“Самұрық-Қазына” қорын тарату керек, бұл ұрлықпен тең – депутат

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорын тарату керек деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, қордың қызметі заңға да, әділет принциптеріне де қайшы келетін тұстары көп. Депутат әсіресе квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу жүйесін сынға алды.
– Бір күн де кәсіпкерлікпен айналыспай, байып кеткен азаматтарды білем. Олар ұлттық компанияларда, мұнай-газ саласындағы компанияларда, ұлттық компанияларда еңбек еткен. Өзі де, отбасы да бірде-бір күн кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ жағдайлары өте бай. Неге? квазимемлекеттік сектордың жағдайына қатысты сұрағым: мемлекеттік сатып алудың 60 пайызын бір көзден өткізген. Бізде соғыс немесе басқа да төтенше жағдайлар болып жатыр ма? “Самұрық-Қазына” 60 пайызын, “Бәйтерек” 50 пайызын бір көзден берген. Бұл деген бүкіл елдің ұлттық қазынасын, байлығын бір қолға алып беру деген сөз. Бұл – барып тұрған ұрлық. Айдың-күннің аманында, 50-60 пайызды бір көзден өткізу дейтін ол – меніңше, бірде-бір заңға келмейді. “Самұрық-Қазынаның” болуына қарсымын, бұрыннан бері айтып келе жатырмын. Ол таратылуы керек. ЖАП-тың осыған қатысты ұсынысы қандай? - деп сұрады Әділ Жұбанов.
Депутаттың айтуынша, “Самұрық-Қазына” қоры мемлекеттік байлықты бір ғана топтың иелігіне беріп отыр. Бұл – халық игілігіне тиесілі ресурсты жеке мүддеге пайдалануға жол ашатын, ашық ұрлықпен тең жағдай.
Аудиторлар не дейді?
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов депутаттың айтқанымен келісетінін білдіріп, қор бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Биыл сіздердің ұсыныстарыңыз бен қазіргі жағдайды ескере отырып, “Самұрық-Қазынаға” аудит жасалып жатыр. Оның шілдеде аяқтаймыз. Сол уақытта толыққанды баян етеміз. Бізді де осы мәселе алаңдатып отыр, - дейді ол.