«Сайрағанның бәрі бұлбұл емес...» тау суындай сарқырап...

«Миллиондар ойыны» деп әспеттелетін футбол додасының спорт комментаторлары туралы өзімді толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салсам деп едім.
Сонау 1960 жылдардың басынан радиодан берілетін «Қайрат» командасының КСРО чемпионатындағы кездесулерінен репортаждар тыңдап өстім. Содан болар, сол жылдары команданың негізгі құрамында алаңға шыққан қақпашы В.Лисицын, қорғаушылар Ю.Стулов, В.Степанов, А.Федотов, С.Каминский, жартылай қорғаушылар В.Скулкин, Л.Остроушко және ағайынды Ченцовтар мен Т.Сегізбаев, шабуылшылар С.Квочкин мен О.Мальцев есімдері жадымда жатталып қалыпты. Мәскеуден шалқыған кең тынысты асқақ даусымен таудан аққан тасқындай төгілетін Николай Озеровтың, юмор мен сарказмға толы әрбір сөзін әсем де әсерлі үнімен жүз құбылтып толқытатын Вадим Синявскийдің, Тбилисиден тау суындай сарқыраған өршіл рухты үнімен, өзіндік грузиндік акцентімен тыңдаушысын қорғасындай балқытатын Коте Махарадзенің, Ленинградтан сұлу үнді, қою қоңыр дауысты Виктор Набутовтың, Дондағы Ростовтан салқынқанды Геннадий Орловтың, Киевтен қуақы тілді Тимошенконың репортаждары құлағымнан әлі күнге кетпейді. 70-жылдары солардың екеуіне (Озеров пен Махарадзеге) театрдағы ойындары мен жүргізген көрікті футбол репортаждары үшін «СССР-дің халық әртісі» деген құрметті атақ берілді.
Расында да, олардың бәрінің өзіндік салған сүрлеуі, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбалары болды, сондықтан да өнерлері таңдай қақтырып, айызды қандырды. Қазақстандықтардан бүкілодақтық дәрежедегі төреші, жылма-жыл Кеңес Одағындағы «Он үздік төрешілердің» қатарынан табылатын Владимир Толчинскийдің басқалардан шоқтығы биік тұрды. Даусының жұмсақ тембрі тыңдаушыны еріксіз өзіне тартатын. Сонымен қатар Петр Деражинский, Диас Омаров, Василий Феклюнин, Сұлтанғали Қаратаев, Рабат Жәнібеков комментаторлық өнерді дамытуға өз үлестерін қосты. Футболдың қайнаған қазанынан шыққандықтан болар, Виктор Шведковтың («Қайраттың» қақпашысы) да жүргізу үлгісі ерекше болды. Ал Амангелді Сейітханов болса топтан озған дүлдүл еді, бірақ қазақ менталитетінен, мәдениетінен, әдебиетінен, өнерінен жұрдай орыстілді билік пен қоршаған орта оны нағыз бәйге атындай көсілер шағында эфирден шеттетті. Өкінішті, әрине. Екінші тынысы ашылып, эфирге қайта оралғанда сұм ажал оны арамыздан алып кетті.
«Сөздің турасы жақсы...»
Мен қазір де Қазақстан чемпионаты мен кубоктық матчтарды үзбей көріп тұрамын. Ал ел құрамасы ресми не жолдастық кездесулер өткізгенде, болмаса УЕФА турнирлерінің бірінде қазақстандық клубтар ойнағанда мен үшін ол күн айрықша мереке. Сол кезде көңілді өсіретін де, өшіретін де футболшылармен қатар, жүргізушілер де. Комментатор ел алдына шығып, сөз тиегін ағытқан соң, оған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әуезді даусымен көрермен үдесінен шығар көркем комментатор болу үшін оның қабілет-қарымы жоғары деңгейде болуы шарт. Бүгінгі футбол жүргізушіден үлкен кәсіби шеберлікті қажет етеді. Ол үшін бірінші кезекте әуезді, тартымды әдемі дауыс, майда қоңыр жұмсақ үн керек. Бұл енді табиғаттан, әкенің қаны, ананың сүтімен берілетін қасиет қой, сондықтан үміткерлерді конкурстық сұрыптаудан өткізу барысында осыған ерекше мән беру керек. «Казспорт» телеарнасының басшылары бұған көңіл бөлмей ме, жоқ әлде бар білгендері сол ма, әйтеуір, бүгінде комментаторлық тізгінді толықтай Е.Ерікке беріп қойды. Ел құрамасының да, Еуропа кубоктарының да, ел біріншілігі мен кубоктарының да бар ойындарын негізінен сол жүргізеді. «Түйенің бурасы, сөздің турасы жақсы» демекші, шындығында, Ерсін даусының дыбыс ырғағы адамды өзіне тартпайды, баурамайды. Үніне майдалық, жұмсақтық жетіспейді, кәсіби шеберлігі де ұлы Абайдың «Құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екеніне» саяды.
Осы тұста тағы бір айта кетері – спорт арнасының комментаторлық қызметі көп жылдар бойы А.Сағынаевтың еншісінде болды. Ал мен оны мүлдем қабылдай алмайтынмын, ол болса қас қылғандай эфирден түспейтін. Содан шыдам таусылып, арна басшысы Павел Цибулиннің телефонын іздеп тауып, қоңырау шалдым. Көңілді күпті еткен ойларымды айттым, ол ойланып, айтқандарымды қағаз бетіне түсіріп беруімді өтінді. Мен «көрейін» деген екіұшты жауабымды бердім. Көп ұзамай екеуі де арнадан кетті, себебін білмедім. Жалпы, «Казспорт» арнасы ашылар кезде баспасөз беттерінде басшылыққа Есей Жеңісұлы тағайындалатыны жазылған болатын. Жасынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен қаламгердің тізгін ұстайтынына қуандық, бірақ соңғы сәтте ол орынға Ахмет Шариф отырды. «Қарғаны қайырғанмен бүркіт болмас, жабыны жемдегенмен дүлдүл болмас» дегендей, бірер жылдан соң ол да орнын босатты.
«Байлауы жоқ шешеннен...»
Екінші кезекте комментаторға кәсіби біліктілік қажет. Футбол деген құдіреттің қыр-сырын, бүге-шігесін, ұңғыл-шұңғылын жаттықтырушылар деңгейінде меңгеру, ережелерді төрешілердей бес саусақтай білу, командалардың 5 – 3 – 2, 3 – 5 – 2, 4 – 4 – 2, 5 – 4 – 1 сұлбасымен (схема) ойнайтын технико-тактикалық ойнау жүйесіне ой көзімен қарау, шабуыл мен қорғаныстың үйлесіміне назар аудару, құрамалардың шабуылда, жартылай қорғаныста немесе артқы шепте ұстанған айла-амалдарының, әдіс-тәсілдерінің аражігін ажыратып айта білу, әр ойыншының алаңдағы орны, қимылы, атқарар жұмысы, ойнар рөлін дөп басып көрерменге жеткізу, футболшылардың техникалық, тактикалық, функционалдық, физикалық, психологиялық дайындықтарына көз салу т.б. Ол үшін атақты К.Бесков, В.Лобановский т.б. жаттықтырушылардың еңбектерін немесе қазақстандық Павел Черепанов, Қайрат Адамбековтің оқу құралдарын, әдістемелік материалдарын зейін қойып шолып шықса дұрыс болар еді. Мысалы, орыстілді Дидар Қадыров репортаж барысында осының бәрін жаңғақтай шағып, жіліктеп, саралап айтып отырады және қазақтілділердің жіберген қателіктерін жуып-шайып, білдірмеуге тырысады. Тактикалық ойын жүйесін танып білуді содан да үйренуге болады.
Сондай-ақ командалардың оқу-жаттығу жиындарына барып, оны сырттай қадағалап, рұқсат берсе командалардың теориялық сабақтарына қатысып, бапкерлердің нұсқауларын тыңдап, жаттығудан соң ойыншылармен тілдесіп, біліктілікті арттырған жөн, яғни жаратылыстан бойға берілген өнерді дамыту үшін тынбай іздену қажет, әйтпесе көрерменнің ашу-ызасын тудырып, ренішіне қаласың. Біздің жүргізушілер, шыны керек, әр нәрсенің басын бір шалып, көп сөйлейді. Командалардың құрылу және өзара кездесу тарихын, бапкер мен құрамдағы ойыншылардың қайдан келіп, қай клубтарда ойнағаны, олардың статистикалық көрсеткіштері дейсіз бе, болмаса футбол әлемі төңірегіндегі айтылып жатқан ұзын-сонар әңгімеге ерік беріп, ауа жайылып кетеді. Ойын болса өз бетімен жүріп жатады, бір уақытта қарсылас не жанкүйерлік танытып отырған командаңның қақпасына қатер төніп, енді қалай болар екен деп іштей күйіп-пісіп отырсаң, жүргізушінің «аляулайы» бітпей жүйкеңді жұқартады. Сондайда бабаларымыздың «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық» дегені еске түседі, сондықтан қызыл сөзден қымыз сапыра бермей, айтылар әрбір сөзге мұқият болған абзал. Сөз орнымен айтылса ғана қымбат. Сонымен қатар жас толқын статистиканың қас шебері Сергей Раилянға еліктеп санақ қуып кетеді, құдды көрермен соны аңсап, сусап отырғандай. Әр жүргізуші өз соқпағын іздегені дұрыс.
Ұлттық бояу
Тыңдарман қазақы өңі, әрі, нәрі бар репортаждарға шөліркеп отыр. Комментаторлар қызметін «Жақсылар сөз айтады жанға жайлы, балқытып тыңдаушысын лебізімен» деген теңеуге лайық, сөз құдіретін түсініп, тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып жүргізсе екен дейсің. Тіл жұтаң, қасаң болғандықтан, репортаж да сүреңсіз күйге түсіп, солғын тартады. Ал ұлттық бояуы қою болса, мың-сан көрермен экраннан көз алмас еді. Қазақ тілінің бай, шұрайлы екенін айтудан жалықпаймыз, ал сол игілікті іске асыруда енжарлық, құлықсыздық танытамыз. Поэзиямыз, прозамыз, ауыз әдебиетіміз: батырлар мен ғашықтық жырлар, аңыздар мен тұрмыс-салт өлеңдері, ертегілер т.б. көрікті де әдемі сөз тіркестеріне, теңеулерге тұнып тұр. Шіркін, ұл-қыздарымыз содан сусындаса ұлттық рухымыз аспандап кетер еді. Мысалы: «Адасқан қаздай аласұрып», «Адымын аш бөрінің аштырмады», «Қу түлкідей құбылып», «Қанды балақ қасқырдай», «Түлкібұлаңға салып», «Нар бурадай шабынып, екпіні оттай қабынып», «Шабан аттай шалдығып», «Қаз ілген қаршығадай тояттанып», «Сауысқандай сақ қимылдап», «Желдей есіп желпініп», «Аш бөрідей талап тастады», «Үстінен су төгілмес жорғадай», «Көк бүркіттей шүйіліп, ителгідей жұтынып», «Қарақұс қаз алмайды шүйілгенмен», «Шабан ат жемдесе де тездетпейді», «Торғайдан құр қалған қаршығадай», «Арлан бөрідей айбар шегіп», «Дауылдай соғып, борандай ұйытқып», «Қаптаған қара дауылдай, қара нөсер жауындай», «Жүйрікке бәрі бірдей ылди-өрі, ол шапқан сайын көсіледі», «Тау соққандай майдандасты», «Айғырдай тебісіп, бурадай шайнасты» т.с.с. боп кете береді. Осы тіркестерді спорт терминдерімен ұштастырып, орайластырып орынды пайдаланса, репортаж бәйшешектей түрленіп, қызғалдақтай құлпырып кетер еді. Жүргізушілер болса Сағынаевтың «Ал, бұл, сенімдіміз, керемет, тамаша, қақпадан қиыс кетті» деген сөз саптауларын тотықұстай қайталай береді. Несі керемет, тамаша екенін түсінбей дал боласың. Одан да С.Қаратаевтың «жер бауырлата немесе әуелете берген пастары» деп келтіретін әдемі сөздерін пайдаланса, әлдеқайда ұтымды болар еді.
