Сәли Сәдуақасұлы, ақын: Қажығұмар мен Қабдеш
1980 жылдары Үрімжіде «Шұғыла» журналында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні белгілі жазушы Қаусылқан Қозыбайұлы үйіне шақырды, барсам, Қаусылқан ағам шашы аппақ бір кісіні тас қып құшақтап, екеуі еңкілдеп жылап отыр, сөйтсем, бұл Қажығұмар Шабданұлы екен.
Тарымда жазасын өтеп қайтып келген кезі болса керек. Қажекеңмен осылай танысып, өмірінің соңына дейін араласып өттік. Кейіннен ақталып, Шәуешекке қоныстанды, сонда шығармашылықпен айналысты. 2011 жылы 16 ақпан күні Қажығұмардың қайтыс болған хабарын естідім. Мен онда Үржар ауданында тұратынмын, ертесі Шәуешекке барып жаназасына қатыстым, бірақ қабір басына барып топырақ сала алмадық. Себебі Қажығұмардың үйінің төңірегін, зират маңайын милиция торуылдап жүрді, зиратқа бару мүмкін болмады.
2002 жылдың күзінде мені сол кездегі Тарбағатай аймағының уәлиі Қызайжан Сейілқожа дейтін азамат шақырды. Бардым, аман-сәлемнен соң Қызайжан: «Ертең бізге Қазақстаннан өте сыйлы екі қонақ келмекші. Сіз ол кісілерді жақсы танисыз, екеуі де кезінде осы жақтан кеткен азаматтар. Біреуі – әйгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов, екіншісі – сіздің жақын досыңыз, ақын Жәркен Бөдешұлы. Біз бұл кісілерді жақсылап күтіп алуымыз тиіс, осыған сіздің көмегіңіз қажет», – деді. Мен: «Қандай көмегім қажет», – деп таңданып сұрадым. Қызайжан: «Қабдеш пен Қажығұмар жас кездерінде етене араласқан. Қажығұмардың кітаптарын Қабдеш Қазақстанда шығарған. Ертең Қабдеш «мені Қажығұмарға жолықтырыңдар» деуі әбден мүмкін. Егер сөйте қалса қайтеміз, осы мәселені сізбен ақылдасайын деп едім. Шынымды айтсам, Қажығұмар қандай қылмыс жасады, ол жағын анық білмейміз, кезінде Бейжіңнен келіп ұстады да Үрімжіге алып кетті, ары қарай хабарсызбыз. Бірақ Қабдеш «Қажығұмармен жолығамын» дей қалса о кісіні кезіктіре алмаймыз, тыйым салынған. Ал сонша жерден Қабдеш ағаны сыйлы қонақ ретінде шақырып алып, өтінішін орындай алмасақ ол да ұят. Сол үшін сізге қолқа салып отырмын, Қабдеш ағаға жағдайды түсіндіріп, Қажығұмармен кездестірмеудің жолын қарастырсаңыз», – деді. Сонымен Қызайжанның сөзін жыға алмай «қолымнан келсе көрейін» дедім, бірақ іштей қобалжып та тұрмын, екі ағамның да сыры өзіме мәлім, Қабдеш аға да тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын адам, ал Қажығұмар да қисайған жағынан тұрмайтын кісі. Сөйтіп, алдымен Қажығұмардың үйіне бардым, Қабдештің келетінінен хабардар екен. Содан «Қабдешпен кезікпей-ақ қойсаңыз қайтеді? Кездескенде не өзгере қояды дейсіз» дегенді жұқалап жеткіздім. Қажекең үнсіз, түнеріп отырып қалды, біраздан соң: «Апыр-ай, қиын болды-ау, Қабдешті бір көріп қалсам жақсы еді. Жас күнінде көріп едім, ол жақта атағы шыққан жазушы болды деп естимін», – деді қамығып. Ақыры аз уақыт үнсіз отырды да: «Жарайды, біздің кесіріміз Қабдештерді шақырып отырған аймақ басшыларына тиіп жүрмесін, кездеспесем, кездеспей-ақ қояйын. Бірақ бір талабым – сен қалайда Қабдешпен телефонда тілдестір, дауысын естиін», – деді. Мен қуанып кетіп, «жарайды» деп уәде еттім.
Қабдеш аға мен Жәркенді сый-құрмет көрсетіп күтіп алдық. Кешкісін Қабекең жатқан қонақүйге бардым, ол кісіге де мән-жайды түсіндіріп, «Қажығұмармен кездеспей-ақ қойсаңыз қайтеді» дегенді жеткіздім. Қабекең түнеріп кетті, қабарып сәл отырды да: «Жұмаділов Шәуешекке келіп тұрып Қажығұмармен жолықпай кетіпті» дегеннің ұяты қаншалық, ел-жұртқа не деймін», – деді. Сөйтіп, не керек, ақыры Қабекеңді де көндірдік. Ол кісі де Қажығұмармен уәделескендай-ақ: «Жарайды, кезікпесем, кезікпей-ақ қояйын, бірақ бір талабым – дауысын естиін, телефонда тілдестір», – деді. Сонымен ұзақ жылдан соң екі жазушыны телефонда тілдестірдік, бір-бірінің дауысын естіп, аман-саулығын сұрасып, мәз болып қалды.