Сан емес, сапа: адами капитал мен отбасы тәрбиесі

Отбасы құндылықтары кез келген қоғамның іргетасы екені рас. Осы орайда қазақтың «Отан отбасыдан басталады» дегені бекер емес.
Бұл ұғым тек адамның жеке өміріндегі рухани немесе әлеуметтік тұрақтылықпен шектелмесе керек, анығында, ол тұтас ұлттың демографиялық ахуалына, экономикалық әлеуетіне, мәдени болмысына, тіпті мемлекеттің геосаяси стратегияларына дейін ықпал ететін маңызы үлкен ұғым. Қазіргі таңда бұл мәселені жан-жақты қарастырмайынша, демографиялық өсімді, әлеуметтік дамуды немесе ұлттық тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Себебі отбасы институтының әлсіреуі тікелей адам санының кемуіне, адами капитал сапасының төмендеуіне, әлеуметтік деградацияға алып баратын факторлардың бірі де, бірегейі. Мемлекеттің басты байлығы әрі стратегиялық ресурсы саналатын халық саны ұлттық иммунитетке, еңбек нарығына, ішкі тұтыну деңгейіне, салық базасына және қорғаныс қабілетіне тікелей әсер етеді. Халықтың азаюы немесе қартаюы ұлттық экономиканың қарқынын бәсеңдетіп, қоғамның қаржылық жүктемесін арттыратынын тарих талай мәрте дәлелдеп берді. Сол себепті де демографиялық саясат тек әлеуметтік саясаттың бір бағыты емес, ол мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігімен сабақтас стратегиялық шешімдердің бірі саналады.
Жаһандық ауқымда алып қарасақ, XX ғасыр бұрын-сонды болмаған демографиялық өсімнің ғасыры болды. Ғылым мен медицинаның жетістіктері, санитарлық нормалардың артуы, балалар өлімінің азаюы мен өмір сүру жасының ұзаруы әлем халқының санын күрт арттырды. Бұл өсім жаһандық еңбек ресурстарын молайтып, жаңа нарықтар ашып, инновация мен технология дамуына серпін бергенімен, сонымен бірге көптеген қиындықтарды да ала келді. Табиғи ресурстардың сарқыла бастауы, экологиялық дағдарыс, урбанизацияның үдеуі, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі осының салдары. Сондықтан саясаткерлер мен сарапшылар тиімді демографиялық саясат жүргізуге тырысты. Бұл саясат әр елде өзінің тарихи, мәдени, экономикалық ерекшеліктеріне сай әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырыла бастады. Мысалы, Жапония мен Германия секілді халық саны азайып, қартайып бара жатқан мемлекеттер бала тууға ынталандыратын кешенді шараларды әлі күнге жүргізіп келеді. Ал Үндістан мен Қытай сынды халқы тығыз елдер ұзақ жылдар бойы туу көрсеткішін шектеуге бағытталған саясат жүргізіп, кейіннен оны қайта қарауға мәжбүр болды. Осы орайда бүгінде шет елдерден бөлек елімізде де халықтың қартайып жатқанын демографтар алға тартып отыр. Бұл мәселе жаһанда туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты шығып отыр. Кез келген елдің демографиялық жайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2022 жылы жалпы туу коэффициенті әр әйелге шаққанда 3,05 баладан болған екен. Ал 2023 жылы 2,96 балаға азайған. Былтыр көрсеткіш 2,8 болды. Бұл қарқынмен алдағы онжылдықта Қазақстанда да туу көрсеткіші әр әйелге 2 бала деңгейінен төмен түсіп кететін секілді. Демограф Шынар Пазылбекқызының айтуынша, пандемиядан кейін Қазақстанда туу көрсеткіші расымен төмендей бастаған.
«Пандемия жылдарын біз «бэби бум» кезеңі деп айтамыз. 2021 жылы туу коэффициенті орта есеппен бір әйелге 3,32 бала болды. Бұл – тәуелсіздік жылдарында болмаған туу деңгейі. 2022 жылдан бастап көрсеткіш біртіндеп төмендеді. Бұл – заңдылық, өйткені «бэби бум» әдетте 1-2 жылға ғана созылады. Былтыр туу деңгейі орта есеппен бір әйелге 2,80 бала болды, осындай деңгей 2016 жылы да тіркелген болатын. Біріншіден, осындай төмен деңгей 1999 жылы тіркелген, сол жылы туу көрсеткіші елімізде бір әйелге 1,80 баланы көрсетті. Жалпы, тәуелсіздіктен кейінгі 1990 жылдардағы дағдарыс отбасылардың бала жоспарлауын кейінге қалдырды, өйткені халықтың болашаққа сенімі аздау, материалдық жағдайы нашар болды. Бұл – посткеңестік елдерге тән ортақ құбылыс. Қазақстанда 2000 жылдардың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық жақсару жүрген уақытта туу көрсеткіші де жоғарылай бастады. Сондықтан елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болмаса, туу деңгейі күрт төмендей қоймайды. Екіншіден, еліміздің өңірлеріндегі туу деңгейі әртүрлі. Оңтүстік, батыс өңірлерде туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. 2024 жылы Түркістан облысында көрсеткіш бір әйелге 4,25 бала деңгейінде болды. Бұл өңір туу деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында туу деңгейі бір әйелге 2 баладан төмен. Сондықтан еліміздегі, соның ішінде оңтүстік, батыс өңірлердегі дәстүрлі түсінік, көпбалалы болу тенденциясы жоғалмаса, туу деңгейі төмендей қоймайды», – деді сарапшы.
Бұған қоса, демографияны тек сандармен өлшеу жеткіліксіз. Сапалы адами капиталды қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл дегеніміз – дені сау, білімді, белсенді әрі ұлттық рухани болмысты бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін отбасында ұлттық тәрбие мен білімнің үйлесімі, ата-ананың әлеуметтік жауапкершілігі, мемлекеттің жүйелі қолдауы қажет. Әйтпесе, бала туу көрсеткішін көтеру мақсатында тек материалдық ынталандырумен шектелу ұзақмерзімді нәтижеге жеткізбейді. Экологиялық тұрақтылық та демографиялық саясатпен тығыз байланысты. Халық саны артқан сайын табиғи ресурстарға түсетін салмақ та ұлғаяды. Сондықтан қазіргі демография экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Урбанизация, өндірістік даму мен аграрлық сектордағы өзгерістер халықтың мекен ету кеңістігін, тұтыну мәдениетін, өмір салтына көбірек көңіл бөлу керегін байқатып отыр.
Сәруар Бақберген