Сақтағанов Ақышовтың міндетін атқарып жүр
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов облыс орталығы қыстың қыспағында қалып, тығырыққа тірелген уақытта қысқа мерзімді демалысқа шығып кетті. Қала әкімі бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі Instagram парақшасында жариялап, қуанышын бөлісті.
«Құрметті өскемендіктер!
Бүгіннен бастап (19.01.2026 жыл – ред.) екі апталық қысқа мерзімді еңбек демалысына шығатынымды хабарлаймын.
Бұл кезеңде қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету міндеті орынбасарларыма жүктеледі. Барлық коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымның штатты қызмет етуі, тұрғындардан келіп түсетін барлық өтініштер тұрақты бақылауда болады. Әкімдік қызметіне қатысты мәселелер болса @oskemen_akimdigi Instagram парақшасына немесе ресми байланыс каналдарына хабарласа аласыздар.
Демалыс уақытын мен отбасыма арнап, балаларыма көңіл бөлмекпін. Еліміз дамып, Өскеменіміз өркендей берсін!», – деп тебірене төгілді Алмат Талғатұлы.
Әрине, қала әкімі де ет пен сүйектен жаратылған пенде, заңды еңбек демалысын алуға қақылы, ол да тоңады, отбасымен алаңсыз отыратын жылы жер іздегісі келеді дегендей... Алайда қыс қаһарына мініп, қала халқы қалтырап отырғанда, жасы 35-ке енді келген әкімнің барлық бейнетті орынбасарларына жүктеп, екі апталық еңбек демалысына шыққаны заңға сәйкес шығар, бірақ азаматтыққа жата ма?!..
Ақышов еңбек демалысына шығардан бір күн бұрын, 18 қаңтар күні Өскемендегі Беспалов, Карбышев, Геологиялық көшелерін қамтитын су құбыры жарылып, осы аумақтың тұрғындары абдырады да қалды. Аяз кәріне мініп тұрғанда апат салдарын жою үшін амалсыздан су беруді тоқтату мұндағы әр отбасыға жығылған үстіне жұдырық болып тигені анық. Осындай сын сағатта қала басшысының халықтың ортасынан табылмай, өз қамын күйттеп демалысқа шығып кеткені қалай?! Еңбек демалысы алдын ала жоспарланды десек те, мынадай апаттан кейін Ақышовтың демалысты ысырып қойып, білек сыбана жұмысқа кірісетін сәті емес пе?! Ақышов орынбасарларына қай міндетін жүктегенін қайдам, оқиға орнына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов дереу жетіп, сусыз қалған көшелерді тексеріп, әупірімдеп жағдайды жөнге келтіргенін жергілікті ақпарат көздері жарыса жазды.
Мәселен, F16.kz. сайтының ақпаратына сүйенсек, апат салдары жойылып, жағдайды облыс әкімі бақылауға алған. Іске дер кезінде кірісіп, мәселені шешкен коммуналдық сала жұмысшыларына алғысын білдірген Н.Сақтағанов Беспалов көшесіндегі су құбыры желісінің істен шығуына оның ескіргендігі, яғни, 1964 жылы салынғаны себеп болғанын айтып ақталған. Тозығы жеткен құбырларды бір уақытта ауыстыру мүмкін еместігін, тиісті жұмыстар рет-ретімен жөнге келетінін де айтып, тұрғындарды сабырға шақырған көрінеді. Осы мысалдан-ақ Нұрымбет Аманұлы демалысқа кеткен қарамағындағы қала әкімінің міндетін қоса атқарып жүр ме деген ой туады. Егер облыс әкімі талапшыл бола білсе, апатты жағдай орын алғанын біле тұра демалысқа шығып кеткен Ақышовты дереу шақыртып алар еді ғой...
Қалай десек те, Өскемен әкімінің бұл әрекеті «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қазақтың нақылына қайшы келіп тұр. Синоптик мамандар болса, -40 градус аяздың алдағы уақыттарда да қайталанатындығын айтып, жұртты сақтандырып жатыр. Бәлкім, қызылшұнақ аяздың өзі Өскемен әкімінің демалыстан оралуын күтіп, аялдай тұратын шығар...
Сәтжан Қасымжанұлы
Шығыс Қазақстан облысы