Сағым жылдар. Назарбаевтан кейінгі жарқын болашақ...
Түркия асып кеткен Серік Күдебаев қашып жүрген жерінде қолға түсіп, 10 жылға сотталды.
Ал Қаңтар қырғынын ұйымдастырды деп айыпталған Кәрім Мәсімов 18 жылға темір торға тоғытылды. Бірақ мұның бәріне халық селт етпейтін болған. Күнделікті қалыпты жағдай сияқты қабылдайды қазір. Неге? Әлде жұрттың мұндайға еті өліп, құлағы үйреніп кеткен бе?
Екі адамды соттап, халықтың күпті көңілін басуға болмайтынын билік түсінуі керек. Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан Мәсімов пен Күдебаевтың темір торға тоғытылуы емес екенін билік те, билікті бағып отырған халық та іштей сезетіні анық. Жүйенің ауысқанына, биліктегі азаматтардың бұрынғы кланмен қатысының жоқтығына бұл қазақты сендіру үшін екі «пешкамен» ойынды аяқтау ерте.
Белгілі саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, Мәсімов пен Күдебаевты түрмеге қамаумен қаңтарды ешкім жаба алмайды.
«Бұл екеуі қаңтарға қатысты түрмеге отырып жатқан бірінші адамдар. Менің ойымша, қаңтар шындығы осы екі адамммен шектелмейтіні анық. Бұл тақырыпта әлі ашылмаған, әлі толық шешімін таппаған сұрақтар өте көп. Әлі де талай кінәлілердің басы ұшады. Қазірше бұл мәселенің басында тұрған, басты тапсырыс беруші адам анықталған жоқ. Біздің бар білетініміз – Мәсімов осы мәселенің басты ұйымдастырушы, қаңтар қырғынын басқарушы болғандығында. Ал басты тапсырыс берушіні анықтау, оқиғаның толық картинасын құрастырушыны табу міндеті алдағы уақыт еншісіндегі шаруа», – деп түсіндірді саясаттанушы.
Билік халықтың күпті көңілін түсінсе де, түсінбеске салып отыр қазір. Мәселен, Назарбаевқа ең жақын адамдар жазаға тартылмай, олардың ұрлаған ақшасы, әртүрлі заңсыз жолдармен тапқан байлықтары мемлекет меншігіне қайтарылмаса, халық үшін биліктің «пешкалармен» күресі бес тиын. Ашып айту керек, Алматыға келіп тойынған Бауыржан Байбектің тапқан-таянған ақшасының есебін сұрамай, жасаған ұрлық-қарлығын анықтамай, биліктің жұмысына бес жастағы баланы да сендіре алмайсыз. Байбек бір ғана мысал.
Болат Назарбаевтың мыңдаған гектер жерін қайтарып жатырмыз деген «гәппен» де халықты алдай алмаймыз қазір. Оның мыңдаған гектар жерді заңсыз пайдаланғаны рас болса, сол үшін де жауапқа тартуға болмас па еді? «Алтын Орда» мен «Барыс» базары жылдар бойы мемлекетке салық төлемей, Болат Назарбаев үшін қызмет қылғаны ашық айтылады. Онда сол үшін тергеуге не кедергі? Қарасай ауданындағы «халық батырының» тоқалдарының меншігіндегі жер телімдері, бизнес нысандары да тексерілуі керек еді. Өйткені, осы уақытқа дейін оның тоқалдарының меншігіндегі жылжымайтын мүліктер туралы талай айтылып, талай жазылды.
Мәсімов сотталғанда, орынбасары болған Самат Әбіштің бостандықта жүруі, күпті көңілді одан сайын тұмандатпай ма? Егер қаңтар оқиғасында бейбіт жиынның артын қарулы қақтығысқа ұластырып жіберген Мәсімов болса, Әбіштің қатысы болмауы қисынға да, ақылға да сыймайды. Толғанай Үмбетәлиева «Самат Әбіштің сот ісіне күдікті емес, куәгер болуы күмәнді қоюлатады» дегенді айтты.
«Бірініші президент командасы мен қазіргі президент арасындағы келісім болуы мүмкін Саматтың бостандықта жүруі. Немесе қаңтар оқиғасын жоспарлау және билікті күшпен басып алудың заң шеңберінде ешқандай негізінің болмауы Әбішті жауапкершіліктен босатып отыр. Тоқаев заң шеңберінде бұрынғы президенттің жақындарынан қаңтарға байланысты ілік іздеп отырғаны анық. Оны таппай жауапкершілікке тартса, бұл саяси астарлы іске ұласуы мүмкін. Себебі, Назарбаевтар экономикалық белді топ. Олар мықты заңгерлерді жалдауға, өздерін қорғауға шамасы әбден жетеді».
Саматты қойшы, Тимур мен Динара Құлыбаевтар қалай миллиардер атанды? Неге ерлі-зайыпты осы екеуінің жиған байлығына мемлекеттік тексеру жүргізілмеді? Назарбаевтың қалған екі қызы Дариға мен Әлия қайда жүр? Олар қалай байыды? Ешқандай бизнеспен айналыспай, өндіріс ашпай, зауыт салмай, қалай шексіз байлыққа кенелді? Назарбаевтың басқа да жақындарының табыстары неге ашық айтылмайды? Мысалы, Қайрат пен Саматтың анасы Светлана Назарбаева да Қазақстандағы байлардың санатынан. Қалай байыды?
Жұрт көңілінде осындай жауапсыз сұрақ көп. Бұл сауалдарға жауап табылмаса, онда биліктің жасап жатқан жұмыстарына ешкім сенбейді деген сөз. Сендіре алмайды, қысқасы. Алайда билік бұл сұрақтарға жауап бергісі келмейтін сияқты, жасап отырған саяси маневрі тек «айналып өту» ғана. Ескі Қазақстанмен күрес – Мәсімов пен Күдебаевты соттау, Боранбаевты тұтқындау, Сатыбалдыны түрмеге жабу – бәрі сол сауалдарды айналып өтудің амалы сияқты көрінеді де тұрады.
Қалай айтсақ та, Назарбаевтардың аттан түспеуі, жауапқа тартылмауы Жаңа Қазақстан ауылының алыс екенін көрсететіндей. Қазақта «Келісіп пішілген тон келте болмас» деген сөз болушы еді, ескі билік пен жаңа билік Мәсімов пен Күдебаевты келте пішіп алған жоқ па екен?
Халыққа да бәрібір: Мәсімовты соттап жатыр ма, селт етпейді. Күдебаевты шетелден қуып жүріп ұстап, елге әкеліп жазалады ма, мыңқ демейді. Халықтың өзі сондай немқұрайлы. Азаматтық қоғам құратын мемлекеттің бір нышаны жоқ. Демократияға деген белсенділік те өлген.
Қаңтардан кейін ескі жүйе мен жаңа биліктің күресі басталғандай еді. Жаппай тұтқындау, Назарбаевтар мен жақындарының елден қашуы, кланға қызмет еткен жуандардың мансабынан айырылуы сияқты аласапыран басталған болатын. Халық содан қатты үміт күтті. Жылымық енгендей қуанды. Мәшһүр Жүсіп айтты дейтін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туатын болды десті. Қалғып кеткен қазақ ұйқыдан оянғандай, саяси белсенділігі де артқан. Бірақ жарты жыл өтпей, қазақ қайтадан қалың ұйқыға бас қойды. Оған биліктің өзі кінәлі. Оятқан да, маужыратып тербеткен де өзі. Халықты алдау, өтірік айту басталды. Ешқашан орындалмайтын 2030, 2050 сияқты болашақтың жоба-жоспарлары қайтадан жолдауларға енді. Отыз жыл езген малтаны қайта ездік.
Мұны көрген жұрт не істесін? Қолын бір сілтеді де, теріс айналды. Қазаққа Мәсімовты соттамақ түгілі, асып тастасаң да бәрібір қазір. Себебі, қазақтың сенімі өлген, үміті өшкен. Ал, бес-он жыл бұрынғы қазақ Назарбаевтан кейінгі жарқын болашақпен алданатын...