Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:12, 18 Тамыз 2022

«Самұрық-Қазына» ерекше балаларды қолдауды жалғастыруда

None
None

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан елдегі әлеуметтік жобалардың сәтті жүзеге асуына қолдау көрсетіп келеді.

Соның бір дәлелі – ерекше балаларға үздіксіз көмектің көрсетілуі.

Осы жылдың өзінде елімізде жаңа орталықтар есігін айқара ашты. Алматы, Абай, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Түркістан облыстарында алты оңалту орталығы балаларды қабылдауды бастаса, Алматы, Абай, Ақмола, Ақтөбе облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында бес «Қамқорлық» ерте араласу орталығы медициналық қолдау көрсетуге кірісті. Жылдың соңына дейін Жамбылда оңалту, Маңғыстауда оңалту мен ерте аласу орталықтары ашылады деген жоспар бар. 

Бұл бағыттағы игі іс келесі жылы да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында тағы 13 ерте араласу орталығы өз жұмысын бастайды.

«Қамқорлық» оңалту және ерте араласу орталықтары жаңа туған нәрестеден 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді, сондай-ақ 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды. Соның нәтижесінде жыл сайын дамуында кінәрат бар және олардың пайда болу қаупі байқалған 1200-ге жуық бала осы орталықтарда кешенді оңалтудан өте алады.

Орталықтарда  абилитация мен оңалту шаралары жасалып, диагностикалық аудиологиялық тексерулер жүргізіледі. Қор көмегімен алынған жаңа жабдық арқылы мидың электроэнцефалографиясы жасалады. Балалар мен жасөспірімдерге реабилитологтар, неврологтар, сурдологтар, емдік-дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, логопедтер мен дефектологтар тиісті емдік шараларды белгілеп, сырқаттан айығуға көмектеседі.     

Жалпы, ерте араласу орталықтарының негізгі мақсаты — балалардың мүгедектікке шалдығуының алдын алу. Олардың қоғамға бейімделіп, қатарластарынан қалыс қалмауына, өмір сапасының жақсаруына маңыз беріледі. Олар оңалту шараларынан соң қимылын ширатып қана қоймай, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады. Әсіресе күнделікті өмір дағдыларына ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Шымкент және Павлодар қалаларында аутизм спектрінің бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарда жөндеу жұмыстары басталды. Бұл екі орталық жыл соңына дейін ашылуы тиіс. 2023 жылы Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен  Алматы қаласында тағы алты аутизм орталығы балаларды қабылдайтын болады.

Осындай ауқымды жобаларды атқару – оңай іс емес. Десе де, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен олар ойдағыдай іске асып, талай отбасыға қуаныш пен бақыт сыйлауда. Жыл соңына дейін және келесі жылы жаңа орталықтардың ашылуы есебінен шаттыққа бөленген жандар қатары еселене түспек.

Тегтер: