Сайлау келе жатыр...
Енді екі айдан кейін тағы Мәжіліс сайлауы. Соңғы бірер жылдың ішінде, референдумды қосқанда, бірнеше сайлауды бастан өткерейін деп тұрмыз.
Бұрынғы қай сайлау болмасын, негізінен, үш-ақ партия жеңімпаз атанатын. Аты өзгерген «Нұр Отан», Коммунистер және «Ақжол». Ал «Ауыл» мен ЖСДП және «Адал» жеткілікті дауыс жинай алған жоқ. Енді бұл бесеуге жаңадан құрылған «Байтақ» пен «Республика» партиясы қосылды. Сонымен сауал, алдағы мәжіліс сайлауына жеті партия да қатыса ма? Қатысады. Қазірдің өзінде жетеуі де мәлімдеме жасап үлгерді.
Осыған дейін парламент пен мәслихат сайлауында басым орын алатын Amanat партиясы бұл жолы да жеңістен үмітті. Партияның атқарушы директоры Елнұр Бейсенбаев мәжіліс пен мәслихаттың барлық дегейінде депутаттыққа кандидаттар ұсынатынын мәлім етті. Сонымен, Amanat мәжіліс сайлауына 98, ал мәслихатқа 3415 депутат ұсынатынын жария етті. Әрине, бұрынғы «Нұр Отанның» ізбасары болып отырған Amanat ашығын айтайық, үлкен әкімшілік ресурсқа ие. Артықшылығы да осында шығар. Партияның атқарушы директоры Елнұр Бейсенбаев әр облыс орталығындағы бас штабтарын қоспағанда, 249 аудандық филиал және 4 мыңнан аса бастауыш партия ұйымы барын мәлімдеді. Ақиқатын айтайық, қалған алты партияда мұндай мүмкіндік жоқ. Осыған қарап-ақ Amanat партиясының шаппай бәйге алатынын қазірден шамалауға болады. Бірақ «жеңімпаз партия» делініп жүрген Amanat мәжілістен қанша дауыс алады? Оны енді уақыт көрсетеді. Бірақ қалай айтқанда да, осы уақытқа дейін мәжіліс төрағасы болған Қошановтың, нақты айтқанда, бүгінгі билік партиясының басым дауыс алуына Ақорда да мүдделі. Ал одан кейінгі орындарды «Ақжол» мен қазір командасы да, аты да мүлде өзгерген «Қазақстан» халық партиясы ала ма? Бұрын аталған екі партия тұрақты түрде мәжілістен 7-10 орын алып келгені белгілі. Бұл жолы қайтпек? Мәжіліс сайлауы алдында «Ақ жолдың» партия мүшесі болған Азамат Әбілдаев деген біреу бәрін бүлдірді. Сенген депутаты ресейшіл болып шықты. Путинді қолдайтынын айтты. Бұл сайлау алдында «Ақ жолға» соққы болды. Сондықтан базбір сарапшылар бұл жолы «Ақ жолдың» мәжілістен алар орны азаюы мүмкін деген болжам жасап отыр. Ал Қазақстанның халық партиясына ресейшіл Ертісбаев келгені белгілі. Жақында оның орынбасарлары өзгерді. Ертісбаевқа орынбасар болған қос журналист халық партиясын халықтың сенімінен шығара ала ма? Жалпы, кешегі тұңғыш президенттің ұзақ уақыт кеңесшісі болған, осы уақытқа дейін қазақша сөйлемеген Ертісбаев бұл жолы елді соңына ерте алады дегенге сену қиын. Осы уақытқа дейін қаншама рет сайлауға қатысса да, мәжілістен еш орын ала алмаған «Ауыл» партиясы бұл жолы да үмітті. Өткен сайлауда белгілі межеге сәл жетпей қалған ауылдықтардың осы жолы асығы алшысынан түсер. Бірақ, кем дегенде, мәжілістен 7-8 орын алады деп айта алмаймыз. Дегенмен, расын айту керек, сайлауға тұрақты қатысып келе жатқан оларға аз дегенде, бір-екі орын берілуі ықтимал. Оның үстіне, президент алдағы бес жылды «Ауыл жылы» деп жариялады. Бұл «Ауыл» партиясына берілген зор мүмкіндік. Сондықтан ауылдықтарда үміт бар. Ал өткен жылы үміткері президент сайлауына қатысқан ЖСДП партиясы бұл жолы мәжілістен орын алады деуге сену қиын. Тіркеуден өтіп, саяси додаға жақында ғана қосылған «Байтақ» пен Республика партиясы парламенттен орын ала ма? Соңғы екі-үш жылдан бері еліміздегі экология мәселесін шындап көтеріп жүрген «Байтақ» партиясына байтақ елдің халқы басым дауыс бере ме? Мұның бәрі ұйымдастыру жұмыстарына байланысты. Егер халық, шын мәнінде, экологияның жағдайын түсінсе, «Байтаққа» мәжілістен бір-екі орын тиіп қалуы ықтимал. Ал ың-шыңсыз Әділет министрлігінен тіркеуден өткен «Республика» партиясы туралы болжам жасау қиын. Өйткені олардың аймақтарда әлі филиалдары құрыла қойған жоқ. Алдағы уақытта олар аймақтарда бөлімшелерін құрып үлгере ме? Ол жағы әлі белгісіз. Ақиқаты, партия құру оңай емес.
Ал өткен мәжіліс сайлауының қорытындысына назар аударсақ, нәтиже төмендегідей болғаны белгілі. Қазақстан Халық партиясы – 9,10 пайыз, Nur Otan партиясы – 71,09 пайыз, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29 пайыз, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95 пайыз, «ADAL» саяси партиясы – 3,57 пайыз дауыс жинады. Мәжілістен Nur Otan партиясы – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы –12 мандат, Қазақстан Халық партиясы – 10 мандат алды. Ал бұл жолы осы көрсеткіштер қайталана ма? Мұны нақты айта алмаймыз. Өйткені айтылып жатқан болжамның бәрі ең алдымен, екі нәрсеге байланысты. Халықтың қай партияға дауыс беруіне және биліктің шынайы әрекетіне қатысты болып тұр. Бірақ бір анығы, сарапшылар осы жолы мәжілістің 70 пайызы өзгеруі мүмкін дегенді айтып отыр. Дұрыс-ақ делік. Қай партия 5 пайыздық нәтижеден жоғары нәтиже көрсетсе, сол партияның өкілдері ғана мәжілістен орын алады. Енді бұрынғыдай үш емес, төрт-бес партия мәжіліске келсе, соның өзі алға жылжығандық. Ал партиялар сайлау компаниясын қалай өткізеді, бұл да нәтижеге әсер ететіні сөзсіз. Ал дұрысы – мәжіліске халықтың қамын ойлайтын азаматтар, жаңашыл жастар мен ұлтжандылардың келгені абзал.