Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:58, 29 Шілде 2022

Сағы сынған бағдарлама

None
None

Мемлекет тірегі – азаматтары. Елінің, ұлтының, халқының, жерінің, тарихының тұтастығын тереңінен түйсінетін саналы азаматтары.

Сананың қайнар көзі – адамның рухани азығында. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздегені де сол еді. Бүгінгі заман талабына сай, білімі мен білігі жан-жақты азаматтарды тәрбилеуге үлес қосып келді. Бағдарлама қолға алынып, қолданыста жүрген бес жылда бірқатар игі істер тындырылды. Жұрт ұғынып, жылы қабылдай бастаған кезде үкімет бағдарламаны жабу мәселесін күн тәртібіне қояды. Неге? Өйткені ол Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламаның мазмұнымен тамырлас. Бағдарлама жеке адамның атына байланып тұрса да, ол – рухты көтеру жолында халықтық бағыт-бағдары бола бастаған еді. Балабақша тәрбиеленушісінен бастап, еңкейген қартқа дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламаның мақсат-міндеттерін жүрекке жылы қабылдап, өздеріне ұстаным етті. Бағдарламаның қанатын кең жайған қыран құс символы елдіктің, азаматтықтың, болашақтың белгісіндей қабылданды.

Бес жылда бағдарлама толыға отырып, тұлға қалыптастыру жолында 17 жоба бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Әр жобаның мазмұны тереңнен толқиды. Мәселен, «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» жобалары бүгінгі өзекті мәселе болып отырған елді мекендердегі тыныс-тіршілік, бірлік пен ынтымақ, қайырымдылық, жомарттық сияқты адами құндылықтарды ту етіп, жұмысын үйлестіретін.  Немесе  «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сияқты жобалар ұлттың ұлылығын, өзіндік ерекшеліктерін сақтау мен дамытудың бір көрінісі емес пе еді?!

Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы да жаңа Қазақстан азаматтарын қалыптастырудың бағыт-бағдары болатын. Неге енді сол бағыттар қажетсіз болып қалды?! Бір адамның атымен сабақтастырылғандықтан ғана мемлекет үшін маңызы бар бағдарламаның күлі көкке ұшқаны ма? Соны түсінбеймін.

Бүгінде еліміздің үш-төрт облысында «Рухани жаңғыру» бөлімі жұмысын тоқтатты. Кейбір өңірлер атын өзгертіп, әрі қарай қалай жұмыс істейтіндерін өздері білмей, дүдәмәл күйде. Солардың бірі – «Азаматтық бастамаларды дамыту» атанған солтүстік қазақстандық бөлім. «Бағдарлама мазмұны жақсы, ел үшін жылдың соңына дейін жоспарланған жұмысымызды аяғына дейін жеткіземіз», – деп қыр көрсетіп отырған өңірлер де бар.

Мемлекеттік маңызы зор бағдарламаның бүгінгі жайы И. Крыловтың «Аққу, шаян және шортан» мысалын елестетеді. Ортақ шешім жасап, тоқетерін айтар үкіметтің ұстанымы да түсініксіз. Әр өңір ыңғайына қарай өзі шешсін деген нұсқау беріп, бөлім қызметкерлерінің жұмыссыз қалмауына қам жеген сыңай танытып, тізгінді облыстық әкімдікке ұстатты. Біздің әкімдіктің ішкі саясат бөлімі «қолда барда, қонышыңнан бас» бізге жол-жөнекей жұмыстардың барлығын тықпалауға дайын отыр. Ең қиыны, жұмысың бар, бірақ нақты міндетіңнің қандай екенін білмеу екен.

Тегтер: