Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

«Самұрық-Қазына» керек пе? 

Самұрық қазына
Фото: Жас Алаш коллаж

Қорды Тоқаев сынағалы үш жыл өтті, реформаға көнер түрі жоқ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жайлы «егер бұл қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» дегеніне де, міне, тұп-тура үш жыл болыпты. Содан бері үкіметтегілер қорды трансформациялап біте алмай жатыр. 

Негізінде, «Самұрық-Қазынаға» тең келетін алпауыт Қазақстанда, тіпті Орта Азияда жоқ. Бұл қордың уысындағы активтер еліміздің ЖІӨ-нің 60 пайызын құрайды. Үш жыл бұрын президент Тоқаевтың сынына қалған соң «Самұрық-Қазына» өзін бұқараға да, бизнеске де «жексұрын» етіп көрсеткен кеселдерден айығуға ниеттенді. Қор өзінің айналасында болып жатқан коррупцияны жоюға, отандық компанияларға іс жүзінде қолдау көрсетуге, олардың тендерге еркін қатысуына мүмкіндік жасауға, экономиканы әртараптандыруға ат салысуға, халық алдында ашық есеп беріп отыруға уәде берді. Тіпті «Самұрық-Қазына» өзіне тиесілі ұлттық компаниялардан қазақстандықтарға үлес бөліп беруге даяр екенін, бұл ретте халыққа тиімді құнды қағаздар шығаруға да бейіл екендерін де айтып, ағынан жарылды. Сөйтіп, «Самұрық-Қазына» қорының жаңа құрылымы бекіді. Ол бойынша басқарушы қызметтер саны бұрын 10 адам болса, қазір бірден 5 адамға қысқарды. Қордың басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов болып тағайындалды. Директорлар кеңесіне премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық ететін болды.

Алайда былтырғы жылдың қорытындысы онша үміт сыйламай тұр. Қордың теңгелей табысы аз. Табысты долларға шаққанда да «Самұрық-Қазына» былтыр ешқандай прогресс көрсете алмаған. Былтырғы жылдың үш тоқсанында қордың табысы 964 млрд теңгеге өссе, өнім өндірудің өзіндік құны 752 млрд теңгеге қымбаттап кеткен. Осыған қарап-ақ былтырғы жыл аталмыш қор үшін оңайға соқпағанын байқаймыз. 2024 жылдың 9 айы бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қарызы 6,41 триллион теңгеге бағаланады. Бұл сома үкіметтің 2024 жылы Ұлттық қордан алған трансферттерінен де көп. Ең қиыны, осы қарыздардың жартысынан астамы АҚШ долларымен алынғандығы. Бізде теңгенің құлдырауы былтырғы қараша айынан басталғанын есептесек, қордың қарызы тағы артып жатыр деген сөз. Қымбаттаған АҚШ долларымен есептесек, қордың қарызы 7 трлн теңге.

Былтырғы жыл «Самұрық-Қазына» үшін күрделі жыл болғанын жуырда қордың басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов та айтты.Геосая­си ахуал мен мұнай бағасының арзандауына қарамастан, қордың таза табысы былтыр 1,8 трлн теңгені құраған. Осынша табысы бар қордың жағдайы неге жақсармайды? Оның бір ғана себебі бар – қарыз. Табысынан қарызы көп. Қарызы 7 трлн теңге болса, тапқан табысы 1,8 трлн теңгені ғана құраса, бұл қор жұмысының жанданбағанын, трансформацияның тиімсіз болғанын көрсетеді.

Бұл қордың жұмысы бұған дейін де бірнеше мәрте трансформацияланыпты. Мәселен, 2014 жылы Қазақстанның бірнеше мемлекеттік органдары, халықаралық қаржы институттары, Еуропа қайта құру және даму банкі, 34 елдің қоғамдастығы болып саналатын Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы, «Самұрық-Қазына» қорына ұқсас Temasek, Khazanah, Korean Investment Corporation, Qatar Investment Authority секілді шетелдік қорлардың өкілдері мен халықаралық сарапшылардың басы жиналып арнайы кеңес өткізіп, қазақстандық қорды трансформациялау жөнінде кеңескен. Сол кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорын қалыптастыру ел байлығын еселейтінін, бұл холдинг жоғары технологиялы әрі тиімді компания екенін айтқан. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде «екінші Ұлттық қор» дегенді де экс-президенттің аузынан естігенбіз. Сол 2014 жылғы трансформациялау төрт мақсатқа бөлінген. Оның біріншісі – қор компанияларының табысын ұлғайту. Екінші портфельдердің басқарылу тиімділігін арттыру. Үшінші, үкімет, директорлар кеңесі, қор басқармасы және қор компаниялары арасындағы жауапкершіліктерді айқын бөлу. Төртіншісі, қордың өз ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту. Компаниялардың өзінде зерттеу зертханаларын қалыптастырып, оған жетекші ғалымдар мен ғылыми орталықтарды тарту. Бұдан соң қор аясында «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру, оған қазақстандықтарды барынша көп тарту қажеттігі де сол 2014 жылдан бері талқыланып айтылып келді. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 50 пайызға жетуі керектігі, одан «Самұрық-Қазына» қорының шет қалмауы қажеттігі де 10 жылдан астам уақыт қозғалып келе жатқан мәселе. Бірақ осыншама жыл қаузасақ та аталған жайттар шешімін тапқан жоқ.

«Самұрық-Қазына» компанияларды емес, компаниялар оны басқарды

Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің ойынша, бұл қор халықты емес, бай-манаптарды байытты. Қордың тиімділігін халық көре алмады.

«Әу баста «Самұрық-Қазына» еліміздің экономикасының дамуына ықпал етуші құрал ретінде құрылды. Ол елдегі компаниялардың жұмысын үйлестіріп, зауыт-фабрикалардың ісін реттеп, олардан түскен табысты, яғни мемлекеттік активтерді тиімді басқаруға тиіс әл-ауқат қоры болатын. Кез келген ел мемлекеттік меншікті сақтай отырып болашағын ойлайды. «Күні ертең елде қандай өндіріс орындары болуы керек?! Қандай өнім шығаруымыз керек?! Шетелге не сатамыз?!» деген сауалдарды осы «Самұрық-Қазына» ойлауы тиіс болатын. Алайда «Самұрық-Қазына» өз міндетін дұрыс атқармады. Біздегі ірі компаниялардың табысы оффшорға шығып кетті. «Самұрық-Қазынаны» басқарғандар осыған жол берді. Әу баста осы қорды құрғанда, оның еншісіне ірі компаниялардың активтерін басқаруды бергенде қадағалау керек еді, бақылау қажет еді. Кезінде компанияның басқару қызметіне қитұрқылықпен өз адамдарын қойғандар болды. Солардың көмегімен компанияларының табысын шетелге шығарып алды. Осының барлығына дер кезінде тыйым салынбады. Енді келіп қорды трансформация жасағымыз келеді.

Соңғы үш жылда үкіметте оффшорға кеткен капиталды қайтарып алу мәселесі көтеріліп жүр. Бұған еліміздің бас прокуратурасынан бастап бірқатар құзырлы органдар кірісіп жатыр. Бірақ бұл іс өте баяу жүріп жатыр. «Триллиондаған қаражат шетте жатыр» деген ақпарат бар. Біздегі компаниялардың денін шетелдіктер басқарып отыр. Олар Қазақстанның мүддесіне жұмыс істемейді. Олар бізден тапқанын шетелге тасиды. Ақырында ол қаражат бізге шетелдің қаражаты болып қайтып келеді. «Самұрық-Қазына» құрылғаннан бастап оның құрамына енетін ең негізгі, ең табысты компанияларды үкіметтің құрамына қалдыра тұрды да, ал «аса қажет емес» деген желеумен басқа компанияларды өздері еншілеп алды. Одан түсетін табысты тағы да шетелге шығарып жіберді. Олардан түсетін қаражат та Қазақстанның қазынасына түспеді, тағы да оффшорға кетті. Мұндайда экономика қайдан дамиды?! Қазір енді үкімет жанталасып салықтың түрін көбейтіп, айыппұлдардың түр-түрін ойлап тауып, халықтың қалтасына салмақ салу арқылы бюджетті толтыруға көшті. Бұдан экономика оңалмайды. Халықтың жағдайы түзелмейді. Білесіз, былтыр жоспарлаған экономикалық өсімге жете алмадық. Үкімет экономикалық өсім 6 пайыз болады деп болжаған, оған маңайламадық. Мынадай ұстанған бағытпен келешекте де жетуіміз күмәнді. Үкіметте көлікті ұзақ уақыт оталдырғаны үшін айыппұл салуды ойлап тапқандар отырғанда экономика әртараптанады деу қиындау. Бізге мұндай дүниелерді ойлап тапқаннан гөрі «Самұрық-Қазына» аясында зауыттар салу, өндіріс орындарын құру, инновацияны жетілдіру, ғылымды дамыту тәрізді дүниелерді ойластырған жөн. Трансформацияның осындай түрі орнағанда ғана бұл қордың жұмысы халыққа тиімді болар еді», – дейді экономист.

