«Сәлем» және «рақмет». Ресейлік босқындардың Қазақстандағы жағдайы
Құдайы көршің қытымыр болса, берекеңнің қашқаны сол. Ондайлар оң мен солын түртпектеп, тыныштық бермейді. Айдын-күннің аманында Украинаға басып кірген Ресейдің әрекеті соның айқын дәлелі. Өркениетті ғасырда өзгелерге өктемдік танытып, жеріне көз алартқан Кремль әлемнің назарын аударып отыр. Тіпті өз халқы наразы болып, шетел аса қашқаны кеше ғана.
Мәскеу маңындағылар Киевке ғана көз сүзіп отырған жоқ. Қазақстан, Грузия сияқты көршілерін де арагідік арандатып қояды. Қазақстан территориясының тұтастығына, тарихи орнына күмәнмен қарап, күңкіл сөз айтатын ресейліктер аз емес. Олардың арасында тарихшылар, журналистер, саясаткерлер, тіпті депутаттар да бар. Мысалы, 2020 жылы Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоно: «Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы» деп мәлімдеген.
Бұдан бөлек ғұмыр бойы қазақ жеріне сұғын қадап, Владимир Жириновский өткенін жақсы білеміз. Ал еліміздің солтүстігін Ресейге қосуды арман еткен Эдуард Лимонов өмірден озғанда кейбір қазақстандық БАҚ көңіл айтып, екі етегі жасқа толғаны бар. Мұндай адамдарға Қазақстан билігі көбінде көз жұма қарайды немесе сырттан кіжініп қана қояды. Мәскеуге нота жолдап, мінез танытқан кездері аз.
Жақында Тина Канделаки: «Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр, теміржол бекетінің атын қазақшалады» деп байбалам салған. Ең қызығы, қарапайым халықтан тартып, ресми билік өкілдеріне дейін Канделаки сөзін жоққа шығарып, ақталып әуре болды. Еліміз жайлы жайсыз пікір білдіргені үшін сынауға болатын шығар, бірақ ақталудың қажеті бар ма?! Тәуелсіз ел мемлекеттік тілді ұлықтаса, тарихи жер аттарын қайтарса, оның не айыбы бар? 5 жастағы бала да түсінетін ең қарапайым қағида емес пе бұл!
Қазақстан жайлы оспадар ой айтуға әуес жандар арасында Ресей елшілері де бар. «Елдестірмек елшіден» деген сөз солтүстіктен келген дипломаттарға жараспайтын сияқты. Былтыр Ресейдің еліміздегі бас консулы Евгений Бобров Қазақстандағы орыстілді сыныптардың азайғанын айтып, оқу-ағарту министрлігін айыптады. Ол кезде де қазақ қоғамы жаппай ақталып, «елші Қазақстанды білмейді екен, біз ешкімге қысым жасаған жоқпыз» деп шыр-пыр болған.
Жақында Ресейдің Алматыдағы консулы Дмитрий Тураев 2022 жылы мобилизациядан қашып келген отандастары жайлы сөз қозғапты. Оның айтуынша, 2022 жылы Қазақстанға 400 мың ресейлік келсе, қазір оның 80 мыңы ғана қалған. Олардың жаппай өз еліне қайтуы «мұнда белгілі бір қиындықтар бар екенін» білдіреді деп санайды елші. Ол «белгілі қиындықтардың» ең басты үшеуі – жұмыс берушілердің қазақ тілін талап етуі, көші-қон режимінің қатаңдауы және жылжымайтын мүлік бағасының өсуі екен.
Тураев ресейліктер әу баста неге Қазақстанды таңдағанына да тоқталыпты. «Олар Қазақстанды визасыз режим болғаны үшін таңдады. Бұдан бөлек, тілдік кедергі жоқ, цифрлы коммуникация дамыған, салық жүйесіндегі жеңілдік, арзан тұрғын үйлер қызықтырды. Сондай-ақ баласын оқытқысы келген отбасылар үшін орыс тілді мектептер жеткілікті болды» дейді консул. Елші рас айтып отыр. Соғыстан қашқан ресейліктер үшін Қазақстан Жиделібайсыннан да жайлы қоныс болды. Сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов: «Елге келген ресейліктерді уақытылы тіркеп, еңбек мәселесін шешу керек» деп белсеніп шыққан. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қашқындарды қарсы алып, ХҚКО-да қалай құжат жасауды үйретті. Тіпті кей тұрғын шекара асқан азаматтарды күтіп алып, шай-суын беріп, үйіне паналатты.
Қазақстан халқы мен билігі жайылып жастық, иіліп төсек болса да, ресейлік эмигранттар неге өз еліне қайтып кетті? Елші айтып отырған 3 себепке жеке-жеке тоқталып көрейік.
Көші-қон режимі қатаңдады
Қазақстан – Ресей азаматтары шетелге шығатын паспорт пайдаланбай, жеке куәлікпен кіре алатын бес мемлекеттің бірі. Бұрын ресейліктер паспорттың түріне қарамастан, турист ретінде Қазақстанда 90 күн тұра алатын. 90 күн толғанда кез келген көрші ел шекарасынан бір өтіп келсе, Қазақстанда тұру мерзімі тағы 90 күнге ұзаратын. Ресейлік эмигранттар 3 ай сайын Қырғызстанға бір барып келіп, елде емін-еркін жүре берді. Оның үстіне ресейліктер үшін құжат рәсімдеудің қандай жеңіл болғанын, Смайылов пен Мусиннің қалай көмектескенін айттық. ХҚКО-ларда ресейліктерге қызмет көрсететін арнайы терезелер ашылып, кейбірі демалыссыз жұмыс істеді.
Бірақ қазақ билігі кеш те болса мұның дұрыс емес екенін түсінді. Сөйтіп 2023 жылғы 27 қаңтарда шетел азаматтарының елде болу ережесіне өзгеріс енгізді. Соның арқасында «визаран» режимі жойылып, Қазақстанда 90 күн тұрған ресейлік араға 6 ай салып барып, осындай мүмкіндікке ие болатын болды. Елде шексіз тұру мүмкін болмай қалды. Ресейліктер уақытша тұруға ықтиярхат алуға мәжбүр болды. Бірақ бұл құжатты алу жеңіл әрі эмигранттарға қолайлы болғанын айта кеткен жөн.
Тұрғын үй бағасы өсті
2022 жылы Ресей азаматтары ағылып келе бастағанда елдегі тұрғын үйлерді сатып алу және жалдау бағасы бірден 30-50 пайызға өсті. Мысалы, сол тұста Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы ең аз болғанда 250 мың теңгеге жетті. Ал мобилизацияға дейін бұл сомаға 2 немесе 3 бөлмелі пәтер жалдауға мүмкіндік болған.
Кейін облыстарда шарықтаған баға сабасына түсті, бірақ Алматыда сол күйі сақталып қалды. Бұл проблема жергілікті тұрғындарға ауыр тиді. Әрине, қымбат үй эмигранттардың қалтасына да оңай салмақ салған жоқ. Өйткені соғыстан қашқандардың бәрі ресми билік айтқандай, орта дәулетті жандар емес, арасында қалтасы таяз азаматтар да бар болатын. Елші Тураевтың өзі «кейінгі екі жылда Қазақстанда тұрғын үй бағасы аспандап кетті» деп таусыла сөйлеп отыр.
«Қазақ тілін білу – мүмкіндігіңізді арттырады»
Бұл уәждің қисыны бар. Ресми есеп бойынша елде қазақ ұлтының үлесі 70 пайыздан асып кетті. Ал күнделікті өмірде қазақ тілінің маңызы бұдан да жоғары. Мұны бизнес өкілдері тез түсініп, бұрын қазақ тілді аудиторияға мұрын шүйіре қарайтын теріс көзқарасынан айныды. Қазір қызмет көрсету саласында, саудада екі тіл білетін мамандарға сұраныс артып отыр. Бірақ елде әлі де орыс тілі басым. Мұны эмигранттар да байқапты. Мысалы, Алматыға Ресейден келген азамат шетелдік басылымға берген сұхбатында «ресейліктер үшін жұмыс табу қиын емес, бос орындар көп. Оның үстіне Қазақстанның көп қаласында орыс тілін білу жеткілікті. Сонда да Қазақстанға келген адам қазақ тілін үйренгені жөн. Қазақ тілінсіз де жұмыс істей аласыз, бірақ оны білу – мүмкіндігіңізді арттырады» депті. Оның айтуынша, алматылық орыстар қазақ тілін кем дегенде түсінеді, кафеде немесе дүкенде сөйлесу оларға қиындық тудырмайды. Ал мигранттар туралы бұлай деуге келмейді.
