«Самұрық-Қазына» сенімді ақтай ма?

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы «Қазына» орнықты даму қоры» мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі холдингтің бірігу негізінде құрылды.
Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту болатын. Қор құрылғалы бері «Самұрық-Қазынадан» мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер сомасы бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына бағытталатын қаражаттан үнемі аз болды. Мәселен, 2019 жылы «Самұрық-Қазына» бюджетке 120 миллиард теңге дивиденд төледі. Ал қордың таза табысы 1,4 триллион теңге болған еді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» борышы 10,1 трлн теңгені немесе 23,4 млрд долларға жеткен. Оның ішінде – 5,9 трлн теңге немесе 13,9 млрд доллар яғни, барлық борыштың 59 пайызы сыртқы қарызға тиесілі. Қарыздың қалған бөлігі 4,1 трлн теңге немесе 9,7 млрд доллар ішкі қарыз екен.
«Самұрық-Қазына» қарыз алған шетелдік банктер мен қаржы институттарының қатарында Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Қытайдың мемлекеттік даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі және т.б. бар. Қор ішкі қарызды Қазақстанның «Даму» Банкінен, «Халық» банкінен, «ҚДБ-Лизинг», «Сбербанк» және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінен алған. Қарызды «Самұрық-Қазынаның» нақты қай бағытқа жұмсағаны жайында ақпарат ашық емес. Сарапшылар мемлекеттік бюджеттен жыл сайын қорға миллиондаған қаражат аударылатынын, ол ақшаның оффшор аймаққа кетуі мүмкін екенін айтқан еді. Көптің күмәнін сейілту үшін Есеп комитеті бірнеше рет аталған қорға аудит жүргізді. Комитеттің тексерісі кезінде 2017 жылы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бюджетке 1,5 млрд теңге көлемінде залал келтіргенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес компанияларын қор нарығына шығару жоспарын орындамаған. Сол жолы алты компанияның тек екеуі ғана акцияларын ІРО бағдарламасына өткізді. Бұл құнды қағаздарға – 160 мың адамның небәрі 75-і ғана ие болғанын көрсетеді. Есеп комитетінің осыдан екі жыл бұрын жасаған тексерісі кезінде «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтері мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланды деген мәлімдеме жасады. Сол жылы бұл үш компанияның жиынтық активтері 32 триллион теңгеден асты. Бірақ мемлекетке төлейтін дивидент пен таза кіріс арасында айтарлықтай айырмашылық болды.
Айналасынан дау арылмаған халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған қордың тағдырына қатысты көптен күткен мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында көтеріп, «Самұрық-Қазынаны» толықтай реформалауға 10 күн уақыт берді. «Жұмысы ашық емес. Лауазымды қызметтерге саяси тұлғалардың тағайындалуы да күмән тудырады. Оның үстіне, тиімсіз сатып алулар жүргізіледі және қажетсіз шығындар тым көп. Еңбек дауы тағы бар. Сол үшін ұлттық компанияның жұмысына қоғамның көңілі толмайды», – деді Президент.
Сол жолы «Самұрық-Қазына» мемлекетке тиімді болатынын дәлелдейтін жоспар құруға тапсырма берді. Осы ретте, «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың егжей-тегжейлі жоспарын ұсыну үшін он күн жеткілікті болды ма? Қордағы қордаланған проблемалар қоғам мен мамандардың сынына қарамастан, жылдар бойы жинақталды. Сондықтан қордың барлық саласын айқын, әрі әділ ету мүмкін емес. Мысалы, осы уақытқа дейін мемлекеттік сатып алулардың едәуір бөлігі бір көзден жүргізілді. Бұл нарықта бәсекеге қабілетсіздік туғызды.
Президент тапсырмасынан кейін «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев әлеуметтік желіде пост жариялап, әлеуметтік жауапкершілік пен жемқорлыққа қарсы күресетінін, тіпті, Қазақстан азаматтарына ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде қор активтеріне иелік етуге тікелей қатысу мүмкіндігін қарастыратынын айтып, ағынан жарылды. Одан кейін Президенттің кеңесшісі, Сума Чакрабарти «Самұрық-Қазынаны» реформалауды қалай жүргізетінін айтты. Оның ішінде – сатып алу процесі ашық болып, нарыққа қатысушылардың мұнай, газ, көмір, электр энергиясын өңдеу мен өткізудегі кедергілері жойылатынын айтты. Басшылық қызметте отырғандардың саны екі есеге қысқарту жоспарлануда екен. Қанша жылдан бері іске аспай келе жатқан қордың «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана», «KEGOC», «QazaqGaz» сияқты компаниялары IPO-ға ақыры шығарылатын болды. Соның нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 500 млрд теңге аудармақ. Бағдарлама бойынша 8 млрд доллардан астам инвестиция тартылып, жалпы құны 4 трлн теңге болатын 24 жаңа өндіріс іске қосылады, деген «ғаламат» жоспарларын жариялады. Айта кетерлігі, жүрісі мен шығыны жасырын, әлі күнге дейін қор құрылғалы бері экономикаға нақты қандай пайда әкелінгені, салынған миллиардтаған инвестицияның нәтижесін бүгін халық неге сезінбей отырғаны ашық айтылмайды. Ел экономикасын дамытуға негіз бола алмаған қордың болашағына сенуге бола ма? Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов «Самұрық-Қазынадағы» өзгерістерден көптің сенімі алысқа бармайтынын айтады.
«Бүгінде біз «Самұрық-Қазынадан» мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер сомасы бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына бағытталатын қаражаттан үнемі аз болғанын көріп отырмыз. Депутаттар қордың тағдырына қатысты шешім қабылдау кезінде бизнесмендердің, инвесторлардың, қаржыгерлер мен экономистердің, сарапшылардың пікірі ескерілуі қажет, деп санайды. Осы күні қордағы қаржыны әрбір адамға үлестіріп беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Бір қарағанда, жақсы идея. Бірақ есептей келе, «Самұрық-Қазынаның» қазіргі қаржылық жағдайындағы мұндай үлестен түсетін табыс айына бір адамға небәрі 500 теңгені құрайды. Сол себепті шу көтергенше, қордың неліктен бұлай тиімсіз болып қалғанын жіті зерттеу керек», – деген еді депутат.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін қордың топ менеджерлері бірнеше млн болатын айлық алып келді. Одан бөлек, тәуелсіз сарапшыларға да «жомарттық» танытқанын білеміз. Мысалы, 2020 жылы холдинг тәуелсіз директорларға жалпы, 309 млн теңге шығындаған. Басқару құрамындағы бес адамға 266 млн теңге жұмсағанын есепке алсақ, онда әрқайсына 53 млн теңге өтемақы берілген. Яғни, олар ай сайын 4 жарым млн теңге жалақы алып отырды деген сөз. Табысынан қарызы көп қордың тәуелсіз сарапшылары осындай қаражат алатындай, қандай шаруа тындырды екен деген сұрақ туындайды. Ұлттық қор «экономиканы көтереміз» деп ұрандатып жүргенде, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Самұрық-Энерго» және «Қазақстан Теміржолы» басшылығына қатысты тергеу басталды. Сыбайлас жемқорлық агенттігі аталған компаниялардың басшылары жеке компаниялардан пайда алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша тергеу бастағанын айтады. Мемлекетке аса ірі мөлшерде 3,8 млрд теңге сомасында залал келтірілді, деген айып тағылып отыр.
Қазақстан экономикасының 48 пайызы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Демек, жаңа Қазақстанды құрудағы олардың үлесі де орасан болуы тиіс деген ой келеді. Тек үкіметті кепілдікке қойып қарыз ала бермей, мемлекеттік бюджетті толтырмаса, іс жүзінде экономиканы көтеруге басымдық берілмесе, жыл сайын реформа жасағаннан пайда шамалы екеніне, 30 жылда көзіміз жетті