Самат Нұртаза. «ЗЕБРА»
Атышулы бұл депутат журналистерді қолтырауынға теңегенде, кейбір әріптестеріміз кәдімгідей шамданып қалған. Шындығына келсек, бұл сөзге өкпелейтін түк те жоқ еді.
Себебі екі көзі алақтаған кейіпкеріміз дәл сол кезде «қолтырауын-журналистерге» гну мен зебраның көзімен қараған болса керек. Бұл енді хайуанатқа тән сақтық па, әлде Парламенттегі бүкіл қауымды хайуанатқа теңеу ме, ол жағын енді Самат Нұртазаның өзі біледі. Біздің білетініміз, Саматтан гну жасау – қиын. Өйткені ол үшін кеудесіне салақтаған жүн «жапсырып», төбесіне кетпектей екі мүйіз «қадау» керек. Сондықтан «жұмысты» көбейтіп, мүйізді қор қылғанша, (мүйізді келесі бір кейіпкерімізге сақтап қойдық – ред.) зебраның ыңғайымен заулата бергенді жөн көріп отырмыз.
«Қолтырауындар» қолына түскенде...
Ит жылы ма, құс жылы ма, әйтеуір Самат Нұртаза адамзатты хайуанаттар әлемімен салыстыра отырып, бұзаудың тіліндей пост жазған. Онысы хайуанаттардан басқаның бәрін шулатып жіберді: «Кеше NatGeoWild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда, әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни, қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға».
Енді аңғарған адамға беп-белгілі болып тұр ғой, қолтырауындардың кімдер екені. Сондықтан «азуы алты қарыс» әріптестеріміз жан-жағынан қаумалап жүріп, Парламенттің бір бұрышында депутатты «ұстап» алған. Арадағы әңгімені сәл ғана ықшамдасақ, былай болып шығады:
– Бізді қолтырауынға теңейтіндей не болды?
– Мен хайуанаттар әлемімен салыстырдым.
– Сонда сіз – адам, біз – хайуан ба?
– Мен хайуанаттар әлемін жақсы көремін, экологияны жақсы көремін.
– Ал сіз кімсіз, зебрасыз ба?
– Жоқ, бұл философиялық салыстыру.
– Ал сіз өзіңізді кіммен салыстырасыз?
– Мен салыстырмаймын.
– Бізді неге салыстырасыз?
– Жоқ, сіздерді емес, мен жалпы табиғатпен салыстырып отырмын...
Табиғатты жақсы көретін депутаттың хайуанатқа да «жақындығы» бар екені алғаш рет осы тұста көрінген. Кейін тіпті үдетті. Құйрығын бұлғап жіберіп, тұра шапқан жануар секілді ана жерге де, мына жерге де қойып кіретінді шығарды. Бірақ бұл жайында сәл кейінірек. Алдымен мына қызыққа қараңыз, «Зебраның жолағы қара, терісі ақ па? Әлде жолағы ақ, терісі қара ма? деген сауал ғалымдарды біраз мазалаған екен. Ақырғы қорытынды мынадай: «Терісі – қара, жолағы – ақ». Бірақ бұған қарап, «Самат Нұртазаның да терісі қара екен» деген мән шықпауы керек. Есесіне, зебраның түсі – ала-құла болса, кейіпкеріміздің сөзі – ала-құла. Демек біз енді екеуін салыстыра отырып, кейіпкеріміздің «жолақтарын» түгендеуге көшеміз.
Шыбын буған мен шыбыны қозған
Зебралар мекендейтін Африкада «Цеце шыбыны» деп аталатын жәндік бар. Аты шыбын болғанымен, бұл – нағыз оңбағанның өзі. Жан-жануарларға жан таптырмайтын бәлекетті кезінде пестицидтермен жою күресі жүргізілген. Ұзақ жылдарға жалғасқан «майдан» нәтиже берген жоқ. Керісінше, улы дәрі-дәрмек Африканың флорасы мен фаунасына кері әсер етті. Сондықтан «бүйткен цецесінің шешесін...» деді ме, үкімет күресті доғара салған.
Сенсеңіз, арқыраған арыстанның өзін қалың жынысқа «қуып тығатын» осы шыбындардың зебраға түк зияны жоқ екен. Қалайша? Қызығы сол, жыбырлаған жануарларды қимылынан сезетін цецелер «теңізшінің тельняшкасын киіп алған» зебраларды ырғалған қурай, тербелген бұтақпен шатастыратын көрінеді.
Енді мұның кейіпкерімізге қандай қатысы бар? «Зебраға залалсыз жәндік депутатқа не істемек?» деп отырсыз ғой, шамасы. Мұныңыз дұрыс. Бірақ «Цеце шыбыны осы біздің Саматтың ішінде жүрген жоқ па?» дейтін бір күдік туады, кейде. Себебі депутаттың қайсыбір қылықтары аузына шыбын кірген гиенының арс еткеніне ұқсап қалып жатады. Мәселен, бұл кісі сонау 2020 жылы: «Әскерді периметрмен тізіп қойып, бұйрыққа бағынбағандарды ату керек», – деді. Құдай-ау, кімді? Кімді болушы еді, пандемияның талабын толық сақтамаған халықты да! Енді мұндай сөзді кім айтады? Сізді қайдам, бізше болса, «шыбыны қозған» кісі айтуы әбден мүмкін.
Енді «қозудың» дәлелі ретінде осы әңгімені ары қарай жалғастырайық. Самат Нұртаза «ату керек» деп бұлқан-талқан болып жатқанда, бір журналист: «Япыр-ай, қатты кеттің ғой, Сәке», – деп ескертеді. Жауап мынадай болды: «Біздің халық қорыққанын сыйлайды». Былай қарасаңыз, масқара сөз! Өйткені Саматтың «біздің халық» деп отырғаны – Сіз бен біз. Яғни, бәріміз. Сонда бәріміз қолтырауыннан қорыққан зебра құсап, қорыққанымызды ғана сыйлаймыз ба? Бұл – ең жеңіл айтқанда, халықты қорлау ғой!
Енді ары қарай тыңдаңыз, тағы бір әріптесіміз Саматтың жоғарыдағы сөзіне: «Биліктің позициясы осы», – деген жазба қалдырған. Кейіпкеріміз былай деді: «Біріншіден, мен билік емеспін. Екіншіден, билік болсам, көре жатарсыңдар».
Иә, көріп жатырмыз, Самат Нұртаза билікке келді. Құдай сақтағанда, Ішкі істер министрі, не Бас прокурор емес, депутат болып келді. Ал қолына қандай да бір құзыретті билік тигенде, бұқараны автоматпен бытырлатып атудан тайынбас еді. Есесіне, қазір де «бытырлатып» жатыр. Бірақ атқан оғы айналып келіп, оның өзін табатыны қызық.
«Жириновскийдің інісі», «Болаттың қорғаны»
«Атқан оғы өзін табады» деуіміздің сыры мынау ғой, Самат Нұртаза – кеше айтқан сөзі үшін бүгін кешірім сұрай салудан жалықпайтын кісі. Мәселен, баяғыда журналистерді қолтырауынға теңеймін деп «таяқ жегеннен» кейін кешірім сұрап, әрең құтылған. Күні кеше осыдан 5-6 жыл бұрын аузынан атқып кеткен «сіңір» үшін тағы да басын иіп, бәйек болды. Өзін блогер санайтын Самат сол кезде: «Қазақ тілі – кедейлердің, сіңірлердің, тачка итерушілер мен официанттардың тілі. Кіжін сіңір, ашулан кедей!», – деген-ді.
Былай қарасаңыз, кіжінген адамның лепесі. Қазақ тілі үшін күйініп, елді қайрап, жұртты кіжінуге шақырғандай әсер қалдырады. Алайда кейіпкерімізге сенім жоқ. Саматтың сөзі – «зебраның жолағы ақ па, әлде қара ма?» дейтін жоғарыдағы сұрақ секілді үнемі екіұшты шығады. Соны ерте байқаған журналистердің бірі – Инга Иманбай болса керек. Кейіпкеріміз Парламентке барғанда, Иманбай: «Самат Нұртаза деген пақыр біз Байбекпен соттасқан кезде «Нұр Отан» төрағасының бірінші орынбасарын әбден ақтап, мақтап, жақтап, соған жағымпазданған болатын. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ, дәл осы адам әлеуметтік желілерде «боттар тобын» басқарады дегенді де оқығаным бар...», – деген еді.
