Сағыныш боп ұяладың жүрегіме…

Біздің жанұямызда бір емес, үш химик бар. Екі әпкем – Құралай (өзіміз Әләй дейтінбіз) мен Жаңыл КазГУ-дің химия факультетінің түлектері болса, Балнұр Өскемен пединститутын «химия-биология» мамандығы бойынша тамамдады.
Әләй мен Балнұр екеуі ұстаздық жолды мұрат тұтса, Жаңыл химияның өндірістегі бір тармағы – республикалық «Казэнергоналадка» ғылыми-зерттеу орталығында инженер-химик болып қызмет етті. Бірақ қалай болғанда да, «алдыңғы арбаның доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді» демекші, Жаңыл мен Балнұрдың әуелден химия мамандығын таңдауларының түп-төркінінде үлкен апайыма деген еліктеушіліктің жатқаны сөзсіз. Оны олардың өздері де растайды. Қай заманда да жақсы ұстаздың берген білімі шәкірттің одан кейінгі өмір жолында да ізін қалдыратынын айтар болсақ, өзінің қос сіңлісін ғана емес, басқа да химик болуды көздеген қазақтың сандаған ұл-қыздарын аталмыш пәнге баулып, өзіне еліте білген әпкемнің ұзақ жылғы оқытушылық еңбегі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық десем, оның алдынан білім алған студент-түлектер менің сөзімді растайды деп ойлаймын. Менің бұлай деуіме негіз де бар. Әләй бақилық болғаннан кейін арада жарты жылдай уақыт өткенде, Алматыдағы бір жоғары оқу орнында оның бір шәкіртін жолықтырдым. Ол жерге әрқайсымыз өз жұмысымызбен барсақ та, ондағы өтіп жатқан шара аясында жиналғандармен жақынырақ танысудың сәті түскен кезде, ол менің аты-жөнімді ести сала айтар сөзін маған емес, бірден апайыма қарай ойыстыра бастады. «Арай, дәл қазір Құралай Назымқызының көзіндей болған өзіңізді көріп қуансам, бір жағынан оның бүгінде арамызда жоқ екендігі есіме түсіп, көңілім жабырқап тұр. Сіз білесіз бе, мен химияны бала жасымнан жата-жастана оқып келемін. Маған оны мектепте де, жоғары оқу орнында да қаншама ұстаз оқытып-үйретті. Бірақ осы кезге дейін оны маған Құралай апайдай ешкім түсіндіре алған жоқ. Сізге өтірік, маған шын, әлі күнге дейін мен химия ғылымында үнемі сонау жылдары Құралай Назымқызы үйреткен фундаментальді біліміме арқа сүйеймін және бұл білімім мені ешқашан сүріндірмейтініне сенімдімін» деді ол. Осы сәтте оның жүзінен ұстазына деген риясыз көңілі мен шексіз құрметі менмұндалап тұрды. Әпкеме арнап айтылған оның осы бір сөзі маған қанша жағымды естілгенмен, бәрібір, мен сол бір санаулы минуттар ішінде екіұдай күй кештім. Оның сөзіне қуана тұрып, бір жағынан, тыңдай тұра тыңдағым келмей, алды-артыма қарамай, далаға атып шыққым келді. Беймезгіл оны ортамыздан алып кеткен осынау тағдыр-жалғанға лағынет айтып, бар даусыммен сол бір ғимаратты басыма көтеріп, еңіреп жылағым келді. Апайымның атының адамдардың аузында «өткен шақта» айтылатынына үзілді-кесілді қарсы шыққым келді. Неге екенін білмеймін, дәл осы сәтте маған Әләй бұдан бұрын емес, тап қазір ғана дүниеден өтіп кеткендей болып көрінді. Өңешіме келіп тірелген жасты әзер іркіп қалдым. Бәлкім, бұның бәрі менің қиялымда әпкемді әлі де тірі санайтындығымнан шығар...
