Салық пен қарыз: 10 компания 15 мың компаниядан мықты

Биыл ақпан айында үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекетке салық төлеуден жалтарып жүрген ірі құрылыс компаниялары барын, оларды енді еркелетпейтінін, керісінше, бұдан былай салық төлемегендерге тиісті шара қолданатынын айтқан.
Премьер-министр ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринға және қаржы министрі Мәди Тәкиевке салық түсімдеріне қатысты бақылауды күшейту қажеттігін қатты тапсырды. Артынша қаржы министрлігі 633 салық төлеушіге салық кірістерін төлеу бойынша хабарлама жібергендерін мәлімдеді. Соның нәтижесінде қазынаға екі аптада 17 млрд теңге түсіпті. Бұған қарап министрліктер үшбу хат жолдап, салық төлеушілердің ар-ұяты оянған екен, бастысы, «салықтан жалтарып жүргендерге үкіметтің сөзі өте бастаған екен» дегенбіз. Ерте қуаныппыз.
Сала мамандары Қазақстанда бюджетке салық төлемей жүрген компаниялардың саны қазірде 15 мыңнан асып жығылатынын айтады. Мемлекеттік кірістер комитеті де елде төрт ай бойы салық қарызын өтемеген 15 мыңнан аса компания бар екенін айтады. Олардың жалпы қарызы 758,7 млрд теңгеге жеткен. Осы қарыздардың 60 пайызы немесе 448,3 млрд теңгесі небәрі 10 компанияның ғана еншісінде. Салықтан жалтарып жүргендердің арасында белсенді жұмыс істеп тұрғандар да бар, банкрот жариялап, жұмысын тоқтатқандары да бар (жұмысын тоқтатқандар туралы деректер өте аз).
Мемлекеттік кірістер комитетінің бізге берген дерегінше, ең көп салық берешегі бар компаниялар мыналар: Ai-To Progress – 104,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 2007, көтерме саудамен айналысады); TEX ALLIANCE – 94,1 млрд теңге (Алматы облысы, тіркелген жылы – 2013, көтерме сауда); Alpha-bet – 88,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 2015, құмар ойындар ұйымдастырушы, шетелдік үлесі бар компания); OLIMP KZ букмекерлік кеңсесі – 80,2 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2006, спорт саласы); GB Invest – 43,5 млрд теңге (Алматы облысы, тіркелген жылы – 2011, бөлшек сауда); «Кастинг» – 18,1 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 1999, түсті металл құю, шетелдік қатысуы бар, бірлескен кәсіпорын); «КазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны – 8,9 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2004, тұрғын үй құрылысы); «ПФД Интернэшнл» Атырау филиалы – 3,8 млрд теңге (Атырау облысы, тіркелген жылы – 2000, шетелдік компания); «ФортСтрой-Т» – 3,69 млрд теңге (Астана, тіркелген жылы – 2020, құрылыс-монтаж жұмыстары); GL-TRANSPORT – 3,59 млрд теңге (Алматы, тіркелген жылы – 1999, автобус тасымалы).
Ал салық берешегінің басым бөлігі мына бес өңірге тиесілі: Алматы қаласы – 369,9 млрд теңге; Алматы облысы – 151,5 млрд теңге; Астана қаласы – 53,1 млрд теңге; Қарағанды облысы – 45,9 млрд теңге; Ақтөбе облысы – 38,1 млрд теңге.
Міне, мемлекетке салық төлемеген компаниялардың қарызы жарты триллион теңгеден асып отыр. Ал енді ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі осы салық төлемей жүргендерді тезге сала ала ма?!
Әкімдер мен инвесторлар
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің сөзіне сүйенсек, Қазақстанда бюджетті толтыратын салық базасы онсыз да аз. Атап айтқанда, шикізат секторы, мұнай-газ саласындағы компаниялар ғана негізгі салықты төлейді. Шағын және орта бизнестің салық төлеудегі үлесі мардымсыз. Елде көлеңкелі экономика азаймай тұр. 2025 жылы үкімет көлеңкелі экономиканың үлесін 15 пайызға төмендетеміз деген уәдесінде тұрмады. Бұл көрсеткіш әлі 20 пайыздан асады. Сондай-ақ елдегі салық төлейтін ірі компаниялар Қазақстанның бюджетіне салықты аз төлеп, шетелге салықты көбірек төлеп жатыр.
«Мысалы, өткен жылы «Қазмұнайгаз» Қазақстанға қарағанда шетелге көбірек салық төлеген. Жалпы алғанда, ҚМГ және оның еншілес компаниялары шамамен 1,9 трлн теңге төлеген. Бұл соманың 931,4 млрд теңгесі Қазақстанға тиесілі болды. Бұл шетелдегі аударымдар сомасынан сәл аз. Шетелге төлеген салықтары бойынша ҚМГ Румынияда 794,8 млрд теңге төлеген. Молдовада одан түскен салық сомасы – 67,2 млрд теңгені, Грузияда – 38,3 млрд теңгені, Болгарияда – 33,6 млрд теңгені, Нидерландыда – 5,6 млрд теңгені, Швейцарияда – 2,1 млрд теңгені құрады. Осылайша, KMG International N.V. компаниясынан шет мемлекеттерге түскен салықтардың жалпы сомасы 944,5 млрд теңгені құрады. Ал бізде төлеген салығы 931 млрд. Жалпы бұл компания 2024 жылы 8,3 трлн теңге табыс көрді. Соны 931 млрд теңгесін отандық бюджетке салық ретінде төлеу тым аз. Сол тәрізді ҚТЖ, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» тәрізді ұлттық компаниялардың салықтық түсімдеріне назар аудару керек.
Ал қазынаға салық төлемей жүрген ірі компанияларды бірден тезге салып, олардың салық төлеу мәдениетін бірден өсіре қою таяу бес жылдықта мүмкін емес деп ойлаймын. Салықтан жалтарған ірі компанияларға үкімет дүре соғамын десе де олар пысқыра қоймайды. Себебі бізде заң солқылдақ», – дейді экономист.
Маманның айтуынша, бізге бірінші кезекте дамыған елдер тәрізді салық төлейтін монополист компанияларға қатысты жеңілдіктерді қысқарту керек. Екінші, елімізге шетелден келіп жұмыс істейтін қызметкерлердің депозиттеріне салық салу керек. Олар өз елдеріне қайтарда депозиттерінен белгілі бір көлемде бюджетке салық төлеп отыратындай әдіс ойластырған жөн. Үшінші, салық базасын кеңейту қажет. Мұнай секторына тәуелділіктен арылып, ІТ саласына, ауыл шаруашылығы салаларына бюджет қаражатын көбірек бағыттаған абзал. Төртінші бюджетті ашық басқару жобасын жетілдіру керек. Бюджетті басқару деген қандай да бір жобаның орындалуын «Ашық» платформасында талқылаумен ғана шектелмеуі тиіс. «Бұл орайда халық басқаратын бюджет жобасы тек сөз жүзінде ғана қалып отыр».
Ал экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханованың пайымдауынша, ірі компаниялар бюджетке уақытылы салық төлеп отыру үшін олармен ең бірінші жергілікті әкімдіктер сауатты жұмыс істеуі керек. Бізде жергілікті әкімдердің инвесторлармен, ірі компаниялармен жұмыс істеуге келгенде білімі өте төмен.
«Бюджетке салық берешегінің басым бөлігі Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана қаласы, Қарағанды облысы, Ақтөбе облысына тиесілі деп отыр ғой. Осының себебін алдымен осы бес қаланың әкімдерінен сұрау керек. Былай қарағанда бұл бес аймақ та Қазақстанның донор қалалары бола алатын, экономиканың дамуына септігін тигізе алатын аймақтар. Сөйте тұра бұл қалалардың қарыздары бастан асады. Мысалы, өткенде Алматы қаласына аудит жүргізген Есеп комитеті түрлі заңбұзушылықтарды анықтады. Қала әкімдігінің 2015–2023 жылдары жобаларды орындау үшін 50 мәрте несие алғаны анықталды. Қазір Алматының мемлекетке қарызы 129 млрд теңгеден асады», – дейді Әсем Қасымханова.
Бюджет және үш бағыт
«Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың ойынша, үкімет бюджетті толтырудың салықтан да басқа көздерін іздеуі керек. Бұл ретте Әсем Қасымханованың ұсыныстарына сүйенсек, біріншіден, Қазақстан осы уақытқа дейін халықаралық аренадағы имиджді көтеру мақсатында түрлі конференциялар, халықаралық жиындарды көп өткізіп шашылды. Ал ол арада қырғыздар жеңіл өнеркәсібін жетілдіріп алды. Өзбекстан ауыл шаруашылығын нықтап қойды. Әлемді астықпен қамтып отырған ірі мемлекеттердің бірі Украина еді, Ресеймен арадағы соғыстан кейін бұл ел тұтынушыларын толыққанды астықпен қамти алмай, әлем нарығына шыға алмай қалды. Соның салдарынан 5 млн адам наннан тапшылық көріп отыр. Міне, осы сәтті Қазақстанға ұтымды пайдаланып кетуге болатын еді. Бос нарықтарды игеру деген осы. Бұл – бір.
Екінші, темір өңдеу ісіне мән бермей жатырмыз. Советтік кезеңде Теміртау қаласы мақтанышымыз болған. Ал қазір зауыт-фабрикалар салатын болсақ, оған қажетті металды Қытайдан, Ресейден алуға мәжбүрміз. Темірден жасалған отандық өнімдер тек үй салуға жарайды. Егер болашақты ойласақ, ауыр өнеркәсіптегі өңдеу саласын жетілдіру мәселесі шешімін табуы тиіс.
Үшінші, біз инфляция бойынша ТМД елдерінің ішінде алғашқы орындамыз. Себебі теңге әлсіреп бара жатса, балансты ұстап тұру үшін интервенция жасап, Ұлттық банк миллиондап АҚШ долларын сатып алады. Бұл далаға кеткен қаражат. Сондықтан бізге ұлттық экономиканың негізін күшейту керек. Қарызын жаба салып, банктерді де, халықты да жаман үйретіп қойдық. Өзінің алған қарызына өзі жауапты емес, мемлекетке қайтаруға асықпайтын олигархтар легі пайда болды. Сондықтан банктерді қолдауды, қарыздарын кешіре беруді, оларға демеуқаржы беруді доғару керек. Әйтпесе, сонша шулатып жүріп жасаған жаңа салық саясатынан көп пайда тауып кеттік деген күннің өзінде түскен ақшаны бұрынғыдай оңды-солды жұмсаумен Бектенов үкіметі бюджет проблемасын шеше алмайды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