Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:04

Салтанат Нүкенова ісі: Байжановқа қатысты үкім кассацияда қайта қаралады

Бишімбаев
Фото: БАҚ

Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша сотталған Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді кассациялық сот қайта қарайды.

Кассациялық соттар департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс Байжановтың қорғаушыларының шағымдары негізінде Астананың мамандандырылған ауданаралық сотынан сұратылып алынған. Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев пен оның адвокаттарынан әзірге кассациялық шағым түспегені атап өтілді.

Сот қашан өтеді?

Істі қарау 2026 жылғы 14 мамырға белгіленген. Істі кемінде үш судьядан тұратын алқа қарайды.

Еске салайық, Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты жасырып қалу бабы бойынша кінәлі деп танылған.

2024 жылғы маусымда үкім заңды күшіне еніп, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

2025 жылғы шілдеде Степногорск соты рақымшылық туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартқан.

Қазіргі таңда сотталған азамат жазасының шамамен екі жылын өтеп үлгерген. Алдын ала есеп бойынша ол 2026 жылдың қарашасында бостандыққа шығуы тиіс болған. Алайда енді қорғау тарапы сот актілерін толық қайта қарауға қол жеткізуді көздеп отыр.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың қыркүйегінде Байжанов кассацияға шағым түсірген, алайда кейін себепсіз кері қайтарып алған. Енді қорғау тарапы қайта жүгіну құқығын пайдалануды ұйғарған.