Сайлау ма, әлде цирк пе?!
Сайлау күні дауыс беруге түстен кейін бармақшы болып, түске дейін сайлауды сайттардан, әлеуметтік желіден бақыладым.
Бірі сайлауға түйемен келіп, енді бірі жартылай жалаңаш күйінде барып, тағы бір сайлау учаскелерінде қалыңдығына сөз салып, кейбіреулері тегін көже таратып, сайлау учаскесін адыраспандап, тіпті арқасына диван байлап келіп дауыс беріп жатқандарды естіп бар қызықтан құр қалғандай болдым. Сөйтіп отырғанда Қонаевта барыстың киімін киіп барғанын, ал Семейде «Қыдыр атаның» кейпінде келіп бата бергенін, енді бір жерде робот киімімен келгендерді естіп шоуға айналған қандай сайлау болды деп көргенше асықтым.
Ең алдымен үйдің іргесіндегі Алматы облысы Абай ауылы Қарасай ауданының білім бөліміне қарасты мемлекеттік мекемесінің Абай ауылындағы №2 орта мектебінде орналасқан №508 сайлау учаскесіне бардым. Сыртындағы сайлау туралы хабарламасы мен «№508 сайлау учаскесі» деген нұсқаулығына қарамасаң тіпті сол жерде дауыс беріп жатыр деп ойламайтындай тыныштық екен. Кіріп шығып жатқан адам көрінбейді. Мектепке кіріп барғанда беріректе мектеп директорының, одан ары сайлау комиссиясының отырғанын байқадым. Қанша жерден «сайлаудан мұғалімдерді босатамыз» десе де, сайлау мектепте өтсе, ол жерде мектеп директоры бастап отыратыны, мектеп директоры отырса мұғалімдерінің тіпті бас тарта алмасы анық. Осыған дейін халық санағы болса да, халықтың тұрмысын анықтау сауалнамасы болса да, қысқасы «қашқанға да, қуғанға да серік» ұстаз қауымының бұл науқаннан да қалыс қалмағанын ұқтық.
Журналист болған соң іште сайлауды біраз бақылағым келгенімен дауыс беріп жатқан ешкім болмағандықтан бәрінің аңдығаны мен болған соң еріксіз сыртқа шықтым. Әзер дегенде жиырма минуттай уақыт өткенде мектепке алпыстардағы ерлі-зайыптылар кіргенімен іштен тез шықты. Сөйтсем Абай ауылына көшіп келгендеріне бес жыл өтсе де үйлерін заңдастырмаған көрінеді. Заңдастырылмаған үйге тіркеуге де тұра алмайтындықтан дауыс та бере алмайды екен. «Үйді тіркету үшін Қарасай аудандық әкімдігіне бірнеше рет бардық. Бас жоспарда өзгерістер болып жатыр деп бірнеше рет кері қайтарды. Бірақ ақша беріп басқа көршілеріміздің жасатып жатқанын есіттік. Біздің беретін ақшамыз болмады. Сонымен көршіміздің үйі заңдастырылса демек біздікі де уақыт өте заңдастырылар деп қойдық. Бірақ үйімізді әлі күнге заңдастыра алмай отырмыз. Сол себепті бүгін дауыс та бере алмадық» деді көңілі түскен ағамыз.
Абай ауылында соңғы жылдары құрылыс өте қарқынды жүрді. Тіпті өткен жылы ауылдың іргесі ұлғайып гектарланған жерге бір жазда үйлер қаптап кетті. Бірақ бәріне ортақ бір мәселе. Үйлері заңдастырылмаған. Ауада тұрған үйге салық та салынбайды, халық тіркеуге де тұра алмайды. Мемлекеттің қадағалауынан тыс қалған бұл мәселе жемқорлардың «құжатты заңдастырамыз» деп жемсауын толтырса, мемлекетті жылжымайтын мүліктен түсетін салықтан қағып отыр. Шын мәнінде бұл түйтілдің шешілмей келе жатқанына талай жыл. Тіпті осы ауылда он жылдан астам тұрса да үйі заңдастырылмаған тұрғындар жетерлік. Демек бүгінгі сайлауда да бұл мәселе халықты дауыс беру құқығынан айырды, халықтың сайлау белсенділігін де төмендетті.
Шіркін-ай шоуға айналдырып сайлау өткізгенше халықтың осындай қарапайым мәселелеріне құлақ түріп, дер кезінде шешсе халық сайлауға самарқау қарамас еді. Тіпті жалған шоулар ұйымдастыруға да мәжбүр болмас едік. Жыл сайын Алматы қаласында сайлау кезіндегі белсенділіктің төмен екені айтылып жатады. Осындай нәрселер де белсенділікті төмендететінін ұғынсақ етті.
Бір сағаттай мектеп ауласында отырғанымда екінші рет мектеп ауласына тағы елулердегі апа келді «ауылдағы итті құртам» деп еді біреуі соған дауыс берейін деп ем қайсысы еді» деді қасыма жақындап, «Құртқанда ол үшін алдымен заңды өзгерту керек шығар. Бюлетень көрсеңіз есіңізге түсер аты жөні» дедім.
Расында да екі үш күн бұрын ауылдың чатында «мен сайлансам ең бірінші қолға алатын жұмысым қоғамдық көлік мәселесін шешу және ауылды иттен тазарту. Мен депутат болсам автобус мәселесі оңай шешіледі. Себебі менде мандат болады. Ол үшін барлық тұрғындар маған дауыс берсін деген» хабарландыруды оқыған болатынмын. Суретін де көрген едім. Бірақ есімде қалмапты. Дауыс беруге келген апаның немересін қыста қаңғыбас ит қауыпты, бірақ әкімікке неше рет барса да ауылдың шетінде жүрген иесіз иттерді құрттыра алмапты. Қаланың іргесіндегі ауылда қоғамдық көлік мәселесінің де шешілмей келе жатқанына да он жылдан асты. Ауылда қаламен жалғайтын қоғамдық көлік тұрмақ, мына тұрған «Алтын орда» базарына жеткізетін қоғамдық көлік жоқ. Тұтас ауыл тұрғындары жолақысы жоғары таксимен жүруге мәжбүр. Осының алдында да талай үміткерлер уәде беріп, осы мәселелерді көтеріп сайланып алып, кейін ұмытып кеткен он жылдық мәселелер. Осындай уәдешіл үміткерлердің халықты алдауына ғана ықпал ететін бірақ жылдап шешілмейтін мәселелер. Тағы да алданатынын білсе де адымдап басып мектепке кірген апаны аяп кеттім.
Шоу сайлау, он жылдап шешілмейтін бірақ сайлау кезінде берілетін өтірік уәде. Бүкіл қоғам көзбояушылықпен айналысып жүргенде мемлекет қалай дамиды. Әй біз адам болмаймыз...