Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:56, 21 Наурыз 2023

Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...

None
None

Тағы бір кеш батты, тағы бір таң атты. Осылай басталатын әңгіме-хикаяттар болушы еді ғой.

Сол сияқты тағы бір сайлау өтті. Бұл сайлаудың бұрынғыларынан өзгешелеу болғаны ешкімге құпия емес. Дақпырты қалай жер жарса, даңғазасы да солай. Бәрінен бұрын жұртқа қызығы, «диван батырдың» сайлауға диван арқалап келгені. Саяси шоу дейміз бе, басқа дейміз бе? Президенттің «диван батыр» туралы сынына берген жауабы сияқты.

Маңғыстау облысында бір әулеттің жеті-сегіз келінінің камзол-көйлекпен келіп, дауыс беруі – сайлаудың сәніне өзгеше рең береді екен. Ал түйе мініп, «түйеден түскендей», оғаш саяси ойын қойғандар да бар. Трактормен дауыс беруге келген шаруаның әрекетінен әлеуметтік астар іздеу керек. Онда да таба алсаңыз. Ғасыр жасаған қариялардың дауыс беруі үлкен ұпай болмағанымен, ұрпаққа үлгі, саяси белсенділігі «өлген» қазақ қоғамына мотивация.

«Саяси белсенділігі өлген» дегенді тегіннен тегін айтып отырған жоқпыз. Оған дәлел де жеткілікті. Ресми Астана қалай есеп берерін қайдам, кейбір сайлау округтеріне тұрғындардың 20 пайызы да бармаған. Әлеуметтік желіде сайлаудың құлақкесті қызметкерлерінің уыс-уыс бюллетеньді сүңгітіп жатқан видеолар пайда болды. Кейбір сайлау учаскелерінде комиссия төрағасы «Аманаттың» өкілі екен» деген де деректер тарап жатыр. Тере берсең, минус-плюсі көп сайлаудың бірі.

«Аманаттың» ат ойнақтатып тағы да алға озуы қоғамдағы сайлауға деген сенімсіз көңіл күйді күшейтпесе, әлсіретпейтіні анық. 5 пайыздық үдеден өткен алты партияның екпініне қарасаңыз, бұл сайлаудың салыстырмалы түрде әділ өткеніне іштей сенімді боласыз. Осы уақытқа дейін шаппай жатып, өзіне-өзі байкот жариялап келген ЖСДП-ның өзі 5 пайыздық деңгейден асып отыр. Бұл, әрине, орталық сайлау комиссиясының берген есебі емес. Exit poll-дың құжаты. Ресми Астананың есебі Exit poll-дан соншалық қиғаш шығады дегенге біздің де көңіл көне қоймайды.

«Аманаттан» кейінгі орынды «Ауыл» алып отыр. «Республика» құйырықтасып келді көбеге. «Қазақстан халық партиясы» мен «Ақжолдың» аптығы басылмай, әлі ентігіп тұрғандай.

Партияларды қойшы, тобымен келіп, тобымен кететін тобыр. Сайлаудың қызығы – 30 пайыздық орынға таласқан «сен тұр, мен атайын» дейтін бірмандаттың маңғаздарында. Халыққа керегі де солар еді. Әуелде сол отыз пайыздық үлеске 435 кандидаттың тіркелгенін айтқанбыз. Салмақты тұлғалар да, салмақсыз қаңбақтар да бар. Бәйге басталмай, сүрінгендерін де жаздық. Арасынан халыққа ұнаған кандидаттар шықты. Мәселен, Алматы облысынан түскен Рысбек Сәрсенбаев пен Алматының «атышулы» Алатау ауданынан бағын сынаған Ермұрат Бапи, Астананы шулатқан Арман Шораевтар – халық шынайы күткен кандидаттар. Қазірше, Бапи мен Шоревтың топжарып тұрғаны айтылуда. Халыққа сүйкімі кетпеген бұдан да басқа кандидаттар бар еді. Бәрінің маңдайы жарқырай қоймас. Бұған да шүкір!

Тегтер: