Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 10 Желтоқсан 2021

Салауатты өмір салтын ұстанатын Салтанат аға

None
None

Жуырда фейсбуктен Түйтебаев Салтанат ағамыздың Нью-Йорктегі мерейтойлық марафонда екінші орын алғанын көріп қатты қуандық, әрі әуелден адамдық пен адалдықтың, еңбексүйгіштік пен ерен істердің үлкен үлгісін көрсетіп жүрген осы ұлағаты мол әулет жайында біраз ойға берілдік.

Өйткені бұрынғы Көктерек, қазіргі Мойынқұм ауданында (Жамбыл облысы) өсіп-өнген Темірбековтерден тараған ұрпақ елге ерекше белгілі.

1893 жылы Көкірек болысында туған Темірбеков Түйтебай атамыз 1917-21 жылдары өзі тұрған өңірден 160 шақырымдағы Пішпекте (қазіргі Бішкек) жұмысшы болыпты, тіпті сол жерде жүріп революциялық істерге де белсене араласыпты. Кейіннен Қордай ауданында болыстық «Союз қосшы» ұйымының төрағасы, 1926-29 жылдары Көкірек ауылдық кеңесі партия ұйымының хатшысы болған. Сондай-ақ кезінде Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Алматы облысының Балқаш аудандық атқару комитетінің төрағасы және Жамбыл облысының Талас аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметтерін де абыройлы атқарыпты.1929-31 жылдары Қазақстан орталық атқару комитетінің  (КазЦИК ) мүшелігіне де сайланған көрінеді. Бүгінде Бірлік ауылындағы орталық көшенің бірі осы кісінің есімімен аталады.

Ал атамыздың зайыбы Ақай Темірбекова аудандағы алғашқы белсенді, көзі ашық, сауатты әйелдердің бірі еді. 1930 жылдан партия мүшесі болған ол 1927 жылы осы аймақта ашылған жалғыз дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Үкімет тарапынан бірнеше рет марапатталған. Ұмытпасақ, сонау 80-жылдардың орта шамасы, аудан орталығында қызмет істейтінбіз, апамыз «бауырым» деп, арнайы ат басын бұрып, біздің үйден шай ішіп кеткен. Партияға мүшелікке өткеніне елу жыл толған екен, соның медалін алуға келіпті.

Атамыздың үлкен баласы, соғыс ардагері, марқұм Зейтай Темірбековтен бас алатын ұрпақтың өзі қазір жапырағын кеңге жайған бәйтеректей әлеуетті әулетке айналды. Ал одан соң дүниеге келген ұл – Сүйінбек Түйтебаев (бір-екі жыл бұрын қайтыс болды) кешегі Кеңес Одағында «химия алыбы» атанған «Қаратау» өндірістік бірлестігінің ісін ұзақ уақыт өрге өрлеткен білікті басшы, білімді маман еді. Оның баласы Серік Түйтебаев кезінде Алматы сияқты алып шаһарды сумен, жылумен қамтамасыз ететін үлкен №2 ТЭЦ-ке жетекшілік еткен, қазір Нұр-Сұлтанда «Самұрық-Энергода» қызмет істейді.

Енді осы жазбамыздың басты себепшісі, атамыздың тағы бір ұлы – Салтанат Түйтебаевқа келейік. Мамандығы – физика пәнінің мұғалімі, бір кездері өзіміз оқыған Коминтерн (қазіргі Ораз Жандосов атындағы орта мектеп) сегізжылдық мектебінде үш-төрт жыл директор болған. Кейіннен Алматыға, одан ары жаңа астанаға қоныс аударды. Мұның басты себебі Динара атты қызының шахматпен шұғылдануы еді. Ал Динара Түйтебаеваның 1995 жылы Бразилияда өткен 10 жасқа дейінгі балалар  арасында дүниежүзінің чемпионы атанғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл ретте, әрине, ең алдымен жаттықтырушылардың еңбегі зор, дегенмен әрдайым жағдайын жасап, талаптандырып, қанаттандырып отыратын әкенің де үлкен үлесі бар. Сол кездің өзінде Салтанат аға балаң спортшы қызымен бірге жүріп, жарты әлемді шарлап шықты. Енді, міне, 77 жасында алыстағы Америкадағы әлемге әйгілі дәстүрлі Нью-Йорк марафонына (оның тарихы 1896 жылдан басталады екен) қатысып, 42,2 шақырымды 4 сағат 17 минутта жүгіріп өткен. Сөйтіп, Жер шарының түкпір-түкпірінен жеткен 33 мың адам бақ сынаған марафоншылар арасында 75-80 жастағылар тобында екінші орын алған.

Жалпы, Салтанат ағаның кәсіби спорттық жүгірумен жіті айналысқанына бірталай жыл болды. Осыған дейін жанымыздағы жақын елдерді қоспағанда, 22 мәрте алыс шетелге барып, талай марафонның қақ ортасынан табылған. Бұрын Жаңа Зеландия, Австралия, Сингапур, Малайзия, Испания секілді мемлекеттердегі марафонда жүгірген ағамыздың тәжірибесі жетерлік. Австралиядағы әлем чемпионатында күміс жүлде, Жаңа Зеландиядағы ардагерлер олимпиадасында бірінші орын алыпты. Ал мына Нью-Йорк марафонына әркім қатыса алмайтын көрінеді, себебі оған арнайы шақыртумен ғана барады. Сондықтан Салтанат аға ол жаққа жолы түсу үшін Амстердамда арнайы біліктілік нормативін орындапты.

Әрине, дүниенің әр қиырындағы дүбірлі жарыстарға барып-келу оңай шаруа емес. Жол ақысы, басқа да шығындары жетіп-артылады. Бұл ретте Салтанат аға мәдениет және спорт министрлігіне, жекелеген демеушілерге өте риза екенін әрдайым айтып отырады.

Талай рет шетелдердегі осындай жарыстардың маңдай алдынан көрінетін Сәкең мүмкіндігінше ауа райының құбылысына, өзгерісіне қарамайды екен, жылдың төрт мезгілінде де жүгіру алаңынан табылады. Әсіресе қыста жүгіруді жаны сүйеді. Қыстыгүні аптасына бес рет 21 шақырымды аптықпай «алса», жылы кезде оны 25 шақырымға дейін ұзартуды әдетке айналдырған.

       Адам денсаулығы үшін салауатты өмір салтының, әсіресе қозғалыстың, қимылдың мән-маңызы зор екені ежелден белгілі. Мұны терең түсініп-түйсінген Салтанат ағамыздың осындай үлгі-өнегесі атап айтуға тұрарлық. Қазақ арасынан суырылып шығып, талай жарыста тамаша танылған, жақсы жетістік-жеңісімен абыройы асып жүрген ол кісіні біз әрдайым мақтан етеміз, арамызда осындай ардақты азаматтың барына көңіліміз өсіп марқаямыз.

Тегтер: