Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:26, 11 Тамыз 2023

«Самұрық-Қазына» басшысы Маңғыстаудың негізгі мұнай-газ нысандарын аралады

None
None

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, мұнай-газ саласының негізгі нысандарын аралады.

Олардың қатарында: Ақтау маңындағы Сарша ауданы мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газбен қамтып отырған, ұзындығы 60 шақырым жер асты «Сарша» газ құбыры, тасымалдардың басым бөлігін – мұнай тасымалы құрап отырған халықаралық көлік дәлізі — «Ақтау» теңіз сауда порты мен Қазақстандағы тотыққан және модифицерленген жол битумын шығарушы жалғыз зауыт — «CASPI BITUM» ЖШС бар.

Елімізде бүгінгі таңда жүзеге асуы тиіс 13 инфрақұрылымдық ірі жобалар бар. Сол жобалардың бірі, 2021 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылысы басталған «Сарша» газ құбыры. Жұмыс сапары барысында «Саршаға» келген Нұрлан Жақыпов жуырда ғана іске қосылған құбырдың жарты жылға кешігіп пайдалануға берілгенін атап өтті. «Газ құбыры құрылысының кешігуі мердігердің ауысуы мен қаржыландыру мәселесіне байланысты болды. Біз осы қиындықтарды жеңе білдік. Құны 7,5 млрд теңге болатын, өңір үшін стратегиялық тұрғыда маңызды жоба сәтті аяқталды деп есептеймін. Сондықтан, сапарды дәл осы нысаннан бастау маңызды болды», — дейді ол. «Сарша» газ құбыры жобасы туристік нысандарға инвестиция тартуға және өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға да көмектеседі. Сонымен қатар, іргелес орналасқан ауылдық елді мекендердегі ауылшаруашылығы саласы мен шағын бизнестің дамуына да серпін береді деп күтіліп отыр.

Бұған қоса, қазіргі геосаяси жағдай қазақстандық теңіз порттарына деген қызығушылықтың оянуына әсер етіп отырғаны жасырын емес. Сапар барысында «Ақтау» теңіз сауда портының, Ақтау теңіз солтүстік терминалының және Қазтортрансфлоттың жұмысымен танысқан «Самұрық-Қазына» басшысы бұл сәтті өз әріптестері жұмыс барысында ескеру керектігін айта келіп, жәй ғана назарға алу емес, одан пайдалы нәрсені алу қажеттігін ескертті. «Еуропалық елдер «Орта бағытқа» немесе ТХКБ-ға ерекше қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Қазақстан өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік жағдайында жүктерді жеткізу үшін неғұрлым қауіпсіз серіктестің рөлін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты Каспийдің таяздануы және Ақтау мен Құрық порттарының су айдынын тереңдету, сондай-ақ жүк айналымынан стратегиялық, алдағы онжылдықтарға арналған болжамды сценарийлермен табыс алмау мәселесін шешуге жақындауымыз қажет»,-деді ол. Ал, Контейнерлік хаб жобасына қатысты Жақыпов «Әлі күнге дейін инвесторлардың ешқайсысымен нақты келісімдер жоқ», – деп атап өтті. Ол осы жобаны іске асыру қарқынын жеделдетуді жүктеді.

Жұмыс сапары барысында Нұрлан Жақыпов аяқ басқан үшінші әріаса маңызды нысан — «CASPI BITUM» ЖШС-ның зауыты болды. Зауыт – 2013 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқан, ТМД елдері бойынша айтулы кәсіпорын. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолдарының құрылысына белсене қатысқан зауыт елдегі битумдардың жалпы нарығының 47 % қамтып отыр. Кәсіпорын қызметімен жіті танысқан қор басшысы зауыттың мұнай өңдеу қуатын 1,5 есеге – жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайта алатын құзыретті мердігерді тарту міндетін қойды («Қаражанбасмұнай» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның жылына 2,2 млн тоннаға дейін тұтқырлығы жоғары битуминозды мұнай өндіретін жалғыз компаниясы).

Сонымен қатар Нұрлан Жақыпов тұтынушылар тарапынан битумға уақтылы алдын-ала тапсырыс жасау қажеттігін атап өтті. Қысқы айларда және сәуір айына дейін сұраныстың төмендігінен және тұтынушылар тарапынан алдын-ала тапсырыстардың болмауынан зауыт толық қуатта жұмыс істемейді. Бұл ретте дәстүрлі түрде жыл сайын жол-құрылыс жұмыстарының шыңында сұраныс бірнеше есе артады. Қор басшысы жол-құрылыс компанияларымен осы бағыттағы жұмысты бастауды және тоғанақталған битумды қолдануды кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Махмуд Мадибаев зауыт жылына 1 млн тонна жоғары шайырлы мұнайды өңдеп, одан 500 мың тонна мұнай битумдарын жасап шығарып отырғандарын айтады.

— Зауыт ҚР ішкі нарығына жол битумдарын жеткізу бойынша 2013 жылдан 2023 жылдың 7-ші айына дейін 7 281 мың тонна мұнай өңдеп, 2 666 мың тонна жол битумын өндірді. Биылғы 7 ай ішінде ел ішіндегі жол битумының 47 %-ы өндірілді. Өнімдердің басым көпшілігі Батыс, Оңтүстік аймақтарға жөнелтіліп отыр. Сонымен қатар, Солтүстік және Шығыс аймақтардың біраз бөлігін қамтып отырмыз. Алдағы уақытта өлшеп-оралған және өзіміздің брендтелген модификацияланған битум бағыттарын дамыту мен өндірілетін өнімдер спектрін кеңейту жоспарлары бар. 2022-2026 жылдарға арналған мұнай өңдеудің және жол битумын өндірудің жоспарлы көлемін орындаумен қатар, зауыттың қуаттылығын арттыру да көзделіп отыр. Бүгінгі таңда зауытта 214 адам қызмет атқарады. Олардың басым көпшілігі, яғни 52,6 %-ы 30-дан 40 жасқа дейінгі мамандар,- дейді М.Мадибаев.

Аталған кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігі мен сенімділігін қамтамасыз ету, мәселелерімен танысып, оны күн тәртібіне шығару мақсатындағы жұмыс сапарын аяқтай отырып, Нұрлан Жақыпов мұнай-газ саласының табысты дамуына сенім білдіре отырып, оған үлес қосушы аймақ әлеуетін зор екендігін айтты.

Тегтер: