Сайлау біте сала – баға бетімен кетті
Елімізде сайлау мен бірқатар тағайындаулар біте сала үкімет басшысы елімізде бензин мен дизель бағасы көтерілетінін мәлімдеді.
«Бұл оңай шешім емес, бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Егер жақын арада бұл шешімді қабылдамасақ, мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз», –деп төндіре сөйлеген Әлихан Смайылов елімізде жан басына шаққандағы дизель отынын тұтынудың деңгейі өте жоғары –жылына 370 литр екенін атап өтті. «Есектері судан өте сала» өздерің көп тұтынасыңдар, сондықтан қымбаттатуға мәжбүрміз дегендей, қымбаттауының өзін халықтан көріп отырғаны халықты айран асыр қылды.
Осы орайда айта кетсек, дизель отынын тұтынудың деңгейі Ресейде –225 литр, Қырғызстанда –98 литр, Өзбекстанда –44 литр немесе 8 есеге төмен көрінеді. Ал бағаны қымбаттату арқылы тұтыну деңгейін түсіре аламыз деу қаншалықты орынды?! Жалпы бұл мәселені халыққа жаба салмай, немесе халықты қанау арқылы шешпей, дизель отынының беталды шығын болып жатқан көлеңкелі тұстарын шеше алмаса, мемлекеттің миллиардтарын шашып, осынша министрді, қаншама депутаттарды неге сайлап, не үшін тағайындадық?! Сайлауға дейін халықпен санасқан билікке әлде енді халық пікірі қызық емес пе?!
Айтпақшы, бұлар былтырғы қаңтар оқиғасының нақ осы қымбатшылықтан шыққанын да ұмытайын деді-ау. Ендеше, кеше ғана халыққа уәдені үйіп төгіп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатуға» уәде бергендердің ай өтпей жатып, басқаша құбылуы халықты ашындырмасына кім кепіл?! Атап өтер жайт, елімізде тасымал құны көтерілсе, азық-түлік, тауар бағасы да шарықтап шыға келеді. Осыған алаңдаған халыққа премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин: «Жанар-жағармай қымбаттаған жағдайда, мысалы, қантқа әсері – 5 пайыз, ал күнбағыс майына 2,4 пайызға өседі деген болжамымыз бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар қазір жанармаймен, дизельмен жұмыс істемейді. Олар әлдеқашан газға көшіп кеткен. Ал газдың бағасы әзір өспейді», – деп жауап берді.
Алайда көп жағдайда министрдің аузымен айтылған болмашы пайыз, дүкен сөрелерінде еселеніп көрінетіні рас. Айналып келгенде қиналатын халық. Министр күзгі егіс жұмыстарына арнайы дизель отыны бөлініп қойғанын да айтып, төменгі бағадағы дизельмен қамтамсыз ету алдын ала жоспарланғанын, азық-түлік қорлары да бар екенін айтып, бағаның өспейтінін дәлелдемекші болды. Алайда жыл сайын күзгі егіс науқанында қымбаттаған бағаның сол күйі қалатынын көзіміз көріп келеді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Хамит Әбжанов: «Біз қаңтар оқиғасының қателігін қайталамауымыз керек. Ол кезде де газ бағасының қымбаттауының соңы жаппай қымбатшылыққа әкеліп, халық еріксіз көшеге шығып кеткен еді. Ашынған адам ештеңеден аянбайды. Осыны ұмытпауымыз керек. Бала-шағасы аш отырған, тапқан таянғаны ішіп-жемге жетпейтін әкеге одан өткен қорлық жоқ. Былтыргаз бағасының қымбаттауына қарсы батыс өңірлерде басталған наразылық акциясының соңы қаңтар оқиғасына ықпал еткенін ұмытпауымыз керек. Айтпақшы, сол кездері газ бағасын, тіпті одан да төмен ұстап тұруға мүмкіндік бар екені, газ бағасын қолдан өсіріп отырғанымыз анық айтылған еді. Осы орайда бұл мәселенің басқа жолдары бар деп ойлаймын. Жалпы бағаны тұрақтандыруға күші келмейтін, дүниенің бәрін қымбаттатып отырған үкімет қаншалықты халыққа жанашыр деген ой туындайды», –дейді.
Елімізде бір көтерілген бағаның түсуі қиын. Ептеп өсіп жатқан баға уақыт өте келе барлық заттың құнына, қымбатшылыққа ықпал етеді. Сол секілді сайлау өткен соң еліміздегі кейбір қызметтер де өсе түскен. Мәселен, Шымкент қаласында қоқыс шығару құны жақында екі есе өсті. Бұған дейін көпқабатты үй тұрғындары қалдық шығарғаны үшін адам басына 171 теңге, жеке учаскедегілер 200 теңге төлесе, енді бұл тариф 390 және 418 теңгеге өскен. Үкімет басшысы қанша жерден дизель отынының қымбаттағаны бағаға әсер етпейді десе де, қызмет көрсету құндарына да ықпал етуде.
Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш: «Қалада қоқыс шығару бойынша мәселе бар. Оны шештік. Қалдықтың жиналмауының екі себебі бар. Бірі – дизель отыны қымбаттағаны. Қазір қоқыс шығаратын мекемелер дизель отынының литрін 230 теңгеден алып жатыр», – дейді. Демек қымбатшылықтың көкесі алда...