Сайлаудан кейін «бәрі тамаша, жаңаша» бола ма?!
Бұрындары сайлаудан кейін «бәрі тамаша, жаңаша болады» дегенге иланатынбыз. Ал қазір халықтың көкейінде күмән көп.
Бүгінде қарапайым халықтан бөлек,экономика саласын зерттеп жүрген сарапшылар да еліміздің экономикасына қатысты түрлі болжамдарды айтып қалады. Бұл ретте, тіпті, «қазіргі бағытты өзгертпесек, 90-шы жылдардағы тоқырауды қайта бастан кешеміз», дейтіндер де баршылық.
«Қазақстан менеджмент» сараптау орталығының жетекшісі Ғалия Қасымханованың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанға бюджетті толықтыру көздерін өзгерту қажет. Ол үшін, әрине, табыс көздерін әртараптандыру қажет болады. Бұл ретте, маманның айтуынша, біз тоқсаныншы жылдары нарықтық экономиканың қиыншылықтарын ғана көрдік. Ал енді бір тоқырау болатын болса, бізге ес жинау қиын болады. Себебі тоқсаныншы жылдары біз ипотекалық дағдарыс дегенді білмедік.
– Ол кездері жұрт қазіргідей несие алу, қомақты көлемде банктерге қарыз болу дегенді білмеді. Қазір жекелеген тұлғалардан бастап, құрылыс компаниялары, жекеменшік серіктестіктер, алпауыт компаниялар барлығы несиеге батып отыр. Несие саясатының дұрыс жүргізілмеуі, бюджетті тек мұнайдан түсетін түсіммен ғана өлшеу, отандық өңдеуші саланың тұншығып жатуы мұның барлығы экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан болашақта біз үшін бюджетке түсетін табыс көзін әртараптандыру маңызды болмақ, – дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.
Маманның айтуынша, біз үшін ең маңыздысы, жаңа жұмыс орындарын ашу. Тек мұнай-кен барлау өндірісіне ғана иек арта бермей, отандық өндіріс орындарының түсімін арттыру дағдарыстан құтқаратын болады. Бұдан соң, мұнайдан түскен түсімді ұтымды пайдалану керек. Мұнайдан түскен түсімді халықаралық түрлі шаралар өткізуге немесе жиындар, басқосулар ұйымдастыруға жұмсағаннан гөрі экономикалық инвестиция ретінде ауқымды жобаларды қаржыландыруға жұмсаған жөн.
Бұдан бөлек, үкімет халыққа мардымсыз үстемақы қосып отырғанын да мойындауы керек. Егер нақты деректерге жүгінсек, республика халқының 60 пайызы ас-ауқаттан үнемдеп кетті. Қазір расымен де, тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қатары көп.
— Алдағы уақытта да қымбатшылықтың өспейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Сайлаудан кейін өмір өзгереді дегенге қазір ел сенбейді. Ақиқатында, біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. Соңғы бес жылда халықтың ақшаны тамақтан үнемдеуі көп нәрсені аңғартады, – дейді экономист-маман.
Сарапшының айтуынша, үкімет келер екі жылда сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе, елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кезең жетті.
Жалпы, экономист мамандардың байыптауынша, келер жылы қымбатшылық қыса түседі. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жайттың өзі мұны аңғартып отыр. Сондықтан біздің атқарушы органдарға болашақта қажетті шешімдер қабылдау керек болады. Ол үшін, біріншіден, инфляция жеп қойған халықтың ақшасының орнын толтыру мақсатында орташа жалақы көлемін өсіру керек. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.
Екіншіден, отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктерден бөлек, тарифтік жеңілдіктер қарастырылса, жөн болар еді. Себебі жылу, жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал. Алайда біздің үкіметтің бұған кірісе қоюы тағы неғайбыл. Себебі өткен аптада ғана еліміздің энергетика министрі Болат Ақшолақов алдағы уақытта электр энергиясы 50 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, үшіншіден, халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін тұрақтандыру қорларынан бөлек, мемлекеттік арзан дүкендер желісі ашылса, жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса, анағұрлым арзан болар еді.
Міне, аталмыш ұсыныстарды алға тартқан мамандар: «бірінші кезекте осы аталған жайттар жүзеге асса, халықтың мойнындағы ауыртпашылық сәл-сәл жеңілдер еді», деген ойда. Ал мұндай ұсыныстарға үкімет назар аудара ма, жоқ па?!
Қайтсе де ең алдымен, сайлау өтсін, одан кейін не өзгереді, не бәз баяғы қалпында қалады. Оны да көре жатармыз...