Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:44, 29 Маусым 2021

Саналы жемқор, санасыз жемқор...

None
None

Тоқаев коррупциямен күресті тоқтата ма?

      «Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек», – деді күні кеше Қазақстан президенті Тоқаев. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коррупцияға қарсы күрестің кейбір аспектілерін өзгерту жөніндегі осы бір пайымы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, соған байланысты мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров өз пікірін білдірген екен.

        Оның сөзінше, мемлекет басшысының стратегиялық мәлімдемелерін қоғам қызу талқылауда, бұл «тыңдауға қабілетті мемлекет» философиясының іс жүзіне асып жатқанын көрсетеді. Бұл – елімізде плюрализм принциптері еніп келе жатыр деген сөз.

      – Президент Тоқаев коррупциямен күресті тоқтату жөнінде айтып отырған жоқ. Керісінше, қасақана, жаман ниетпен істелген коррупциялық фактілермен бітіспес күресу керектігін баса айтты. Коррупциямен күрес ұсақ-түйек пара алу немесе бюджеттің қаражатын қасақана қымқырумен, күреспен шектелмейді. Коррупцияның аса үлкен дәрежедегі экономикалық қылмыстар, еліміздің салық саласына аса үлкен дәрежеде салық төлеуден жалтару, экономикалық протекция тәрізді формалары бар. Біздегі коррупциямен күрес антикордың жеке PR-на айналып кеткен, ортаңқол шенеуіктердің «шалыс қадамдарын» «түймедейді түйедей» етіп көрсетіп, ақпарат құралдарында айқай-шуды қаптатып, азаматтарға зорлық жасай отырып, куәлерге қысым жасап, сол шенеуіктерді жексұрын етіп көрсетіп, соттату фактілері көп екені белгілі.

       Ал енді сол антикордың осы виртуалды PR күресінің экономикалық эффектісі қандай десек, ауыз толтырып айтатын есеп болмайды. Неліктен?

Мен бір ғана мысал келтірейін, еліміздегі ең қатты резонанс тудырған Ерлан Арын, Жақсылық Досқалиев, Жақсыбек Күлекеевтің үстінен жасалған сот процесінде осы ақиық азаматтарға қарсы тұшымды дәлелдер болмады. Өйткені ол істердің қылмыс құрамы болған жоқ. Аяғында Ерлан Арынды бір «Нива» үшін, Күлекеев ағамызды заңды түрде, өкіметтің қаулысымен бекітілген «охрана» алғаны үшін соттады. Досқалиевке де бастапқы айып дәлелденбей қалды. Ешқандай ірі көлемдегі «ішіп-жеу» дәлелденбей қалды. Кейбір азаматтарды қорқытып, үркітіп алған куәлік қағаздан басқа бірде-бір факті жоқ. Есесіне әлемдік деңгейде қазақтың рухани символы болған мықты экономист, тарихшы, дәрігер ағаларымызға «ұры» деген лақапты іліп бердік. Қаншама басқа «қолдан жасалған» істер болды, оны азаматтар өте жақсы біледі. Әрине, бұл кезең сол кездегі антикоррға жақсы PR болды. Есесіне мемлекет ұтылды, қазақ халқының мемлекетке деген сенімі девальвацияланды. Ағаларымыз өмір бойы «жанның психологиялық травмасын» алды. Жас ұрпақтың аға ұрпаққа сенімі таязданды. Сол азаматтарды мен жақсы танимын, цифрлық технология, криптовалюта, жаһандық экономика тәрізді тапшы мамандықтың иегерлері, өте таза азаматтар, бүгінгі экономикалық тығырықтан шығудың жолын жасап беруге қабілетті азаматтар.

       Ең бастысы, осындай айқай-шудан кейін халықтың мемлекетке деген сенімі коррозияға ұшырап, мемлекеттік қызметкерлер «потенциалды коррупционер» деген пікір қалыптасады. Ал бұл сала – біздің мемлекеттің басты фундаменті, еліміздің тірегі.

       Осындай асыра сілтеудің болмауы үшін коррупцияға қарсы күрестің акценттерін өзгерту керек. Ол дегеніміз не? Антикордың PR технологиясын доғару керек. Мемлекеттік қызметшілерге «потенциалды коррупционер» деген көзқарасты өзгерту – басты аспект. Мемлекеттік қызметкерлердің 99,9 пайызы адал, патриот азаматтар.

        Коррупцияның қасақана, жаман ниетпен жасалатын фактілері болатын болса, олар өте қатал жазалануы тиіс. Бұл аксиома. Коррупциямен күресте қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, мемлекеттік бюджеттің қалыптастыру, бюджетті орындау кезеңін қоғамға ашық ету, квази-мемлекеттік сектордың қаржысына да қоғамдық бақылау институттарын арттыру қажет. Коррупциямен күрес дегеніміз – осы. Бюджет ашық болуы тиіс.

        Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан қоғамдық бақылау жөніндегі заңды қалыптастыру жөнінде тапсырма берді. Бұл заң күзгі сессияда мәжіліске енеді деп күтілуде. Яғни коррупциямен күрес, мемлекеттік қызметтің сапасы мен тәртібін арттыра отырып, терең, стратегиялық бағытқа ауысуы тиіс. Ол – ірі көлемдегі экономикалық қылмыстар, салық төлеуден жалтару фактілері, «көлеңкелі экономиканы» күнге шығару, тағысын тағылар. Президент Тоқаев коррупциямен күрестің басқа, қоғамның рөлін арттыратын көкжиектеріне жол сілтеп отыр. Бұл өмір талабы, – дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Тегтер: