Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 12 Маусым 2024

Сахнада өмір сүрдік, өмірде шынайы болдық

Сәуле Жақсылыққызы
Фото: Сәуле Жақсылыққызы

Актерлік. Көбіміз бұл мамандықты сөз жаттап, сахнада, кинода рөлді сомдау, өзіңнен өзге болмысты қабылдау деп түсінеміз.

Ал бүгінгі кейіпкеріміз актерлік өзің болу деп түсінеді. Ол үшін сахна жасандылық емес. Әр рөлі – өз болмысының бір бөлшегі. Әке мен ұстаз, сахна мен өмір арасын жүрегінде таразылай алған актриса Сәуле Жақсылыққызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

Ең алғаш әңгімеміздің басын сіздің шығармашылығыңыз туралы сөзден бастайық. Байқауымша, бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі рөлдерді сомдап жүрсіз. Қоржыныңызда нашақор әйелдің де, жалғызбасты ананың да, тағы басқа қайталанбайтын әрқилы образдар бар. Осы рөлдердің ішіндегі оң жамбасыңызға түскені, ерекше есіңізде қалғаны бар ма?

– Кез келген әртіс үшін сомдаған рөлінің қай-қайсысы да ыстық, орны бөлек. Сондықтан бірінен-бірін бөліп жарып, бөлек қарай алмасың анық. Қазақ киносынан бөлек, орыс және түрік киносындағы жобаларға да бірнеше мәрте қатысқан едім. Шығармашылығым бір типті кейіпкерлерден, образдардан ада. Десек те, кейінгі сомдап жүрген рөлдерімнің басым бөлігі трагедиялық, драмалық образдар екенін байқауға болады. Өткен жылы жарық көрген «Гүлдер жыламайды» сериалы мен жақында ғана прокатқа шыққан «Набат» операциясы фильмінде сомдаған рөлдерім бір-біріне ұқсайды. Қайғылы, қиын тағдыры бар әйелдің бейнесі. Мүмкін, заманның талабы осы шығар, фильм көрерменнің сұранысына байланысты туындайды ғой. Бұдан бөлек, орта жастағы әйелдерге ұсынатын образдар, байқасам, әдетте, жалғызбасты немесе қиын тағдыры бар ана, әйелдің рөлі. Былайша айтқанда, «жылауық» образдар. Бірақ «Томирис» фильміндегі рөлді алған кез есімнен кетпейді. Әу баста фильмге Куртун ханның әйелін сомдау үшін шақырту алдым. Бұл кейіпкердің мардымды сөзі жоқ, фильмде аса маңызды орны бар деп айта алмаймын. Мен түсетін кадрда басымдықты ер кейіпкерлерге береді де, әйел адамдар қосалқы рөлде еді. Маған түсірілімнен бір күн бұрын хабарласып, осы образды ұсынды. Кейін түсірілім барысында режиссер қабілетімді байқап, басқа рөл берген еді. Алдымен бірсарынды эпизодтағы рөлге бекіткенімен, кейін түсірілім тобының көзіне түсіп, сахнамды ауыстырды. Біздің сферада өз орның мен шекараңды басында бекітпесең, кейін өзіңе қиын болады. Қазақ «шешінген судан тайынбас» дейді ғой. Түсірілім барысында өзіңді көрсету арқылы ғана қалаған рөліңе ие болып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Сәуле Жақсылыққызы
Фото: Сәуле Жақсылыққызы

Актер біткен Шекспирдің Гамлетін сомдасам деп армандайды, ал сіз қандай рөлдерді ешқашан ойнамас едіңіз? Сіздің ұстанымыңызға қайшы келіп, рөлден бас тартқан кезіңіз болды ма? Немесе болашақта өзіңізді қандай рөлден көргіңіз келеді?

– Осы уақытқа дейін қандай рөлді қалап, ойнағым келсе, тілегім лезде қабыл болып, өзім қалаған жобаларға шақырту аламын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын, шамамен карантин уақытында жалмауыз, қатыгез әйелдің рөлін сомдағым келді. Осы рөлді ойнағым келіп, қалай қызығушылық таныттым, екі-үш айдан соң көршілес Ресейдегі жобадан шақырту алдым. Өмірде орын алған оқиға желісімен түсірілгелі жатқан жобада қатыгез, жалғыз әрі жалмауыз әйелдің рөлін сомдауға ұсыныс түсті. Тіпті жобаның сценарийін оқып, жағамды ұстағаным бар. Дәл осындай оқиға тағы да қайталанды. Бір жылдары есірткіге тәуелді әйелдің рөлін сомдауға аңсарып ауып жүрді. Егер қажет болса, образ үшін шашымды кесіп, салмақ тастауға да дайын болдым. Өзіңді тығырыққа әкеп тығып тастайтындай рөл болса екен дедім. Көп ұзамай нашақор әйелдің образын ойнауға ұсыныс түсті. Десек те, тез арада арықтауды талап етіп, шашыңды қи деп талап қоятындай экстремалды рөл болған жоқ. Міне, қандай образды сомдауға аңсарым ауса, тілегім лезде орындалып жүр.

Қазіргі кезде комедия жанрындағы жобалардан өзімді көргім-ақ келеді, бірақ өнер мен қоғам ішінде бұл жанрдың құндылығы мен маңызы жоғалып бара жатқан сияқты. Комедия жанрын жеңіл күлкі мен арзан әзіл деп қана қабылдап жүргеніміз өкінішті. Біздің ұстаздарымыз: «Комедия драмаға қарағанда әлдеқайда қиын жанр» деп жиі ескертуші еді. Мысалы, Чарли Чаплиннің туындыларын бұл жанрдың жарқын үлгісі деп тануға болады. Жасаған іс-әрекетінде шынайылық, тазалық басым. Сол үшін комедия жанрына таңдап, сомдайтын образымды саралап қана түскім келеді. Егер менің ойымнан шығып, идеясы ұнап жатса, неге түспеске?! Қазіргі арзан әзіл мен жеңіл күлкінің ғана деңгейінде қалып қойған, оның үстіне, анайы сөздерге толы жобаларда бой көрсеткім келмейді. Осы күнге дейін ұсыныс келмеді емес, бірнеше рет келген еді. Бірақ аузы лас, өзіңді сайқымазақ етіп қана көрсететін рөлдерден бас тарттым. Осы сынды өз құндылықтарым мен ішкі принциптеріме сай келмейтін рөлдерді талай мәрте қабыл алмағаным бар. Ең алдымен, мен сахна мен камера алдында жалаңаштанғым келмейді. Бұдан бөлек, жалаң денемді көрсететін анайы, тұрпайы сахналарды құптамаймын. Бұл менің құндылықтарыма қарсы. Бірде үлкен жобада осы сынды рөлді сомдауға ұсыныс түсті. Негізі ұсынған рөлді сомдауға сонша ынтық болып едім, бірақ бір әттеген-айы, бір сахнасында әйел адам денесін жалаңаштап шомылуы керек екен. Сол үшін қанша қаласам да, жобадан бас тарттым. Байқасам, қазіргі таңда жалаңаш әйелдің денесі кездесетін фильмдердің танымалдылығы жоғары, фестивальдерде жиі топ жарып шығады. «Атың шықпаса, жер өрте» деген қазақта жақсы сөз бар ғой. Шет елдің кино өндірісінде де әйел адам жалаңаштанған фильмдердің бағы жанып жүр, бұл тенденция біздің кино өндіріске де бірте-бірте еніп келе жатыр. Десек те, өзімді кеудемді жалаңаштап, ашық денемді көрсететін рөлдерден көргім келмейді.

Сәуле Жақсылыққызы
Фото: Сәуле Жақсылыққызы

«Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп білетін кез келген өнер иесі өзіндік ұстанымдарымен, берік көзқарасымен, өнерге деген адалдығымен, болмысындағы қарапайымдылығымен ғана халыққа қадірлі. Десек те, сіздің кей әріптес-замандастарыңыз кино өндірісін коммерция көзіне айналдырып алған сияқты. Бұл жайында не ойлайсыз? Қазіргі кинода сан бар, ал сапа ше?

– Иә, бәлкім, заманның талабы шығар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағидамен жүретін әріптестерім бар екенін жоққа шығармаймын. Жарық көрген отандық фильмдердің бәрін бірдей көремін, бақылап отырамын деп айта алмас едім, ішінара таңдап қана барамын. Аузына не келсе соны айтып, онысын өнерге балайтын адамдар көбейіп кеткені қынжылтады. Олардың фильмін көріп, еліміздегі тәртіпсіздік пен жат ағым мен пропаганданың жұмысына үлес қосқанша, көрмей-ақ қойғаным абзал. Соңғы жарық көрген фильмдердің ішінде «Міржақып. Оян, қазақ!» сынды әрі тарихи, әрі өнегелі фильмдердің танылуына сәл де болсын ықпалымды тигізгім келеді. «Ұлттық өнімді қолдайық» деген сөз ел арасында белең алып кетті ғой, десек те, киноның да «естісі мен есері» бар. Бірақ бірді-екілі арзан комедияға бола сапа мүлде жоқ деп айта да алмаймын. Байқауымша, соңғы кезде көрерменнің де талғамы өсіп келеді. Сапалы кино түсірсе, қарапайым халықтың өзі әлеуметтік желілерде оң көзқарасын білдіріп, посттар жазады, ойын ашық білдіреді. Фильмдерді талдап, көңілінен шығып, не үміті ақталмағанын ашық жазады. Халықтың да талғамы өсіп келе жатқаны – біз үшін шын қуаныш.

Қазақтың фильмі жарық көрді екен деп шетінен бара берудің қажеті шамалы. Әркімнің ойлау, өнерді қабылдау деңгейінің шамасы әртүрлі. Сондықтан біреуге ұнаған фильм екінші адамға ұнамауы мүмкін. Десек те көрерменнің талғамын тәрбиелеген артық етпес еді. Оның үстіне, бүгінгі кино және театр саласында орта жолдан қосылған әртістердің көбеюі де өнердің арзандап кетуіне әсерін тигізіп жатқаны анық. Эпизодқа түскен қыздар өзін актриса санайды, ал біздің тәрбиемізде атағыңды алып, сахнаға әбден орныққан соң ғана нағыз актрисаға айналасың. Өнерге күні кеше келіп, өзіңді әртіс санау қаншалықты дұрыс екенін нақты айта алмаймын. Қазір әртістердің, өнердің қадірін түсіріп, еңбегін құнсыздандырып жүрген жандарды көріп, бұл саланың болашағына шын алаңдай бастадым.

Әртістік жолға қалай түстіңіз? Бәлкім, шығармашыл, өнерлі отбасыда дүниеге келуіңіз әсер еткен шығар?

– Бала кезімнен өнерге жақын болдым, 5 жасымнан бастап ән айттым, биледім. Әр отбасында өнерге, шығармашылыққа жақын бір бала болатын сияқты. Анамның кәсіби білімі болмаса да, дауысы керемет, әдемі ән салады. Былайша айтқанда, «оқымаған әнші». Кезінде Сәкен Майғазиевтің өзі той-томалақта анамның ән салғанын естіп: «Сіз Бибігүл апамыз сияқты ән салады екенсіз. Шіркін, кәсіби біліміңіз жоқ. Оқысаңыз, қазір талантты, даңқты әнші болар едіңіз» дегені бар. Марқұм әкем де үнемі таңғалып, талантына таңдай қағып отыратын. Десек те, отбасымыздағы өнер мен ғылым жолына тұтас бет бұрған адам әкем ғой. Мен әкемнің қызымын ғой, сондықтан бала күнімнен өнерге жақын боп өскен шығармын. Бауырларымның қай-қайсысы да кем дегенде бір аспапта ойнап, ән айта алады. Әкем бұ дүниеден өте ерте кетті, кеткен соң, көп дүниеге көзіміз жеткен сияқты. Бізді өнерге баулыған әкеміз екен. Бала кезімде әкем жетектеп апарып телеарнадағы ертегі оқитын бағдарламаға қатыстырды. Менің қазақшам таза болғандықтан, кішкентай балаларға телеарнада ертегі оқитын едім. Сонымен қатар бала күнімізден әртүрлі ертегі, әдеби кітаптарды оқып өстік. Кейін «Әнші балапан» байқауына әкем қатыстырып, қытайша ән айтқаным әлі есімде.

Сәуле Жақсылыққызы
Фото: Сәуле Жақсылыққызы

Өзіңіз айтқандай, әртістік жолды таңдауыңызға әкеңіз жазушы, қаламгер Жақсылық Сәмитұлының ықпалы зор. Білуімше, сіздер 1994 жылы Қытайдан, Үрімжіден келген едіңіздер. Бұл сол кездегі Қазақстанға табан тіреген ең алғашқы отбасылардың бірі еді. Әкеңіз Үрімжідегі телеарнаның дубляж бөлімінде лауазымды қызмет атқарып жүріп, барлығын тастап, Қазақстанға келді. Осы кезеңдер туралы сөз қозғайықшы. Алғаш Қазақстанға келген кездегі сезімдер, оқиғалар есіңізде ме? Қоғам қалай қабылдады?

– Шынымен-ақ, Қытайда тұрған кезімізде жағдайымыз тәуір болды. Бала кезімізде әкемізге Қазақстанға көшіріп алып кеткені үшін жиі ренжуші едік. Елге көшіп келген кездері қоғамға сіңісіп кету оңай болмады. Талай уақыт «бұлар қытай» деген мазаққа көніп жүрдік. Оның үстіне, біз көшіп келген жылдары бір адам қазақша білмейтін еді. Қоғамның интеллигент бөлігі ғана, әкемнің қаламдас достары ғана ана тілімізде сөйлеп, қарым-қатынас құратын. Қабдеш ағайлар, басқа да жазушылар талай мәрте үйімізде әкемнің қонағы болды. Ал менің замандастарым мен менен сәл үлкен кісілердің барлығы дерлік орыс тілінде сөйлеп, маған бастапқыда түсіну, құрдастарыммен араласу қиынға соқты. Кейде түсінбей, беттеріне қарап қана тұра беруші едім. Сонда әкеме: «Бізді неге алып келдің? «Қытай» деп мазақтайды өзгелер. Ешкіммен араласа алмаймыз», деп жиі ренжідім. Сол кезде әкем: «Кейін маған рақмет айтасыңдар» деуші еді. Мысалы, қазір Қытайда қанша жылдан бері геноцид жүріп жатыр, әкем соны сезіп, білген сияқты. Сол үшін де әкеме айтар алғысым шексіз. Қазақстанға көшер сәтті ұзақ күтіп, аңсап жүрдік. Бала болғандықтан бұл жақты ертегідей елестеткен шығармыз, бәлкім.

Шекарадан өтіп, атамекеннің топырағына аяғымыз тиген сәтте әкем балаша қуанды. Менің де еміс-еміс есімде, бұл жаққа көшіп келер алдында да, көшіп келген соң да аз қиналмадық. Біз әлі баламыз ғой, ал әкем қолында тұрған мансап пен абыройды тастап, жаңа ортада шиеттей алты баламен барлығын жаңадан бастау оңай емес. Әкем өзі де орыс тілін шала білді, әйтеуір көшер алдында орыс тілін үйреніп жүрген еді. Мен үшінші сыныпты аяқтап, Қазақстандағы мектепке қабылданғанда сыныптастарым «қытай» деп мазақ ететін. Үйсіз-күйсіз жүргендіктен, әу баста Райымбек ауданындағы әкемнің алыс туыстарының үйіне орналастық. Кеңес өкіметінің енді ыдырап жатқан тұсы болғандықтан, қай жерде де орыс тілінің мәртебесі биік болды. Кейін мектепке барған уақытта да оқушылармен қатар, мұғалім тарапынан да қысым аз болмады. Бірақ мен барған мектептің директоры Жасарал Жақсылықұлы Еңсеповтың әкеме, отбасыма қолдауы, көмегі айрықша зор болды. Орыс тілін білмегенім үшін бағамды да түсіріп қоятын. Осы оқиғалардың барлығына намыстанып, орыс тілін туған тілімдей үйреніп алдым. Кейін академияда оқып жүрген тұста да ауылдың балалары келіп орысша білмейтінін естігенде: «Қазақстанда тұрып сен орысша білмейсің бе? Қытайдан келіп, мен орыс тілін үйреніп алдым» деуші едім. Маған көрсеткен әділетсіздікке ызаланып, қарсылық білдірген түрім шығар, бәлкім. Бес саусақ бірдей емес, оң көзқарас танытып, қолдау білдірген адамдар да аз болмады. Осы орайда, мені таңғалдырған бір нәрсе бар еді. Біз Қазақстанға келген тұста дағдарыс болып, оқушылар мектепке дорба ұстап келетін. Ал Қытайдың әлеуеті сол кездің өзінде-ақ мықты болғаны сонша, біз түймелерін басып қалсаң автоматты түрде ашылып-жабылатын сөмке ұстап жүрдік. Бұл жақтағы қарындаштар қарапайым, қоңыр түсті болса, бізде Қытайдан алып келген қарындаштар түрлі-түсті, қызылды-жасылды болатын. Қазақстанға келіп, елдің жағдайын көріп, таңғалғаным әлі есімде. Қытай тамыры тереңде жатқан үлкен империя ғой, біз қазір қолданатын дүниелерді олар отыз-қырық жыл бұрын ойлап тауып, кәдесіне жаратып жүрген екен.

Әкеңіз 19-20 жасында Қытайдағы «Жазалау» лагеріне кеткен екен. Кейін Жеменей деген ауданда 16 жыл халық жауы есебінде жаза лагерінде болып, ауыр еңбектерге салынған. Сол кезеңнің қиындығы мен мехнаты туралы сіздерге естелігімен бөлісетін бе еді? Қайтып келгеннен кейін өмірді қалай жалғастырған?

– Әкем Қытайда қазақ тілінің мәртебесі үшін, соның ішінде қазақ тілі мектебі ашылсын деген ұранмен ереуілге шыққан. Өзі қазақ тілі курсында оқығандықтан, жас кезінен ұлтына, ұлтының болашағына алаңдады, жаны ашыды. Қытай қазақтарының ішінде алғаш рет қытай тілінен қазақ тіліне аудармашы болған екен. Мен бастауыш мектептің бірінші және екінші сыныбын Қытайда оқыдым. Әлі есімде, бірінші сыныпта біз оқитын мектеп оқулығына әкемнің әңгімесі енген. Сол кезде бала болсам да оқулықтағы Сәмитұлы Жақсылық деген есімді көріп, кеудемді мақтаныш кернейтін. Әкем о дүниелік болған кезде мен бар болғаны жиырма бес жаста едім. Кім біледі, кейін ес жиған соң барлығын айтып беремін деді ме екен, көп оқиғасын айтпайтын. Бірақ әңгімелерін оқып отырып, өмірінің қандай қиын болғанын байқайтын едік. Әкемді бәріміз «Ата» деп атап кеттік. Шығармаларын оқып отырып, «осы оқиға сіздің басыңыздан өтті ғой?» деп сұрасақ, жай ғана жымиып қоятын, бірақ ашылып ештеңе айта қоймайтын. Уақыт өте келе басынан қандай қиындық пен мехнат өткенін түсініп жүрміз. Жас кезімізде түрме, лагерьдің не екенін аса ұғына бермейміз ғой. Өте қайсар, рухы қайратты адам болғаны сонша, бізге бірде-бір рет «Мен қиналдым» деп көз жасын көрсеткен емес. Әйтеуір, зіркілдеп ұрысқаны да есімде жоқ, әрқайсымызды мақтап, мерейімізді асырып отыратын.

– Сіздің отбасыңыз Қазақстанға келген соң, тұрмыс та бірден оңалып кетпегені анық. Әкеңіздің көзін көргендер алты баламен бір бөлмелі пәтерде тұрып, «Қаһарлы Алтай» трилогиясын жазып шыққанын айтады. Әкеңіздің жазу машығы қандай еді? Бүгінгі күні әкеңіздің еңбегі қаншалықты деңгейде еленіп жатыр?

– Ең алдымен, бүгінгі қоғам, жастар кітап оқи ма деген сұрақ қойғанымыз абзал. Неге біз әлі күнге шет ел жазушыларын дәріптейміз, артық көреміз? Қазақ жазушыларының ішінде де дарынды, талантты қаламгерлер баршылық. Оның үстіне, қоғамда «қытай қазағы», «моңғол қазағы», «ауған қазағы» деп жиі бөлініске ұшырайды. Сондықтан қоғам ішінде лайықты мәртебесін алды деп кесіп айта алмас едім. Әкем шығармаларын біз ұйықтап қалған соң, түнде жазушы еді. Кейде түнде оянып кеткенде, көзәйнегінің астынан қарап, «ұйықтай ғой» дегендей басын изеп қана қоятын. Бір бөлмеде жанына шамын қойып, ескі жазу машинасына кітабын жазып отыратын бейнесі әлі күнге көз алдымда тұр. Күндіз алты баланың қамы үшін жұмыс істейді де, қай уақытқа дейін жазатыны есімде жоқ, әйтеуір, түнімен жазуға отырады. Бәлкім, Қытайда бұл кітапты жазуға тыйым салып, қудалар ма еді, кім білсін? Елдегі сөз бостандығы үшін де асыққан шығар. Кейін үкімет тарапынан үш бөлмелі үй беріліп, бір бөлмеде күні бойы тапжылмай жазатын. Бірақ біз де бала едік, ойын бөліп, жазуына жиі кедергі жасаймыз. Ол кезде түсіне қоймасақ та, қазір өз басымыздан өткен соң ғана ұғып жүрмін. Қазір әкемнің еңбегі еленіп, лайықты мәртебесін алды деп айта алмас едім. Бірақ біз асыққанымызбен, Құдайдың да өз жоспары бар ғой. Осы жолда артында қалған ұрпақтары тырысып-ақ келеміз. Өткенде Түркиядағы университтердің бірінде филология мамандығының студенттері «Қаһарлы Алтай» трилогиясын түрік тілінде оқып жүргенін естіп, қуанып қалдық. Ал «Әке бейіті» әңгімесі ағылшын тіліне аударылып, танымал баспасөз беттеріне жарияланып жүр. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Десек те, әркімде бір әттеген-айы бары анық. Артында қалған мұрасын жинап, дәріптеуде біз де аянбай еңбек етеріміз сөзсіз. Әкем болғаны үшін ғана емес, сөз байлығы, тілінің, ойының тереңдігі үшін де әкемді ұлы жазушы деп есептеймін. Қазіргі екі сөздің басын құрай алмайтын жастарды көріп, тілдің, руханияттың болашағы үшін алаңдаймын. Олар терең, ойлы шығармаларды оқымақ түгілі, сауатты жаза да алмайды ғой. Өткенде «ұят» деген сөзді «йат» деп жазған біреуді көріп, шынымен жағамды ұстадым. Бауырларымның ешқайсысы әкемнің жолын қуып, жазушы, ғалым болмаса да, арасында ойын түртіп жүретіні бар.

Сәуле Жақсылыққызы
Фото: Сәуле Жақсылыққызы

Әкеңізден бөлек, сіздің Болат Атабаевтың шәкірті болғаныңызды білеміз. Кезінде «Ақ сарай» театрының құрамында болғаныңыз да бар. Ұстазыңыз туралы сөз қозғасаңыз, қоғам ол кісіні өзіндік көзқарасы бар, диссидент ретінде таниды. Ал ұстаз ретінде қандай адам еді?

– Болат Атабаев тек қана адалдық, әділдік үшін күрескен адам, ұстаз рөлінде де шыншыл, әділ болды. Немістің тәртібін көріп, елге келген соң ұлтының жағдайына жаны ашыған соң айтты. Былайша айтқанда, ұлттың жанашыры ғой. Қазаққа, қазақ тілі мен ұлттық өнерге жаны ашитын адамдардың бәрін бірдей оппозиционер дегім келмейді. Ол өзінің жеке басынан халық пен елдің болашағын жоғары қойған адам. Оқуды бітіре сап «Ақ сарайға» жұмысқа тұрдым. Жиырма үш жасымда бізбен бір деңгейде ойланатын кісіні алғаш көрдім сол кезде. Біреудің көңілін ауыртпайын, ығына жығылайын деген ұстаным ол кісіде болған емес, ашық, тіке айта салатын. Біреуге жасаған әділетсіздігіңді, жасандылықты көрсе, шыдамайды. Әсіресе сахнадағы шынайылықты, тазалықты жақсы көрді. Тіпті ауыр сөздерді де оп-оңай айта салатын. Сол кезде ренжігенімізбен, ол кісінің болмысын кейін түсіндік. Бізге шын өнердің не екенін, өнердегі тазалықтың не екенін үйреткен ұстазымыз деп айтсам қателескенім емес. Сахнадағы жаттандылық, жасандылық, іштей өмір сүрмеу сынды қателіктерімізді Болат Атабаев арқылы түсініп, өзімізді талай тәрбиеледік. Көп әртістің қателігі – интонация іздейді, сол арқылы жасандылыққа ұрынады. Сахнаға шығып ап, дауыс іздеп, құр айқайға салатын әртістер әлі де бар. Жадымызда сақталған осындай қағидаларды сындырған, рөлді сомдауды ғана емес, сахнада өмір сүруді, табиғилықты үйреткен тұлға. Жеке өмірі қандай қиын болса да, біз дегенде, өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын. Бізді ел көрсін, жер көрсін деп талай гастрольдерге де апарды. Әртістің қалай жұмыс істеу керегін ұғындырған адам еді. Театрға дайындық үшін таңғы сегізде кіргеннен кешкі онда бір-ақ шығатын едік. Сол кезде «Ағай, шаршадық» десек, «кейін осы күндерді аңсайсыңдар» деп отыратын. Шынымен-ақ, қазір бір күн жұмыссыз отырсақ, тыпыршып кетеміз. Бізге Болат Атабаевтың ең алдымен бізге қойған талабы: «Әртіс сұлу болу керек» дейтін. Сәйкесінше, өз формамызға, іс-қимылымызға жауапкершілік алып, күтінуді басты міндет ретінде қойды. Қазір өз формасына қарайтын, жүріс-тұрысына мән беретін әртістер аз. Сахна сұлулықты сүйеді, сол үшін сырт кейпіңе мән бергенің абзал. Алдымен әке тәрбиесін көріп, кейін еліміздегі беткеұстар дарынды екі режиссердің, яғни академияда Жанат Хаджиевтің шеберханасынан, театрда Болат Атабаевтың мектебінен өткенім үшін өзімді бақытты шәкірт санаймын. Ұстазымыздың тұлғасы, адами болмысы туралы таңды таңға жалғап айта беруге, әрине, қазіргі таңда «Ақ сарай» театры қайта жанданса екен деген тілегіміз бар.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім Ерболқызы