«Салмағы 45 келі ғана». Жыланбаевтың суретін көре аламыз ба?

Қазақ қоғамы 2023 жылдың қарашасынан бері «экстремистік ұйым ісіне араласты» және «экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен Атбасар түрмесінде жатқан Марат Жыланбаевтың денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдіріп жатыр.
7 жыл түрмеге кесілген супермарафоншы, оппозициялық партия («Алға, Қазақстан») құруға тырысқан және мәжіліс сайлауына түскен Марат Жыланбаевтың денсаулығының қиындағаны туралы алдымен өткен аптаның соңында құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина «салмағы 45 келі ғана» оппозиционер туралы дабыл қақты. Оның ертеңіне белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева мәлімдеме жасады. Артынша марафоншының ұлы Рустам Жыланбаев та әкесінің жағдайы қиын екенін, өздігінен жүріп тұра алмайтынын айтып, видеоүндеу жолдады.
Көкшетаулық белсенділер қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) қызметкерлеріне Жыланбаевпен онлайн тілдестіру туралы талап қойған. Департаменттегілер біраз сөзбұйдаға салып барып, ақыры бір қызметкер арнайы видеожазба түсіріп әкеліп көрсеткен.
«Оны мүлде танымас едіңіздер. Қайраты қабындап тұрған баяғы ер азамат емес. Қатып-семген. Қазіргі түрі шамамен Арон Атабек түрмеден қандай болып шықты, сондай», – дейді белсенділер үндеуінде.
Бірақ алғаш ақпарат шыққаннан бастап ҚАЖД Жыланбаевтың жағдайын «тұрақты» деуден танбай келеді. Түрлі ақпарат көздерінде департамент өкілдері оның салмағы 45 емес, «көз мөлшермен алғанда 57 келі» деп «бағалайтыны» жазылып жатыр. Ресми мәліметте Жыланбаевтың салмағын өлшеуге, дәрігер кіргізуге қарсы екенін, аштық жариялап жатқанын, былайша айтқанда бәріне өзі кінәлі екенін тұспалдап бағуда. Жыланбаев осымен тоғызыншы мәрте аштық жариялап жатыр.
«Қазіргі таңда әкем өзінің саяси ұстанымдары үшін Қылмыстық кодекстің 405-ші және 258-ші баптары бойынша түрмеде отыр. Қазір жағдайы өте қиын. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Салмағы 45 келі. Ісін қайта қарап, ең болмаса басқа тәуірлеу мекемеге ауыстыруды, жазасын қысқартуды сұраймыз. Ол – үлгілі әке, бес баласы, төрт немересі бар», – деді Рустам Жыланбаев.
Марат Жыланбаевқа медициналық көмек көрсетіліп, мәжбүрлеп тамақтандыруды талап еткен құқыққорғаушы «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желіде өзінің үстінен, белсенді Назгүл Жүсіпова мен марафоншының адвокаты Мейіржан Досқараевтың үстінен «жалған ақпарат тарату» бойынша (456-2-бап) әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Жыланбаевтың жақтастары қазір Жыланбаевтың суретін көрсетуді талап етіп жатыр.
Олжас СЛАМЖАН