Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 18 Ақпан 2021

«Самалтаудың» авторы Сапалай кім?

None
None

Ешкімді менсіне қоймайтын алпауыт Америка халқын, оның президентін өзіне ынтықтырып қойған Димаш баламыз салған «Самалтау» кімнің әні деген мәселе соңғы кездері жиі сөз болып жүр.

Бұл әнді Сарысу ауданының көнекөз, кәріқұлақ қариялары, үш жүздің азаматтары, әке-ағаларымыздың тереңнен толғап, аспандата арындатып салғандарын бала кезімізде талай есіткен едік. Кейінгі уақытта бұл әнді айтатын қариялар өмірден өтіп кеткен соң, ұмытыла бастағандай болып еді. Осыдан біраз жыл бұрын, бір күні Жамбыл облысының белгілі өнерпазы, өткен жылы ғана аты өшкір індеттің құрбаны болған, жігіттің төресі –  Көпжасар Арынұлы марқұм ойда-жоқта жолығысып қалып, менен сүйінші сұрағандай қылып, «Сәке, мен сіздің елдің керемет бір әнін үйреніп, елге жеткізіп жүрмін, авторы Сапалай деген кісі екен, кезінде «халық жауы» болып ұсталып, атылып кеткен екен. Мен сіздің ағаңыз Тілепберген Маманов қариядан үйреніп алған едім» деп, «Самалтауға» арқырата салған. Сонымен, жоғалған жауһарды Көпжасар сері көп жылдан соң, жарқ еткізіп  жарыққа қайта шығарды.

 «Самалтау» әнін қалың көпшілік Қазақ елі  бұрын теледидар, радио арқылы Бекболат Тілеуханның аузынан тыңдаған болсақ, енді оны кейінгі уақытта Димаш Құдайберген салып, бұл әнді мүлдем құлпыртып, аруақтандырып, әлемге әйгі етіп, аспанға шарықтатып жіберді.

               «Самалтау» әні жайлы мамандар не дейді?

 Жақсыға кім ие болғысы келмейді, «халық әні» дегенді білген соң, «Самалтау» жайлы әркім әртүрлі пікір айтып, әркім өздеріне қарай көрпенің шетін тартпақ ниеттерін де көрсетті. Сол айтылғандардың ішінде фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің жазған мақаласы өте көңілге қонымды. Бұл ән Сарысу өңірінен шыққан Сапалай Исатайұлының әні екенін дәлелдеп берді. Шындықты айғақтайтын бірнеше тарихи деректі мен де  келтірейін.

     Біріншіден, Сапалай Исатайұлы – ойдан шығарылған аңыз кейіпкері емес, шын өмірде болған  адам. Сәкен Сейфуллин өзінің  «Тар жол, тайғақ кешуінде» Сапалайдың өнеріне зор баға берген. Атақты Бауыржан Момышұлы өзінің еңбек жолын Сарысу ауданынан бастаған. Баукең өзінің «Анаштың әңгімесі» деген шығармасында Сапалайдың әкесі Исатай тама елінің белгілі тұлғаларының бірі болғанын, Сапалайдың да орысша сауаты барлығын атап көрсетеді. Рас, Исатай Сарысу ауданы құрылғанға дейін Қырық бойдақ елінің «Үш абыз болысының» кедей таптан сайланған   советтік болысы болғанын, Сапалайдың да 1926-27 жылдарда  Тама болыстығы төрағасының орынбасары болғанын Сарысу болысы төрағасы болған Ажақай Сембин қария айғақтап айтқан.

    Сол дүрбелең жылдардың алдында ғана Қазақстанға басшы болып келген Голощекин Сталинге хат жазып жүріп, Қазақстанда «Кіші Қазан» революциясын жүргізуге рұқсат алады.  1928 жылы  аудан құрылысымен, ірі байлар мен құлақтарды кәмпескелеу басталған, сол кәмпескенің кезінде бұрынғы болыс болғандардың да малдары тәркіге түскен. Сонда Исатай соншама аты шыққан бай болмаса да, тәркілеуге ілініп кеткен ғой. Мұның арты халықтың наразылығын тудырған, соншама қиыншылықтың нәтижесі келіп, тарихта Созақ көтерілісіне алып келеді. Көтеріліс 1930 жылдың ақпанының 3-інен 4-іне қараған түні басталып, бас-аяғы үш аптаға жетпей мұздай қаруланған 500 атты әскердің күшімен басып-жаншылады. Екі ауданның адамдарының қатарынан 5000-ға тарта кісі осы «көтеріліске қатысты» деген айып тағылып, олардың ұрпақтарына дейін сүйектеріне таңба басқандай қорлайтын «аллаһушылар» деген ат қойылып, өмір бойы қыспақта болды. Сапалай да осы көтерілістің белсенді мүшесі ретінде ұсталып, 1930 жылы 25 мамырда «үштіктің» шешімімен атылды» деген дерек бар. Алайда осы деректерді анықтау барысында Сапалайдың көзі тірі туыстарын іздеп таптым, елі – қырықбойдақ, Сапалаймен аталас туысы, Сарысу ауданының белгілі азаматының бірі Сармантай ұлы Әбдібай біраз мәлімет берді.

