Салалық журналисика – сапалы ақпарат

Журналист бір саланы терең танып, зерделі зерттесе, оның ақпараты құнды болмақ. Бүгінде бізге жетіспейтіні осы – салалық журналистика.
Әрбір журналист бір-бір саланың шеберханасында шыңдалса, отандық БАҚ-тың беделі аспандай түсетіні хақ. Соңғы уақытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де аталған мәселені көтеріп жүр. Бұл – құптарлық іс. Себебі пандемия тұсында елімізде медицина тақырыбы бойынша жазатын журналистердің аз екенін оңай аңғардық.
Қазақстанда спорт, мәдениет, саясат тақырыбы бойынша қалам тербейтін журналистер баршылық. Ал бұдан өзге тақырыптарды белден қазып жүрген журналистердің қатары аз. Сондықтан салалық журналистиканы дамыту бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдары жобаларына жаңа серпін қажет. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, аласапыран алмағайып заманда журналистиканың ұпайы түгел болуы тиіс.
– Қандай да бір мәселені талдап, талқылап жазу үшін сол саланы жетік меңгерген маман болу керек. Бұл әлбетте журналистика мамандығына да қатысты. Мәселен, қоғамда кенеттен, күтпеген оқиғалар орын алып, төтенше жағдай туындай қалса, оны халыққа дер кезінде түсіндіру қажет. Міне, осы тұста салалық журналистиканың маңызы зор. Әйтпесе, көпшілік мәселенің мәнін білмей жатып, оның артын даулы мәселеге айналдырып жіберуі мүмкін. Өз басым, әр тақырыпты бір қозғап, жалпылама мақала жазғаннан гөрі бір саланың жілігін шағып, майын ішетін, тақырыпқа аналитикалық талдау жасауға бағытталған салалық журналистиканы құптаймын, – дейді «Almaty aqshamy» газетінің Шаһар шаруашылығы бөлімінің басшысы Құралай Иманғалиқызы.
Ақпараттар ағыны тоқтамас қазіргі кезеңде журналистердің жүгі ауыр. Жер жаһанда жаңалықтардың ауқымы артқан сайын салалық журналистерге деген сұраныс жиілеп келеді. «Журналист әмбебап болуы керек» деген сөзді серік етіп жүрген еліміздің ақпарат сақшылары әр саланың басын бір шалып жүр. Ал тәжірибесі озық дамыған елдерде журналистер бір ғана саланы жазуға машықтанған. Бұл біздің елде де әр саланың өз журналисі болуы керек деген сөз. Бұл жазылған ақпараттық сапалы болуына жол ашады.
– Елімізде салалық журналистика кенже қалған. Қазір экономика, медицина, қаржы мен құқықтық тақырыпта жазатын журналистер жетіспейді. Құқықтық тақырыпта жазып жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Өзімді әлі де салалық журналистикадамын деп ойламаймын. Себебі саладағы ақпаратты ғана жазып қоймай, сараптамалық материалдар көп жазылуы керек. Сапалы ақпарат арқылы оқылымды мақала жаза білуге тиіс. Құқықтық журналистика салалық журналистиканың күрделі бағыттарының бірі. Салаға машықтанып, кез келген тақырыпты сауатты сараптама жаза алатын маман болғаны дұрыс. Әр нәрсенің басын бір шалып, болған оқиғаны құр бере салғаннан салалық журналистика дамымайды, – дейді құқық саласының журналисі Гүлжанат Сембай.
Осы тұста Германиядан келген екі журналистің әңгімесі еске түседі. Елімізде ауылшаруашылығы бойынша үлкен жиын өтіп, Германияның бір басылымынан екі журналист келіпті. Көпшілік таңданып, «екеуің де газеттің тілшілерісіңдер, біреулерің келуге болар еді ғой», – десе керек. Әлгі журналистер жазатын салаларының басқа, біреуі ауылшаруашылығының тек техника саласын жазса, екінші өсімдік шаруашылығынан қалам тербейтінін айтыпты. Демек, газет оқырмандары бір ғана жиыннан техниканың да қыр-сырымен, өсімдіктің де жай-күйімен таныса алады. Міне, нағыз салалық журналистиканың көрінісі. Бізге де осы бір бағытты қамшылау керек. Себебі салалық журналистика – сапалы ақпарат кепілі.