Сағынтаев кетті, Сапарбаев ше?
Қаңтар оқиғасы бойынша Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кетуін талап еткен петиция туралы күні кеше ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкімге келетін болсақ, ол өмірде алғаш рет қиын жағдайға тап болды.
Мұндай жағдайда басшының бәрі бірдей шешім таба бермейді. Мен оны кінәламас едім, ол – қызметтік міндеттерін орындау тұрғысынан адал адам. Бірақ мен алматылықтардың көңіл-күйін ескеруге міндеттімін, сондықтан уақыт келеді»,- деп жауап берген еді. Артынша-ақ мемлекеттік деңгейдегі тағайындаулар, ауыс-түйістерді алдын-ала біліп отыратын «билік балгері» Еділов Алматыға Ерболат Досаев «атын ерттеп» дайын отырғанын хабарлады. Балгердің айтқаны айдай келіп, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылып, орнына Е.Досаев отырды.
Мемлекет басшысының Жарлығында Сағынтаевты «басқа жұмысқа ауысуына» байланысты деп босатқанымен, Бақытжан Әбдірұлына қандай қызмет берілетіні әзірге жұмбақ болып тұр. «Балгер» Еділовтің «құмалақтары» айтпай жатыр ма, әлде «ауысатын басқа жұмысы» әлі нақты белгілі болмай тұр ма, әйтеуір үнсіз.
Еділов үнсіз болса да, жергілікті ел-жұрт Әбдірұлын Әулиеатаға «әкеліп» қойды. Өз баласы Бақытжан Сағынтаевты туған жеріне келіп қалар деп күтіп жүргендер көп. Ол үшін Сапарбаевты «басқа жұмысқа ауысуына» байланысты деп шығарып салу керек.
Дейтұрғанмен, кейбір дерек көздері, Б.Сағынтаевты Еуропа елдерінің біріне елші болып кетеді деп отыр.