Сағынтаевтың сылтауына Досаевтың айтары жоқ
«Жас Алаш» газетінің өткен санында (№47) Алматы қаласының әкімі Е.Досаевтың Түрксіб ауданы халқымен кездесуінен репортаж берген болатынбыз.
Сонда Алматы қаласының тұрғыны Жәмила Шөмішбаеваның сауалына қала әкімінің «жауабымды бердім, басқа айтарым жоқ», деп қысқа қайырғанын әрі микрофонды өшіріп тастағанын айтқан едік.
Біз мектептің спорт залынан коридорға шықтық. Ж.Шөмішбаева түтігіп, түнеріп келеді. Арт жақтан тағы бір тұрғынның сауалы, соған әкімнің жауабы еміс-еміс естіліп тұр. Оңашалау жерге жайғасқан соң:
– Сіз жаңа микрофон өшкеннен кейін де дауыстап бірдеңелер айттыңыз, бірақ анық естілмеді, не айттыңыз? – деп сұрадық.
«Айтарыңыз жоқ болса, мәселені шеше алмасаңыз, бұл орында не істеп отырсыз, Досаев?» дедім. – Жәмила ханым әлі де қабарып, түнеріп отыр, сәл ентігін басқан соң негізгі әңгімеге ауыстық.
Мәселенің қысқаша мән-жайы былай екен. Осыдан тура 9 жыл бұрын Жәмила ханым Алматы қаласы Фадеев 2б мекенжайынан жер үй сатып алыпты (4 бөлмелі, 70 шаршы метр үйдің құны 64 мың доллар болған). Бірақ үш айдан кейін «Алматы судан» инженер келіп, тұрар жайды тексереді. Сөйтеді де: «Үйіңіз кәріз жүйесінің үстіне орналасқан, онда тұруға болмайды» дейді. Жәмила бұған аң таң, «қалай болмайды?!» деп. Таңғалатын да жөні бар. Әу баста сатып алғанда құжаты түгел. Ондай ештеңе айтылмаған. Тіпті оған дейін қалалық әкімдік үйдің құжатын екі рет жаңалап берген.
Сонымен не керек, тірнектеп жиған ақшасына сатып алған үйі Жәмиланы сарпалдаңға салады. 2016 жылдың қаңтарында «Алматы су» үй иесін сотқа береді. «Қақаған аязда шиіттей балаларымызды шулатып, сотқа шұбырдық. Сөйтіп, сот сәуір айына дейін созылды. Ақыры сотта «Алматы су» жеңілді» дейді Жәмила ханым. Бірақ іс мұнымен тынбайды. Онан соң Ж.Шөмішбаева Алматы қалалық әкімдікті сотқа береді, себебі «тұруға тиым салынған жердегі үйге заңсыз құжат берген». Бұл жолғы сотта да Жәмила жеңеді. Алайда соттың шешімін сол кездегі қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орындамайды. Карантинді сылтауратып, өтініш айта барған ананы қабылдамай қояды. Одан соң қалаға әкім болып Е.Досаев келеді. «Жаңа әкім өтінішімді орындап қалар» деп Жәмила оның қыр соңынан қалмайды.
«Міне, 15 айдан бері со кісінің соңынан салпақтап жүрмін. Алғаш рет Е.Досаевқа өткен жылы сәуір айында осы мәселе бойынша өтініш айттым, онда «қарастырамыз» деді, бірақ нақты нәтиже болмады. Кейіннен мен қорғаушыммен ақылдасып, қалалық әкімдіктің активтерін арестке қоюға әрекеттендік, соған байланысты өтініш жаздық. Осыдан соң, 2022 жылы 7 май күні мені Алатау ауданының әкімдігіне шақырды. Онда ауданның әкімі қалалық әкімдіктің заңгерлері менімен сөйлесті. Ақырында: «Сіз өтінішіңізді қайтарып алыңыз, біз шешім шығарып береміз» деді.
Бірақ бұл шешім де бірден шыға қоймайды. Досаев қайда барып халықпен кездессе Жәмила да сол жерге барып, әкімге өтініш айтудан жалықпайды. Соңында Е.Досаев 2022 жылы 31 мамыр күні қаулы шығарып береді. Іс мұнымен де тынбайды. Жақында Жәмиланы Антикор шақырыпты. Сөйтсе, Алматы қалалық әкімдігінің үстінен қылмыстық іс қозғалған екен, олар Жәмиланың үйін тым төмен бағалаған екен. Жәмила тағы аң таң. Таңғалмай қайтсін. Себебі осыған дейін қанша рет әкімдікке барса да үйді бағалағаны жөнінде ешкім, ештеңе айтпаған. Енді, міне, бағасы шығып тұр. «Бұл арада бір бақай есеп бар дейді» Жәмила. Оны былай түсіндірді:
«Сонда барып қалалық әкімдіктің не істегелі отырғанын білдім. Досаевтың қаулысы 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшіне ие, яғни біз 31 желтоқсанға шейін үйді босатуға тиіспіз, бұлар маған айтпай, сыртымнан үйді бағалап, осы мардымсыз ақшамен 31 желтоқсанда үйден қуып шықпақшы».
