарғыш жарық сезілді. Оң жақ бұрышта шағын жазу үстелі қойылған, үстелдің үсті ығы-жығы Байтұрсынұлы алфавитімен жазылған екі-үш парақ қағаз, сосын әлдебір кітаптар. Қабырғада кішілеу кітап сөресі, онда ретсіз қо­йылған аздаған кітап. 

Жәркен аға салалы, етсіз саусақтарымен қолымнан мытып ұстады да: «Жүр мына бөлмеге» деді. Енді оң қапталдағы, пәтердің шығыс жағындағы жатын бөлмеге кірдік. Төрде ескілеу төсек. Оң жақ қабырғада қоңыр шкаф, есіктері болмашы ашылып тұр. Жәркен аға шкафты ақтара бастады. Әлдебір киімдерді алып, төсектің үстіне қойды «жер жұтып кетті ме?» деп күбірлеп қояды. Бір кезде ақшыл жейде, қоңырлау кәстөм алып шығып киді. Бұтында ақсұр спорт шалбары. Жейдені шалбарға ышқырлады да, айнаға қарап, шашын түзеді. Шашы мүлде сиреп, селдіреп қалыпты. Оң жақ самайында ұйпаланған бір шөкім шашты тарап, жарқыраған маңдайының жартысын жапқандай болды. Сол жақ қабағының үстіндегі меңі зорайып көрінді, оның айналасына тағы да майда, ұсақ қаралтқым меңдер пайда болған сияқты, әлде бұрыннан бар, мен байқамағанмын. 

Бажайлап, зер салып қарағанымды спорт шалбарына жейдені ышқырлағаныма таңданып тұр деп ойлады-ау деймін. «Шалбар киіп жүрем бе, бастысы – жейде, кәстөм болса жетеді. Өзің секілді камераға түсіреміз деп сұхбат сұрап келген бірнеше журналисті осылай жолға салғанмын» деді тапқырлығына  қуақылана жымиып.

Бәрі енді белгілі болды. Жәркен аға мені телеарнада істейді, камераға түсіреді деп ойлапты. Содан кәстөм, жейде іздеп дайындалған екен. Енді мен қырымнан қысыла бастадым. Не істеймін деп тыпырладым. Журналға сұхбат алатынымды, сұхбатты диктафонға жазатынымды қалай айтсам екен деп қипақтадым. Ақыры сұхбаттың жайын айттым. Қуанып кетті. «Ой, көрім болғанын қарашы, мына мыжырайған түрімді қайта-қайта түсіре беріп қайтеді?» деп ойлап едім, бірақ сенің көңіліңді қимай амалсыз келіскем, Құдай-ай, көрім болғанын қарашы, жүр онда балконға шығып, асықпай шылым шегіп отырып әңгімелесейік» деді. Сөйт­ті де кәстөмін шешіп, жеңілденіп, балконға шықты. Ары қарай әдепкі әңгіме өрбіді, негізінен ақынның өміріне, шығармашылығына қатысты.

Жәркен Бөдеш
Жәркен Бөдеш. Фото: Yernar Almabek

Сұхбат үстінде жиі темекі тартты. Кейде сораптап, ойланып ұзақ тартады, ал кейде едел-жедел тауысып, келесісін тұтатады. Бір кезде сәл бөгелді де: «Маған енді Мемлекет­тік сыйлық бермейді» деп, темекіні қауып, обырлана тартты. Дәл осылай екі-үш рет қайталады. Көкжілім түтін ауада аз қалқып, шудаланып тұрып жоқ болды. «Осы жасқа келгенде мені атаққа қызығып жүр дейсің бе?!» деді маған тіке қарап. Көктемгі аңызақтан ба, көзінің айналасы суланып, көзі жасаурап, сәл қызарып тұр. Арғы жағынан лықып келген ойды іркігендей сәл бөгелді. Содан соң көзін ауадағы болымсыз көкшіл темекі түтінінен айырмай сөзін жалғады: «Атағын қайте­йін, ақшасы едәуір дейді. Жалғыз ұлдың тірлігін оңап, күні-түні табанынан тозған кемпірге сеп болар еді», деді. Дауысынан сәл діріл байқалды, әлде солай сезілді. Бірақ түрі сол баяғы қатқыл. Осыдан кейін маған қайта мойнын бұрып: «Мұны сұхбатыңа қоспай-ақ ғой» деді. Іштей мазасызданып тұрған секілді. Қолындағы темекісін тақа тауыспай, сөндірмеген күйі бұрыштағы пластмасс ақ шелекке тастай салды да, жаңасын тұтат­ты. Енді байқадым, балконның бұрышында ақ пластмасс шелек тұр, іші толы шылым тұқылы. Ақ, сары, үлкен, кіші әртүрлі тұқыл, шелектің ернеуіне дейін жеткен. Шелекке телміргенімді Жәркен аға да байқады. Бұл кезде сұхбат аяқтап, қысыр кеңес­ке көшкенбіз. Енді менің қолымнан ұстап: «Бала, саған бір өтініш болып тұр. Мұны өзіңе жақыным деп өтініп отырмын» деді, «орындайсың ба?» дегендей, жүзіме үңіле қарап, көзінің айналасы әлі суланып тұр. Мен бас изедім. «Ана бұрыштағы шелекті көрдің бе, шал болдық, сыртқа шыға бермейміз, шылымды үнемі осында тартамын да, тұқылын шелекке тастаймын. Енді саған өтініш, соны ешкімге білдірмей, ептеп апарып қоқысқа төгіп берсең. Ұлдың жағдайын өзің білесің, баяғыда орыстармен төбелесемін деп қолын мертіктірген, мұндай қатты қайырым жұмысқа жарамайды» деді. Сөйтті де «ұлым өзіме тартқан намысшыл, орыстардың қазақтарды кемсітіп сөйлегеніне төзбеген ғой, бірнешеуін бір өзі сұлатып салыпты, ке­йін бәрі жабылып, қолын мертіктірді. Әйтпесе, өзі-ақ төгіп берер еді» дегенді қосып қойды. Бұдан соң «сен былай істе» деді, шелектің аузын газетпен жауып жатып: «Қарсыда қоқыс шелегі тұр, соған апарып төгіп кел, ешкімге білдірме, мен арғы бет­тегі балконнан қарап тұрамын».

Тағы бір шылым тұтатты, сораптап, баппен тартты. «Көрім болғанын қарашы, осы шелектегі тұқыл арқама аяздай батып жүр еді, бір жеңілдеп қалдым ғой» деді, қабағы ашылып. Бұдан соң да азырақ әңгіме айттық. Кететін кезімде «Жұлдызға орнын ай бермес» дейтін ертеректе шыққан көкшіл кітабын сыйлады. «Журналға керек» деп еш жерде жарияланбаған бір фотосын алдым. Маңдайы жазық, қасы қою, мұрты қиылып тұр. «Фотоны қайтармай-ақ қой, өзіңе сақтап қой, менен естелік болсын» деді. Сосын маңдайымнан мейірлене искеді де: «Өлең жаз, бұрқыратып жаз!» деді.

Жол жиегіндегі аялдамаға жеткенде қайырылып артыма қарадым. Балконда қаздиып қарап тұр екен, кеудесі тік, маған қол бұлғағандай болды. Оның осы тұрқы шынымен де өзі жырлаған «оққа сүйенген» жалғыз арқарға ұқсайды. Ақынның сүйенері – жыры. Ал Жәркен ақындікі сағынышқа суарылған, боз жусандай бұрқыраған, ақ алмастай жарқыраған қазақ барда өлмейтін, өшпейтін кәусар жыр. Міне, мынадай:
... Жалғыздыққа сүйенген мен де
жалғыз арқармын,
Жалғыз өлең дарыса,
жүректегі тарқар мұң.
Жырдың уы бойыма жайылғанда
өлермін,
Өзі айтады үкімін келер ұрпақ,
келер күн.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: