Сайлау: Кімге олжа, кімге дау?
Биылғы сайлау бұрынғыдан қауырт болғалы тұр. Оның үстіне жұрт биылғы саяси науқанда депутаттарды мәжіліске, жергілікті мәслихаттарға біржолата сайлауға сайланып жатыр.
Әсіресе әлеуметтік желі жарнамалаудың ең тиімді мүмкіндігі болып тұр. Нақсүйерлерін мақтаудың да, даттаудың да хас шеберлері осында!
Жақында фейсбукте «провинциядан» алыс елді мекендегі сайлауға қатысты күдік тудыратын видеоролик тарап кетті. Онда желі қолданушылардың бірі Шашубай кентінде сайлаушылар тізімінің жасанды құралғандығы жөнінде күдігін жайып салды. Көптің назарын аударған тақырып бізге де ой тастады. Артынша, ақ пен қараның ара-жігін ашып көрсек деген ой көкейде қылаң берді. Ондағы мақсатымыз – ақпараттан жалған фейк жасап, қоғамды бүлікке шақыру емес, мәселені зерделеп зерттеуді жөн көрдік.
Секем неден?
Шашубай кентінің аты-жөнін жасырған тұрғыны көлігінің ішінде отырып, қаңырап бос тұрған Абай көшесіндегі 5 қабатты және Ақберген көшесіндегі жөндеу жұмысы жүріп жатқан 4, 5,7,9 көпқабатты үйді көрсетіп, бірде-бір адам тұрмайтын мекенді дауыс берушілер қатарына қосқан дей келе, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбековке «бұл қалай болғаны?» – деп, сауал тастады.
Дерек пен дәйек
Шынымен де қаңқасы ғана қаланған баспанада қанша адам тіркеуде тұрғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Былай қарағанда, дәйексіз дерек бірден көңілге секем ұялататыны рас. Дүйім жұртты елеңдеткен жәйт бізге де ой салды. Артынша, мәселенің ақ қарасын анықтауды жөн көрдік. Алдымен қараусыз үйдегі сайлаушылар жайлы дерек жинауға бекіндік. Сөйтіп, жергілікті сайлау комиссиясымен байланысқа шықтық. Жауапты Ақтоғай аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбековтің өз аузынан алдық. Сондағы оның уәжі мынадай:
— Сайлаушылар тізімі жеке тұлғалардың азаматтық деректеме базасынан алынды. Мәселен, сайлау учаскесінің шекаралық белгісіне сәйкес, кенттегі Абай көшесі 4 үйде қазір 1 адам тіркеуде тұр, сондай-ақ Ақберген көшесіндегі 5-үйде – 1, 7 үйде 2 кісі, 9-үйде 4 адам тұрғын ретінде көрсетілген. Заңсыз енгізілген деректер жоқ. Жалпы үй бойынша тіркеуде бір ғана адам тұрса да, ол сайлаушы болып есептеледі, – деді ол.
Сонымен Шашубай кентіндегі сайлаушылар тізіміне қатысты дау әлеуметтік желіні шарлап, ақыры сотқа жеткен. Біз үшін бейне роликтің авторы жұмбақ болып қала бермек. Алайда, ол маңызды емес. Бірақ бір анығы осы мәселеге қатысты Шашубай кентінің тұрғыны Нұртас Өміркешев Ақтоғай аудандық сотына кеше шағым түсірген екен. Оны аталған аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Сағадат Қалиасқаров растады. Талап-арызды қазір судья Саягүл Махина қарап жатыр. Соттың үкімі осы аптада шығарылады. Айтпақшы, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов те жоғарыда аталған азаматтан өздеріне талап-арыз келгенін хабарлады. Ол аудан әкімдігінен сұратылған тиісті құжаттар негізінде ішінара тексеріс жүріп жатқанын және өтініш иесіне сот үкімі негізінде жауап берілетінін айтты.
Иә, қашаннан бері халықтың күткені – әділ сайлау. Сайланғанша елді жарылқап, жылы орынға жайғасқан соң жеке мүддесін көксейтін депутаттардың талайын бұқара көрген.