«Самұрық-Қазынаның» функциясын Ұлттық экономика министрлігі де атқара алады

Жалпы, «Самұрық-Қазына» 2024 жылы мемлекет бюджетіне дивиденд ретінде 579 млрд теңге төлепті. Үкіметтің тапсырмасы аясында әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 228 млрд теңге бөлген. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында, елді мекендерді газдандыруға 105 млрд теңге; жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қаржыландыру үшін 272 млрд теңге; қайырымдылыққа 10 млрд теңге, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 22 млрд теңге бөліпті және 50 млрд теңге «Қазақстан халқына» қорына аударылған.

Қордың мұндай есептеріне қарап, экономист-сарапшы және қаржыгер Ілияс Исаев қарамағында елдің ірі-ірі 15 компаниясы енетін ұлттық әл-ауқат қорының мемлекетке берері бұдан да үлкен болуы керек деп есептейді.

«Менің ойымша, бұл қордың бастапқыдағы жоспарының өзі «компанияларды басқару оңай болсын, қаражатты үнемдеу керек және артық ақшаны қалтаға басу керек» деген ойға көбірек бейім болған сыңайлы. Болмаса, елдегі компаниялардың үстінен қарауды, оларды бақылауды неге бір министрлікке тапсырмады?! Сол министрлікке жүктеліп, жауапкершілік неге сондай мемлекеттік органға артылмайды?! Оған арнайы қор құрып, ол қорға ұлттық әл-ауқат қоры деген атау берудің не қажеті бар?! «Самұрық-Қазынадағы» қомақты жалақы алатын қызметкерлер, директорлар кеңесі немен айналысты?! Қызметі өте қымбат консалтинг компаниялар мен шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан да пайда болған жоқ. Мемлекетіміздің қазынаға қаржы түсіретін салаларының бәрі «Самұрық-Қазынаның» ішінде. Тек шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы ғана үкіметте қалды. «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялар табысының бәрін өз қажеттіліктеріне жұмсап, шетелден қарыз алып, жалақыларын ұлғайтып, шетелден сарапшылар шақырумен әуестеніп кетті. Өз басым, ақшаны талан-таражға салатын мұндай қордың керегі жоқ деп ойлаймын. «Самұрық-Қазынаның» функциясын ұлттық экономика министрлігі де атқара алады. Қазір заман өзгерді. Нарық басқа. Ал біз сол бұрынғы 30 жылғы ұстанған саясатпен жүрміз. Шетелдерде мұндай компанияларды министрлік бақылайды. «Самұрық-Қазынаның» кадрларын ұстау үшін де қаншама шығын шығып жатыр?! Олардың миллиондап алатын жалақысы бар, бонусы бар. Қордың ғимараттарын ұстауға да қаншама шығын кетеді. Мұның барлығы қомақты сома екенін олар айтпайды. Есебін ашық бермейді.

«Самұрық-Қазына» экономиканы дамытуға қатты кедергі келтіріп отыр. Бұл қор инфляцияны жасайтын көздердің бірі дер едім. Себебі бұл қорға Ұлттық қордан трансферттер беріледі. Ол қаражат айналымға шығады. Бұдан нарықта ақша массасы көбейіп, қымбатшылық дендей береді. Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа «Самұрық-Қазына» бір зауыт салған жоқ. Тек өзге елдермен бірлескен жобаларды ғана орындайды. Отандық өнім өндіретін зауыттар салынған жоқ, қордың аясында фабрикалар, зауыттар ашылмады. Енді бұл қордың жұмысын трансформациялау үшін тағы қаражат керек болады. Рас, кезінде бұл қорды құру – елдегі ірі компанияларды билік басында отырғандарға тиімді жолмен жекешелендіру үшін қажет болған шығар. Жекешелеп болды ғой, енді қажеті бар деп ойламаймын», – дейді сарапшы Ілияс Исаев.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