Иә, ол өзінің өмірлік кәсібін есі кете сүйді, сол жолда аянбай еңбектенді. Сонау 1971 жылы С.М. Киров атындағы КазГУ-дің химия факультетін, одан кейін аспирантурасын бітіргеннен кейін, ол бүкіл ғұмырын оқытушылыққа арнады. Өскемен пединститутында (қазіргі С. Аманжолов атындағы ШҚМУ) оның алдынан сан ұрпақ білім алды. Бір таңғаларлығы, оның шәкірттерінің қай-қайсысы да апайым туралы қандай да бір естелік айтар кезде сөздерін: «Құралай Назымқызы қатал, талап қойғыш әрі есте сақтау қабілеті ерекше ұстаз еді», – деп бастайды. Бір қарағанда, олардың сол сөздерін тыңдап отырғанда оны білмейтіндердің көз алдында әпкем үнемі химиядан бас алмайтын, бұл өмірде одан басқа ермегі жоқ адам секілді болып еслестеуі де бек мүмкін. Бірақ мен айтар едім, ол ұзақ жылғы оқытушылық ғұмырында дәрістерін қалай кітап-қағазға қарамай оқыса, сабаққа барар алдында да, ешқашан алдын ала бас алмай, химияны оқып немесе дәптерге конспектілеп жатпайтын. Бір жолы өзім үйіне барғанда оның: «Ертең бір емес, алты сағат дәрісім бар», – деп, жайбарақат отырғанын көріп: «Ондай ауқымды лекцияға дайындалмайсың ба?» дегенімде, тағы да оның – «Органикалық химияның қай тақырыбын түн ортасында оятып сұрасаң, жауап беруге дайынмын. Бәрі санамда сайрап тұр» дегені бар. Шынында да, ол дәрістерінің басым бөлігін кітапта жазылған мәтіндерге өз тарапынан импровизация жасап, жеке әдіс-тәсілдері арқылы жетілдіруге тырысты. Химия арқылы ұлттық құндылықтарды, туған жер мен елге деген сүйіспеншілікті, төл халқымыздың салт-дәстүрін, тілі мен ділін насихаттай білді. Оған менің оның зейнетке шыққаннан кейінгі жылдары Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде химия пәнінен сабақ өткізген сәтінің бейнетаспаға жазылған нұсқасын қарап отырғанда көзім анық жетті. Тақырып: «Бейорганикалық қосылыстардың арасындағы генетикалық байланыс». Сабақты түсіндіру кезінде ол ең алдымен – «Генетикалық байланыс деген не?» деген сауалға түсінік береді де, одан кейін тақтаға металдарды жазып, олардың өзара әрекеттесу механизмдерін баяндай келе, бірден, қатты металдарды «қайратты, отбасының қорғаны болатын – әке, ал әлсіз металдарды жұмсақ металдар яғни, ана» деп екі топқа бөліп алып, түсіндіре отырып, оқушыларға осы мысал арқылы «нағашы жұрт пен ата-тек – әке, жеті ата» туралы мағлұмат беріп, химияны этнопедагогикамен сабақтастыра баяндайды.
Әріптестерінің көбі оның оқытушылық жолда классикалық бағытты ұстанғанын айтады. 2018 жылы апайымның жылдық асына арнап, деректі фильм түсіру кезінде маған сұхбат берген оқытушы Гүлжан Екпергенқызы оның дәріс оқу әдіс-тәсілдерін: «Құралай Сақариянова аса білікті маман еді. Біз одан жас маман ретінде көп нәрсе үйрендік. Барлық саладан білімділігін айтпағанда, оның төл пәні – органикалық химиядан оқитын дәрістерінің өзі өзгеше болатын. Ол тақтаға органикалық қосылыстар мен химиялық реакция механизмдерін бір мезетте жазып, әрі жазғандарын ауызша айтып тұрып, түсіндіретін», – деп еске алған-ды. Әләйдің өзі де үнемі: «Бұл әдісті ешбір сәнді заманауи лед-экрандар алмастыра алмайды. Химия секілді күрделі ғылымды түсіндіруде қара тақтаға ақ бормен жазып әңгімелегенге ештеңе жетпейді. Дәл осы тәсіл студенттердің оны түсініп-қабылдауына аса ыңғайлы әрі оңай тәсіл», – деп айтып отыратын.
