Салыстырмалы биіктік
Бала күнімде Үмбетбай Уайдин десе, көз алдыма ұзын бойлы, қатал, бірақ, әзілдесе езуіңді жидырмайтын қуақы кісі елестейтін.
Ұзын кісі деген тұспал, сірә, еуропашалау естілетін фамилиясына қатысты туса керек. Әзілқой деп ойлауым да заңды. Үйде «Быды-быды», «Контейнермен келген кемпір» атты екі кітабы болды. Соларды оқып ішек-сілем қататын. «Тамашаның» дүркіреп тұрған шағында белсенді авторлардың бірі болғанын да білетін-тұғым.
Сол, аты-жөні Оспанxан, Жарасқандармен қатар аталатын Үмбетбай Уайдиннен мектеп қабырғасында жүріп-ақ тәлім алам деп ойлаппын ба?
Жетіншіні бітіріп, Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатқа түскенде, онда «журналистика» деген пән оқытылатынын, ол сабақтан Үмбетбай Уайдин беретінін естіп таң-тамаша болғаным бар. Ағайды алғаш көргенде өзімнің оңбай қателескенімді түсіндім. Ортадан төмен бойы бар, сол бойында қаталдықтың зәредей де ұшқыны жоқ, кеудесінде мейірім мен әдептен басқа әдетке орын қалмаған, нағыз ұстаз адам боп шықты. Жазғаны күлкілі болғанмен, өмірде өте байсалды жан екен. Ақыл-кеңес, сын-ескертпесін төтесінен ұрмай, тұспалдап, астарлап, өкпелетпей жеткізетін қасиеті ғана иесінің сатира сардары екенін «сатып» қоятын. «Мұраттың аяғы менің қасыма келіп алды» деп жымиғаны есімнен кетпейді. Бірінші партада отырып, тым шалқайып, аяғымды алдыға созыңқырап жібергенімді меңзегені ғой.
Мектепте журналистикадан сауатымызды ашты дедік, ол өз алдына, ағайдың сабақ басталған күннен күш сала үйреткені әдеп, әдеп және әдеп болды. Сол кезеңдерде өзі ҚазҰУ-дің журфагында да «Әдеп әлемі және журналистика» деген пәннен дәріс беріп жүрді. Ағайдың сабағы әдетте былай өрбитін: сағат басында журналистиканың принциптері, функциялары деген сияқты білімдерге қанығамыз. Әңгімесінің арасында кенет даусын өзгертіп, әйгілі адамдардың өнегелі сөздерін ерекше ырғақпен жатқа айта бастайды: «Үлкен жүрек мұхит сияқты, ешқашан қатпайды. Берне». Осылай дейді де, манағы арнасына қайта түсіп, әңгімесін үзілген жерінен жалғап әкетеді. Бір ойды қайырып бола бере, тағы да манағы дағдысымен: «Егер барлық адам бірдей ойласа, онда ешкімнің ештеңе ойламағаны. Гегель» деп бір тоқтайды. Сәлден соң ағайдың аузынан «Суға батып өлгеннен араққа батып өлген адам көп. Ағылшын мақалы» дегенді естисіз. Жай айтып қоймай, осы сөздерді жазып алғанымызды қалайтын. Журналистің міндетін білмесең білме, әлгі сөздерді жүрекке сіңіруің шарт. Кейбір әдемі афоризмдерден соң, «бұл енді ағайларыңның айтқаны» деп жымиып қоятыны бар-ды. «Ақыл істен шықса, жұдырық жұмыс істейді», «Жаман сөзден жаман иіс шығады», «Әдемі адам – әдемі, әдепті адам – әдеміден де әдемі» дейтін өз сөздері жадымда жатталып қалыпты. Міне, осылайша, ағай өткен әр сабақ әдеп, адалдық, тазалық тақырыбымен өрнектеліп сала берер еді.
Үйге тапсырма ретінде еркін тақырыпта қысқа ой-толғаулар жаздыратын. Компьютер қат заман, аннан-мұннан қашқан ойларымызды мастың ізіндей қиқы-жиқы жазуымен дәптердің ортасынан жұлынған қос параққа орынды-орынсыз қондыра сап, жапа-тармағай өткіземіз. Ағай болса оларды үйіне алып кетіп, әрбірін ерінбей-жалықпай өңдеп, машинкаға басып, қайыра сабаққа алып келеді. Соңыра әлгі жазбалар түрлі балалар басылымдарында бұрқырап жарияланып жатады. Өзі сабақ беретін 10-11 сыныптағы 200-ге жуық баланың шимайлағандарын стилін, лексиконын, балаң ой жүйесін сақтай отырып, бас-аяғын жұмырлап, айтар ой, түйер түйінін өткірлеп, қағазға түсіріп, әрбіріне құлшыныс пен сенім сыйлау үшін қаншама тер төгіліп, қанша түні ұйқысыз өтті десеңізші?!
Ағайдың ең көп айтатын сөзі «айналайын» еді. Айналып-толғанып жүріп, талай шәкірттің жүрегіне ізгілік дәнін себе білді. Артық ауыз сөз айтпайтын, артық ауыс қылық жасамайтын, тіпті жақсылықтан өзге ой ойламайтындай көрінетін нағыз адам еді. «Өмірінде жан баласын өкпелеткен емес» деп өмірден өткен кісінің көбінің артынан естеліктер айтыла берер-ау, бірақ, Уәйданың ұлы сол анықтамаға шын лайық жан еді. «Оқып отырған басылымдарда «қуаныш» сөзі көзіме түссе, жалма-жан астын сызып, қағазыма түртіп алатын дағдым бар... Танысын, танымасын, біреудің табысына, жетістігіне көзінше, сырттай қуану – қандай жақсы қасиет!» деп толғап еді бір мақаласында. Жүрегі кіршіксіз, кеудесі ізгілікке толы адамның аузынан шығатын сөз осындай болса керек...
«Таулар алыстаған сайын биіктейді» дейді. Айта-айта бәсі азайған сөз шығар. Осының сәл өңін айналдырып көрсек. Географияда тауларды абсолютті және салыстырмалы биіктікпен өлшейді. Үмбетбай деген таудың абсолютті биіктігі жаратқан иесіне ғана мәлім делік, қала берді, әр шәкірті, әр замандасы өзінше шамалап, өзінше тұспалдар. Дегенмен бір анық бар. Біз ағайды танығанда әлі үлкен өмірден хабарсыз, ақжүрек, балаң жандар едік. Ол кезде, бәлкім, адамның бәрі осындай таза, қаламгердің бәрі осындай биік деп ойлаған шығармыз. Есейе келе, адам баласының кеңдігінен кемдігі, пірәдарлығынан пенделігі, ірілігінен ұсақтығы басым тұратынын көрдік. Сондай көп пенденің арасында Үмбетбай ағай секілді баладай пәк адамдардың тым аз, саусақпен санарлық екенін, сондықтан да салыстырмалы биіктігі тіпті де асқақтап, аспанмен астасып кететінін ұқтық.
Мұрат ЕСЖАН,
Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың түлегі