Блогер бола ма, бот бола ма, ол енді өзінің қалауы ғой, біздің білетініміз, бұл кісінің сөзі үнемі «от» болып жатады. Мәселен, атышулы Владимир Жириновский өлгенде Саматтың ішінде әлдене «ызың» ете түскен. Сол ызың күшейе келе ақыры пост жаздырды. Саматқа сенсеңіз, Жириновский 30 жыл бойы айқай-ұранымен қазақты оятып келе жатқанға ұқсайды. Яғни, Жириновский – қазақты оятушы. Осыны айтқан кейіпкеріміз сөзін былай түйіндеген: «Енді Жириновский жоқ. Енді Жириновский сияқты ешкім сөйлемейді, сөйлей алмайды. Енді тынышталады. Жас депутаттардың сөздері Владимир Вольфұлының сөздеріндей өтімді болмайды. Бастысы, енді қазақ ұйықтап кетпесе екен…».
Шынымен солай ма? Жириновский – қазақты оятушы, Самат Нұртаза – ағартушы ма, сонда? Зебралық пайыммен өлшесеңіз, кеудесінде жаны бар қазақ Ресейге шуап барып, Жириновскийге топырақ салып қайтса да, жарасатын сияқты. Бірақ мұны ешкім ойлаған жоқ. Неге? Себебі Жириновский қазақты оятушы емес, орысты азғырушы болатын. Жалғыз Қазақстан емес, КСРО құрамында болған барлық республикаларға көз алартып, дөңайбат көрсетіп, цеце шыбынындай мазалап келген...
Осыны ескергендер, кейде Самат Нұртазаны «Жириновскийдің інісі» дейтін. Енді оған «Болаттың қорғаны» дейтіндер қосылды. Неліктен? Қалайша? Қалайша деріңіз бар ма, кейіпкеріміз үшін біреуге жақын бола салу қиын дейсіз бе, Болат Назарбаев төсек тартып жатқанда, Самат Нұртаза былай деп толғанған: «30 жыл ішкені алдында, ішпегені артында. Миллиондаған доллары бар, балалары мен немерелерінің жағдайын өмір бойына жасап тастаған, алғысы келген затты алып, армандаған еліне саяхаттай алды, қымбат көліктер мен зәулім үйлерде өмір сүрген адам өлейін деп жатыр. Соның ауыр жағдайына үйі жоқ, мойнында кредиті бар, бала-шағасы жұмыссыз кедейлер қуанып жатыр. Ең қызығы, сол адам дәл қазір өліп қалса да, сол кедейлерден мың есе бақытты өмір сүрді. Сонымен қатар қанша тыраштансаң да, оның жаназасына мыңдаған адам келеді. Оның зираты сенің/менің зиратымнан әдемірек болады. Жалпы, кедейлердің ауырып жатқан миллионерге (мүмкін миллиардерге) несіне күліп, мәз-мейрам болып отырғанын түсіне алмадым. Ертең кредит төлейтін күнің ғой, Сіңірім-ау… қызыл банкоматтың алдында ақшаңды бір-бірлеп, фшюх-фшюх деп салып тұрасың».
Бұл не? Қарызға батқан халыққа күлу ме? Әлде зебраша ойлайтын кісінің бақыт туралы байламы ма? Былай қарасаңыз, екеуі де бар сияқты. Өйткені Самат Нұртаза Болат пен Болат секілділердің қалай байып кеткенін айтқысы келмейді. Олардың жалғанды жалпағынан басқанын мәртебе көреді. Өлсе, өзгелердікінен әдемірек тұрғызылатын зиратына дейін қызығады. Сонда бұл не? Боқ дүниеге деген өлермендік пе? Болмаса, хайуанның қалауына ұқсас әлдене ме? Сіз сәл ойлана тұрыңыз, біз мұның мәнін келесі бөлімде жіліктеп береміз.
Самат қалай «Сәке» болды?
Ескерте кетейік, Жириновскийді жоқтап, Болатты мақтап жүргенде, Самат Нұртаза әлі депутат болмаған. Сондықтан бұл сөздеріне аса мән бермей-ақ қоюға да болар еді. Өкініштісі сол, Парламентке барып, парасатты сөз айтуы тиіс орынға отырғанда да, кейіпкеріміздің «зебралық зердесіне» ештеңе қонбаған болып шықты. Іштегі ызың күшейіп, «шыбыны қозғанда», қолына қаламын алатын әдетіне басты. Сондағы жазбасының бірі мынау енді: «2018 жыл. Жалақым 135.000 тг. Көлік жоқ. Пәтер жоқ. Түскі асты өзіңмен алып баратын кездер. Сол 2018 жылы мектеп бітіргенімізге 20 жыл толып, барлық кластастар жиналған еді. Бармадым. Не деп барасың? Он екіде бір нұсқаң жоқ. Сөзіңнің салмағы болу үшін - төрт құбылаң сай болу керек қазақ қоғамында. Сол кездесуге кілең жолы болған, үбірлі-шүбірлі, зәулім үйі бар, жұмысы жақсы жігіттер, тұрмысқа сәтті шыққан қыздар, қымбат көліктерімен кездесуге жарыса барған еді. Ал жолы болмаған, тұрмысқа шықпаған қыздар, жұмыссыз жүрген жігіттер, сіңірі шыққан күйзелістегі кедейлер ол кездесуге бармады. Себебі көбінесе ондай жиындарға сағынғаннан емес, сынауға, мұқатуға, мақтануға барады».
Байқадыңыз ба, ең жеңіл айтқанда, таяқ жейтін баланың сөзі ғой, мынау. Әйтпесе, он жылдық, жиырма жылдық, отыз жылдық аталатын кездесулердің бәрін бастан өткергенбіз. Сыныптастар кездесуіне ешкім байлық салыстыру үшін бармайды. Жағдайы төмендердің өзі жалғыз сиырын сатса да, сол ортадан табылады. Ұзақ жыл көріспеген құрдастар сағынысып қауышады. Әрине, адам болған соң, арасында кеудесі көк тіреген көркеуделер де болуы мүмкін. Бірақ олар соңына дейін қалмайды. Көрсететінін көрсетіп, мақтанатын жерде мақтанып, сосын тайып тұрады. Өйткені соңына дейін қалса, таяқ жейді. Бала кезден бірге өскен құрдастар болдым-толдым дегенді көтермейді. Үйірлі арыстанның ортасында қалған зебраның күйін кештіреді. Тіпті есек қылып, «ерттеп» мініп алуы да ғажап емес.
Ал «сағынбай» кездескен сыныптастарын – мақтаншақ, мұқатқышқа, ал бара алмағандарын – кедей-кепшік, бейшара, сорлыға балаған Самат Нұртаза таяқ жеді ме, жемеді ме? Біз бұл жағын айта алмаймыз. Әйтеуір сондағы жазбасының соңын былай аяқтаған: «Сыныптастан шыққан жалғыз депутат болдық. Сөзіміздің салмағы пайда болды, «Сәке, сағындырдың ғой» деген сообщениялар да келіп жатыр. «Билет алып берейін, қолымды қайтармашы Сәке!» деген аудиохабарлар да келді. Қысқасы, мектебім мені күтіп отыр екен».
Демек Сәкеңнің мектебіне қалай барғаны түсінікті боп тұр. Ұстаздары мен сыныптастары «сауырын» сипап, «жолағын» санап, біраз мадақ айтқан-ақ шығар. Бірақ мәселе сонда ғой, кейіпкеріміз тойдың соңына дейін болды ма, болмады ма?..
Бұл жердегі баса назар аударатын негізгі мәселе – кейіпкеріміздің бизнесмен, немесе әкім еместігінде. Самат Нұртаза – Мәжіліс депутаты. Яғни, биліктің бір тармағындағы халықтың өкілі. Ал депутаттың халықтан жоғарымын деуге моральдық құқы жоқ. Ал Самат Нұртаза ше? Бұл кісі сыныптастарына мектептен шыққан жалғыз депутат ретінде мақтанып барғысы бар. «Кел, Сәке», «Ал, Сәке» деген секілді көптірме сөз, көпірме мадақ естігісі келеді. Сонда... Сонда сол. Бұл – деңгей. Бұл – Самат Нұртазаның деңгейі. Сондықтан «Мынауың шынымен зебра екен» десеңіз де, «мынадай адамнан зебраның өзі жақсы ғой» десеңіз де, қалауыңыз біледі.
Қарабет және сантиметрдің әңгімесі
Не жылқы емес, не есек емес, зебраңыз да қызық жануар ғой, негізі. Біздің кейіпкеріміз де дәл сондай. Мысалы, сыныптастарымен кездесуге барардан екі ай бұрын бұл кісі сұмдық бір сөз айтқан. Сұмдық болғанда – шындық әрі жауапкершілігі орасан зор сөз еді: «Құдай депутатқа Халық үшін қызмет етуге мүмкіндік береді. Егер депутат Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізбесе, ол депутат Халықтың алдында қарабет болары хақ. Егер депутат Халықтың сөзін билікке жеткізіп, Халықтың мүддесімен жүрсе, ол депутаттың жүзі жарқын болатыны хақ».
Енді осы сөзді тәпсірлеп көрейікші. Құдай Самат Нұртазаға депутат болуға мүмкіндік берген екен дейік. Енді сол мүмкіндіктің ішінде «Депутат болған соң сыныптастарыңа мақтанып бар, Сәке бол» деген «тапсырма» болған ба, болмаған ба? «Бұйрыққа бағынбағандарды ату керек» деген сөзді де Құдай айтқызған ба? Халықтың мұң-мұқтажын халыққа жеткізуі тиіс кейіпкеріміз неге ел-жұрттан жиі-жиі кешірім сұрайды? Бұдан шығатын қорытынды – біреу, не Саматтікі, не Құдайдікі дұрыс емес. Не Құдай дұрыс таңдау жасамаған, не Самат Құдайын ұмытқан. Қолы тиіп жатса, мұның ара-жігін депутаттың өзі ажыратып беретін шығар.
Дегенмен Саматтың сөзінің бір дұрыс жері – қай кезде депутаттың жүзі жарқын, қай кезде халық алдында қарабет болатынын біліп тұр. Хош дейік, ал егер депутат халықтың өзіне қарсы шықса ше? Мұның бір мысалын Самат Нұртазаның өткен жылғы сөзінен кездестіреміз. «Германия мен Жапонияда бүкіл қоғам сантиметр мен секундқа бағынған. Ол елдердің тұрғындары кездесуге кешікпейді, қоғамдық тәртіпті бұзбайды, дүкенде кезекте тыныш тұрып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында таныс іздемей, өз кезегін күтіп отырады...».
Зебралық зеректік бойынша, Германия мен Жапонияның даму себебі осында. Бірақ депутат бұл елдердің жемқорлыққа батпағанын, шенеуніктерінің адал қызмет істейтінін, депутаттарының жүзі жарқын болатынын айтпайды. Сонда Самат айтпаса, Германия мен Жапонияның қалай дамығанын халық білмей қала ма? Депутаттың осы сөзінен қарабеттік белгі байқала ма, байқалмай ма?
Сантиметр дегеннен шығады ғой, қыс жақындап қалғанда, журналистер кейіпкерімізден: «Көлігіңіздің шинасын ауыстырдыңыз ба?», – деп сұраған. «Ауыстырдым десем, «қолтырауындар» көшеден ұстап алып, дөңгелегімнің бедерін сызғышпен өлшеп жүре ме?» деп қауіп қылды ма: «Мен қыста көлік айдамаймын, қорқам», – деді Самат Нұртаза. Қыста рөлге отырудан қорқатын депутат кейін көшеде көлігімен көзге түсіп, ол бейнежазба артынан бүкіл әлеуметтік желіге тарады. Мұндай екіжүзділікті кешірмейтін «қолтырауындар» ұялмай-қызармай өтірік айтатын депутатты тағы да «ұстап» алған. Ал Самат бүй деді: «Иә, кішкене күлкілі болды. Мен өткенде сұхбат бергенде, онша дұрыс айтқан жоқ шығармын. Мүлде емес, айдамауға тырысамын деуім керек еді де...».
Күлкілі болды ма, әлде депутаттың өзі күлкі болды ма? Көлік айдамауға тырысуы керек пе еді, әлде Мәжіліске жоламай-ақ қойғаны жөн бе еді? Мұның ақ-қарасын айыру үшін «табиғатты сүйіп», «философиялық салыстыру» жасаудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймыз.
Түйін
Зебраның ең басты қасиеті – жылқымен қоссаң да, есекке телісең де, төл бере береді. Жылқының айғырын зебраның аналығымен будандастырсаң, одан шыққан құлынды «гебра» деп атайсың. Енесі жылқы, атасы зебра болса, онда «зебрул» төлі өмірге келмек. Ал егер зебраның байталын «байлап қойып», айғыр есекке шаптырсаң, «донкра» дейтін «құлын» туылады. Қысқасы, бұл зебраңыз – есексің бе, жылқысың ба, жатсынбайтын жануар. Қоссаң болды, «қосақталып» шыға келеді. Нәтижесінде, төлі түрлі-түрлі болып өзгере бермек. Бір сөзі бір сөзіне ұқсамайтын Самат Нұртазаны жолақты жануарға жақындататын ең басты белгінің бірі осы ма екен деп те болжаймыз...
Сансызбай НҰРБАБА