«Ақ жол» газетіндегі С.Әбсадықұлының мақаласында айтылғандай, Сапалайдың Байбосын, Бекбосын деген шонжар аталары болмаған, оның ататегі төмендегіше өріледі: Тамадан Әліп, Жөгі. Жөгіден – Жәнеке, Тыныс. Тыныстан – Найманбай, Шоқай, Түктіғұрт. Найманбайдан (қырықбойдақ) Жандыбай-Жақсылық-Бұланбай, Күлембай. Күлембайдан – Исатай, Мәдібек. Исатайдан – Әбдіғали, Исахан, Рысқұлбек, Сапалай, Күзембай, Күланда, Ескермес, Мырзағали, Тиінбай, Рәмеш. Осылардың ішінен Рәмештен ғана бір ұл – 1936 жылғы Серік деген бала қалған. Серіктің әйелі Бимағамбетқызы Рыстай – 1943 жылғы, қазір Жаңатас қаласында тұрады, балалы-шағалы.

Алайда бұлар аталарының қандай әндері бар екенін де онша жақсы білмейтін болып шықты. Серіктің өзімен тікелей жолығып сөйлесе алмадым, Астанадағы баласының қолына емделуге кеткен екен, ол жасы 85-ке келіп қалған кісі, шаруа адам. Әбдібай Сармантайұлының айтуынша, Сапалай ату кезінде құдай сақтап тірі қалып, өліктерді үйіп тастаған терең жардан   қашып шығып, кейінгі 1950 жылдарға дейін Өзбекстанда жасырын атпен күн көріп жүріпті-міс. Сол 1953 жылы болу керек, Өзбекстанға іссапарға барған қарағандылық бір-екі азамат өзбектердің арасында жүрген бір қазақты жолықтырады, ол қазақ бауырларын көргендей қуанып, үйіне алып барып, қонақ қылып, өзінің атақты Сапалай сал болғанын, үкіметтің құрығынан қорқып, өзбектерді паналап жүргенін, «елге қайтсаңдар, Сарысудағы ағайындарыма хабар берерсіңдер» деп сәлем айтады.  Сарысудағы ағайындардың ішінен біраз жарамдылары іздеу салғанымен, кейін із-түзсіз хабарсыз кеткен екен. Қалай болғанда да, тірі болса, «аман ердің аты шығар» деп, ендігі бір хабары болар еді ғой.

«Самалтау» Сапалайдың әні екені анық

Сонымен, «Самалтау» қалайша Сапалайдың әні дейсіз ғой, соны талдап көрейін. Әннің атының өзі – «Самалтау», ал мұндай жер атын Қазақстанның географиялық  картасынан кездестірген жоқсыз, алайда Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» 1918 жылы Ақмола совдепін ақтар басып алған соң, атаман Анненковтың «Азап вагонына» айдап бара жатқан жолда Бәкен Серікбаев өзінің жолдастарына:

«Атты емеспіз, жаяумыз,

 Жаяудан да баяумыз,                                       

Аязынан Арқаның өлуге де таяумыз.

Беу, Самалтау, салқын-самал жерім-ай,

Сағындым, сені елім-ай,

Көрем бе тірі жерімді-ай», – деп, басындағы мұңын шағып хат жазған ғой.

«Сарыарқаның бүкіл ұзынынан ұзақ бойы түгел – самалы есіп тұратын жанға рахат жайлау ғой, сондықтан да автор өзінің кіндік қаны тамған Қулы-Мұңлы тауын ғана әнге қоспай, бүкіл Сарыарқаның  тауларын қысқаша «Самалтау» деп атаған», – дейді көнекөз тарихшы қария, жаңаарқалық Жақсыбай Сүлейменов.

  Енді ән сөзінің мағынасына келсек, шығу тарихына тікелей байланысты екені көрінеді. Өлеңде Димаш пен Бекболат айтуында,  мынадай деректі сөздері бар: «Жасым бар қос мүшелде, жылым – сиыр». Сондай-ақ «Осынау әнге салдырған он алтының зары еді» дейді. Сонымен, қос мүшелдегі жігіт – жиырма бестегі сақа жігіт емес пе? Ондай жігіт әскерге алынуына неге қайғырып зарланады, өзімнің анам Ақан Ілиясқызы да жап-жақсы әнші болатын, бұл әнді мен бала кезімде анам «Жасым бар он бестегі – жылым сиыр» деп айтқаны есімде қалыпты. Сонда 1916 жылы он бестегі жігіт – сиыр жылғы болып шығады. Енді осы жасына қарап анықтайық. Менің әкем Досекең марқұм Сапекеңмен құрдас, жастық шағында қатар жүрген жолдастар болған. Әкем 1902 жылғы, жылы – барыс болатын, демек, менің әкем бір жасы кіші – он төртте болған. Рас, Сапалай жайлы анықтамаларда, архив құжаттарында ол кісі 1894 жылы туған, 1930 жылы 25 мамырда атылған» деп көрсетілген. Олай жасын өсіріп жазу 1916 жылғы патшаның бұйрығына сай жазылғанының айғағы, осылайша менің де әкемнің құжаттарындағы туған жылы сол 1894 болып жазылған. Сондықтан бұл ән әскерге жасы толмаған, әлі ата-анасының қасынан алысқа шықпаған, бұлғақтаған бозбаланың азапты жолда жабырқап шығарған әні деуге болады.

 Айтпақшы, 1930 жылғы 25 мамыр күні «үштіктің» шешімімен қазақтың тағы бір тамаша талантты өнерпазы, өзі палуан, өзі сері, өзі әнші-сазгер, «Бір түнде сегіз қызды алып қаштым...», «Қыпшақтың бар қатыны ұл тапса да, бәрібір бола алмайды Иманжүсіп», – дейтін Иманжүсіп Құтпанұлының да  1895 жылғы  атылғаны жайлы  жазылған мәлімет бар.

          

«Самалтау» әнінің шығу тарихы жайлы шындық

 Тағы бір дәлел келтірейін, 1978-83 жылдары мен Жаңатас қалалық партия комитетінде қызмет жасап, Мырзамбетов Шәкіжан ағамызбен көрші тұрдым, бұл кісінің әкесі Мырзамбетов Рақымжан деген кісі Сарысу ауданының алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, менің әкемнің жақын досы болған екен. Ол жайды мен осы Шәкіжан ағаның анасы Әбдірқызы Балайым анамыздан естідім. Апамыз сол уақытта жасы сексенге келіп қалса да, реңі қайтпаған, өте көркем кісі еді. Даусы да керемет, Арқаның әндерін, әсіресе Сапалайдың әндерін керемет айтатын. Сапалайдың «Екі айна», «Сәулем-ай», «Гүлдерайым», «Қос өрік», «Мұхида-Шайбан» және осы «Самалтау» әндерін керемет нәшіне келтіре айтатын. Сапалайдың атын тіке атамай, «Сары бала» деп ат қойған екен қайнысына. Сол апамыз Сапекең жайлы көп әңгіме білуші еді, дегенмен әбден шошып қалған, ол кісінің атын тіпті өзі қойған атымен атауға да қорқатын. Тек қана айтатыны: «Сары баланың жөні бөлек еді ғой, оның салған әндерін бүкіл ел айтушы еді, кейін «халық жауы» болып ұсталған соң, оның атын да атауға, әндерін де айтуға тыйым салынды. Кейін әндерін әртістердің айтуынан естіп жүрдік, бірақ «халық әні» дейді. Мейлі ғой, марқұмның өзі жоқ болса да, әндері халықтың жүрегінде қалды ғой», – деп мұңаятын.

