Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:49, 28 Желтоқсан 2023

Сахнасына жаңалық әкелген спектакль - «Бернарда Альбаның үйі»

Бернарда Альба
Фото: из открытых источников

Биыл қазақ театр өнері әдеттегідей тағы бір жылын артқа тастады. Бұл жыл театр саласында жұмыс істейтін әріптестеріме жаңа леп әкелді деп айтуға әбден болады.

 Атап айтқанда, саф өнердің сахнасы биыл жаңа режиссёрлік шешімдермен, жаңа есімдермен толығып, елімізде әдеттегіден де көп театр фестивальдары өтті. Осы жылдың біздің салаға әкелген тағы бір жаңалығы – еліміздің облыс және аудан орталықтарында орналасқан театрлардың өнерін бағамдауға мүмкіндік алуымыз деп есептеймін. Бұның себебі бір жағынан облыстық театр сыншыларының шақыртуымен жүзеге асса, бір жағынан осы фестивальдардың ықпалы еді. Театр сыншысы ретінде, биыл тұсауы кесілген қойылымдардың ішінде қазақ сахнасына жаңалық әкелгені – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Бернарда Альбаның үйі» (авт. Ф.Лорка, реж. Д.Жұмабай) спектаклі. Қойылым сюжеті шытырман оқиғаларға толы, төрт қабырғаға қамалған әйелдердің оқиғасы жайында өрбиді. Сонымен қатар Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Ұждан», желтоқсан айында сол театрда премьерасы өткен «Ричард ІІІ» спектаклі. Бұл қойылым өзінің сахналық формасы және қойылу шеберлігі жағынан қазақ театр өнеріне тың шешімдер алып келді деп есептеймін. Осы жетістігі арқылы елімізде өткен талай фестивальде топ жарып қана қоймай, Мытыщи қаласында ұйымдастырылған «Подмосковные вечера» театр фестивалінен жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл облыстық театрдың деңгейі үшін өте жақсы көрсеткіш.

Биыл қазақ театр өнеріндегі тағы бір үлкен жаңалық – елімізде орналасқан жалғыз аудандық театр. Атап айтқанда, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында премьера апталығы өтіп, маусымды бірден үш премьерамен ашты. Бұл аудандық театрдың үлкен өнер әлеміне қадам басып, театр сыншылармен тығыз жұмыс істеуіне жол ашқан жаңалық болды. Күні ертең, 25 желтоқсанда Жетісай аудандық театрының 55 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтілмекші. Мерейтой барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал өнер адамдарының қатысуымен «Қара шекпен» спектаклінің премьерасы қойылады. Аталмыш қойылымда Көкшұлан рөлінде – Жұлдыз Әбдукаримова, Тұзар рөлінде – Шағуан Үмбетқалиев ойнамақшы. Бұдан бөлек, Талдықорған қалалық театры жыл бойына Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойын Қазақстан аумағында түгел атап өтті. Мысалы, осы жақында Алматы жұртшылығына арнап Алатау дәстүрлі өнер театрында «Қос Мұңлық» спектаклін қойып, халықаралық «Бикен» театр фестиваліне өткізді. Сонымен қатар актрисаның қолданған заттарын жинақтап, Қазақстан қалаларында көшпелі көрме ұйымдастырды.

Театр сыншысының басты міндеті – сахнада қойылған спектакльге кәсіби тұрғыда сценография, режиссёр шешімі мен кеңістікті игеру қабілетіне, актёрлік ойынға баға беру, талдау. Әр спектакльдің өз кемшілігі мен артықшылығы болады. Мысалы, кеше Әуезов театрында өткен «Қара шаңырақ» фестивалі барысында қойылған 8 спектакльдің ішінен іліп алар дүние көре алмағанымыз өкінішті-ақ! Өзіміз үлкен үміт күткен Әлібек Өмірбекұлының «Құйын» спектаклі, шынымды айтсам, күткенімдей болмады. Бұған дейінгі режиссёрдің спектакльдері формасы, мазмұны жағынан ешкімге ұқсамайтын стилімен ерекшеленетін еді. Алайда аталмыш «Құйын» спектаклінен сюжет желісінің жинақылығын байқамадым. Бұл қойылымнан бұрын қойылған спектакльдері бір идеяның төңірегіне шоғырланып, сол желіге орайластырып тұратын еді. Сонымен қатар аталмыш туындыда Әлібек спектакль ырғағын түзе алмағанын байқадық. Шығармашылық құрамдағы ұзақ уақыттан бері көрермен көзайымына айналған Бекжан Тұрыс, Мағжан Асаубай, Қасым Демеу, Әділет Базарбай сынды актёрлер спектакльді қозғаушы күш ретінде үлкен салмақ көтеріп жүр. Сондықтан ұжымдық жұмыс ретінде актёрлер үшін арқаны кеңге салып, ләззат ала отырып ойнайтын спектакль болу керек еді, бірақ сол ләззатты көрерменге толық жеткізе алмай қалғаны өкінішті.

Айжан Ахмет, театр сыншысы