Бала кезінен көркем әдебиетке құмар болып өскен оның сөйлеу тілі де шешен еді. Кәсіби ақын болмаса да, тәп-тәуір өлең жазатын және ақын қаламынан туған астарлы ойдың қисынын жүрегімен сезініп, ой тезінен өткізе алатын жан болатын. Осыған байланысты бір оқиға есіме оралады. Студент кезімде мен кезекті бір каникулға келгенде оған Алматыдан Фариза Оңғарсынованың екі томдық «Жүрек күнделігі» өлеңдер жинағын әкеліп, сыйға тарттым. Сонда ол қос жинақты бірінен кейін бірін парақтай отырып, қазақ қыздарының ішіндегі жыр падишасы атанған ақынның өлеңдеріндегі жантебірентерлік ой-сезім иірімдерінің әрқайсысына тоқтала отырып, жеке-жеке талдау жасағаны бар. Фаризаның өлеңдерін оқып отырғанда әркез: «Фәкеңнің жырларынан орыстың ақын-әйелдері Марина Цветаева мен Белла Ахмадулинаның поэзиясына ұқсастық көрем. Әйел затына мұндай көлгөсір сезіммен өмір сүру оңай емес» дейтін. Оның шығарманың өн-бойындағы оқиғаларды жан-дүниесімен сезініп, түйсігімен танитындығы бір ғана мұнымен шектелмейді. Бірде таңертең ұйқысынан тұрғаннан кейін терезе алдындағы ақ қайыңдарға қарап: «Арико, қарашы, мына қайыңдар қандай керемет! Егер бұлар сондай ғажап сұлу болмаса, оның әрбір жапырағының пішіні адамның жүрегіне ұқсамаса, Мұқағали өмірден өтерінің алдында емхана терезесінің алдында тұрып:
«Бар-жоғы менде бір жүрек
Ол өлсе – мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп», – деп онымен сырласар ма еді», – деді. Мен оның мұнымен не айтқысы келгеніне ол кезде мән бергенім жоқ. Ол айтып тұрғандай, ақын бейнесін де көз алдыма елестете алмадым және сол бір сәттік әңгіме уақыт өте келе ұмытылып кетті. Арада бірнеше жыл өткенде ақынның осы өлеңінің бір кезде Әләй сипаттаған болмыста, сондай сезімге беріле отырып жазылғанын еске салатындай бір сурет-туындыны көріп таңғалдым. Қалай дейсіз ғой?! 2018 жылдың тамыз айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша телеарна тапсырмасымен Жоңғар шапқыншылығында қол бастаған Райымбек батыр туралы деректі фильм түсіруге Алматы облысының Райымбек ауданына бардым. 2-3 күн «Ойран төбе» жазығында түсірілімдер жасап біткеннен кейін шығармашылық топ Қарасазға бет алдық. Ондағы мақсат – ақын мұражайындағы Райымбек Түкеұлына қатысты экспонаттар мен Мұқағалидың «Райымбек» поэмасынан бөлек, батыр бабаға қатысты басқа да әдебиеттерді таспаға түсіріп алу. Сонымен күн екіндіге таяған кезде ақын ауылына да келіп-жеттік. Ең алдымен, бас сұққан жеріміз – Мұқағали Мақатаевтың мемориалды мұражайы. Сенесіз бе, осы еңселі ғимараттың екінші қабатына көтерілген кезде анадай жерде Мұқағалидың ақ қайыңмен сырласып тұрған және оның төмен жағында жаңағы «Өмір сүрейік алмасып» деп аталатын өлеңі жазылған арнайы бұрыш көзіме оттай басылды. Есіме бірден сонау кездегі Әләйдің айтқандары түсті. «Неге ол бұл көріністі басқаша емес, дәл осы кейіпте елестетті екен?» деп ойладым. Әрине, бұл суретші қолынан шыққан ақын болмысының бір сәттік көрінісі. Десек те, Әләйдің осы көріністі ой көзімен, сезім түйсігімен алдын ала көре алғанына қайран қалдым.
Әләйдің көзінің тірісінде жинаған бар байлығы – сонау антикалық дәуірден басталып, күміс, алтын ғасырға ұласатын әлем әдебиеті жауһарларынан құралған бай кітапханасы. Кереметі де сонда, ол осы туындылардың барлығын оқып шықты. Содан да болар, оның әр саладан білімі де зор еді. Тағы да есіме оның осы дүниетанымының кеңдігін еске салатын жайттар оралады. Арада біраз уақыт өткенде жоғарыда айтып өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында маған тағы да қазақтың тағы бір хас батыры – Наурызбай Құттымбетұлы туралы кезекті фильмді түсіру үшін, оның өзі ставка тіккен жер – Дегерес ауылына барудың сәті түсті. Онда да батырдың ұрпағы Қуанышбек Жүйріктаевпен жүздесіп, «Аңырақай шайқасы» болған жазық далада бір топ тарихшы-ғалымдармен сұхбаттасып, күнұзақ түсірілім жасадық. Бұрыннан жолсапарда жүргенде туысқандарыма амандығымды білдіріп, хабарласатын әдетіме басып, бұл жолы да қолым қалт еткенде әпкеме телефон шалдым. Әдеттегідей хал-жағдайды сұрасқаннан кейін өзімнің дәл сол сәтте, Наурызбай батырдың қылышының қаны тамған тарихи жерде жүргенімді айта бастағанымда, ол менің сөзімді бөліп: «Негізі Наурызбайдың аты тарихта батырлығымен қоса, Дәметкен атты бір сұлуға ғашық болған – жеке өмірінің айшықты бір парағымен де сақталып қалды. Білгің келсе, мен саған айтайын, ертеректе халық аузында сақталған «Наурызбай – Дәметкен» деген дастан бар. 70-шы жылдары оның түпнұсқасы тек Мемлекеттік мұрағатта ғана болды. Бұл туралы маған студент кезімде Қазақстан Жазушылар одағында Баламер ағамен бірге қызмет еткен бір хатшы-әйел айтқан болатын. Сонда оның осы әңгімесін естігеннен кейін-ақ, мен бірден бұл поэманы оқуға асыққанмын. Сол дастанның көшірмесін алып, деректі фильміңе қоссаң, телеэкрандағы Наурызбай бейнесі одан ары ашыла түсер еді. Осыны ескер» деді. Қатардағы оқырманды былай қойғанда, тіпті әдебиетшілердің көбі біле бермейтін бұл дастанды оның білетініне тағы да сол сәтте тамсана тұра, таңданбасқа шарам қалмады.
Әпкемнің оқытушылық ғұмырының тағы бір қыры – әдіскерлігі. Ол 2005 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін (М.Биғалиқызымен бірге) жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сыныптарына арнап, «Химия» пәні бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік оқу құралдарын жазып, жарыққа шығарды. Бүгінде «Атамұра» баспасынан шыққан аталмыш оқу құралдары еліміздегі мектептердің оқу бағдарламасына енгізіліп, заманауи білім беру жүйесінің алтын діңгегіне айналды. Оқулық жазу ісінде ол өзіне «теориялық ұзақ мәтіндер шәкірт санасын лайламауы тиіс» деген ұстанымды тірек етті. «Химия» оқулығының классикалық түпнұсқасын басшыққа ала отырып, оны қазіргі заманғы оқу жүйесіне негіздеді. Әрбір оқу құралын оқушыға түсінікті тілде жазды. Әсіресе, 9-сыныптың «Химия» оқулығындағы оның өзі ойлап тапқан «Міне, қызық!», «Таптым-таптым!», «Есіңде сақта!», «Ойнайық, ойлайық, оқиық!» сынды сөз өрімдері мен оқушылар танымын арттыратын сөзжұмбақтары, химиялық есептерді оңтайлы әдіс-тәсілмен шығару методикасы осының айғағы. Иә, айтып-айтпай не керек, «Химия» оқулығының мұқабасында есімі «Құралай Сақариянова» деп таңбаланған жан апам көзі тірі болса, биыл 70-жасқа толар еді. Бірақ тағдыр бізге оның мерейтойын өзімен бірге тойлау бақытын бұйыртпады. Амал бар ма?!
Кейде маған Әләй туралы жазатын естеліктерімнің шегі-шеті жоқтай болып көрінеді. Бүгінгі күні аяулы апайым туралы ойлағанда мен бір нәрсені анық түсіндім… Қанша жыл өтсе де, мен, бәрібір көңіл түкпірімде әлі де сонау алаңсыз бала кезімде студент-әпкемнің «Жақында каникулға келемін» деген хатын алысымен ауылдағы дүкеннің алдында автобусқа қарайлап, оның жолын күтіп жүретін кішкентай сары қыз – оның тұлымшағы желбіреген құйттай сіңлісі болып қала беретінімді білемін… Аязды қыстан кейін жер-көктің көбесі сөгілер шақ – көктемде де, жарқыраған жаздың жаймашуақ күндері мен шіліңгір ыстығын ысырып шығып, жер-әлемге өзінің өктемдігін танытатын күрең күзде де мен оны өмір бойы осылай сағынып өтетінімді білемін… Жан апам – Әләйім менің, сен менің жүрегіме осылайша, сағыныш боп ұяладың… Сен мен үшін сонау зеңгір көктің төрінде көз ұшында мұнартқан сағымдай боп, менен бірте-бірте алыстап мәңгілікке айналып кете-бардың...