Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:03, 10 Наурыз 2022

Санаңды жаулауға жол берме

None
None

Таяуда Ресейдің Астрахань қаласында халықаралық сарапшылар бас қосып, Қазақстан мен Ресейде экстремизмге қарсы тұрудағы азаматтық сектордың рөлін талқылады.

Күні бүгін бұл мәселе күн тәртібінде өткір тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Әсіресе, сана-сезімі әлі қалыптасып үлгермеген жастарға экстремизм ұрығын сіңіру оп оңай.

Басқосуды ашқан Астрахань мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Евгения Юкина мәжілістің мән-маңызына егжей-тегжейлі тоқталды. «Қос мемлекеттің тарихында ұқсастық көп, әрі достық байланысымыз терең. Сондықтан ортақ және дұрыс шешім табамыз деген үміт мол. Ең басты мақсат – бүгінгідей ақпарат тасқыны бас көтертпей жатқан уақытта жастардың дұрыс азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлес қосу», – деді ол.

Тарихқа көз жүгіртсек өткен ғасыр екі ел үшін саяси сілкіністер мен түбірлі толқыныстарға толы болғанын көреміз. Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыстар, азаматтық соғыс, алапат аштық, күштеп ұжымдастыру, жаппай қуғын-сүргін, Кеңес Одағының күйреуі, тәуелсіздік алу секілді келелі оқиғалар халықтың әлеуметтік-психологиялық жағдайына әсер етпей қоймайтыны айдан анық нәрсе. Бұл көптің көкейінде күдік-күмәнді көбейтті, пессимистік көзқарасқа түрткі болып, тұрақтылық пен тыныштыққа сенімді азайтты. Нәтижесінде, экстремизм мен терроризм секілді мемлекеттің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыстарға жол ашты. Мәселе ұлтты ұйыстыратын, адамдарды бір мақсат пен мүддеге біріктіретін бірыңғай идеологияның болмауы салдарынан одан әрі ушықты. Заманауи технологиялар, интернет желісі оған жан жақты «көмектесіп» жатыр.

Әсіресе, балалар арасында қатігездіктің өршуі қоғамды ерекше алаңдатуы тиіс. Себепсіз сабақ қалдыру, ұрлық, бір-біріне әлімжеттік жасау, жануарларға озбырлық әрекеттері көбейген. Оны ата-аналар біле тұра жасыруға, перзентін қалай да ақтап алуға бейім. Кез келген оқиғада мұғалімді кінәлау белең алған. Осы орайда олардың өзара сенімге негізделген әріптестік байланысын қалыптастырудың маңызы зор.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры Аянбек Әбекешовтің айтуынша, облыста 14-29 жас аралығындағы 125 мың жас тұрып жатыр. 200-ден аса деструктивті діни ағымдарды ұстанатын отбасылармен белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. «Облыстағы 4 жоғары оқу орнында 23 мыңнан аса студент білім алуда. Оларда студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары бар, жастармен онлайн кездесулер, діни-ағарту сабақтары, экстремизм, терроризм секілді қауіпті кеселдерге қарсы тұруды түсіндіретін дәрістер, әңгімелесулер  тұрақты түрде ұйымдастырылады. Еріктілер қозғалысына да жастар көптеп тартылады. Мысалы, тек биылғы жыл басынан бері 5 мыңнан аса студент қатысқан 70-ке жуық шара өтті. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық құрылып, жастар мен теологтардың жоспарлы басқосулары жиі болып тұрады» – деді А.Әбекешов. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында өткен жылдың қорытындысында дін тақырыбына қатысты исламтанушылар, діни ақпарат топтары өкілдері 46 шара ұйымдастырған.

Соңғы жылдары Қазақстанның облыс орталықтары мен үлкен қалаларында дәстүрлі діннің атын жамылған, бірақ теріс діни ағымдардың көптеген ұйымдары белсенді жұмыс істеп, жастардың санасын улап жатқандығы шындық. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардың бір себебін солардан да табуға болады. Бірқатар өңірлерде бейбіт шерулерді пайдаланған деструктивті діни ағым өкілдері бүлік шығарып, жаппай тәртіпсіздіктерге барды, қарапайым халықты қылмысқа итермеледі. Ендігі жерде жергілікті дін істері басқармалары, ҰҚК, экстремизм және терроризммен күресетін арнаулы құрылымдар жағдайды жіті бақылауда ұстап, қауіпті дерттің дендеп кетпеуіне бар күш-жігерлерін салу тиіс. Қазақстанда бұл бағытта «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы қабылданып, соның аясында нақты шаралар кешені жасалды.

Экстремизмнің қалай пайда болатынын, неге 14 пен 22 жас аралығындағы жастарды көбірек құрығына түсіретінін зерттеуіміз керек. Мәселеден қашудың, жауырды жаба тоқудың қажеті жоқ. Ол тек ортақ іске зиянын тигізеді. Бұл РФ әлеуметтік бастамалар қауымдастығының вице-президенті Анастасия Рожкованың пікірі.  

— Күрделі мәселені хирургиялық жолмен немесе репрессивті тәсілдермен шешу мүмкін емес. Оның әлеуметтік-психологиялық түбірі тереңде және ол қазіргі біздің қоғамның айнасы болып табылады. Сол себепті сарапшылар қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, тығырықтан шығудың нақты жолдарын табуы тиіс. Қажет жағдайда теріс үгітке қарсы дұрыс үгіт жасау керек. Содырлар пайдаланатын сананы жаулау технологиясын өздеріне қарсы пайдаланған да оң нәтиже береді. Жастарды тек тыңдаушы рөлінде қалдырмай, пікірталасқа белсенді қатыстыру маңызды, – деді А.Рожкова.

Қорыта айтқанда сарапшылар бұл мәселеде алдағы уақытта да өзара тәжірибе алмасуға уағдаласты.  

Тегтер: