Сайлаушылар басқаларға кешіргенді, бізге кешірмейді – «AMANAT» партиясының Төрағасы
Астанада «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумы өтті.
Онда партия Төрағасы Ерлан Қошанов партиялықтарға қойылатын талап аса жоғары екенін айтты.
«Сайлаушылар басқаларға кешіргенді, бізге кешірмейді. Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда, азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді», – деді ол.
Сондай-ақ, партия Төрағасы бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты екенін және мәслихаттар депутаты партияның жергілікті жердегі өкілісі саналатынын жеткізді.

«Сіздер бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да, «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайынбыз», – деді партия Төрағасы.
Өз кезегінде, жиынға қатысқан ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын жүзеге асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтті.«Бағдарламалық құжаттарды тиімді іске асыру халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Алдымыздағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстардың барлығы бар. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың да белсенді қатысуын талап етеді», – деді Әлихан Смайылов.