Сондай-ақ ол «ресейлік мигранттар мұндағы адамдардың бір-бірімен сөйлескенде орыс тіліне ауыспайтынына, клиенттермен жұмыс істеу үшін орыс тілін де, қазақ тілін де білуді талап ететіне шағымданады» дейді. Соған қарағанда ресейліктерге жергілікті тұрғындардың бір-бірімен олар үшін «түсініксіз» тілде сөйлескені ұнамайтын сияқты.
Шетелдегі этникалық орыстарды мемлекеттік бағдарлама аясында Ресейге көшірумен айналысатын VisaSam.ru сайтының есебінше, Қазақстанда жақсы жұмыс таба алмаған жас мамандар мен Ресейде жұмыс істейтін балалары бар зейнеткерлер шекара асуға ынталы. Сайт оларды ірі қалаға көптеп қоныс аударған ауыл тұрғындары ығыстырып жатыр деп санайды. Демек, кейбір отандастарымызға Астана мен Алматыға ауылдағы ағайынның ағылғаны ұнамай, өзге елге көшуге бел буған болуы мүмкін.
Қазақстанға қанша ресейлік келді?
Енді Ресейдегі мобилизациядан бері Қазақстанға қанша ресейлік келді, олар не істеп жүр дегенге тоқталайық. Бірақ статистика бірізді емес, әр мекеме әртүрлі есеп ұсынады. Ресейде мобилизация 2022 жылғы 21 қыркүйекте басталды. Сол кездегі ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 4 қазанға дейін елге 200 мыңнан аса ресейлік кіріп, 147 мың адам кеткенін хабарлады.
Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәліметінше, 2022 жылғы 29 қарашаға дейін елге 400 мыңнан аса ресейлік келіп, 320 мыңы қайта кеткен, 100 мыңдайы елде қалған. Дүйсенова басқаратын министрлік 13 желтоқсанда басқа есеп ұсынды. Онда Қазақстанға 837 мың ресейлік келіп, 780 мыңы шығып кеткені айтылған. Министрліктің миграция комитетінің басшысы Ілияс Испанов сол сәтте Қазақстанда 298 мың ресейлік бар екенін, оның 30 мыңы елде жұмыс істеп жүргенін жеткізген.
ҚР ІІМ 2023 жылдың аяғына қарай мобилизация басталғаннан бері Қазақстанға 2,7 миллион Ресей азаматы кіргенін хабарлады. Оның көбі шекарадан шығып кеткен. Қазір елде 166,7 мың шетелдік тұрақты түрде тұрып жатыр, оның 80 606-сы Ресей азаматы. Былтыр 3 041 ресейлік Қазақстан азаматы атаныпты. 2022 жылы 1,4 мың ресейлік көк паспорт алған. Демек, былтыр бұл көрсеткіш 2 есе өсті деген сөз.
Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы 97 800 Ресей азаматы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарына тіркелгенін хабарлады. Ал әділет министрлігі мобилизация басталған күннен бері 4 583 Ресей азаматы Қазақстанда жылжымайтын мүлік сатып алғанын мәлімдеді. Әр министрліктен жиналған мәліметтерге қарап, Ресейден үдере көшкен азаматтардың 100 мыңға жуығы әлі Қазақстанда жүр деп болжауға болатын сияқты.
Ресейліктер Қазақстанда не жұмыс істеп жүр?
Алматыға Екатеринбургтен келген Андрей есімді азамат өз еліндегі БАҚ-қа берген сұхбатында «Қазақстанда жұмыс таба ала ма, жоқ па, жеке адамның өзіне байланысты. Әлі жұмыссыз жүрген достарым бар, бірақ мен бір айда үш жұмыс тауып істедім» дейді. Ол Алматыда жергілікті радиода таңғы хабар жүргізген, барда жүргізуші болған және туристік фирманың әлеуметтік желілерінде жұмыс істеген.
2022 жылы қазанда министр Тамара Дүйсенова Қазақстанда 22,5 мың ресейлік жұмыс істеп, зейнетақы жарнасын аударып отырғанын хабарлаған. Бірақ бұл ресми жұмыс істеп жүргендер ғана, ал сырттай жұмысқа тұрған ресейліктер туралы ақпарат Дүйсеновада жоқ. Өйткені ол зейнетақы қорынан алған ақпаратқа сүйеніп отыр. Оның айтуынша, Ресей азаматтары негізінен қызмет көрсету саласында – 72%, өнеркәсіпте – 16%, құрылыста – 9% және ауыл шаруашылығында – 2%-ы жұмыс істейді. Атап айтқанда, бухгалтер, қызмет көрсету менеджері, сатушы, зат тасымалдаушы және жүргізуші болып жүргендер көп.
Ал сол кездегі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық біліктілік сынағынан өткені туралы сертификаты болмағандықтан Ресейден келген мұғалімдер Қазақстанда сабақ бере алмайтынын айтқан. Дегенмен Ресейден келген дәрігерлер біздің елдегі емханада жұмыс істей алады.
Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тіркейтін автоматты жүйе бар, ондағы ақпарат бойынша қазір елде 12 920 шетелдік жұмысқа орналасқан. Бірақ Ресей ЕАЭО-ға мүше мемлекет болғандықтан, ол елден келген азаматтар бұл жүйеге енбейді. Олар ЕАЭО шартына сай жұмыс істейді. Олардың есебін ішкі істер органдары жүргізеді. ІІМ-нің есебі бойынша былтыр алты айда Ресейден жұмысқа орналасу үшін 40 895 адам келген. Демек, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейліктердің саны өзге шетелден келген жұмыс күшінен әлдеқайда көп. Ал ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, былтыр 516 мың Ресей азаматын шетелге жұмысқа шақырған. Шақырудың көбі Қазақстаннан (28% немесе 142,7 мың) түскен. Шетелден ұсыныс көп түсетін мамандар – сату менеджері (13%), бағдарламашы (11%), байланыс орталығының операторы, дизайнер/суретші (5%). Ресейлік зерттеушілер Қазақстандағы жұмыс берушілерден 142,7 мың шақырту түскенін айтады, ал Ержан Сәденов басқаратын министрлік 40 мың адам жұмыс іздеп келді деп отыр. Бұл жерде кім өтірік айтқаны белгісіз.
Ресейліктердің ел экономикасына әсері болды ма?
Мобилизациядан қашқандар Қазақстанға лап қойғанда, жергілікті халық тіксініп қалғаны рас. Бірақ билік оларға шаң жуытпай, мақтауын асырды. «Кілең білікті мамандар келіп, жұмысымызды жандандырады», «қалталы тұрғындар елге инвестиция салады» деген аңыздар тарады. Смайылов Ресейден кеткен 300 ірі компанияның 50-і Қазақстанға аяқ басатынын айтып жүрді. Бірақ мұның бірі де болмады, ел экономикасында өсім байқалған жоқ.
Қазақстанға келген Владивосток тумасы білікті жұмыс күші жайлы әңгіме асыра айтылған сөз деп санайды. Оның айтуынша, көптеген ресейлік мигрант Қазақстан экономикасына тек тұтынушы ретінде қосылды, олар елдегі ресейлік немесе батыстық компанияларда жұмыс істейді. Мигранттар легі экономикадағы бостықты толтырады деп сену орынсыз.
Ресми статистика бойынша, 2022 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,5 %, негізгі капиталға инвестиция 6,7% өсті. Бұл көрсеткішті ресейліктер көп барған Армения және Грузиямен салыстыруға да келмейді. Мысалы, Грузияның 2022 жылы ЖІӨ өсімі 10%-ға артқан, ал Арменияда бұл көрсеткіш 13%-ға дейін жетті. Соғыстан қашқан ресейліктердің арқасында экономикамызды түзедік деп осы елдер айтса жарасады. Ал Қазақстан билігінің қолынан келгені – ресейліктерге қатырып құжат жасап беріп, елде емін-еркін тұруына жағдай жасау ғана болды.
Ресейлік БАҚ-ты шолып отырып, Қазақстанға келген мигранттардың жергілікті жұртқа риза екенін аңғардық. «Қазақстандықтардың мигранттарға көзқарасы әртүрлі, бұл жеке адамның түсінігі мен ішкі қасиетіне байланысты болса керек. Қазақстанда тұрған жарты жылда жергілікті тұрғындармен ешқашан жанжалдасқан жоқпын, керісінше, достар мен серіктестер таптым» дейді владивостоктік азамат. Әрі шетелдік «сәлем және рақмет» деген екі ауыз сөзді айта алса, жергілікті халық қуанып қалатынын айтыпты. Жүз мыңдаған ресейлік Қазақстанға тыныш келіп, тыныш кетіп жатыр. Жергілікті халық пен мигранттар арасында үлкен дау болған жоқ. Билік мұны «ынтымағы жарасқан көп ұлтты ел» екенімізбен түсіндіреді. Бірақ біздің ойға ұлы Абайдың «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады» деген сөзі түсті...
Қуаныш Қаппас