Жәмила ханымның шырылдаса шырылдайтындай-ақ жөні бар.
1-беттен
Себебі үйін бар жоғы 11 миллион теңгеге бағалап отыр. Бұл дегеніңіз – 9 жылдың алдында осы үйді сатып алған сомаға да жетпейді. Оның үстіне құжаты дұрыс үйді сатып алып, қанша қиндыққа тап болды. «Біз бұл үйдің мұндай қатерлі жерге орналасқанын білмедік, себебі жоғарыда айтқанымыздай, үйдің құжаты толық болды. Осы үйде тұрамыз деп бала-шағамызбен қоса көптеген ауру жұқтырдық. Бұл жөнінде сот шешімінде де айтылған. Ендігі өтінішіміз Досаев мырза өзі шығарған қаулысын өзі орындап, біздің үйді лайықты сомаға бағаласа, біз мына жерден кетер едік. Атаулы әлеуметтік көмекті де алмас едік» дейді Жәмила ханым.
Атаулы әлеуметтік көмек дегеннен шығады. Жәмила ханым сәуір айына дейін 55 304 теңге жәрдемақы алып келген. Өзі жалғызбасты әрі көпбалалы ана. Балаларының әкесінен 40 мың теңгедей алимент алады екен. ҚазҰУ-ды қызыл дипломмен бітірсе де жұмыссыз. Енді қараңыз, бір үйдегі бес жан әрқайсысы жардемақы мен алиментті қосқанда 19 100 теңгеге бір ай күн көру керек, бұл мүмкін бе?! Ең сорақысы – сәуір айының бірінен бастап Ж.Шөмішбаеваны атаулы әлеуметтік көмектен айырып тастаған. Ешкім ештеңе ескертпеген, жазбаша немесе электронды түрде шешім бермеген. Жәмила өзінің 26 сәуір күні құжат тапсырғанын, ал әкімдіктің 1 сәуірден бастап оны атаулы көмектен еш себепсіз айырып тастағанын айтады. «Көрдіңіз бе, мен өтініш бермей тұрып шешім шығарған, бұл да заңсыздық емес пе?!» – дейді ашынған ана.
Негізі Жәмила ханым осыған дейін «Бизнес бастауда» оқып келіпті. Сол кезде атаулы көмекті алып отырған. Енді үзіп тастапты. Осыдан кейін әкімшілік Жәмиланы жұмыспен қамту орталығына жіберген. Бірақ олар педагогикалық дипломы жоқ деп, жұмысқа алудан бас тартса да әкімшілік қайта-қайта сонда жіберіп, әурелеген. Мұның себебі: «Енді мені жұмыссыздар қатарынан шығарып тастамақшы. Мектеп, колледждер үш рет бас тартса, жұмыссыздық тіркеуінен шығарады екен», – дейді Жәмила.
Атаулы әлеуметтік көмекті дәл бұлай белден басып қысқартудың да өзіндік себебі бар көрінеді. Оны бізге Жәмила ханым былай түсіндірді: «Аталған көмектің өзін 2019 жылы Астанада бір үйде бес бала өртенген соң көпбалалы аналар наразылық білдіргеннен кейін тағайындаған еді. Енді бұны әйтеуір бір сылтау тауып, бермеудің айласын жасап жатыр».
Жәмила ханымның айтуынша, Алматы қаласының әкімі Е. Досаев өзіне әділетсіздік жасап отыр. Өзі қаулы шығарып, оны өзі орындамайды, онысымен қоймай, атаулы әлеуметтік көмектен заңсыз қияды.
«Тіпті не дерімді де білмеймін, айтарға сөзім таусылды. Қанша рет Досаевты соңынан қуалап жүріп осы мәселені айттым. Бүгінгі жауабын өзің де естідің. Енді біз қалай күн көреміз, Досаев осыны неге ойламайды?! Үйімде ілікке алар мүлік қалған жоқ. Бәрін сатып болдым. Басқа-басқа әкімнен зардап шегу дегеніңіз – сұмдықтың нағыз сұмдығы екен», – деп, ойын бір түйіндеді.
Жәмила ханым әлі сөйлеп отыр. Уақыт біраз жерге барды, мен сағатыма қарадым. Мұны байқап, о кісі тіпті де тыпырши бастады. Бәрін айтқысы келеді, ақтарғысы келеді.
Сыртқа шықтық, аялдамаға дейін бірге келдік. Әлі сөйлеп келеді: «Үйдің іші сыз, төсектің астына аяқ киіміңізді қойсаңыз аз уақытта көгеріп кетеді, балаларым жиі ауырады. Тіпті анадай қауіпті үйге төртеуін қалдырып кетуге де қорқамын, қайтем енді, бір үміт болама деп Досаевтың жиналысынан қалмаймын», – дейді.
Ал Досаевтың басқа айтары жоқ...
Ескерту: Ж.Шөмішбаеваның мәселесі бойынша Алматы қаласы әкімінің уәжі мен заңгердің сараптамалық пікірін газетіміздің келесі санынан оқисыздар.