Сан мен санақ: Қазақстанды таңдапты, талай шетел туристі
Қазақстанға биылғы жылы әзірге 200 мыңға жуық шетелдік турист келген екен. Дәл айтқанда, отандық еQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бері еліміздің аумағына 195 149 шетелдік турист келіп-кетті әзірге.
2020 жылғы қарашада іске қосылған бұл жүйе қазіргі уақытта республикалық маңызы бар 3 қаланы және 14 облыс орталығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, еQonaq жүйесі туристік ағымға талдау жүргізуге және көші-қон қызметін тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Мұнда 7300-ден астам орналастыру орны тіркелген.
Биылдың өзінде статистикаға сай шетелдік туристер басым өңірлер қатарында:
– Алматы (73 012 адам);– Нұр-Сұлтан (44 859 адам);– Қызылорда облысы (9735адам);– Маңғыстау облысы (9384 адам) бар.
Олардың 67%-ын Ресей Федерациясынан, 16%-ын Өзбекстаннан, 6%-ын Түркиядан, 4%-ын ҚХР-дан және 7%-ын басқа мемлекеттерден келген туристер құрайды.
Енді бір жаңалық – eQonaq.kz сайтында ай сайын шетелдік туристер бойынша статистикалық мәліметтер жарияланатын болыпты.