Санасы бұғауланған, ойы тұсауланған «Туажат»
Жазушы Асқар Алтай өзінің «Туажат» романы жөнінде бір сұхбатында: «Туажат» (Тамұққа түскен сәуле) романы туралы талдау-пікірлер баспасөзде енді айтыла бастады. Біршама сүбелі сөздер айтылды.
Дегенмен «Туажаттың» терең қатпарларын ашу әлі алда деп ойлаймын. Бұл романға да «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) романына қайтып оралғандай, ғалымдар мен әдебиетшілер, жалпы көзі қарақты, жетелі оқырман әлі талай мәрте оралатынына сенемін» дейді. Зайыры, бұл ой көкірегінде бұрқанған шығарманың болат қалам ұшынан ақ қағазға төгіліп жатқан тұсында жазушы санасында жылт еткен болуы мүмкін. Мұны қаламгердің ішкі түйсігі, сенімі деп атасақ та болатындай. Қалай десек те, қазақтың қилы да қиын тағдыры аса бір шерлі, шеменді күйде өрілген «Туажат» романына оқырманның ауық-ауық қайырылып соғатынын автор тамыршыдай дөп басып танығаны анық.
Шығарма өте ширығыңқы басталады. Бас кейіпкер Байбура Алтайдың ақ түтек аязында қасыр қуып жүреді. Кәнігі, сыралғы аңшы емес, кәдімгі қаны бетіне тепшіген бозбала. Аңнан өңге ішін өртеген аңсары бар екені де білінеді. Мұны автор «Көзіне қан толып, көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалған пенде ғой... қайдан білсін, нені сезсін?! Қайта өткен күндер елесін есіне алғысы келмей, иен далада еріксіз аңшылық құрып жүрген» деп сыр суырпақтап баян етеді. Ендігі оқиғаның бір ұшығы осыдан басталады. Енді оқырман «бұл не қылған жан, қайдан келді, не істеп жүр?» деп ойлана бастайды. Алайда моторлы шанаға мінген Байбура мен қос бөрінің арпалысы, асау табиғат пен адамның жанталасы оқырманды ары қарай еліктіріп әкетеді. Ақыры ашулы, ызалы, көңіліне кек тұнған Байбура (оның қандай кек, нендей ыза екенін оқырман білмесе де іштей сезіп отырады) ата қасқырды моторлы шанамен соғып өлтіріп, ана қасқырды тірідей ұстайды, ұстайды да дала тағысының терісін тірідей сыпырады. «Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түседі». Дәл осы жер шығарманың аса бір нәзік тұсы. Тіпті тұтас романға өзек болған негізгі арқау осы жерден басталады. «Шаңыт дүниені дір еткізгендей болып, кенет қаншық бөрінің үстінен көтерілген будан бөлініп, Байбураға қарай ақ қардың бетін сәулелі нұрмен шомылдырып, беймәлім боз сағым ақты» міне, бұл – кие, қасиет. Құсалы пенде аяусыздықпен Бөрі-Ананы жазым етті, оның терісін тірідей сыпырып ішіндегі жалын отын баспақшы, өзгеге кеткен кегін алмақшы болды. Мұны Бөрі-Ана да қапысыз сезінді, түйсінді, жаны бойынан шығып бара жатып Байбураның бойына рухы дарыды. Мұндай мифологиялық детальдарды Асқар Алтай өз шығармаларында жиі қолданады. Бұл жолы да орын тауып, ұтымды пайдаланады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Ләйла Демесінова: «Автор шығарма арқауына бас кейіпкердің жол көрсетушісі, қорғаушысы, демеушісі ретінде бөрі ананы алу себебі көшпенділердің ұжымдық бейсанасында бөрі тотемі еркіндік, рух, жанды бейнелеген. Шығармада сол еркіндікті аңсаған қазақ жастарының басынан кешкен ауыр тағдырын Байбура арқылы жеткізеді. Өзінің тегіндегі еркіндігі мен ұлттық рухынан ажырап, дәрменсіз күйге түскен кейіпкерді жебеуші ұлы ана бөрі архетипі. Романда көшпенді қазақ дүниетанымында сақталған авториторлы еркіндік идеясы бөрі архетипі арқылы берілген. Себебі әрбір ұлттық архетип образдарда ұжымды бейсаналық негізінде сол этностың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі барлығы сақталған», – дейді.
Байбура өткен шаққа оралғанда үнемі түс көреді, түсінде Бөрі-Ана оны бозамық түске еніп жетелеп отырады. Сөйтіп өткен оқиғалар тізбектеліп баяндалады. Әуелі қасқыр терісін тірідей сыпырған күні түнде Байбура қарлы боранда адасып, жазым болуға шақ қалады. Әл дәрмені біткенде иендегі Төребейітке ұшырасады. Сонда алғаш рет Бөрі-Анамен жолығады. Осыдан соң талай рет қиын қыстау кездерде Байбураны Бөрі-Ана тұйықтан аман алып шығады. Бейнелі түрде айтсақ, Байбура – тағдырдың небір соққысы мен тепкісінен аман қалған қазақтың жаны іспетті. Бірақ ол қандай жан туа салып өз еліне, жеріне жат болған туажат. А.Алтай Байбураның қилы тағдыры арқылы оның қалай туажат атанғанын нанымды жеткізеді. Енді роман сюжетін қысқаша айта кетейік.
Байбура сүйгені Алқабегіммен бірге Алматыда білім алып жатқан өрімдей жас. Бір-бірін құлай сүйген бозбала мен бойжеткен болашағынан үлкен үміт күтетін еді. Алайда 1986 жылдың желтоқсанында олардың өмірі сол кездегі қазақ жастарының өміріндей ойраны шығады. Алаңдағы қанды қырғында Алқабегімнен көз жазып қалады, жатақханасына дейін іздеп барып таппайды, кейін өз басына қауіп төніп, амалсыз ауылға бас сауғалап қашады. Өстіп жүргенде әскерге шақырады. Кейін Ауған соғысына аттанады, ақыры Кавказ арқылы Әзербайжанға өтіп, 40 жасында Алматыға оралады. Алайда бұл кезде бәрі өзгерген, заманның әлем-тапырығы шыққан. Байбураның өзін «Ауған соғысында қаза тапты» деп табытқа салып әкеліп, ауылына жерлеп тастаған. Осыдан соң әкесі ұлының қазасына шыдамай мерт болады. Алқабегімді де тағдыр аямайды. 1986 жылы желтоқсанның қанды қырғынында жендеттердің қолына түседі, Жауғашты түрмесіне қамалады, сонда қорлыққа ұшырайды, түрмеден есі ауысып, балалы болып бір-ақ шығады. Байбура Алматыда жолықтырған ескі танысы Болатпен бірге туған жеріне барады, алайда Болатпен тіл табыса алмай жолдары екіге айырылады. Ол енді Алқабегімді іздейді. Алайда Байбураның алдынан баяғы ерке, назды Алқабегім емес, «отсыз, сәулесіз, үмітсіз, жанарының жиегін әжім торлап, қарашығын мұң басқан, есінен алжасқан» Алқабегім қарсы алады. Бір кездері құлай сүйген Байбураны танымай: «Жоғал, албасты» деп айғай салады. 1986 жылдың қанды қырғынының қазақ жанын қалай аяусыз шабақтағанын, жазылмастай жара салғанын жалғыз-ақ Алқабегімнің тағдырынан танып білуге болады. Ал Байбура – жаны талай тезге түскен, ақырында туажатқа айналған күрделі образ.
Байбураға Кавказда, қапияда жолыққан швед қызы Мария-Агата айтатын мынадай бір сөз бар: «Бәріне кінәлі – өзіміз... Сені Алтайдан, мені Стокгольмнен айдап келген тағдыр да, тәңір де емес – қоғам мен адам... Бәрінен бұрын «әділет айдап әкелді» деп алдаусыратып, өзімізді-өзіміз алдап, тентіреп жүрген екеуміз». Осы сөз тұтас шығарманың кілті іспетті. Байбураның туажат атануындағы бар кілтипан ол өмір сүрген қоғам мен адамында жатыр. Қоғамы бас көтергенді жаншыған аяусыз Совет өкіметі, адамы да тасбауыр, аяр, сатқын. Ең сорақысы – заман ауысса да қоғам өзгермеген, адам жаңармаған. 1986 жылы Байбура қанды қырғында көліктен секіріп тұтқыннан, азаптан аман қалады. Арада ұзақ жыл өткенде Байбураны ауылына қызыл кепкілі милиция іздеп келіп тұтқындап, «террорист» деп айыптайды (оларды Болат ертіп келеді), әрі Алқабегімді сатып кеткенсің деп жазғырады, сонда Байбураның айтатыны бар: «Мен емес, сендер... сендер саттыңдар. Сендей қызыл қалпақты қазақтар... сендер зорладыңдар! Сендер!.. – Дауысы ысылдай шықты. – Қанға бөктіргенсіңдер. Әлі тайраңдап, мейрамдап жүрсіңдер. Опасыздар! Қан уыстап келгенсіңдер, қанға бөгіп өтесіңдер...» деп. Тұтас жендеттік Совет өкіметінің, оған жалғас қазіргі қоғамның кейіп кеспірін Байбураның осы жанайқайы ашып тұрғандай. Осыдан соң Байбура қалай туажат болмайды?
Ақыры Байбураның жаны бұдан арыға шыдас бермеді. «Мынау өзіндей туажат адам тудырған қиянкескі қоғам, өзіндей туажат пенде тіксінген қияметті дүние жалғаса берері хақ. Ал Туажат – осы бір оспадар сұмдығын жасырған жалған дүниеге, озбыр қылығын жасырған қоғамға жат жан иесі. Ендігі уақытта қорланған сезімі, қор болған сенімі жүрегін суытқан Туажат шыдай алмас... Алапат әрекетке белін байлар, ірі іске басын шалар». Осылайша туған жерінде, арда Алтайының төсінде Қарашоқы биігінде өртке оранып жан тапсырады.
Байбураның тағдыры қазақтың қиын да күрделі тағдырымен біте қайнасып жатыр. Бейне қиямет өткелектерден құр сүлдері өткен, көкбөрісі демеп осы уақытқа аман жеткен, бірақ жоғалтқаны көп, жолы бұралаң, ақыр аяғында өз еліне, туған топырағына өзі туажат болған қазақтың сиқы.
Жақсылық
ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