Айтпақшы, жаңағы әнді шығару тарихы былай болыпты: Сапекең жас кезінен-ақ жүйрік мініп, салдарша киініп, ел-елді аралап жүріп ән салып, серілік құрып жүргенде көрші тоқа елінің бір көркем қызымен көңіл жарастырыпты. Ол қыздың  атастырылып, қалыңы беріліп қойған жігіті бар болып шығыпты. Әңгіме атастырылған жігіттің шонжар әкесінің құлағына жетіп, бозбала Сапалайды қаматып, итжеккенге айдатпақшы болады. Итжеккенге кетсе, жас бозбаланың каторгаға шыдамай, ол жақтан қайтып келмейтінін біліп, Исатай әкесі ара түсіп жүріп, баласын соттатпай, жасы толмаса да, жасын өсіріп жазып, жазым болып өлсе де, ең болмаса өлігін алармын, итжеккенге кетсе өлігін қайдан табармын» деген оймен әскерге жібертіпті.   

 1916 жылы патша жарлығымен қазақ жігіттерін жастары толмағандарын үлкейтіп, жастары қырық үштен  асып кеткендерді жасартып жазып, әскерге алдырып, окоп қаздыруға жіберілгенін тарихтан білеміз, сөйтіп амалдап, Сапалай әскерге жіберіліпті. Әскерге алынғанда Омбыға жаяу айдап апарған ғой, «Атты емеспіз, жаяумыз, Жаяудан да баяумыз, Он бес күндей жүргенде Омбы жаққа таяумыз» деген сөздің өзінде жердің мөлшері – Сарысу бойынан Омбыға дейінгі аралық. Кейбір жігіттердің айтуынша, «Самалтау Алтай жақта» дегендері мүлдем шындыққа жанаспайды, өйткені Алтайдан Омбыға дейінгі аралықты он бес күнде емес, жаяу жарты жыл жүріп өтер.

  Жуырда «Жас Алаш» газетінде Серікбол Хасан деген жігіттің осы тақырыпта жазылған мақаласы жарияланды. Оның жазуында  «Самалтау – Қаратаудың бір сілемі, Шолақтау деген тау» деп тұжырымдайды. Рас, Шолақтау – самалы ескен, жазғы жайлауға ыңғайлы өте бір көрікті жер екені анық. Алайда өзіміз сол аймақта туып-өссек те, Шолақтаудың еш уақытта  Самалтау аталғанын естімеппіз. Оның үстіне әннің шыққан уақыты 1916 жыл болатын болса, одан соң Қаратаудан жаяу шығып, Таластан өтіп, Шудан, Бетпақтан ең төте жол – «Жанайдың жаңғыз аяғымен» жүрген күннің өзінде, Жаңаарқаға жеткенше, одан Омбыға жеткенше екі айдан кем емес уақыт кететіні даусыз. Оған қоса, Сарысу ауданы 1928 жылы құрылып, халқы босқын болып, адамдары алыс та ауыр азапты жолда ашаршылықтан қырылып, 1909 жылғы халық санағында 36 мыңнан асатын адамнан Қаратау бойына 1932 жылы 6 мыңдайы ғана  әрең жетіп, Ұлы жүз Ысты елінің  мекен-тұрағы Саудакенттің айналасына, Қаратаудың баурайына орналасқан. Өздерінің атақонысынан еріксіз айырылып, тоз-тозы шыққан халықтың мүлдем жойылып кетуінен сақтау мақсатында жаңа қонысқа үкіметтің өкілетті өкілі Ораз Жандосов үкіметтің шешімін шығартып, Сарысу ауданының атын қалдыртқан. Бұл кезде Сапалай 1930 жылы 25 мамырда атылып кеткен. Сондықтан Сапалайдың Қаратау бойына келмегені анық.

Осы тақырыпта жазылған тағы бір автордың «Ақ жол» газетіндегі  мақаласында «Созақ көтерілісіне қатысқандарды Саудакент пен Жаңатастың арасындағы Итауызға жақын терең жыраға апарып атқан» деген мәлімет келтіргенін байқадық. Демек, Сапалайдың атылған жері осы маңда дегенді айтады. Бұл да шындыққа жанаспайды. Сапалаймен бірге атылған, Сарысудың беткеұстар ерлері атанған Жантөре Имановтың, Сарыбас Дәненовтің, Ақберген Кеңкөзовтің т.б. ұрпақтары 90 жылдан бері бұл маңнан олардың ешқайсысының мүрделерін (сүйектерін) таба алмай сарсылумен келеді. Сарысу ауданының орталығы ол кезде Шу бойындағы Кентаралда болған, Созақ көтерілісінің шыққан жері – Ескі Созақ, сол кездегі аудан орталығы болған, сондықтан бұл ақпардың да тарихи шындыққа келуі неғайбіл.    

Енді осы әннің Сапалайдыкі екенін айғақтайтын тағы мынадай дәлел бар, ол Сапалайдың «Қос өрік» әнінің қайырмасындағы: «Жан қалтамда қос өрік, Сәулем, саған мен серік, Сен есіме түскенде, Жүре алмаймын теңселіп» деген қайырмасының мақамы да, буын ырғағы да «Самалтаудың» қайырма мақамымен бірдей шығып тұр. Сол сияқты «Мұхида-Шайбан» әнінің де осы «Самалтаудың» егіздің сыңарындай екені.

 Осы ән жайлы әлемжеліде қызу тартыс жүріп жатқан кезде белгілі өнертанушы, профессор Ілия Жақанов ағамыздан пікірін сұрадым, ол кісі бірден бұл сөзсіз Арқаның әні екенін, бірақ не Ақан серінің, не Біржан салдың, не Сегіз серінің, не Ыбырайдың, не Жаяу Мұсаның әндерінің ешқайсысына келмейтінін айтып, «Олай болса бұл ән сол Сапалайдыкі екеніне келісіп, Сарысудан шыққан тағы бір мықты әнші-композитор, өзі ақын Мүсәйіп әжі Байтілеуұлы деген кісі болған, бірақ ол кісінің әндерінің мақамы бөлек, марш іспетті, сондықтан сенің пікіріңе қосыламын», – деді.

 2019 жылы күзде Тараз қаласында Оразалы Телеуовтің үйінде отырып сұхбаттасқанымызда, шындығында, өнертанушы Ілия ағамыздың талдауындағыдай, бұл әннің Арқаның әнші-серілерінің әндеріне келе қоймайтынын, Сапалайдың әндерінде орыс әндерінің (частушка, романс) мақамдары байқалатынын атап айтуға болады. Демек, Сапалайдың жас кезінде орыстардың арасында болғаны, солардан орысша тіл үйреніп қана қоймай, қазақтың әндеріне орыстық мақамды жарастықты енгізуінің өзі қазақ әндеріне қосқан ірі жаңашылдығы деуге де болар. Ілия ағамыздың Сапалай туралы жазған зерттеу мақалаларын «Қарахан» журналының 2020 жылғы №3 санында жариялаған болатынбыз, сонда қазақтың белгілі әншісі Рабиға Есімжанованың орындауындағы Сапалайдың «Сәулем-ай», «Үрия-ай», тағы басқа да әндерінің Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы екенін, бірақ олардың бәрі «халық әні» аталып кеткенін, енді алдағы уақытта «қызыл террордың» құрбаны болған халықтың аяулы асылдарының атын ақтап, өзіне тиесілі шығармаларын өзінің атына қайтару керек екенін айтқан.

Ендігі айтарым, бұл әнді Димаштың тобындағы қобызшы Олжастың қобыз үнімен Ықылас бабамыздың «Қасқыр», «Аққу», «Қоңыр» сияқты күйлерінен үзінділер алып, интерпретациялауын Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің қобызшы, ғалым ұстазы Ақнар Шәріпбаева қарындасымыз: «Түп аталары бір қос өнерпаздың шығармаларындағы ұқсастықты, бір халықтың басынан өткен тарихты Димаштың қиюластырып үндестіре білуі өте тапқырлық деуге болады», –  дейді.

 «Өнерде шекара жоқ» дегендей, бір кездері бізге «жабайы, сауатсыз, варварлар» деп қараған әлемнің өркениетті озық елдерінің барлығы еліміздің өнері мен мәдениетін танып-біліп мойындап жатса, оған қалайша мақтанбасқа?! Осы орайда,  ұлы Абайдың «Біріңді қазақ – бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген даналық сөзі дәл бүгінгі заманда барлығымыздың бірігіп, ұстанатын ұранымыз болса екен деген пейілмен ойымды тұжырымдағым келеді. Ендігі жердегі әңгімені соза бермей, барлық авторлардың бәрінің де басым бөлігі «Самалтауды» Сарыарқаның Сапалай салының әні екенін мойындауына байланысты дауды бұдан әрі тоқтатып, әнді иесіне қайтарып, орындаушылар да, хабарлаушылар да «Сапалайдың әні – «Самалтау» деп елге жеткізгені дұрыс болар. Бұл мәселеге қатысты авторлық құқықты анықтайтын құзырлы ұйымдар автордың мұрагерлеріне тиісті кеңестерін беріп, дұрыс шешім қабылдайтынына сенеміз.

Тегтер: