Сайлау келе жатыр...
Жаңа Қазақстан құрып жатқандықтан, сайлау әділ өтеді деген үміт бар. Мәжіліс депутаттарының құрамы халық толық сенім артқан жаңа құрамда болу қажет.
Бірақ 70%-ы партия тізімі бойынша өтетіні оған күмән тудырады. Сонымен қатар, бір мандаттық округта сайлауға өзін-өзі ұсынатын тұлғалармен қатар, партия мүшелері қатысуын құптамаймын. Депутат болу үшін халыққа танымал кейбір азаматтар билік партиясының қатарына қосылды. Олар осы қадамдарымен өзінің жеке азаматтық ұстанымының жоқтығын білдіреді. Халыққа жағымды пікірлерімен «ұпай» жинап алып, партия атынан депутат боламын деген қадамы – соның белгісі. Өкінішті-ақ. Олардың партия арқылы депутат болып алып, батыл пікірлерін (халық қолдайтын) іске асыруы партиясының көзқарасына байланысты екенін білмеуі мүмкін емес.
Бір мандаттық округте сайлауға қатысқан қоғам белсенділеріне үміт артуға болады. Өкінішке қарай, олар аз болады. Депутаттар құрамын жастар, әйелдер деп пайыздау дұрыс емес. Халық сеніміне ие болса, болды емес пе?! Партия арқылы өткен депутаттарды халық қалаулылары деп айта аламыз ба?
Мен 2004 жылы мәжіліс депутаттығына үміткер болып, бір мандаттық округке тіркелген болатынмын. Тіркелу жарнасы жүз мың теңге болатын. Ол қаражатты тапқан табысымнан төлеуге мүмкіндігім болды. Ал қазір бір миллион теңге болғасын оған ақшам жетпеді. Себебі, бұл сома – менің жеті айлық зейнетақым. Есімде, тіркелуге барғанда, сайлау комиссиясының төрағасы таңғалды. Себебі еш партияда жоқ едім. Егер 20% дауыс алсаң, ерлік жасағаның деп жымиды. Ауылда бір кездесуімде сөзімді айтып болғаннан кейін, бір ақсақал орнынан тұрып, «ойларың дұрыс, бірақ депутаттыққа өтпейсің» деген өкінішті пікірін айтып шығып кетті. Қазір ойлап қарасам, олар сол замандағы сайлау жүйесінің билікке байланысты екенін, сайлаушылар шешпейтінін білген екен. Қазір де нақты өзгеріс бола қоймас… Сонымен, сайлау келе жатыр...