Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Сакура гүлдегенде. Бергей белсене ме?

Бергей мен Назарбаев
Фото: ашық дереккөз

Жақында Бергей Рысқалиев туралы мәліметтер БАҚ беттерінде қайта өзекті бола бастады.

 Бұған дейін әлеуметтік желіде экс-әкімнің Лондонда сакураның гүлдеуін тамашалап жүрген видеосы қоғам назарына ілігіп, қызу талқыланған еді. Енді, міне, Лондон соты Бергей Рысқалиевке қарсы қастандық ұйымдастырған алты шетелдік азаматты кінәлі деп танып, ұзақ мерзімге түрме жазасына кесті. Қазақстанда ірі жемқорлық ісі бойынша айыпталған және сырттай сотталған экс-әкімнің өмірі мен саяси мансабына қатысты жұмбақ әрі даулы жайттар әлі де көп.

: Ваня Габерова, сотрудник суда, Катрин Иванова, сотрудник суда и Тихомир Иванчев в Олд-Бейли
Фото: ВВС

Рысқалиевке кімдер қастандық ұйымдастырды?

Жақында Лондон сотында жария болған тыңшылық ісіне байланысты Бергей Рысқалиевтің аты тағы аталды. Ұлыбритания прокуратурасының деректеріне сәйкес, Болгария азаматтары – Орлин Русев, Бисер Джамбазов және тағы үшеуі – алты бірдей шпиондық операцияны жоспарлаған. Солардың бірі Бергей Рысқалиевке қатысты. Сотталғандардың арасында топ жетекшісі деп танылған Орлин Русев пен оның орынбасары Бисер Джамбазов бар. Болгарлар британдық тергеудің дерегінше, ресейлік арнайы қызметтің тікелей тапсырмаларын орындамаса да, ақша үшін Мәскеудің мүддесіне қызмет еткен. Ең ауыр жаза – 10 жыл 8 ай – топ басшысы Орлин Русевке берілді. Оның орынбасары Джамбазов 10 жыл 2 ай мерзімге түрмеге қамалды. Сотталушылардың тағы бірі Екатерина Иванова 9 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Басқа айыпталушылар – Ваня Габерова, Иван Стоянов және Тихомир Иванчев сәйкесінше 6 жыл, 5 жыл және 8 жыл мерзімдерге сотталды. Тергеу материалдарына қарағанда, сотталғандар Рысқалиевтің Лондондағы үйін бірнеше апта бойы бақылап, суретке түсіріп, оған кірудің түрлі жолдарын пысықтаған. Атап айтқанда, DHL немесе Deliveroo курьерлерінің формасын киіп, тіпті жалған жедел жәрдем көлігін пайдаланбақ болған. Мамандар бұл әрекетті тек қастандық жоспары емес, сонымен қатар шетелдік арнайы қызметтердің ықтимал тапсырмасы ретінде бағалап отыр. Бұл жағдай Рысқалиевтің жеке басының қауіпсіздігіне төнген нақты қауіптен бөлек, оның төңірегіндегі күрделі саяси құпияларға да меңзейді. Бүгінде Ұлыбританиядан саяси баспана алған экс-әкімге қатысты халықаралық қызығушылықтың бәсеңдемегені осыдан-ақ аңғарылады.

Ал Қазақстанда, керісінше, құқық қорғау органдары Рысқалиевті қылмыскер ретінде сипаттайды. Мемлекеттік айыптаушылар оны облысты басқарған жылдары «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп мәлімдеген. Яғни ресми нұсқа бойынша Бергей Рысқалиев өз айналасына бірнеше сыбайласын топтастырып, ұзақ жыл бойы өңір бюджетінің қаражатын жүйелі түрде жымқырған.

Бергей Рысқалиев
Фото: ашық дереккөз

Бергей Рысқалиев кім?

Бергей Рысқалиев 2000 жылдардың басында мемлекеттік қызметке келіп, 2003 жылы Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, 2005 жылы Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2006 жылдың ақпанында Атырау қаласының әкімі болып тағайындалып, сол жылы 4 қазанда Атырау облысының әкімі лауазымына көтерілді. Бұл қызметті 2012 жылдың тамызына дейін атқарды. Саяси тұрғыда Рысқалиев сол кезеңде президенттік «Отан» (кейінгі «Нұр Отан») партиясының белді мүшесі болды. 2006 жылдан бастап аталған партияның Атырау қалалық филиалының төрағасы қызметін қоса атқарған. Аймақтық элита өкілі ретінде танылған Рысқалиевтің інісі Аманжан Рысқали да 2007 жылы облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, біраз уақыт ағасымен қатар қызмет етті.

Атырау облысын басқарған жылдары Бергей Рысқалиев аймақта бірқатар ірі жобаларды қолға алды. Қалада бес бірдей ірі көпір салынды, Индер ауданында тағы бір көпір тұрғызылды, шағын өзендер үстінен бірнеше өткел пайда болды. Жергілікті тұрғындар күнделікті пайдаланып жүрген осы нысандарды әсіресе ризашылықпен еске алады. Халық арасында оларды әлі күнге дейін «Бергей көпірлері» деп атайды. Алайда Рысқалиевтің басқару стилі сын көзбен де бағаланды. Кейбір деректерге қарағанда, ол облыста жеке беделін күшейтіп, өзіне жақын адамдарды маңызды қызмет орындарына қойып шыққан. Соның нәтижесінде өңірдегі жер телімдерін бөлу, бизнеске жер беру, мемлекет қаржысын жұмсау, тендер жеңімпаздарын анықтау сияқты шешуші процестерде бейресми «Рысқалиев тобының» келісімінсіз ештеңе іске аспайтын жағдай қалыптасты делінеді. Мұндай бақылаудың көлеңкелі жағы да болды. Аймақта жүзеге асқан көптеген инфрақұрылым жобаларының құны шамадан тыс қымбаттатылып, бюджет қаржысы талан-таражға түсті деген күдік туды. Мысалы, 3 миллиард теңгеге салуға болатын бір көпірге ресми есепте 6 миллиард теңге жұмсалған, Мақат ауданын газдандыру жобасы негізсіз екі есеге қымбатқа бағаланған, Доссор кентіне тартылған су құбырының құрылысы ақиқат құнынан үш еседей артық сомаға жүзеге асқан деген фактілер кейін жария болды. Тергеу мәліметіне қарағанда, Рысқалиев әкім болған жылдары облыста 73 эпизодтан тұратын 400 томдық қылмыстық іс материалдары жиналған, оның басшылығымен жұмыс істеген 35 адам ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекетке шамамен 500 миллион доллар зиян келтірген. Осылайша, бір жағынан өңірді гүлдендірген әкім ретінде аталған Рысқалиев екінші жағынан сол жобаларға бөлінген қаржының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол берді деп айыпталды.

Рысқалиев неге шетелге қашты?

Бергей Рысқалиевтің қызметтен күтпеген жерден босатылуына және оның соңынан бірден қылмыстық іс қозғалуына не түрткі болғаны туралы түрлі болжам айтылады. Солардың бірі – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының әсері. Тағы бір ықтимал себеп – Рысқалиевтің өз командасымен орталық биліктен тым дербес саясат ұстануы, яғни президент әкімшілігіндегі топтардың қарсылығын тудыруы. Қалай болғанда да, Рысқалиев 2012 жылғы тамыздағы отставкасынан кейін көп кешікпей Қазақстаннан кетті. Кей деректерге қарағанда, ол бастапқыда үйқамақта болғанымен, күзге қарай күзеттен сытылып шығып, шетелге қашып үлгерген. Экс-әкімнің туған інісі, Аманжан Рысқали да сол кезеңде мандатын тапсырып, елден кеткен. Сөйтіп, 2012 жылдың соңына қарай Рысқалиевтер отбасы шетелге қоныс аударып, Қазақстан билігінің қолы жетпейтін аумаққа шығып алды.

2013 жылдың 5 ақпанында Қазақстанның Қаржы полициясы Бергей Рысқалиевке және оның айналасындағы бірнеше адамға халықаралық іздеу жариялағанын хабарлады. Оған Қылмыстық кодекстің 176-бабы («сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу») және 235-бабы («ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару») бойынша айыптар тағылды. Тергеу амалдары бес жылға жуық уақытқа созылып, іс материалдары 2018 жылдың соңында сот қарауына жолданды. 2019 жылы қаңтарда Атырауда өткен сот процесі Бергей Рысқалиевті кінәлі деп тауып, оны 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кесуге үкім етті. Сол үкіммен Аманжан Рысқали да 16 жыл түрме жазасын алды.

Бергей Рысқалиевтің өзі Қазақстан сотының шешімін мойындамайтынын және оны саяси себеппен ұйымдастырылған жалған үкім деп санайтынын айтты. 2019 жылы АҚШ Конгресінің мүшесі, өкілдер палатасының депутаты Дункан Хантер де Қазақстан сотының Рысқалиевті сырттай соттауын «саяси мотивпен жасалған қудалау» деп бағалап, Астананы сынаған еді. Сол жылы Ұлыбритания билігі Рысқалиевке ресми түрде саяси баспана мәртебесін берді. Британ Жоғарғы соты Қазақстан тарапынан оның қылмыстық қудалануына саяси астар бар деп тапты. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары да бұл іске назар аударып, айыптау тарапына күмән келтірді. Осылайша, Рысқалиев шетелде еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды.

Рысқалиев шетелде жүріп Қазақстандағы резонанстық оқиғаларға байланысты да өз ұстанымын танытып келеді. Солардың бірі – Жаңаөзен оқиғасы. Кейбір қазақстандық басылымдар мен бейресми дереккөздер Рысқалиевті сол Жаңаөзен қаласындағы толқуларға жанама түрде қатысы болған деген болжам таратқан. «Жаңаөзендегі бүліктің түпкі мақсаты – Астанада Назарбаевтың биліктен кетуіне түрткі болу еді және осы жоспарды іске асырушылардың бірі ретінде Рысқалиевтің аты аталады» деген пікірлер де айтылды. Алайда Бергей Рысқалиев бұл айыптауларды толығымен теріске шығарады. Ол Жаңаөзен оқиғасына өзін кінәлі етпек болған әрекетті «абсурд әрі жала» деп атап, мұны сол кездегі Қаржы полициясының бастығы Рашид Түсіпбековтің тапсырмасымен жазылған жалған ақпарат деп мәлімдеді.

Назарбаев пен Рысқалиев
Фото: ашық дереккөз

Назарбаевпен байланысы

Бергей Рысқалиевтің сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы 2012 жылға дейін көбіне қолайлы болғаны айтылады. Рысқалиев облыс әкімі болып тұрған уақытта Назарбаев одан бірнеше мәрте жақсы нәтиже күткенін айтып, түрлі жиындарда мақтап жүрді, тіпті 2008 жылы Рысқалиевті мемлекеттік марапат – «Парасат» орденімен наградтады. Дегенмен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Назарбаевтың билік айналасында күш күресі үдеп, президент батыс өңірдегі ықпалды кадрларға сақтықпен қарай бастағаны байқалды. Рысқалиевтің күтпеген жерден қызметінен алынуының бір себебін сарапшылар осы жағдаймен байланыстырады. Шынында да, Рысқалиевтің қызметтен босатылған күні президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин де лауазымынан айырылды. Көпшіліктің пайымынша, Мусин бейресми түрде Рысқалиевтің жоғарғы жақтағы «қамқоршысы» еді, оның ықпалы арқылы Рысқалиев орталық биліктің кей тапсырмаларын орындауда еркіндік алған. 2012 жылы Назарбаев Мусинді қызметтен алғанда, бұл қадамды бақылаушылар Рысқалиевті де «тізгіндеу» шарасы ретінде бағалады. Яғни Назарбаев пен Рысқалиев арасындағы қарым-қатынас дәл сол кезде күрт нашарлап, бұрынғы сенімнің орнын күдік пен қарсыластық басты деп қорытынды жасауға болады.

 Рысқалиев пен Қажыгелдин
Фото: ашық дереккөз

Шетелге кеткен соң Бергей Рысқалиев біртіндеп ашық оппозициялық риторикаға көшті. 2019 жылдың мамыр айында ол Франция астанасы Парижде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин және өзге де эмиграциядағы саяси тұлғалармен кездесіп, Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды талқылаған жиын өткізді. Сол жылы Рысқалиев төңірегіндегі адамдардың Ұлыбританияда Назарбаев отбасының кей құпияларына қатысты акция ұйымдастырғаны туралы ақпарат тарады. Ал Бергей Рысқалиев бұл әрекетті «Назарбаевтың Лондонда тұратын үйінің алдында өткен шағын наразылық шарасы ғана» деп түсіндірді. Қалай болғанда да, бір кездері билік партиясының қолдауына ие аймақ басшысы болған Рысқалиев эмиграцияда жүріп Назарбаев режиміне ашық қарсы шыққан саясаткерге айналды. Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі сұхбаттарында Қазақстанды көп жыл басқарған Назарбаев пен оның маңайындағы элитаны елді жемқорлыққа батырды, саяси бақталастарын қудалады деп өткір сынап жүрді.

Қазақстанда әлі де Рысқалиевке сенетіндер бар

Иә, Қазақстанда әлі де Рысқалиевке сенетіндер бар.Оған қатысты қоғам пікірі әртүрлі болғанымен, Атырау облысы тұрғындарының кейбірі оны бағалайды және әлі күнге дейін қолдайды. Жергілікті халық оның әкімдігі тұсында өңірде жасалған кейбір істерді жиі есіне алады. Рысқалиевті «ел үшін еңбек еткен, саяси ойындардың құрбаны болған азамат» деп санайтындар да бар. Олай дейтініміз, жақында экс-әкімнің әлеуметтік желідегі парақшасында сакура гүлдеуін тамашалап жүрген видеосы жарияланды. Сол видеоға көптеген адам «Атырау қаласын гүлдендірген басшы» деген мәнде жазды.

Бергей Рысқалиевтің өмірі мен саяси мансабы драмалық өрлеу мен құлдырауға толы. Ол аймақ басшысы ретінде үлкен атаққа жетті, билік элитасы арасында да қақтығысқа барған, қудалауға ұшыраған адам. Бүгінде шетелде жүрген экс-әкім өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады, ал Қазақстан билігі оны әлі де қылмыскер ретінде санайды.

Тұрсынбек БАШАР