«Шын талант – ұлттың үні»
Бүгінде футбол комментаторларының көш басында ой-өрістері кең, ішкі жан дүниелері бай интеллектуалды жандар: әдебиетшілдігі, ғалымдығы, ақындығы, әзілқойлығы бар Ермұхамед Мәулен, жазушы әрі ақын Есей Жеңісұлы және орыстілді Дидар Қадыров, Сергей Раилян, Ербол Қайыровтар тұр деп ойлаймын. Сол деңгейге жетеғабыл білікті мамандар Жандос Айтбай, Ермек Төрениязов, Ержан Көшкімбай, Бақытжан Руслан «Казспорт» арнасынан көрінбей кетті. Олардың қазірде шығармашылық тұрғыдан нағыз болған, толған шақтары ғой, ендеше тұлпар шабыс танытар шақтағы жігіттердің әлеуеті неге пайдаланылмайды? Бұл көшті бір өзі өгіздей өрге сүйрей алатын қабілетке ие Қайырхан Мәулен қайда жүр, ол неге футболдың қызығы мен шыжығына тартылмайды? «Шын талант ұлттың үні болып сөйлейді» дейді ғұламалар, соның нақты дәлелі – Е.Мәулен, ол басқалардан қозыкөш жер ілгері тұр. Ермұхамед жоғарының нұсқауын күтпей-ақ, ұлттық құрама ойындарының баспасөз конференциясын тек мемлекеттік тілде жүргізіп жүр. Құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновты да қазақша сөйлеуге машықтандырды. Киев қаласындағы Республикалық стадионда Украина – Қазақстан құрамаларының кездесуінде ойын ақпаратын қазақ тілінде бергіздірді. Мұндай ұлдан айналып кетпейсің бе?
Ерекең кезінде А.Сағынаевпен көзқарас қайшылықтарына байланысты «Казспорттан» кетуге мәжбүр болған-ды. Әлем чемпиондары Франциядан ойсырай жеңілгеннен кейін қазақ футболындағы былықтар туралы баспасөз бетінде сыни пікірлер көп айтылды, сондықтан спорттағы келеңсіздіктерді мемлекетшілдігі, отаншылдығы, халықшылдығы бар комментаторлар репортаж барысында там-тұмдап болса да, сөз арасына кірістіріп айтып отырса орынды болады. Біржан сал «Бұлқынған өрен жүйрік жастан шығар» деп кейінгілерге айтып кеткеніндей, Құлагердей өрен жүйрік, бүгінгі жас жүргізушілер Ерсін Ерік, Дәулет Сейітбек, Уәлихан Қосанбай, Айбек Қабылша, Рауан Оқас сынды жастардан шыға ма? Көңілде үміт те, күдік те бар.
Сөзімді түйіндесем, жазушы Қабдеш Жұмаділов «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес» дейді, сол айтқандай, бос сөзден арылып, бояуы қанық, тілі жатық, көрікті де шырайлы репортаждарға қол жеткізейік. Ол үшін спорт эфирі комментаторларға теңдей әділ бөлінсін, сонда бәсекелестік артып, сапа жақсарады. Жауапты матчтарды кілең жүйрік, өңшең жорғаның ішінен суырылып шыққандар жүргізетін болады.
Соңғы қосарым, футбол бағдарламаларын бірізділікке, біртілділікке түсіру үшін орыстілді Айдын Қожахмет, Ербол Қайыров, Дидар Қадыров т.б. қазақтілді хабарларға тартып, бойларына әдеби тілді сіңіру қажет. Мысалы, күлегеш Нұрсұлтан Құрман өз студиясына орыстілділерді де шақырып, тәп-тәуір әңгіме қозғап жүр. Бұл үрдісті жалғастырған жөн. Ал екі қазақ – Айдын мен Ерболдың өз бағдарламаларын тек орыс тілінде жүргізуі сырт көзге тым ерсі, оғаш көрінеді. Бұл енді құлдық сананың шегіне жеткенінің белгісі.