Сайлаушысы ең көп өңір – Түркістан
Елімізде сайлаушысы ең көп өңір – Түркістан облысы. Аймақтағы сайлаушылардың саны 1 176 138 адамды құрайды.
19 наурызда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауында 941 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Бұл жолы мәжіліске Түркістан облысынан жеке мандат бойынша 3 депутат сайланады. Қазір үш округтен 21 үміткер бақ сынап жатыр. Ал облыстық мәслихатқа жеке мандатпен 23 депутат өтуі тиіс.
Облыс әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, өңірде кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жалпы 646 орын белгіленген. Стендтер мен тақталардың өлшемдері мәжіліс және мәслихаттарға тіркелген барлық саяси партиялардың үгіттік баспа материалдарын орналастыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, облыс бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 330 үй-жай белгіленіп отыр. Анықталған орындар мен үй-жайлар туралы хабарламалар жергілікті БАҚ пен әкімдіктің сайтында орналастырылған.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау барысына қатысатын шетелдік байқаушыларды қабылдады.
Атап айтқанда олар: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ұзақ мерзімді байқаушылары грузиялық Амисулашвили Валерий және литвалық Юстина Рудминайте. Б.Тәжібаев қонақтарды облыстың сайлау құрылымымен таныстырып, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ елімізде жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.
Шетел азаматтарын қазақстандық сарапшы Мария Саранова бастап келді. Меймандар сайлауды байқау үдерісінде қазақстандық билік органдарымен сындарлы, өзара әрекеттестік жасау ниетін қуаттап, бақылаушылардың толық және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасағаны үшін алғыстарын білдірді.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жарақтандырылған, кабиналар орнатылып, жолақтар төселген. Сондай-ақ барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуына жағдай жасалған. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, өңірде сайлау күні 36 инватакси және 42 әлеуметтік қызметтік көлік ұйымдастыру жоспарлануда. Қажеттілік туындаған жағдайда демеушілер есебінен, қосымша көліктер ұйымдастырылмақ. Облыста барлығы 97101 мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде, 60329-ы белсенді сайлау құқығына ие.
Сондай-ақ жақында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалымен бірлесе сайлауға қатысты оқыту семинарын өткізді. Жиынға парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына саяси партиялар мен бір мандаттық округтер арқылы тіркелген кандидаттардың штабтарының өкілдері қатысты.
Семинарда облыстық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев және сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбетов сайлаудың маңыздылығы туралы баяндады.
Әмірдин Әлішевтің айтуынша, облыста сайлауға дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай белгіленген мерзімдерде кезең-кезеңімен атқарылуда. Облыс бойынша барлығы – 1615 кандидат ұсынылған. Олардың – 1284-і тіркеуден өтті. Осы тіркелгендердің – 406-сы саяси партиялар арқылы ұсынылса, 878-і өзін-өзі ұсынғандар.
Оқыту семинарында сайлауға дайындық және оны өткізу ерекшеліктері мен қаржылық қамтамасыз ету мәселелері, республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстардың мөлшері қаралды. Сонымен қатар сайлау алдындағы үгіт жүргізудің талаптары мен күнтізбелік жоспардың орындалуы айтылды. Семинар барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді.