Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:26, 15 Қараша 2022

Самарқанд саммиті түркілердің түйінін шеше ала ма?

None
None

Осы уақытқа дейін қазақ баспасөзінде «Тұран одағын құру мүмкін бе?», «Түркітілдестердің ұйымы қашан құрылады?

» деген тақырыпта сауалдар жиі қойылып келгені белгілі. Енді, міне, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Мажарстан мемлекеттерін біріктірген Самарқанд саммиті сенімді нығайтты. Сөйтіп, түркілер бұрынғыдай емес, бір-біріне бауырластық ниетін білдіріп, жақындаса бастады.

Шын мәнінде бүгінгідей геосаяси жағдай қиындаған тұста ең алдымен түркілердің біріккені абзал. Ақиқатын айту керек, «Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы бұл ұйымның тезірек құрылуына барынша мүмкіндік  жасады» деп тұжырым жасауға болады. Өйткені ең алдымен елдің қауіпсіздігі керек. Ресейге ешқашан сенуге болмайтынын қазіргі жағдай барынша көрсетіп отыр. Қайтпек керек? Біріккеннен басқа тірлік жоқ. Самарқанд саммитіне жиналғандар мұны айқын түсінді және мәселені сөзбұйдаға салмай жүзеге асыру қажеттігін сезінді.

Қазақстан түркі әлемінің – Атажұрты. Айта кету керек, түркі мемлекеттерінің ұйымын құруда Қазақстан маңызды рөл атқарды. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуда сөйлеген сөзінде де баса айтты.

–Ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Өзара байланысты нығайту жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті орасан зор рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев.

Президент Қазақстанның бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты да түркілердің ұйымдасып, ұжымдасып жұмыс істеуіне зор мүмкіндік беретінін мәлім етті.

Рас, бұл орайда Қазақстанның бастамалары ұшан-теңіз. Бұл жолы да мемлекет басшысы Самарқанд саммитінде бірқатар бастамалар ұсынды. Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құру, капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құру, мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту барысында 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыру, сондай-ақ келешекте Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құру туралы өркениетті бастамалар айтылды. Қазақстанның бұл бастамалары жүзеге асатын болса, шын мәнінде түркі дүниесінде бұрын-соңды болмаған ынтымақтастық орнап, бауырластық бұрынғыдан жандана түсері хақ. Рас қазіргі кезде Қазақстан Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырып отыр. Бір ғана мысал, бауырлас үш ел (Қазақстан, Әзербайжан, Түркия) арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде тіршілік соңғы жылдары жанданды. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Алдағы уақытта бұл сала тіпті дами түседі. Атап айту керек, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – Ресейді айналып өтетін жоба.  Қазіргі уақытта басына сор тілеп алған Путиннің саясатының салдарынан бүкіл Еуропа құрлығы Ресейден теріс айналды. Сондықтан Еуропа құрлығына Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тауар жеткізу Қазақстан үшін өте тиімді бағыт. Әрине, мұның барлығы көрінген жерге басын тығып, геосаяси мүдде іздейтін Ресейге ұнай қоймасы анық. Бірақ ресми Мәскеу дәл қазір өз саясатының құрбанына айналды. Өз елінен қашып жатқан Ресей жастары Путиннің саясатына ашық қарсы шыға алмай отыр. Жалпы билігі қандай саясат жүргізсе, халқы да сондай империялық пиғылда болатынын Ресейдің Украинаға жасаған соғысы дәлелдеп берді. Ал мұндай жағдайда қайтпек керек? Түркі мемлекеттерінің біріккені қажет. 2021 жылы Ыстамбұл қаласында Түркі мемлекеттері кеңесінің саммиті және Әзербайжанның Нахичевань келісімдері түркілердің бір жұдырыққа жұмылу қажеттілігін айқындап берді. Оның үстіне түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы саналатын ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына келер жылы 30 жыл толады. Бұл тарихи оқиғаның заңды жалғасы ретінде Түркі мемлекеттерінің саммиті 2023 жылы Қазақстанда өтетін болды.

Рас, Түркі мемлекеттер ұйымында ғана емес, әлемдік аренада қазір Түркияның ықпалы артты. Мұны Ресей де, АҚШ-да сезіп отыр. Ресми Мәскеу бұл ұйымның құрылуына қызғанышпен қарап отырғаны да жасырын емес. Демек, біріккеннің белі бекем. Геосаяси жағдай қазіргідей ушыққан кезеңде бізге ауызбіршілік пен бір-ақ ауыз сөз керек: Түркі дүниесі түгел бол! Ал Самарқанд саммиті сенімді нығайтты, түркілердің түйінін шешті.

Тегтер: